Елімізде сәбилер дүниеге келген сәттен жеке сәйкестендіру нөмірін иеленеді. Алғашқы 20 минут ішінде жүзеге аспақ бұл шара жеке деректерді жоғалту қаупін жоюды көздейді. Осылайша алаяқтық және адам ұрлау сияқты заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылмақ. Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасының бір жаңалығы осы болып отыр.
Жаңа құжат Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Оны жиында депутат Екатерина Смышляева қорғады. Заң жобасы аясында біраз мәселелер шешімін таппақ. Соның бірі байланыс операторларының инфрақұрылым мен жиіліктерге бірдей қол жеткізе алатындығы. Бұл радиожиілік спектрін қайта бөлу тәртібін қайта қарау арқылы нарықты монополиясыздандыру жолымен жүзеге асады. Қазіргі уақытта бірқатар жиілік ірі компаниялардың монополиясында болса, кейбірі мүлде пайдаланылмайды. Екатерина Смышляеваның айтуынша, оларды қайтарудың құқықтық тетігі адал операторларды жұмысқа тартуға және қызметтерді қамтуды арттыруға мүмкіндік береді. Байланыс операторларының кабельдік кәрізге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астана қаласының әкімдіктері жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған кабельдік желілерді түгендеу және байланыс қызметі операторларын қабылдау мен меншікке беруді жүзеге асырады. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерін байланыс операторлары пайдалануы үшін қолданыстағы кабельдік каналдармен қамтамасыз ету міндеттеледі. Тағы бір жаңалық – байланыс желілерін орналастырудың елді мекендер бас жоспарларына енгізілетіндігі. Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету талабы белгіленбек. Елдімекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары шеңберінде байланыс желілері мен басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілерінің (антенналық діңгек құрылымдарын, ортақ пайдаланылатын мұнаралар, байланыс мұнаралары) орналастыруы анықталады. Виртуалды ұялы байланыс операторын енгізу де қарастырылады. Виртуалды байланыс операторлары – байланыс қызметтерінің агрегаторлары. Олар станциясы жақынырақ операторлардан барлық мүмкін сигналды қабылдайтын әмбебап SIM-карталарға қызмет етеді. Мұндай карталарға арналған тарифтер біршама қымбатырақ болады, бірақ олардың арқасында бүкіл ел бойынша үздіксіз байланысқа мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта әмбебап карталар «ЭВАК» апаттық түймелерінде қолданылады. Болашақта олар Төтенше жағдайлар министрлігінің, патруль және жол қызметінің, туристердің және тағы басқа мәселелерін шешетін болады. Сондай-ақ, заң жобасында ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарындағы цифрландыру кезінде байланыс қызметтерін субсидиялау қарастырылған. Заң жобасы қабылданса орман өрті мен ағаштарды кесуді ғарыштан бақылауға жол ашылады. Жердің ғарыштық мониторингі нәтижелерінің құқықтық мәртебесі артып келеді. Мемлекеттік органдар жер қойнауын пайдалану, орман ресурстары және экология сияқты салаларда мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асырған кезде жерді ғарыштан қашықтан зондтау деректерін қолдану стандарттарын біріктіру ұсынылды. Бұл мәліметтерді жедел әрекет ету және мемлекеттік бақылау жүргізу үшін негіз ретінде қарастыру енгізілмек. Жиында сөз алған депутат Константин Авершин жаңа құжаттағы ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатысты жекелеген нормаларға қатысты ойын ортаға салды. Ол бұл орайда бүгінде жиілеп кеткен бала саудасына жеке сәйкестендіру нөмірі тосқауыл қоятынын қуанышпен жеткізді. «Бүгінгі күні физикалық және азаматтық босанудың арасында біраз уақыт өтеді, бұл алаяқтық схемаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Енді баланың цифрлық тууы оның нақты тууымен сәйкес келеді» деді ол. Оның айтуынша, заң жобасындағы жер, орман және су ресурстарының ғарыштық мониторингінің деректерін пайдалану міндеттілігі жер қойнауын мемлекеттік бақылау мен есепке алудың тиімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етпек. Бұл өзгеріс табиғи апаттармен күресу үшін өте маңызды. Сонымен қатар виртуалды байланыс операторын енгізу авариялық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Депутат Жұлдыз Сүлейменова да заң жобасы арқылы шешілмек мәселелердің өзектілігін атап өтті. Бұл орайда Сүлейменова заманауи ақпараттық жүйелер мен цифрлық білім беру платформаларының жақсы байланысты қажет ететінін айта келіп, еліміздегі 7 826 мектептің 7 750-і интернет желісіне түрлі технологиялармен қосылғанына қарамастан, тек 5 073 мектепте интернет жылдамдығы медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) ұсыныстарына сәйкес келетініне назар аудартты. Енді қаралып отырған заң жобасы аясында бір мектепке ең төменгі жылдамдық – 20 Мб/с. Оқушылар саны 400-ден асатын мектептер үшін 20 оқушыға қосымша кемінде 1 Мб/с ұсынылады. 1 043 мектепте интернет желісіне қол жеткізу жылдамдығын арттыру үшін техникалық мүмкіндік бар, 1643 мектепте мұндай мүмкіндік жоқ. Қосымша инфрақұрылым қажет. Заң жобасындағы байланыс инфрақұрылымын жақсартуға, оның сапасын арттыру мақсатында ұсынылған нормалар осы мәселелерді тиімді шешеріне сенім мол. Қалалардағы ғылыми-зерттеу зертханалары 5G технологиясына қол жеткізе алады.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»