Қазіргі таңда көлік құралдарының қоғамда өзіндік орны бар мүлікке айналып, жол қозғалысының ажырамас бір бөлігін құрайды.
Сотта көлік құралын жүргізушілердің Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Жол жүрісі Қағидаларының талаптарын сақтамауы және көлік түрлері мен санының артуы салдарынан жол-көлік оқиғасына қатысты әкімшілік істердің көрсеткіші өсіп, онда зардап шеккендердің күрт өсімі байқалады.
Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына (әрі қарай – Заң) сәйкес, жол жүрісі қауіпсіздігі – қатысушыларының жол-көлік оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесін көрсететін жол жүрісінің жай-күйі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 6-бабында көрсетілгендей әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың міндеттері – адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, халықтың денсаулығын, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын, қоршаған ортаны, қоғамдық имандылықты, меншiктi, қоғамдық тәртiпті және қауiпсiздiктi, мемлекеттiк билiктi және мемлекеттік басқаруды жүзеге асырудың белгiленген тәртiбiн, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардан қорғау, сондай-ақ олардың жасалуының алдын алу болып табылады.
Алайда, бүгінде жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан және жол-көлік оқиғасына қатысты әкімшілік істер бойынша тағайындалатын әкімшілік жаза, яғни әкімшілік айыппұл көлемі қанша өскенімен елімізде жол қауіпсізді ережесін бұзушылар мен жол-көлік оқиғасының саны азаймай отыр.
Жалпы, көлік апаттарына негізгі жауапкер көлік жүргізуші болып табылады. Яғни, барлық дерлік жол-көлік оқиғаларында негізгі орында жүргізушінің әрекеті немесе әрекетсіздігі байқалады.
Заңның 24-бабына сәйкес жол-көлік оқиғасы – көлік құралының жолда жүруі процесінде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға.
«Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Ерекше бөлімінің нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 7 Нормативтік қаулысымен түсіндіріледі. ӘҚБтК-нің 610-бабында көлiк құралын жүргiзген адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы салдарынан көлiк құралдарына, жүктерге, жолдарға, жол және басқа құрылыстарға немесе өзге де мүлiкке зақым, материалдық залал не зардап шегушiнің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Зардап шегушiнің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруіне әкеп соққан нақ сол әрекет ҚК-нің 345-бабына сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылады.
Негізінен сотта қаралатын көлік құралдарын жүргізушілердің арасындағы ең көп тараған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі – көлiк құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген қағидаларын көлік құралдарын, жүктердi, жолдарды, жол құрылыстары мен басқа құрылыстарды немесе өзге де мүлiктi бүлдіруге әкеп соққан, материалдық залал келтiрген бұзушылығы, жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер.
Жол-көлік оқиғасының ең көп тараған себептері көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген қозғалыс жылдамдығынан және қауіпті жағдайларда жылдамдықтың арттыруы, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу, көлік құралдарының қауіпсіз қозғалыс қашықтығын сақтамау, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қажетті бүйірлік аралықты сақтамау, мас күйінде көлікті басқару және т. б. әрекеттері жатады.
Сонымен қатар, ата-анасы біле тұра кәмелетке толмаған ұл-қыздарына көлік құралын басқаруға рұқсат беріп, олардың көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра көлік құралын жүргізіп, жол-көлік оқиғасының қатысушы болатын жайлар да өте көп кездеседі.
Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергені және сол күйде жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін ӘҚБтК-мен баламалы жаза түрі көзделмеген, ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігін қоспағанда, әкімшілік жауапкершілік әкімшілік қамаққа алуға және белгілі бір мерзімдерге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Көлік құралын басқару құқығынан айыру бұл көлік жүргізушісінің қызметіне, сонымен қатар оның отбасы мүшелеріне үлкен залал алып келтіретіні сөзсіз. Істерді қарау барысында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттердің де бір себебі осы көлік құралын басқару құқығынан айырылып, ішімдікке салынып кетуінен, табыс көзін жоғалтуынан және қаржылай шығынға әкеп соғуынан болып отырғаны байқалады.
Сонымен қатар, көлік жүргізушілерінің өз әрекеттеріне немқұрайлы қарау салдарынан жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына шығып көлік құралын басқарғаны үшін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып жатады. Сот отырысында өзіне қатысты іс қозғалған тұлға әрекетіне шын жүректен өкініп, отбасылық және материалдық жағдайын айтып, әкімшілік айыппұл тағайындауын сұрайды, алайда ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігінде баламалы жаза түрі көзделмегенін бірі білсе, бірі білмейді.
Қорыта айтқанда, «жол қателерді кешірмейді», сондықтан көлік құралын басқару барысында жүргізушілер тек өзі үшін емес, өзге де жүргізуші мен жолаушылардың өміріне, денсаулығына, өзінің отбасы мүшелерінің жағдайына да салғырт қарамай, үлкен жауапкершілік танытса екен деймін.
Анар Айтжанова,
Атырау қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының судьясы