Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдер колониясында екі жүзден астам сотталған жазасын өтеуде. Әрқайсының өз тағдыры, өз өмір жолы бар. Алайда барлығын біріктіретін ортақ тілек — қалыпты өмірге оралу, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіріп, бәрін жаңадан бастау. Көпшілігін үйінде ата-анасы, балалары мен жақындары күтіп отыр.
Осы аптада үш сотталған үшін көптен күткен бостандық күні туды. Екі әйелді мекеме қақпасында туған-туыстары қарсы алса, тағы бірін жазасын өтеу мерзімі бойы қолдау көрсеткен жақын құрбысы қарсы алды.
Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп, өз оқиғасымен бөлісті. Ол бала кезінен балалар үйінде тәрбиеленген. Мектепті тәмамдағаннан кейін тиісті қолдаудың болмауынан, өз айтуынша, теріс ортаға тап болған.
— Балалық шағым балалар үйінде өтті. Оқуды аяқтаған соң жаңа достар таптым, солармен бірге алғаш рет алкоголь, темекі, есірткі қолданып көрдім. 19 жасымда өмірім көңілді көрінді. Бір күні көңіл көтеруге ақша жетпей, олар мені телефон ұрлауға көндірді. «Ештеңе болмайды, бәрі сәтті өтеді» деді. Сөйтіп осында келдім. Жазамды өтеген уақыт ішінде сол адамдар бір рет те хабарласқан жоқ. Маған тек бала күнгі құрбым ғана қолдау көрсетті, — деді ол.
Мекемеде болған кезінде сотталған тігін цехында жұмыс істеп, кәсіби дағдыларды меңгерген.
— Бүгін мен үшін жаңа өмір басталады. Әзірге өз отбасым жоқ, бірақ болашақта сүйікті жарым мен балаларым болады деп сенемін. Бұл жылдар маған көп сабақ болды, енді бұрынғы қателіктерімді қайталамаймын. Киім тігу ісін ашып, адал еңбекпен табыс тапқым келеді, — деп бөлісті ол.
— Әлеуметтік-тәрбиелік жұмыс қайта әлеуметтендіру үдерісінде шешуші рөл атқарады. Біздің негізгі міндетіміз — тек режим талаптарының сақталуын қамтамасыз ету емес, сонымен қатар сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау. Біз оқытуға, жұмыспен қамтуға және психологиялық қолдауға ерекше назар аударамыз. Бостандыққа шыққаннан кейін адамның заңға бағынатын өмір сүруге қажетті дағдылары мен мотивациясы болуы маңызды. Бостандыққа дайындық бойынша жүйелі жұмыс қайталама құқықбұзушылық тәуекелдерін азайтып, әйелдердің қоғамға сәтті бейімделуіне ықпал етеді. Саналы түрде заңды әрі жасампаз өмірді таңдағандардың оқиғалары екінші мүмкіндіктің шынайы бар екенін дәлелдейді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.



