Украина президенті Владимир Зеленский Reuters және CNN басылымдарына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздерге дайын екенін айтты. Толық видеосұхбат Украина президентінің Facebook-тегі парақшасында жарияланды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Украинская правда» басылымына сілтеме жасап.
«Әлем Ресей Федерациясы Президентін келіссөз үстеліне отырғызу керек екенін түсінеді, ал мен олармен келіссөз үстеліне отыруға әлі дайынмын», — деді Зеленский.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы келіссөздерді бастау үшін Ресей тарапына қояр алдын ала шартын атады. «Біз, ең болмағанда, адамдарды бомбалауды тоқтатуымыз керек, тек бомбалауды тоқтатып, содан кейін келіссөз үстеліне отыруымыз керек», — деді ол.
Зеленский украиналықтар «өмірінің соңына дейін» күресетінін айтты. «Себебі біз өз үйіміздеміз. Біз балаларды үйде қорғаймыз. Біз мұны шын жүректен жасаймыз. Біз өзіміздің балаларымыздың болашағы үшін бәрін қорғауға тиіспіз деп есептеймін», — деді президент.
Зеленский сонымен бірге НАТО елдерін Украинаның әскери одаққа мүшелікке мүмкіндігі бар-жоғына нақты жауап беруге шақырды. Егер одақ мұндай перспективаға дайын болмаса, онда президент НАТО елдері Украинаның қауіпсіздігіне, оның аумағы мен шекараларының мызғымастығына заңды кепілдік беруі керек деп атап өтті.