Жала жауып, жазасыз қалуға бола ма? Жалған айғақ үшін қандай жаза бар?

Сотта берілген жалған айғақ басқа адамның беделінен, ақшасынан, бизнесінен, кейде тіпті бостандығынан айырылуына әкелуі мүмкін. Алайда куәгерлердің өзі көрінеу жалған ақпарат бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын әрдайым түсіне бермейді. Адамдар неліктен мұндай тәуекелге барады, куәгердің қателеспей, әдейі өтірік айтқанын қалай дәлелдеуге болады және өзіне қарсы жалған айғақ берілген адам не істеуі керек? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне адвокат Айдар Советбеков айтып берді.

Ақталды, ал жалған айғақ бергендер сотталды

Советбековтің тәжірибесіндегі осындай істердің бірінде оның қорғауындағы азаматқа қаржы жымқырды деген айып тағылған. Айыптауда сот процесіне қатысқан басқа адамдардың берген айғақтары елеулі рөл атқарған.

Алайда кейін ер адам ақталды. Бірақ іс мұнымен аяқталған жоқ. Бұған дейін сотта оған қарсы айтылған айғақтардың өзі бөлек қылмыстық істің нысанына айналды.

Нәтижесінде екі адам Қылмыстық кодекстің 420-бабының 2-бөлігі бойынша көрінеу жалған айғақ бергені үшін кінәлі деп танылды. Сотталғандардың бірі нақты мерзімге бас бостандығынан айырылса, екіншісіне шартты жаза тағайындалды. Сонымен қатар сот ақталған ер адамның пайдасына моральдық зиян өтемі мен адвокатқа кеткен шығындарды өндіріп беруді міндеттеді.

Советбековтің айтуынша, дәл осы адамдардың айғақтары бастапқыда тағылған айыптың негізгі бөліктерінің бірі болған.

Заң тұрғысынан алғанда, олардың сөздері бүкіл айыптаудың негізгі тірегіне айналды. Егер осы айғақтар болмағанда, істің өзі де қозғалмас еді, өйткені кінәні дәлелдейтін басқа объективті дәлелдер болған жоқ. Жалған ақпарат қылмыстық істі қолдан жасау үшін негізгі құрал ретінде пайдаланылды, – деді адвокат.

Кінәсіздікті дәлелдеуге ұзақ уақыт кеткен. Советбековтің айтуынша, тіпті ақтау үкімінің өзі адамның қылмыстық қудалау кезінде жоғалтқан дүниелерінің бәрін бірден қайтара алмайды.

Адам ұйқысынан, денсаулығынан, беделінен айырылады, бизнесі тоқтап қалады. Қылмыстық қудалау – орасан зор күйзеліс. Күн сайын өзгенің өтірігінің кесірінен жүйе сені бостандығыңнан айыруы мүмкін деген оймен оянасың. Мұндай жағдайда қаржылық та, моральдық та шығын өте үлкен болады. Тіпті ақталғаннан кейін де оның салдары адамның соңынан ұзақ уақыт еріп жүреді, – дейді ол.

Өтіріктің бетін не ашты?

Адвокаттың сөзінше, берілген айғақтардың шынайылығына қатысты күмән сот талқылауының басында-ақ пайда болған. Алайда сот үшін күмәннің өзі жеткіліксіз, айтылған сөздерге қайшы келетін нақты фактілерді табу қажет болды.

Қорғау тарапы процеске қатысушылардың сөздерін құжаттармен және басқа да объективті деректермен салыстыра бастаған. Сәйкессіздіктер оқиғаның ұсақ-түйегінен де, хронологиясынан да анықталған.

Мінсіз өтірік болмайды. Біз айғақтарды объективті деректермен: ұялы телефон биллингтерімен, орналасқан жер туралы мәліметтермен, құжаттармен салыстыра бастадық. Адам өтірік айтқан кезде, беттестіру немесе қарсы сұрақ қою барысында оқиғалардың хронологиясы мен ұсақ мән-жайлардан міндетті түрде шатасады, — деді Советбеков.

Сонымен қатар әрбір қате айғақ қылмыс болып саналмайды. Куәгер кейбір жағдайларды шынымен ұмытып қалуы, уақытты шатастыруы немесе ұсақ-түйекте қателесуі мүмкін.

Мұндағы шекара «көрінеу» деген сөзде жатыр. Адал қателесу – адамның өзі айтып отырған нәрсесіне шын сенуі. Мәселен, түнде алыстан қарағанда оған көлік қара түсті болып көрінді, ал шын мәнінде ол қою көк болған. Немесе күйзелістен уақытты шатастырып алды. Ал көрінеу жалған айғақ – адамның шындықты нақты біле тұра, белгілі бір мақсатпен фактілерді әдейі бұрмалауы,-деп түсіндірді адвокат.

Қасақана әрекетті дәлелдеу үшін куәгердің сөзі объективті түрде тексеруге болатын мәліметтермен салыстырылады. Мысалы, адам оқиға орнында болғанын және белгілі бір әңгімені естігенін айтады, ал оның орналасқан жері туралы деректер сол уақытта басқа жерде болғанын көрсетеді.

Бұл енді «ұмытып қалдым» немесе «қателестім» деген жағдай емес. Бұл – тікелей, саналы түрде жасалған алдау, – деді Советбеков.

Адамдар неге өтірік айтуға келіседі?

Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Адвокаттың байқауынша, көбіне мұның артында пайда табу, қорқыныш, басқа адамға тәуелділік немесе жақын адамына көмектесуге деген ниет жатады.

Себептерді екі үлкен топқа бөлуге болады: пайдакүнемдік және қорқыныш. Пайдакүнемдік – тікелей ақша, қызметте өсу, бизнестегі үлес. Қорқыныш – куәгерге қысым жасалып, жұмыстан шығарамыз деп бопсалау немесе қорқыту. Сондай-ақ «ағама, досыма, басшыма көмектесуім керек» деген қате түсінілген борыш сезімі де жиі кездеседі. Корпоративтік дауларда адамдар көбіне қызметтік тәуелділікке байланысты, жұмысынан айырылып қалудан қорқып өтірік айтады, – деді ол.

Советбековтің айтуынша, кейде адам қажетті айғақ бергені үшін нақты пайда аламын деп есептейтін жағдайлар да кездеседі.

Ол мысал ретінде аты-жөні көрсетілмеген компанияның бұрынғы қызметкерін келтіреді. Қызметкер бұрынғы жұмыс берушісіне қарсы куәлік бере бастайды. Ол ақша берілгенін көргенін немесе құжаттарға қысыммен қол қойылғанын мәлімдейді. Кейін оған бәсекелес компаниялар нарықтағы орташа деңгейден едәуір жоғары жалақысы бар қызмет ұсынғаны анықталады.

Айғақ тауарға айналады, – дейді адвокат.

Бұл ретте аталған мысал мен жоғарыда баяндалған қылмыстық істі бір-бірінен ажырата білу маңызды. Ақталған ер адамға қарсы жалған айғақ бергендердің материалдық пайда алғаны сотта анықталған жоқ.

Жалған айғақ бергені үшін қандай жаза бар?

Қазақстанда көрінеу жалған айғақ бергені үшін Қылмыстық кодекстің 420-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Советбековтің түсіндіруінше, неғұрлым қатаң жауапкершілік, атап айтқанда, жалған айғақ адамның сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталуына байланысты болса немесе пайдакүнемдік ниетпен жасалса туындайды.

Сонымен бірге заң өтірік айтқан адамға оның сөзі түпкілікті сот шешіміне әкелмей тұрып, өз айғақтарынан бас тартуға мүмкіндік береді.

Адвокаттың айтуынша, егер адам сот үкімі немесе шешімі шығарылғанға дейін өз айғақтарының жалған екенін ерікті түрде мәлімдесе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Бұл – қысымға ұшыраған немесе пара алған куәгерге өзгенің өмірін талқандағанға дейін тоқтауға мүмкіндік беретін маңызды тетік, – деді Советбеков.

Сізге қарсы жалған айғақ берілсе, не істеу керек?

Егер адам өзіне қарсы әдейі жалған айғақ беріліп жатыр деп есептесе, Советбеков куәгермен өз бетінше келісуге тырыспауға кеңес береді. Оның сөзін дәлелдер арқылы жоққа шығару қажет.

Олар бейнебақылау камераларының жазбалары, құжаттар, телефон байланыстарының детализациясы, орналасқан жер туралы мәліметтер, сараптама нәтижелері және басқа да объективті деректер болуы мүмкін.

Белсенді қорғаныс қажет. Беттестіру өткізуді талап етіңіз. Қоңыраулардың детализациясын, бейнежазбаларды, құжаттарды алдыруды талап етіңіз. Бұл кезеңде адвокаттың міндеті – куәгерге барынша егжей-тегжейлі, тосын сұрақтар қою. Сонда алдын ала жатталған нұсқа бұзыла бастайды. Өтірікке тек фактілер мен сараптама арқылы қарсы тұру керек, – деді Советбеков.

Бұл ретте адамның ақталуы оған қарсы жалған айғақ берген куәгерлердің автоматты түрде жауапкершілікке тартылатынын білдірмейді. Адвокаттың айтуынша, іс жүзінде мұндай істер қорғау тарапының бөлек жұмыс жүргізуін талап етеді.

Өкінішке қарай, бұл – қорғау тарапынан орасан күш-жігерді талап ететін сирек жағдай. Біздің тәжірибемізде адамды ақтап қана қоймай, жалған айғақ беру фактісі бойынша істі Қылмыстық кодекстің 420-бабымен айыптау үкіміне дейін жеткізе алдық. Бұл сирек кездеседі, бірақ мүмкін, – деді ол.

Советбековтің пікірінше, қазіргі мәселе жазаның қатаңдығында емес, көптеген адамның сотта айтқан сөзі үшін жауапкершілікті жете бағаламауында.

Заң жеткілікті деңгейде қатаң жазылған, 5 жылдан 10 жылға дейін – бұл елеулі мерзім. Мәселе заңның жұмсақтығында емес, жазасыз қаламын деген түсінікте. Қоғамда «Сотта бәрі өтірік айтады, бірақ ешкімге ештеңе болмайды» деген миф қалыптасқан. Адамдар оның салдарын тым төмен бағалайды. Біздің адвокат ретіндегі міндетіміз – әрбір жалған куәгер жауапкершіліктің міндетті түрде болатынын білетіндей сот тәжірибесін қалыптастыру, – деп қорытындылады адвокат.

Шаг к свободе

ЗА ЦИФРАМИ АМНИСТИИ – РЕАЛЬНЫЕ СУДЬБЫ. ДЛЯ ОДНИХ ОСУЖДЕННЫХ...

Павлодарда жылыту маусымы басталды 

«Павлодарэнерго» АҚ мәліметінше, 14 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерге жылу кезең-кезеңімен беріле бастады.

Несиесін уақытында төлей алмағандарға 60 күн қосымша уақыт беріледі 

Жаңа тәртіп 21 қыркүйектен бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Қазақстанда азық-түлік бағасы қалай өзгеруде? 

Қазақстанда бір апта ішінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді. Әсіресе картоп, пияз және қырыққабат арзандады.

Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда 74 648 жұп ресми некеге тұрған.