Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге баллдық жүйе енгізіледі

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен орталық, жергілікті және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыстылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыс ашылуында Бас Прокурор апаттылықты төмендету шаралары «Заң мен Тәртіп» идеологиясына сай келетінін атап өтті. Басты міндет – заңның үстемдігін нығайту және жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысының әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру. Қоғамда жүргізу мәдениетін дамыту және құқықбұзушылыққа төзімсіздік қалыптастыру қажет.

Берік Асылов Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілігіне назар аударғанын атап өтті.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау.

Талдау көрсеткендей, апатқа кінәлі жүргізушілердің 81%-ы бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған, бұл қайталану деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. 

Мәселен ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзып, оның 13-і – жылдамдықты арттыру фактілері. 8 қаңтарда қарсы жолаққа шығып, салдарынан өзі және екі жолаушысы қаза тапты. Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады.

Тағы бір жағдайда жүргізуші соңғы екі жылда 72 рет жол қозғалысы ережесін бұзған, оның ішінде 2025 жылы жылдамдықты арттырғаны үшін 30 рет жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 30 тамызында Алматы қаласында жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне әкелген.

Бас Прокурор жүргізуші куәліктерін беру процесін бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтті. Жүргізуші куәлігін заңсыз алу жағдайлары қоғам үшін қауіп төндіретін фактор ретінде қаралады.

Бұдан бөлек, қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі – автомобиль жолдарында белгіленген нормаларға сәйкес келмейтін рұқсатсыз шығу жолдарын, қиылыстар мен қосылуларды салу. Ірі трассаларға қосылулардың ең аз саны жөніндегі талаптар сақталмайды.

Мысалы «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында жобалық түрде 48 қосылу көзделген, оның 28-і – рұқсат етілген арақашықтықты бұза отырып орналастырылған. Ақмола облысының Қоянды және Бірлік-Бек ауылдары маңындағы ұзындығы 7 км учаскеде жергілікті тұрғындар өз бетімен салған 17 заңсыз қосылу бар. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» Заңының 19-2-бабы 2-тармағына сәйкес, автомобиль жолдарының жобалық шешiмдерi қосылатын жолдар мен қиылысатын жолдардың қауiпсiз орналасуын қамтамасыз етуге тиiс.

Сондай-ақ, ауыр жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігі қалалараралық такси ретінде пайдаланылатын, оң жақты рульмен басқарылатын минивэндерде орын алуда, бұл техникалық талаптарға сәйкес келмейді.

Медициналық көрсетілімдерге сәйкес көлік құралын басқаруға болмайтын жүргізушілердің қатысуымен орын алған ЖКО фактілері бар. Абай облысының Үржар ауданында эпилепсия дерті бар жүргізуші ұстама салдарынан 6 баланы қағып, 4-і қаза тауып, 2-і жарақат алды.

Мұндай құқықбұзушылықтарға дереу құқықтық шара қолданылуы тиіс. Мемлекеттік басқару органдары өз бағыттары мен нысаналы топтары бойынша, білім беру және құқық қорғау мекемелерінің ғылыми әлеуетін қоса отырып, нақтыланған ұсыныстар енгізеді.

Қайталанатын бұзушылықтарды жүйелі түрде алдын алу үшін отырысқа қатысушылар цифрлық тіркеуге негізделген жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарын баллдық есепке алуды енгізуді ұсынды. Бұл тәртіпті жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді уақытылы анықтауға және оларды көлік жүргізуден шеттетуге мүмкіндік береді. Баллдың шекті деңгейіне жеткен жүргізушілер емтихандарды қайта тапсыруға жіберіліп, бұл дайындық сапасы мен жолдағы тәртіпті арттырады.

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жолдағы тәртіпті арттыруға және апаттылықты төмендетуге бағытталған іс-шаралар тізбесі кеңейтілуде. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатына ерекше назар аударылады.

Жауапты мемлекеттік органдар аталған салалардағы бақылау және қадағалау функцияларын күшейтіп қана қоймай, жолдарда өлім мен жарақаттануды болдырмау үшін заң талаптарын сақтау қажеттігі жөнінде халыққа кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

ОСК сайлау мен референдум болмаған кезде немен айналысады?

Қазақстанда жалпыреспубликалық сайлау мен референдум өтпейтін кезде Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) немен айналысады?

Оқушылар көктемгі каникулда қанша күн демалады?

Қазақстандық оқушылар 11 күн бойы көктемгі демалыста болады. Оғу-ағарту министрлігі мәліметінше, демалыс 19 наурызда басталып, 29 наурызға дейін созылады.

Қазақстанда тұрғын үй саудасы төмендеді 

2026 жылғы ақпан айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 27 421 мәміле тіркелді.

1 сәуірден бастап тағы бір өзгеріс енгізіледі

2026 жылғы 1 сәуірден бастап балаларға арналған демалыс және сауықтыру лагерьлері міндетті түрде лицензия алуы тиіс.

Автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жазаламайды — ІІМ түсініктеме берді

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартатыны туралы ақпарат тараған еді. ҚР ІІМ ӘПК өкілдері бұл ақпараттың шындыққа сәйкес еместігін мәлімдеді.