12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Жолындағысын жайпап өткен ағын су Ақмола облысының да ондаған елді мекенін басып, кейбірін күні бүгінге дейін сыртқы әлеммен қатынассыз, жарықсыз әрі сусыз қалдырған. Өңірде осыған дейін Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланған еді. Қарғын судан әсіресе Бұланды ауданында өзен арналары тасып, бөгендердің бұзылуы салдарынан Иванков, Капитонов, Журавлев, Купчанов, Вознесенка сияқты бірнеше ауыл ірі көлемде зардап шекті. Аталған ауданға арнайы іссапармен барған тілшіміз ауылдардың қазіргі жағдайы мен жергілікті атқарушы билік пен құзырлы органдардың тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың мән-жайын толығырақ біліп қайтты…

Сай-сайдың бәрін ернеуіне дейін толтырған су жол бойы әлі де болса көлкілдеп жатыр. Кей жерлерде қалың қасат қар еріп те үлгермепті. Тасқын кезінде ағын судың арыны аса қатты болғанын Қайрақты өзенінен өткен тұста байқадық. Өзен жағалай үй орнындай кесек-кесек мұздарды асау толқындар әудем жерге дейін сырғытып сыртқа қарай шығарып тастапты.

Қайрақты өзені ауылды екіге бөлді…

Су тасқынынан түн ортасында баспаналарын тастап жапа-тармағай қашып шығуға мәжбүр болған ауылдардың бірі – Вознесенка. Мұнда ауылды қақ жарып өтетін Қайрақты өзені тасқын кезінде арнасынан шамадан тыс асып кетіп, ауылды екіге бөліп тастаған. Тілсіз жаудан ауылдың 26 үйін су басқан. Топан су халықты ауыр әбігерге салғаны ауылдың сырт көрінісінен-ақ байқалып тұр. Батпаққа толы лайсаң көшелерден резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. Ал өзеннің арғы бетіндегі ауылға азық-түлік, су мен басқа да қажеттіліктер әлі де болса қайықпен жеткізіледі екен. Тасқын су лап қойған тұста жұрттың бәрі қайтерін білмей абдырап қалған. Ауыл тұрғындарының бірі Олеся Лузгиннің айтуынша, үйдегі ыдыс жуғыш, кір жуғыш машиналары, тоңазытқыш, мотоцикл және мотоблок, компьютер сияқты барлық тұрмыстық техникалары суда қалып, жарамсыз болып қалған. «Су басқан сәтте өте сұмдық қорқынышты болды. Іңір қараңғысына қарай су келе бастады. Алайда аулада су болғанымен, осынша көлемде болады деп ойламадық. Үйде немерем мен кішкентай екі балам болған. Түн ортасында гүрілдеген дауыстан шошып тұрдық. Әп-сәтте үйдің іші көлкіген суға толды. Балаларды терезені бұзып шығардық. Күйеуім екеуіміз үйден шыққанда су белуардан келіп, терезеден әзер шықтық. Барлық дүние-мүлкіміз суда қалды. Бізге азық-түлік пен төсек-орын әкеліп беріп, қайырымдылық жасаған жандарға шынайы алғыс айтамыз. Енді бәрін қалай қалпына келтіретінімізді білмейміз. Балам ауырып қалған. Демалуы қиын. Үйдің бәрін ылғал басып, сылақтары түсіп тұр. Қазір пеш жағып кептіріп жатырмыз. Макинсктен келіп бәрін жазып алып кетті. Енді бағалаушылар келіп дүние-мүлкімізді бағаламақ, – дейді Олеся Лузгина.

Екі тәулік бос тұрған таныстарының үйін паналап оралған отбасы болған жайды көріп жыларман болған. Үйдің ішін түгелдей ылғал басқан. Ауладағы заттарының бәрін су ағызып әкеткен. Қора-қопсысы бұзылып, жертөлесі құлап түскен. Үйдің ішін сыз басса да, қонып жатуға мәжбүр болыпты.

Комиссия шығын көлемін анықтап жатыр

Қазіргі уақытта ауылға ХҚКО-ның қызметкерлері мен арнайы комиссия өкілдері келіп, шығын болған мүлікті есепке алып, өтемақы үшін қажетті құжаттарды рәсімдей бастаған. Алдағы күндері бағалаушы келіп, тұрғын үйлердің одан әрі тұруға жарамдылығын яки жарамайтынын анықтап, шығын көлемін толықтай есептемек. Аудандық шығын көлемін анықтау жөніндегі комиссия өкілі, «AMANAT» партиясының Бұланды аудандық филиалының төрайымы Раушан Хожабайдың айтуынша, зардап шеккен тұрғындарға құжаттары рәсімделген соң үш жұмыс күні ішінде 100 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем берілмек. «Өздеріңіз білетіндей, біздің Бұланды ауданында 12 сәуірден бастап төрт елді мекенді су басқандықтан, төтенше жағдай жарияланған. Осыдан кейін штаб отырысы болып, бізді бірнеше топқа бөліп, әр жауапты тұлғаны зардап шеккен елді мекендерге бекітті. Мен Вознесенка ауылына бекітілдім. Мұнда 26 үйді су басқан. Әрбір үйге кіріп жағдайын біліп, зардап шеккен тұрғындармен сөйлестік. Мемлекет тарапынан оларға 100 АЕК мөлшерінде өтемақы төленеді. Одан кейін лицензиясы бар бағалаушылар келіп әр үйге кіріп үйлерін бағалап, акт жасалып, төлемдері төленетіні туралы комиссиямен айтылды. Тұрғындар аудан орталығына барып әуре болмас үшін ХҚКО-ның мамандарын арнайы алып келіп, форма-2 және форма – 6 құжаттарын алып жатыр. Бұл облыс әкімінің тікелей тапсырмасы. Жұмыспен қамту бөліміне тапсырамыз. Халық бәріне түсіністікпен қарап жатыр. Ауылда мал, көлік шығындары жоқ», – дейді Раушан Хожабай.

Капитоновкада үй шығыны да, мал шығыны да бар

Вознесенка ауылында мал шығыны болмағанымен, іргелес жатқан Капитоновка ауылдық округінде су тасқынынан мал шығыны да, жапа шеккен үйлер де көп болып шықты. Капитонов 28 үйді су басып қалды. Судың көп болғаны соншалық, ауылдың бірнеше саман үйі қабырғалары жарылып, жарамсыз күйге жеткен. Өкінішке қарай, мал шығыны да бар. 42 бас қой-ешкі мен 6 шошқа, сондай-ақ көп мөлшерде үй құстары өлген. Олардың бәрі мал қорымдарына апарып тасталды. Тасқын кезінде Қажымұқан және Пушкин ауылдарында ірі мұз кесектері 11 электр бағанын құлатып, ауылдар жарықсыз қалған. Капитоновка ауылында жарық болғанымен, ауыз су жоқ. Ауыз суды көршілес Журавлев ауылынан тасымалдап жатырмыз. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары басталды. Барлық үйлер алдын ала тасқын болатыны жөнінде хабардар етілген. Екі күннен бері зардап шеккен үйлерді бағалаушылар аралап, үйлері мен дүние-мүліктерін бағалап, актілер жасап жатыр, – дейді Капитоновка ауылдық округінің әкімі Зарина Янкова. Су басқан үйлердің бірнешеуін аралау барысында тұрғындардың ірі көлемде зиян шеккенін байқадық. Арыны қатты ағын судан үйлердің балшықтары қопарылып түсіп, ағаш бөренелер жалаңаштанып қалған. Өз үйіне бізді ертіп апарған зардап шеккен тұрғындардың бірі Наталья Тыщенко есік алдына түгелдей су тиген астықты жайып тастапты.

– Су тасқыны бізде жыл сайын болады. Бірақ мұндай сұмдықты бірінші рет көріп тұрмыз. Гүрілдеген қатты дауыспен әп-сәтте кірген су үйдің ішін түгелдей басып кетті. Су міне үйдің терезесінің деңгейіне дейін жетті. Ештеңені аман сақтап қала алмадық. Барлық дүние-мүлік, тұрмыстық техникамыз суда қалды. Екі күн туыстарымызда болып, сосын қайтып оралдық. Міне, малға беретін жемді кептіріп әлектеніп жатырмыз. Судан кәдімгі кесек-кесек болып бірігіп қалған. Үйдің ішін әлі ылғал басып тұр. Қалай қалпына келтіретінімізді білмейміз. Малымызды әлі әкеле алған жоқпыз. Өйткені, қора-қопсының іші әлі су болып жатыр, – дейді Наталья Тыщенко.

Ауданда қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті

Келтірілген шығын көлемі орасан болғанымен, ауылда жергілікті атқарушы билік пен құзырлы органдар су тасқынынан кейін зардап шеккен нысандарды, жолдар мен көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастап кетіпті. Атап айтқанда, Қайрақты өзенімаңдағы карьерлерден 6 КамАЗ инертті материалдар тасып жатыр. Тасқын кезінде мұнда жолды төрт жерден су шайып кеткен. Қолданыстағы көпір арынды судың қатты ағынына шыдас бермей бұзылып қалды. Осы төрт күн ішінде міне екі үлкен ойды жаптық. Астына су өткізетін арнайы құбыр салдық. Алдымызда су бұзып өткен тағы бір үлкен ой бар. Соны жауып, сосын бекетке қарай жақындаймыз. Көпір мықты болуы үшін астына іріірі тастарды салып, үстінен ұсақ одан кейін қиыршық тастар салынуда. Сонда ол мықты болуы тиіс. Қазіргі уақытта жұмыс көлемі 70 пайызға дейін аяқталды. Жұмысты аяқтап, алдағы екі-үш күнде Купчанов ауылына жолды ашуды жоспарлап отырмыз. Вознесенка ауылында да жолдарды су шайған. Бірақ онда жанама жол бар. Дегенмен екі күннен бері қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Онда да су өткізу құбырларын салып, жолға қиыршық тас төсеп, жол жүруге мүмкіндік жасалады. Иванков ауылында да екі жерде жолдарды су шайып кетті. Ауылда 7 жүк көтеру техникасы жұмыс істеуде. Апта соңына дейін жұмыстарды аяқтауды көздеп отырмыз. Қолымыздан келгенше бәрін жасап жатырмыз, – дейді Азамат Алдабергенов.

«Төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болдық»

Жалпы ауданда су басқан ауылдарда келтірілген шығын, су шайған жол-12 сәуірде төтенше жағдай жарияланды. Оған дейін өз күшімізбен ұстап тұрдық. Ауданда ауылдармен қатынасатын жолдардың бәрін жуып кетті. Атап айтқанда, Вознесенка, Купчановка, Иванковка, Ерголка, Тастыөзек, Суворовка, Журавлевка ауылдары жолсыз қалды. Қаржыны да тиімді жұмсау үшін конкурс жариялануы керек. Купчановка, Вознесенка, Иванков ауылдарында үш бригада жұмыс істеуде. Барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмылдырылды. Барлығы дұрыс түсініп, ел басына күн туған шақта көмек жасап жатыр. Бүгінге дейін 92 үй зардап шеккен. Мүліктері бүлінген, үйлері зақымданған тұрғындарға арнайы комиссия қарап, тексеріп, шығын көлемін есептеуде. Жергілікті бірнеше шаруашылық мал шығындары болған адамдардың мал басына қайта мал беріп көмек көрсетпек ниетте. Мал шығынынан кейін індет таралып кетпес үшін бірден утилизация жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Халық бәрін түсіністікпен қабылдады. Барлық жағдай бар. Қаржылық мәселелер шешілді. Зардап шеккен барлық адам көмексіз қалмайды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов. Аудан әкімдігінің мәліметінше, өзге аймақтардан келіп жатқан гуманитарлық көмектерді де ауылдарға қажеттіліктеріне қарай бөлу ұйымдастырылған. Ауданға көршілес Бурабай, Біржан сал аудандарынан көмектер келіп жатыр. Сондай-ақ, су тасқынының келесі толқынына қарсы төтеп беру үшін барлық амалдарды қарастыру көзделіпті. Дегенмен, Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Әсет Жақсылықовтың брифингте атап өткен мәліметінше облыстың сегіз ауданы су тасқынының шырқау шегінен өткен. Жабай, Колутон, Бақсұқ өзендері өз арнасына қайта оралып, жағдай біршама тұрақталған. Елді мекендерге қазіргі уақытта қауіп төніп тұрған жоқ. Жарқайың және Есіл аудандары аумағында Есіл өзені су деңгейінің ауытқуы байқалады. Дегенмен қауіп деңгейі төмен. Жағдай бақылауға алынған, – деді Әсет Жақсылықов. Ауданда тасқын судан зардап шеккен барлық аймақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқадық. Ең бастысы бәрі уақытында жүзеге асырылып, халыққа ендігі кезекте қауіп төндірмесе болғаны.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Елімізде күнбағыс майы арзандады

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізде 194,4 мың тонна өсімдік майы өндірілген, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,4 пайызға артық.

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергия жүйелерін біріктіреді

Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тарту жобасы: Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Энергетика министрлігінің басшылары меморандумға қол қойды.

Мамырда ауа райы қандай болады?

Синоптиктер мамыр айында ауа райы қандай болатынын айтты.

Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөз: Тоқаев мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер процесіне қатысты мәлімдеме жасады.

Президент Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы жария болды.