12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖАС СУДЬЯЛАРДА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУГЕ ДЕГЕН НИЕТ ЖОҒАРЫ

Сот – әділеттіліктің соңғы мекені. Қоғамның заңға деген сенімі де, мемлекеттік жүйеге деген құрметі де көбіне сот төрелігінің әділдігіне байланысты қалыптасады. Ал бұл миссияны абыроймен атқарып жүрген тұлғалардың бірі – тәжірибелі судья, әділет саласында 40 жылға жуық уақыт қызмет еткен ардагер Әділ Құрықбаев.

Əділ Жамбасбайұлы сот жүйесінің бірнеше буынына куə болды. Кеңестік кезеңнен бастап бүгінге дейінгі сот реформаларын көзімен көріп, сот кадрларының қалыптасуындағы күрделі жолдардан өткен. Ол өз өмірінде сансыз тағдырды таразылап, заң алдындағы адалдық пен ар алдындағы жауапкершілік жүгін қатар арқалаған тұлға. Судьялық қызметтің миссиясы, қазіргі буын судьяларының ерекшеліктері, кадр мəселелері, қоғам мен соттың арасындағы сенім жəне судьяның əділ шешімі жайлы əңгіме бүгінгі сұхбатымызға өзек болды.

– Əділ Жамбасбайұлы, қазіргі сот корпусында судьяларға арналған бос орындардың көп болуы неліктен?

– Бірінші – сот жүйесіне судья кадр ларын іріктеу, конкурс өткізу қазір тек Жоғары Сот Кеңесінің құзыретінде. ЖСК мемлекеттік мекеме саналады. ЖСК құрылып жұмыс істей бастағалы сот кадрларын іріктеуге байланысты талаптар қатаңдатылды. Екінші – судьялыққа үміткерлерге бүгінгі күні жоғары кəсіби, моральдық жəне психологиялық тұрғыдағы талаптар қойылып отыр. Жасыратыны жоқ, бұл талаптарға сəйкес келетін мамандар саны шектеулі. Көп жағдайда үміткерлер конкурс, тексеру, сынақ кезеңдерінен өте алмай жатады. Демек судья боламын деген кез келген заңгер бүгін судьяға қойылатын талаптарға сай емес деген сөз. Үшінші – судьялардың жұмыс жүктемесі ауыр, жауапкершілігі өте жоғары. Бұл көптеген білікті заңгерлерді ойландырады, бірден судья болуға шешім қабылдай бермейді. Төртінші – судьяның, əсіресе жергілікті сот судьяларының еңбегіне сай материалдық жəне əлеуметтік қолдау деңгейі елімізде жоғары емес. Қандай мамандық болмасын адамды ең əуелі еңбек ақысы қызықтырады. Мен айтар едім, жергілікті сот судьяларының еңбек ақысы олардың мəртебесіне сай емес. Бесінші – ЖСК-нің судья лауазымының бос орындарына жарияланған конкурстарды сирек өткізуі. Сонымен қорытындылай келе айтарым: сот жүйесіндегі бүгінгі күнгі бос орындардың көптігі – кадрлық дағдарыс элементтері бар жүйе лі мəселе. Бірақ бұл дағдарысты кемшілік деп түсінуге болмайды, судья кадрларын таңдауға байланысты қойылып отырған қатаң талаптар сот жүйесін жетілдіруге деген ұмтылыстың бір белгісі. Мемлекетіміздің ЖСК арқылы атқаратын негізгі міндеті – сот жүйесіне сапалы кадр ларды тарту, ұстап қалу жəне əділетті сот төрелігін қамтамасыз ету.

– Сіз өз қызметіңізде бірнеше буын өзгергенін көрдіңіз. Қазіргі жас судьялар дың аға буынмен са лыс тырғанда артық шы лығы мен əлсіз тұс тары қандай?

– Иə, мен судья болып қырық жылдай жұмыс істедім. Осы жылдары еліміздің сот билігінің қалай өзгергені, дамығаны көз алдымда. Меніңше қазіргі судьялар мен бұрынғы буын судьялары арасында елеулі айырмашылық бар. Бұл айырмашылықтар судьялардың өмірлік тəжірибесімен, құқықтық даярлық жүйесімен, қоғам талабымен жəне қазіргі технологиялық дамуымен байланысты. Менің ойымша, жас судьялар жаңа технологияларды жақсы меңгерген. Олар цифрлық жүйеге тез бейімделеді, электронды сот жүйесін, база мен платформаларды жақсы қолдана біледі. Сонымен қатар көпшілігі қазақ тілін жетік меңгерген, ағылшын тілін де қолдана алады. Жас судьялар қоғаммен ашық пікір алмасуға бейім. Өз ойларын жасырып қалмайды. Менің байқағаным, жас судьяларда əділдікке деген ұмтылыс, өзгеріс енгізуге деген ниет жоғары. Ал, енді жас судьялардағы кемшілік ретінде мен олардың өмірлік жəне кəсіби тəжірибелерінің жетіспеуін ғана айтар едім. Соның салдарынан істің байыбына бармай жас судьялар кейде асығыс шешім қабылдап жатады, ал бұл – сот əділдігі үшін қауіпті. Аталған кемшіліктердің бəрі тəжірибе барысында түзелетін кемшіліктер. Бастапқы кездерінде жас судьяларды көбірек тəжірибелі, отставкадегі судьяларды тарту арқылы оқытуды, сот тəжірибесін қалыптастыруды жолға қою керек. Қалай дегенмен жас судьялар – сот жүйесінің болашағы. Олардың əлеуеті жоғары, бірақ тəжірибелі судьялардың тəлімінсіз кемелденуі қиын. Ең тиімді жол – екі буынның үндесуі: жас энергия мен тəжірибелі парасаттың үйлесімі ғана əділетті сот жүйесін қалыптастырады.

– Сіздің ойыңызша, судья болу – бұл кəсіби таңдау ма, əлде миссия ма?

– Менің ойымша кəсіптік қызмет пен миссияны бөліп қарауға болмайды. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Миссия деген сөз жауапкершілікті талап ететін тапсырма дегенді білдіреді. Ендеше судья болу – бұл жай ғана кəсіби таңдау емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін миссия. Таңдау ретінде, əрине, судья болу бұл заңгер мамандығын меңгерген адамның кəсіби жолындағы таң дауы – үлкен шың. Бірақ басқа құқық салаларынан айырмашылығы – судья болған адам жай ғана қызмет атқармайды, адам тағдырын таразыға салады. Мен судья болуды – ел алдындағы адалдықты, əділетті талап ететін өмірлік ұстаным деп білемін. Судьяның ел алдындағы миссиясы – əділікті қалтқысыз қорғауы, заңның үстемдігін қамтамасыз етуі, адамдардың сенімін ақтау жолындағы адалдық пен туралық деп тануымыз қажет. Судья – бұл əділеттің бейнесі, тек заңды білу емес, оны жүрекпен сезіну. Себебі судья шешімі – тек қағазға түскен таңба емес, ол адамның ертеңгі тағдырына əсер ететін негізгі фактор. Жастарға айтарым судья болуды алды мен жүректеріңізбен таңдаңыздар, судьялық қызметтің қиындығына шыдайтын, иманды, сабырлы болыңыздар. Ал судья болу кез келгеннің маңдайына жазыла бермейді.

– Кейбір даулы істерде қоғам сот шешімімен келіспей жатады. Ондай сəттерде судья ретінде өз шешіміңіздің əділдігін қалай қорғадыңыз?

– Қоғамдық пікірдің кейде сот шешімдерімен сəйкес келе бермейтін кездері сот тəжірибесінде жиі кездесетін əрі ең күрделі сəттердің бірі. Қоғамдық пікір кейде эмоцияға, үстірт ақпаратқа немесе біржақты ұстанымға негізделуі мүмкін. Ал судья қоғамға не болмаса қоғамдық пікірге емес, Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьяға қандай қысым көрсетілсе де, ол шешімді тек істегі нақты дəлелдер мен нормаларға сүйеніп шығарады. Судья шешімінің заңдылығын жоғары сатыдағы соттар тексеріп қарап шығады. Ал, судьяның заңды шешімі заңдылықтың үстемдігі, əділеттіліктің айнасы. Өз басым, қай кезде болмасын, қай сатының судьясы ретінде шешім қабылдасам да тек заңдылыққа сүйендім жəне əділеттілікке ұмтылдым. Ал, заңды жəне əділетті шешімді не үкімді қорғап жүгiрудiң қажеті жоқ. Судьяның əділдігі – оның шешімінде емес, шешім қабылдауға апаратын жолында. Егер сол жол таза, заңды, негізді болса – уақыт өте келе əділ шешім өзі-ақ мойындалады. Ал қоғаммен диалог – ашықтық пен сенім орнатудың маңызды жолы.

– Сот жүйесінде қоғам тарапынан артылып отырған үміт пен сенімге сай болу үшін не қажет?

– Сот жүйесіне деген сенім – мемлекеттегі əділет пен тұрақтылықтың тірегі. Қоғам бұл жүйеден əділдік, ашықтық, адалдық күтеді. Алайда бұл сенім үнемі биік деңгейде бола бермейді. Неге? Қоғамның сотқа деген сенімінің төмендегі судьялардың шығарған кейбір заңсыз шешімдеріне тікелей байланысты да емес. Бұл мəселені соттың жұмысымен ғана шектемей, жалпы қоғамдағы болып жатқан объективтік жəне субъективтік факторлармен байланыстыра қарау керек. Мен бұл факторларға ең бірінші заңдардағы түйткілді мəселелерді жатқызар едім. Кейбір заң нормалары түсініксіз, қоғамдық қарым-қатынастарды əділетті түрде реттей бермейді. Соттар осындай заңдарды қолданып шешім шығарады. Құқықтық коллизиялар судьяны қиын таңдау алдында қалдырады. Əділеттілікке емес, «қатесіздікке» бағытталған формализм кейде қоғамда əділет сезімін оята алмайды. Келесі ашып айтатын тағы бір фактор ол судьялардың бəрінің бірдей биік кəсіби, моральдық деңгейде емес екендігі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының жəне прокуратураның сапасыз жұмысы соттардың қабылдайтын шешімдеріне де тікелей əсер етеді. Соттардың тəуелсіздігі туралы біз көп айтсақ та, кейбір «резонанстық» деп айдар тағатын қылмыстық не азаматтық істер қарағанда сыртқы ықпалдың болу мүмкіндігінен əлі арылған жоқпыз… Соттардың қоғаммен байланысы əлсіз, ол əлі жолға қойылған жоқ. Соттар өз жұмысын кең түсіндіріп, ашық жүргізуге əлі де бейімделе қойған жоқ. Ал, ақпарат құралдары болса, соттардың жұмыстарын біржақты, кейде бұрмаланған түрде көрсетуге ұмтылады.

– Сіз ұзақ жыл бойы əділет саласында жұмыс істеп келесіз. Ең үлкен кəсіби өкінішіңіз немесе шешілмей қалған сұрағыңыз бар ма?

– Судьялық қызметті адал атқарып, абыроймен құрметті отставкіге шығу – мен үшін үлкен бақыт. Өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Алла маған екінің бірінің қолына тие бермейтін адам тағдырын шешуді – судьялық қызметті бұйыртқандықтан өкінетін ешқандай жағдайға жол бергенім жоқ.

– Мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет.

С.АСҚАР, «Заң газеті»

Еркеш МАУКЕНҚЫЗЫ, Жоғарғы Cот судьясы: «Әр шешімнің артында адам тағдыры тұр»

– Елімізде сот төрелігін толыққанды əділ жүргізу қаншалықты мүмкін? Жалпы, судья қандай болу керек?

Қазақстандық әуекомпаниялар қандай елдерге рейстерді тоқтатты?

Көлік министрлігі Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісуіне байланысты қазақстандық әуекомпаниялардың рейстерді уақытша тоқтатуына қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады.

Мемлекет басшысы судья және сот қызметкері күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судья және сот қызметкері күнімен құттықтады.

СОТТЫҢ ӘДІЛЕТТІ ШЕШІМІ – ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі қоғамның əділеттілігін қалыптастыратын маңызды құрылым. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі қоғамның құқықтық мəдениетін, заңға деген сенімін жəне құқықтық тəртіптің нығаюын қамтамасыз етуге негіз бола алады. Қай дəуірде болсын, қоғамның дамуы мен тұрақтылығы құқық үстемдігіне, ал құқықтың жүзеге асуы əділ соттың болуына байланысты болды.