Қазір бүкіл елдің назары Қытайда өтіп жатқан ХXIV қысқы Олимпиада ойындарына ауып отыр. Спортшысы жеңіске жеткен мемлекеттің әнұраны ойнап, туы көтерілетін болғандықтан барлық ел оған үлкен жауапкершілікпен қарауда. Дайындықтарын әрбір олимпиадалық кезең арасында талқылап, кем-кетігін түзеп, өз көрсеткішін жақсарту үшін Ұлттық олимпиадалық комитеттері Үкіметпен тығыз байланыс орнатып, қоян-қолтық араласып жұмыс жасайды.
Балабақша мен мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі мекемелердің бәрі бұл процестен сырт қалмайды. Тіпті, спортты зерттейтін түрлі бағыттағы ғылыми-зерттеу институттары құрылып, спортшылар тамағынан бастап, киетін киімі мен күнделікті жасайтын жаттығуларына дейін түгел бақылауда болады. Бізде спорт ғылыми-зерттеу институтының қажеттілігі 2000 жылдан бері көтеріліп келе жатса да спорт саласындағы шенеуніктер әлі күнге дейін оны қай қалада ашу керек дегенді анықтай алмай басы қатып жүр. Соның нәтижесінде қысқы спорттағы Азия, Универсиада және Олимпиада ойындарында көрсеткішіміз жақсарудың орнына кері кетіп бара жатқанын мойындауға ешкім тәуекел жасай алмай отыр. Бұл Қазақстанның спорт саласында бағыт-бағдарын әлі күнге айқындай алмай жүргенін көрсетеді.
Спорт тарихының белгілі зерттеушісі, педагогика ғылымдарының докторы Бауыржан Досқараевтың айтуынша, Бейжің Олимпиадасында сәттілік жолдас болмаса, ұлттық құраманың қоржынына алтын медаль түсуі өте қиын. Тіпті, жүлдесіз қайтуымыз да әбден мүмкін. Жанкүйерлер оған осы бастан дайын болуы керек. Өйткені, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан спортқа бюджеттік қаржының бөлінуі әлі күнге дейін ғылымға негізделмеген. Кәсіби спортшыларды дайындауға бағытталған мектеп орталықтардың өз қызметін қалай жүргізіп отырғанын ешкім білмейді. Оған сараптама да жасалған емес. Әрқайсысы өзімен-өзі өмір сүруде. Еліміздегі спорт федерацияларының үштен бірі қысқы спорт түрлері. Алайда Олимпиада сияқты байрақты бәсекелерде ел қоржынына медаль әкелетіндерге бөлінетін қаржы бір ғана хоккейге бөлінген ақшамен бірдей. Ал болашақ чемпиондарды бала күнінен анықтап, қабілетін жетілдіріп, машықтандыруға тиісті спорт мектептерінің жағдайы келіспеген соң олардан олимпиадалық қозғалыстың көшбасшыларын күту қиын.
– Пандемия жағдайына байланысты Бейжіңге әлемдегі мықты спортшылардың кейбірі келмей қалса ғана 1-2 медаль алуымыз мүмкін. Өйткені, олар Әлем кубогы сияқты ақшасы көп жерлерде жүреді ғой. Біздің құрамадағы спортшылардың медаль алуы өте қиын. Кейбіреулер Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздіктен кейін мұның бәрі спорт саласына жауапты жеке министрліктің не агенттіктің жоқтығынан деп жатыр ғой. Мен онымен мүлде келіспеймін. Жетістік болу үшін жеке спорт министрлігін құрудың қажеті жоқ. Мәселенің бәрі маманға байланысты. Спорттың, ғылымның не екенін білетін адам басқарса Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің де оған құзыреті жетеді, – деген Б.Досқараевтың сөзін «Спорт туралы» заңның, ҚР тұрғындарының физикалық дайындығы президенттік тесті әзірлеуші және бастамашыларының бірі болған педагогика ғылымдарының докторы, Спорт ғылымдары еуропалық қауымдастығының академигі Анатолий Құлназаров да растады. Спорт саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болған А.Қожекенұлының сөзіне қарағанда, – спортта жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін спортшыға орта есеппен 10-15 жылдық тәжірибе керек, күніне 2 рет жаттығу жасағанның өзінде, оған шыдау үшін бейімделуден бөлек, жарыстардан кейінгі ағзаны қайта қалпына келтіру шараларының бәрін жасау керек» – дей келе, Қазақстанда қысқы спортты дамытуға барлық жағдай бар. Тау да, дала да, спортшылардың дайындалуына қажетті спорттық базалар да бар. Соны тек әлі күнге дейін дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Азия мен Универсиада ойындарына арнап салынған спорт ғимараттарының көбі өз мақсатына толық пайдаланылып отырған жоқ. Балалар мен жасөспірімдер мектептерінің тәрбиеленушілерінің өзі онда тегін жаттыға алмайды. Жалпы, спорт саласына қатысты мектепті сол саланың маманы басқару керек қой. Сосын маман дайындауда интернат-колледж-академия жүйесін қалыптастыру қажет. Қазір бізде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда не дұрыс тамақ, не оқу-жаттығу жиыны, не оларды сынайтын жарыс жоқ болған соң қаржының бәрі желге ұшып жатыр. Ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы Ванкувер олимпиадасынан кейін Президенттен нұсқау болған. Қаржы министрлігі оған 300 млн теңге қаржы да бөліп қойғанына қарамастан, спорт саласына жауапты министр ауысқан соң дайын тұрған орынды Мәдениет институты етіп жіберді. Енді ештен кеш жақсы деп жаңа министрге ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Одан не шығатынын уақыт көрсетер, – деген А.Құлназаров бұл саладағы реформалардың аяқсыз қалып жатқанына өз алаңдаушылығын білдірді.
Қазақстанда өткен 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарында жалпы командалық есепте бірінші, 2017 жылғы қысқы ХХVIII Универсиадада екінші орынды алып әлемді елең еткізгенімізбен бұл жетістіктің кездейсоқ жағдай екенін кейінгі көрсеткіштеріміз дәлелдеп берді. Мәселен, ұлттық құрама Азия ойындарында 1996 жылы жалпыкомандалық екінші, 1999 жылы үшінші орын алғанымен, 2003 пен 2007 жылдары үздік үштіктен сырт қалған еді. 2011 жылы өз жерімізде үздік атанғанымызбен, Жапониядағы 2017 жылы соңғы Азия ойындарында қайтадан үштіктен сырт қалдық. Универсиадада да 2017-де екінші орын алғанымызбен, соңғы 2019 жылғы бұл байрақты бәсекеде 4 күміс, 3 қоламен 17-орын алдық.
Қысқы Олимпиадада 1994 жылы 1 алтын, 2 күміс, 1998 жылы 2 қола медаль алғанымызбен, 2002 және 2006 жылдары жүлдесіз қалып, 2010 жылы 1 күміс, 2014 және 2018 жылдары бір-бір қоланы қанағат тұтқанбыз. Соған қарамастан, 2014 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер болып, алғашқы сында жарыс жолынан шығып қалдық. Одан кейін 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге таласып, Халықаралық олимпиада комитеті мүшелерінің 2015 жылы ақтық дауыс беру сәтінде Бейжіңге есе жібердік. Онда Қазақстанға – 40, Қытайға – 44 ел сенім білдірген болатын. Сол кезде Алматы қаласының әкімі болған Ахметжан Есімов Олимпиаданы өткізуге қажетті 4 млрд доллар қаржыны мемлекет өз мойнына алуға дайын екенін жеткізген еді. Егер 2011 жылғы Азия мен 2017 жылғы Универсиада ойындарын өткізуге жұмсалған қаржының тиімділігі дәлелденбегенін ескерсек, Қазақстанда қысқы спортты дамытуда әлі күнге дейін сөз бен істің арасы алшақ тұр деуге болады. Өзге елдер Олимпиаданы – спортты ғана емес, туризмді дамытудың да негізгі қозғаушы күші деп кешенді түрде қарастырып, оны ғылыми және экономикалық тұрғыдан іске асырып жатқанын көріп, біліп тұрсақ та өз қатемізді мойындаудан қашып жүрміз.
Бір кездері ауыл шаруашылығын дамытудан гөрі, халыққа қажетті тауарды шетелден сатып алған тиімді деп бүкіл бір саланы құрдымға жібергендердің ізбасарлары аз емес екен. Ақша болса шетелдік мықты спортшыларды жалдап өз атымыздан жарысқа шығара аламыз деген түсініктен әлі арыла алмай жүрген мұндай кейбір шенді-шекпенділер көрсеткіш үшін ештеңеден тайынбайтынын дәлелдеді. Сондықтан спортқа бөлінген бюджеттік қаржының басым бөлігі дарынды балаларды мектеп жасынан бастап іріктеп, оқытып, дайындауға емес, кәсіби спорттық клубтарды ұстап тұруға жұмсалуда. Ол 17 қарашада Парламент Мәжілісінде де сөз болып, Үкімет басшысының орынбасары Е.Тоғжановтың атына кәсіби футболдың шығындары жөнінде депутаттық сауал жолдануы соның тағы бір нақты дәлелі бола алады. 26 қаңтардағы жауабында Үкімет басшысының орынбасары: «бұқаралық және балалар спортына жаңа серпін беру үшін былтырғы жылы кәсіби спортты мемлекет есебінен қаржыландырудың лимиттері бекітілді (футбол клубтары үшін лимиттің шекті мәні жылына 1,2 млрд теңге, басқа ойын спорт түрлеріне 450 млн теңге). Нәтижесінде кәсіби клубтардан 20,1 млрд теңге көлеміндегі қаражат мемлекеттік спорттық тапсырысқа, спорт инфрақұрылымына, бұқаралық спорттық іс-шараларға қайта бағдарланды» деп сырғытпа жауап берген еді. Депутаттық сауалға бастамашы болған Қазыбек Исаға хабарласқанымызда 1,2 млрд теңге деген лимит бұрыннан барын, тіпті Мемлекет басшылығынан футбол клубтарына бөлінетін қаржы 800 млн теңгеден аспауы керек деген нұсқауы да болғанын айтты. Сондай-ақ, көп сұрақтың әлі қараусыз қалып отырғанын және жауапқа өздерінің қанағаттанбағанын да жасырмады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»