«Jetisy Media» атты Талдықорғандағы журналистер үйінде өткен жиын жылдағыдан ерекше. Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың «Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбындағы есеп беру брифингі екі бөлімнен тұрды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Алматы облысында 2022 жылғы қаңтарда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,1% құрады. Өнеркәсіпте 101,5 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 32,1 млрд теңгеге жеткен.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5% артып, 32,1 млрд теңгеге жеткен. 33,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс экономикасын өркендетуге 14,7 млрд теңге тартылды. Экономиканың барлық салаларында 727 жұмыс орны ашылса, соның 321-і тұрақты жұмыс орны. Дерекке дәйектеме келтірсек, барлық салада өсім бар әрі ауқымды. Бұл өткенді айтумен шектелу, иә болмаса сызып тастау емес. Қайта жаңа басшы және оның командасының жұмысынан соны серпін мен тың леп ескенін аңғартады. Қытай дәлізі арқылы әлемдік экономикаға жарқын жол ашу қадамдарын облыс басшысы нық сеніммен айтты. Біріншіден, Жетісудың географиялық орналасу ыңғайлылығы туғызған мол мүмкіндікті пайдалануға ұмтылу.
Тағы бір мәселе таяуда ғана Қорғас кедені арқылы екі ел арасындағы алу-сату мәліметтерінің екі түрлі екені айтылып, құзырлы органдар тарапынан тексерулер жүргізілетіні мәлімделді. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшеймек. Көлік-логистика саласында ірі халықаралық қатысушыларды тарта отырып экспорттық, импорттық бағытта ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланғаны да көп жайды аңғартады. Мысалы, «DAR RAIL Infrastructure» компаниясының Достық станциясында құны 25 млрд теңге болатын жүк тиеу терминалының құрылысын жүргізу үшін 150 жұмыс орны ашылады. Бұл жоба бойынша Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы жылына 9 млн тоннаға дейін жүк таситын 300 мың контейнерді тиеу, сақтау және қоймалау көзделіпті. Бұл халықаралық талапқа сай жүк тасымалдаушыларды қатыстыра жүріп терминалдардың қуатын еселеп арттырады және транзиттік әлеуетті өңірде ғана емес, жалпы ел аумағында да дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан өңір басшылығы бұл қадамда да сауаттылық әрі заңнама шеңберінде әрекет етуге жол ашар деген сенім бар.
Себебі, Алматы облысының даму перспективаларын сараптасақ, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту және табысын арттыру мақсатында облыс әлеуетін негізге ала отырып, іс-қимыл жоспары әзірленген.
Облыстың 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфелі құрылып, оған 19 мың жұмыс орнын ашуға жалпы сомасы 2,8 трлн теңге болатын 289 жоба енгізіліпті. Аграрлы облыс болғандықтан басым бағыт ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп, сауда, көлік және құрылысқа берілген. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу өндірісі бойынша республикада Алматы облысы бірінші орында тұр.
Алматы облысы жылына 27,5 млн литр сусын шығарып, сатады. Бұл республика бойынша өндірілетін сусынның 42%-ы. Жеңіл өнеркәсіп және қағаз өндірісі көлемі бойынша өңірлер арасында алдыңғы орындағы 3 аймақтың қатарына кіреді. Сонымен қатар, облыста құрылыс материалдарының 70-тен астам түрі өндіріледі және ол елде құрылыс материалдарының негізгі жеткізушісі бола алады. Полиэтилен пленкаларын шығаратын 5 жаңа зауыт салынып, 550 тұрақты жұмыс орны құрылып, қосымша 270 жұмыс орны ашылмақ. Нәтижесінде бір жылда 22 мың тонна өнім өндіріледі.
Дәстүрлі салалармен қатар қосымша инвестициялар тартатын минералдық шикізатты өндіру және қайта өңдеу саласына да баса назар аударылатыны құптарлық қадам. Облыста уран-көмір кен орындарының (Сұлу-Чикин, Іле, Төменгі Іле, Көлжат) бірегей қорлары, сондай-ақ, марганец, вольфрам, алтынның бекітілген қорлары, пайдалы қазбалардың үлкен көлемді кен орындары бар. Ірі инвестициялық жоба Бұғыты кен орнында 94,5 млрд теңге инвестиция көлемімен және 400 жұмыс орнын құрумен қуаты 3,3 млн тонна кен өндіретін «Жетісу Вольфрамы» ЖШС вольфрам кенін өндіреді. Тағы бір маңызды жоба 1200 жұмыс орнына 650 млрд теңге инвестиция көлемімен 25 млн тонна мыс кенін қайта өңдеу қуаттылығымен «Көксай Мұзбел» ЖШС тау-кен байыту комбинатын салу болып табылады. Рас, бұл жобалардың бірқатары бұрынғы әкімнің кезінде қозғалған.
Баламалы энергия көздері пайда болады
Облыс баламалы энергияны пайдалана отырып, энергетика өндірісін дамыту саласында да ең жоғары әл-
еуеттердің біріне ие. 2025 жылға дейін жалпы қуаты 398 МВт болатын 320,2 млрд теңгеге 26 жобаны іске асыру және ЖЭК үлесін 42%-ға дейін жеткізу жоспарлануда екен. Дұрыс жұмыс жүргізе отырып, туризм саласын экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға да болады. Алматы тау кластері, Алакөл және Балқаш жағалауларын, ұлттық табиғи саябақтардағы экологиялық туризмді дамыту басымдыққа ие салалар. Жалпы, облыстың инвестициялық бағдарламасын толық іске асыру нәтижесінде 2025 жылға дейін 35 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылып, шағын және орта бизнес саласында 75 мың жұмыс орны ашылмақ.
Баспасөз брифингінің екінші бөлімі сұрақ-жауап негізінде жалғасып, табиғи газ, тұрғын үй, электр қуатымен қамту барысындағы сұрақтарға егжей-тегжейлі жауаптар берілді. Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ секілді оңтүстік мегополистің іргесіндегі аудандарға алдағы уақытта арнайы барып, түрлі мәселелерін реттеу жолдарын қарастыратыны да айтылды.
«Алтын Орда» базары ретке келеді
Нақты цифрларды қазірге ашпасам да өткен жылдары бұл базарға қатысты компания бюджетке небары 10-20 миллион теңге ғана кіріс түсіріпті. Бұл цифрды «Алтын Орда» базарының мүмкіндіктерімен салыстырып көрсеңіз көп жайды аңғарасыз. Сондықтан сәулет және қалақұрылыс, санитарлық-гигиеналық, ветеринариялық, салық қызметі және тағы басқа салалар тексерулерін жүргізіп, сараптамаларын береді. Соған орай әрекет етеміз. «TECHODOM» компаниясының жаңа бренді –AIRBA компаниясымен келісімшарт жасадық. Бұл компанияға Іле ауданы аумағынан 60 гектар жер бермекпіз. Олар А+класты логистикалық хаб құрады, – деді Қанат Бозымбаев.
Талдықорған өңірінің өзекті мәселесі қант қызылшасына қатысты сұраққа:
– Былтыр 180 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Ал облыстағы екі қант зауытының қуаттылығы 800 мың тонна. Бұл қант қызылшасының өзіндік құны жоғары болып, өзін-өзі ақтамайтынын білдіреді. Сондықтан, зауыттар қант қызылшасын қант троснигі ретінде қайта өңдейді, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, қант қызылшасын қабылдап, қант шығаратын екі зауыттың біреуіне ғана өнім өткізілетінін айтты.
Еңбекшіқазақ ауданы құрамына кіретін Шелек ауылына қайтадан аудандық статус беру мәселесіне жақында ғана аудан әкімі ауыстырылғанын, ауыл шаруашылығы саласының маманы болып саналатын жаңа әкім Шелек ауылының төл тумасы екендігі, өңірді дамытуға білек сыбана кірісетіні айтылды. Сонымен қатар, Үйгентас, Қапал ауылдарына аудан статусын беру мәселесі облыстық деңгейде шешілмейтінін, бірақ алдағы уақытта сол өңірлерге арнайы барып, елдің жағдайын, тұрмысын көретінін де ашық айтты.Тұздыбастау ауылында халық тығыз орналасқандықтан мектеп, емхана және жол, электр жарығы секілді мәселеге жергілікті әкім жауап беретіні ұғындырылды.
Күдіктен гөрі үміт басым
Келесі кезекте, облыста вольфрам өндіретін кен орнына тұрғылықты халық қара жұмыскер ретінде ғана қабылдана ма, кен орнында кадр мәселесі қалай, техникалық оқу орындарына жастарды оқыту мәселесі шешіле ме деген сауалдар қойылды.
– Бүгінгі күні сингапурлық компания өңірдегі кен орнынан вольфрам өндіруді жүзеге асыруға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Орта деңгейдегі тау-кен байыту комбинаты салынады. Қажетті мамандар қазірше біздің өңірде жоқ болғандықтан инвесторлар мамандарды еліміздің шығысы мен солтүстігінен тартатын шығар. Бірақ біз жас мамандарды колледждердің бірінде оқытып, бұл кәсіпорынмен байланысты нығайтамыз. Алдағы уақытта комбинатта жұмыс істейтін мамандарды сол колледжде дайындаймыз. Тұтастай алғанда, колледж жергілікті өндірістік кәсіпорынмен тығыз байланыста болады. Бұл ретте тәжірибелі инвесторлар қажетті мамандарды оқыту үшін базаға мұқтаж болатынын білген дұрыс.
Табиғи газ және Балқаш-Алакөл демалыс орындарына баратын жол мәселелері көтерілгенде әкім: – «Қол қойылған меморандумға орай былтыр қазан айына дейін газ бағасы көтерілмегені мәлім. Бүгінде «Жетісугаз» компаниясына жаңа басшы келді. Тұрғындарға газды қосып беру үшін сұралатын қаражатты реттеуге араласып, инвесторлармен сөйлесеміз. Жеке тұрғын үйлерге табиғи газды тартып, қосуға қажетті құбырлар, қазандықтар, есептеу құралдарының өзіндік құны есептеліп, газ бағасы дұрыс шешімін табады. Қажетті құжаттар көтеріліп алдағы бір-екі аптада Қазақстан темір жолы басшыларымен де келіссөздер жүргіземіз. Жаңа маусымда заман талабына сай вагондары бар поездармен Алакөлге адамдарды апаруға қол жеткіземіз. Балқаш жағалауында да имфрақұрылымы реттелген заманауи туристік аймақ болады», – деді.
Нұрбол Әлдібаев,
«Заң газеті»