12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ғылымның көсегесі қашан көгереді?

Жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов ғылымды дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиынға салалық мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың мүшелері және жетекші ғалымдар қатысты. Вице-премьер ғана емес, бұған дейін Президент Қ. Тоқаев та ғылым саласының қазіргі жағдайын сынға алып, ғылыми зерттеулер нәтижелерінің төмендігін, олардың ел экономикасы мен оның дамуына әсерінің мүлдем әлсіздігін, ғылымның өндіріспен тиісті өзара байланысының болмауын, тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстар үлесінің төмендігін, одан бөлек ғылымның гуманитарлық бағытында да елді елең еткізер дүние­лердің аздығын сынға алған болатын. Статис­тика ғылымның қай саласына болса да елде аз көңіл бөлініп жатпағанын көрсетеді. Оған негіз де жоқ емес.

Пандемия кезіндегі соңғы үш жыл Қазақстан ғылымына қайта құрылымдалып, үлкен ізденістер мен жаңалықтарға ұмтылу, қалыптасқан кеңестік ғылыми сүрлеуден шығып жаңа тәуелсіз, жас мемлекеттің ғылымын дамытуға атсалысу қажеттігін айқындады. Ғылым болсын, басқа сала болсын, ең алдымен мемлекеттік қаржыландыруға мұқтаж. Тәуелсіздік жылдарындағы осы мәселеге зер салсақ, қаржылық жағынан ғылыми бағыттың бағы жанбапты. Ғылыми ізденіс жолындағы қызметкерлер елдегі ең төменгі жалақы иелерінің қатарын құрады. Мемлекет бұл саланың қажеттілігін сезінгеннен бергі он жылда ғана қатып қалған сең қозғалып, ғылымда жаңа ізденістерге жастардың үлесін арттыруға деген қыбыр-жыбыр басталды.
Ғылымның жағдайын талқыға сал­ған бұл жиында Е. Тоғжанов ғылымды қаржыландыру жүйесінің, ұлттық ғылыми кеңестер қызметінің, ғылыми-техникалық сараптама жүргізу кезінде сарапшыларды іріктеу процесінің кемшіліктерін де санамалады. Премьер-Министрдің орынбасары ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттырудың, өндірістің ғылымды қажетсінуіне және экономика салаларын дамытуға әсерін күшейтудің, ғылымды дамыту басымдықтарының барлық бағытын дәл анықтаудың маңыз­дылығын жеткізді. Тоғжанов ғылыми кадрлық әлеуетті нығайту, оның ішінде шетелде жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдарды тарту арқылы нақты шаралар әзірлеу қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған ғылыми саланы қаржыландыруды жақсарту және ғылымның ел дамуына қосқан үлесі жөніндегі тапсыр­малардың орындалуына ерекше назар аудару қажет. Е. Тоғжанов еліміздің ғы­лыми әлеуетін дамыту бойынша жұмыс тобын құруды, нақты іс-шаралар жоспарын әзір­леуді, Үкіметке ғылымды дамыту жөніндегі тұжырымдама жобасын енгізуді, сондай-ақ, ғылым мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Ғылыми институттардың, ғалымдардың ұсыныстарын тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасары кадр мәселелерін шешуге, жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми жобаларға бизнес қаражатын тартуға, экономика мен әлеуметтік саланың нақты міндеттерін шешу үшін кешенді зерттеулер жүргізуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Жалпы, бұл мәселе бүгін ғана айтылып тұрған жоқ. Бұған дейін де сан мәрте көтеріліп жүр. Бірақ елдегі соңғы жағдайлар бұл соңғы жиынға әжептәуір өзіндік салмағын салуда. Енді Қазақстан ғылымына шын мәнінде түбегейлі дамудан басқа жол жоқ. «The Qazaq Times» сайты – ғылым сыйымдылығы ЖІӨ-нің 3%-нан жоғары мемлекеттер техникалық прогресс жағынан алдыңғы қатарлы көрсеткішке ие екендігін, әлемдік тәжірибе бойынша елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғылыми зерттеу­лерге жұмсалатын қаражат ЖІӨ-нің 2%-нан төмен болмауы керектігін, ғылым сыйымдылығы ЖІӨ-нің 1%-на тең немесе одан кем болса, елдің ғылыми-техникалық қауіпсіздігі шектелген болып саналатынын, яғни мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі төмендейтіндігін, соның нәтижесінде ғылым қарқынды дами алмайтынын жазады. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша Қазақстанда соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы орташа есеппен ЖІӨ-нің 0,15%-ына тең. Бұл өте аз көрсеткіш, алайда Қазақстанда 2025 жылға қарай ғылымды дамытуға ЖІӨ-нің 1%-ын жұмсау көзделіп отыр. 2016 жылғы тауар өндіру мен қызметтің жалпы қатынасы тиісінше 36 және 57,9%-ды құраған. Осыны негізге алып ғылымға жұмсалған 0,15% ЖІӨ-ні немесе ғылым сыйымдылығының ЖІӨ-дегі үлесін көрсетеді. Бүгінде еліміздің технологиялық көшбасшылары ғылым сыйымдылығына жұмсалатын қаражат көлемін 2,7-4,3%-ға дейін көтеру туралы ұсыныс айтып жүр» – дейді.
Қазақстанда ғылыми зерттеулермен тікелей айналысатын қызметкерлер көрсеткіші дамыған елдермен салыс­тырғанда бірнеше саты төмен екені әуелден белгілі. Бізде ғылыммен айналысатын қызметкерлер саны аз. Бұған дейін де қазір де Қазақстанда ғылымға негізгі қаржы көзі мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Соңғы жылдарда елдегі әртүрлі дағдарыстар ғылымның барлық саласындағы ғылыми қызметкерлер санының қысқаруына алып келді. Мемлекет енді ес жиып, әлемдік бәсекеде сан емес сапа озатынын, ғылымы озық елдің барлық кезде бәсі жоғары болатынын ұқты. Жыл бастала салысымен вице прьемердің елдегі ғалымдармен жүздесуі де осындай қажеттіліктерді мемлекеттің шынайы сезінгенін көрсетеді. Қай елде болсын, осы сала әлеуеті артпай мемлекеттің мерейі өспейді. Ендеше, қазақ ғылымын қайта құрылымдап, жас мамандарға жол ашу кезеңі келгендей.

Осы ретте, ғылымның жайын ғалымнан артық кім білсін деген мақсатпен елдегі іргелі ғылымның гуманитарлы бағыттарын дамытуға үлес қосып, осы жолдарда ізденіп жүрген ғалымдарға мына мәселелер төңірегінде сауал тастадық:
Қазақстанда ғылым саласына қалай көңіл бөлініп жүр? Ғылымның қай саласында жастар табысты жұмыс істеп жатыр? Ғылымда шын мәнінде ілгерілеу бар ма, әлде Қазақстан әлі жалаң цифрлар мен есеп берулерден аса алмай отыр ма? Ғылымға қызығатын жастар көп пе? Дипломдық жұмысты үлкен ғылыми еңбектің бастауы деуге бола ма? Жоғары оқу орындарын бітірушілерге дипломдық жұмыс жаздыру керек пе?

Нәзира Сәрсек, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері:

«Гуманитарлық салада ғылыми еңбегін табысқа айналдыру мүмкін емес»

Бұған дейін ғылымға аса көңіл бөлінбей келгені рас. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің табысы мардымсыз болды, әлі де солай. Ал олар қосымша табыс тауып өздерін асырауы үшін білімі мен еңбегін сатуы керек, яғни, ашқан жаңалығын өндіріске немесе басқа да салаларға енгізуі қажет. Ал бізде идеясын, ғылыми жаңалығын коммерциализациялайтын мүмкіндік жоқ. Ғылымда табыс табу үшін өндіріспен байланыс болу керек қой. Еліміздегі өнеркәсіптің жайы белгілі, өндіріс орындары аз, олармен оқу орындарының байланысы керемет деп те айта алмас едім. Ал гуманитарлық салада ғылыми еңбегін табысқа айналдыру тіпті мүмкін емес. Соның кесірінен жастардың ғылымға келуі азайды. Қазіргі кезде ғылымға қызығатын жастар көп деп айта алмаймыз. Оның себебі – жаңа айтқанымыздай жалақының төмендігі, қосымша табыстың жоқтығы. Мысалы, магистратура бітірген маманның штаттық айлығы жүз мыңға жетпейді. Әрине, еңбек өтіліне байланысты ақша қосылып отырады, бірақ ол да көп емес. Дегенмен, осы соңғы бір-екі жылда ғылымға көңіл бөліне бастады. БҒМ вице-министрі Қуаныш Ерғалиев 2021 жылы ғылымды қаржыландыру екі есеге өскенін жазыпты (ҚР БҒМ инстаграмм парақашасында). Меніңше мұның көбі гранттық жобаларға бөлінген қаржы негізінде өсіп отырған сияқты. Қазіргі кезде ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен ғылыми қызметкерлері министрлікке өз жобаларын ұсынып, қабылданса, сол жобаға бөлінген қаржыдан айлық алып, жұмыс істейді. Мұндай ғылыми жобаларға қомақты қаржы бөлінетіні рас. Бірақ мұндай жобалар екі немесе үш жылға арналғандықтан оның өзіндік қиындықтары бар. Ең әуелі – қағазбастылық. Жоба қабылданған соң, үш айлық есеп, жарты жылдық есеп, жылдық есеп, қорытынды есеп тапсырылады, қыруар қағаз толтырылады. Жоба орындаушыларының бірталай уақыты қағаз толтырып, есеп берумен кетеді. Жобаның мерзімі біткен соң, ондағы ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер ұсынған жаңа жобалары қабылданбаса, жұмыссыз қалады. Қазір министрлікте осы мәселелер қайта қаралып жатыр. Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу институттарын тек ғылыми жобалар аясында ғана емес, тұрақты түрде қаржыландыру жолдары қарастырылып жатыр. Олай болса институт базасында еңбек ететін ғылыми қызметкерлерге тұрақты әрі жоғары жалақы төленетін болады. Егер бұл ережелер мақұлданып, жоба қабылданса, ғылыми қызметкерлер екі-үш жыл сайын жаңа жоба ұсынбай, өз зерттеулерімен тұрақты түрде айналыса алады.

«Диплом жұмысы ғылыми еңбектің бастауы емес»
Біздегі оқу орындарында студенттер университет бітірер кезде дипломдық жұмыс жазатын үрдіс қалыптасқан. Бұрындары осы диплом жұмыстары кәдімгідей ғылыми зерттеу еңбегі ретінде жазылған да шығар, бәлкім. Тіпті, кейбір ғалымдардың дипломдық жұмыстары болашақ ғылыми зерттеу­леріне апарар баспалдақ та болған шығар. Бірақ қазіргі кезде жай бір кезекті тапсырма секілді орындалады да, студент оқу бітірген соң, бұл жұмысы ештеңеге қажетсіз болып қалады. Оны тіпті, диплом жетекшісінің толық оқып шығатынына ешкімнің көзі жетпейді. Бірақ бұл қалыпты нәрсе, себебі бакалаврда қаншама студент оқиды, олардың барлығы ғылым жолына түспейді ғой, оқу бітірген соң, әр салада еңбек ететін маман болып шығады. Сондықтан бұл дипломдық жұмыс­тарын ғылыми еңбектің бастауы деп қарауға болмайды. Оның қажеті де жоқ. Оны тіпті, өзі емес, арнайы осы іспен айналысып, табыс табатын адамдарға жаздыратындар да болған. Қазір де осылай ақша үшін біреуге дипломдық жұмыс, магистрлік диссертация жазып беретіндер барын құлағымыз шалып қалады. Дегенмен, диплом жұмысын жазу керек пе, керек емес пе деген мәселеге нақты жауап беру қиын. Бұл оқу процесі үшін қажет те шығар. Өзім университетте сабақ бермегендіктен, кесіп айта алмаймын. Түркияда докторантурада оқыған кезімде, бакалаврда оқитын студенттермен сөйлесетінмін, олардағы оқу процесінің қандай екені қызықтыратын. Сонда бір байқағаным ондағы университеттердің көпшілігінде диплом жұмысы деген нәрсе жоқ. Кейбір университеттер мен факультеттерде студент оқу бітірер кезде жоба әзірлеп, соны қорғайды. Мамандықтарының ерекшеліктеріне байланысты кейде мұндай жобаны екі-үш студент бірігіп дайындап, бірге қорғайды. Ал кейбір мамандықтарда оқитындар тіпті мұндай «бітіру жобасын» да әзірлемейді. Соңғы семестрде біздегідей диплом қорғаймыз деп алашапқын болмай, әдеттегідей сабақ кестесіндегі дәрістерін бітіріп, емтихандарын тапсырады да, дипломын алады.

Ғазиза Шойбекова,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к, Қазақ тілі және әлем тілдері институты директорының ғылым және инновация жөніндегі орынбасары:

«Ғылымнан жастар қорықпауға тиіс»

ҚР БҒМ алқа отырысында 2021 жылы ғылымды қаржыландыру 2 есеге артқанын айтты. Шындығында, ғалымдарға іргелі ғылыми жобалармен айналысу үшін мүмкіндіктер берді. Әлі де беруде. Тек ғалымдарға ғылымның болашақтағы даму бағытын айқындап, стратегиялық жоспарды қойып, соның негізінде жоба дайындап, оны іске асыру қажет.
Жастар ғылымның барлық саласында еңбек етуде. Біздің қазақ ғылымын шикізаттық сипаттан өнім өндіретін сипатқа ауыстыру керек деп ойлаймын. Жастар осы бағытта жұмыс істеу керек. Республикалық іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру есебінен жобалар орындап, соны іске асыру керек деп санаймын. Сонда ғана табысты еңбек деп айтуға келеді. Қазақстанның бүкіл стратегиялық дамуына осындай жоспарлар қойғанда ғана даму болады деп ойлаймыз.
Ғылымға қызығатындар аз деуге болмайды. Президенттің қазақ жастарын ғылыммен айналысуға шақыратын «Жас ғалым» жобасы бар. Бұған қоса өткен жылдың желтоқсан айында «Жас ғалым» жобасы бойынша жастардың жоба жасап, ұсынуына тағы да мүмкіндік берілді. Міне, осы үміттің бәрі жастардан жаңалық шығады, болашақ қазақ ғылымын жастар жасайды деген ниеттен туған. Сондықтан осы үмітті жастарға арту керек. Мақсат қаржы ұтып алу емес, қосатын үлес болу керек.
Сосын ғылымнан жастар қорықпауға тиіс. Ғылым өте қарапайым нәрсе. Оны қиын етіп көрсетудің керегі жоқ. Тек қазақ ғалымдары жетектеу керек. Өздерінің ғылыми әлеуеттерін жастарды дамытуға, бағыт-бағдар беруге жұмсаған жөн. Министрлік әр ғалымға осындай міндет жүктесе, ол міндетті ғалымдар орындаса. Осы жүйе жақсылап жолға қойылғанда нәтиже болады. Не істеу керектігін жоспарлап, бағдарлап, соған сәйкес әрекет етуін қадағалаған дұрыс.

Ғылым саясатпен үндесу керек. Бірақ оны үндестіру тек мекемелердің әрекеті болу керек те, ғылыммен айналысушы тек өз жұмысын білу қажет. Соған лайықты қаржыны ұлт қажетіне жұмсағанда ғана көрсеткіш болады. Ғалымның қаржымен жұмысы болмау керек. Егер ол қаржыны қалай жұмсаймын деп ойлап отырса, ғылыммен жұмысы болмауы мүмкін. Демек, қаржыны жеткілікті беру деген мәселе де бұл жерде маңызды. Айлығы бөлек, жеткілікті деңгейде болғанда ғана ғалымда құлшыныс болады, нәтижеге жұмыс істейді. Ғалымның отбасылық әлеуметтік ахуалы дұрысталып, ми тыныштығы болғанда ғана ол жаңалық әкелуге ұмтылады.
«Ғалымның хаты өлмейді»
Ғылымға апарар бірден-бір жол – академиялық жазылымды игеру. Академиялық жазылымды игеруде ғылыми мақала, ғылыми эссе, ғылыми баяндама, ғылыми жоба т.б. жанрлармен айналысу үлкен көмек. Қазіргі ғалымдардың бәрі де ғылымға диплом жазып келгендер. Сондықтан диплом жұмысын жаздыру тоқтамау керек. Тек ғылыми жетекшілері тақырып бергенде маңызды, қоғамға керек, мәселені шешуге бағытталған тақырыптар ұсынған жөн. Ұсынылған тақырыптан керегін таңдап алғаннан кейін, бітірушіге оның маңызын түсіндіру керек деп ойлаймыз. Иә, қазіргі студенттердің құндылықтары материалдық болуы мүмкін. Бірақ ҚР БҒМ-нің кешегі өткен отырысында сапаға көңіл бөлінетіндігі айтылды. Сапаға көңіл бөлінетін болса, сапалы білім беру қолға алынады, сапаны талап ету жауапкершілікті арттырады, жауапкершілік бітірушіге өзі әрекет етуін, сол арқылы білім-ғылымға қызығушылықтары пайда болатындығына кепілдік береді. Күн өткен сайын олардың да қызығушылықтары білім-ғылымға ауысуы мүмкін. Диплом жазбайды екен деп, қарап отырмау керек, жаздырып, үйретуді ойлау керек. Диплом жұмысын жазуды да, қиын етіп көрсетпей, пәленбай бет жазу керек демей, эмпирикалық сипатта кішігірім зерттеу жүргізіп, соның нәтижесін жазып көрсетуді үйретіп, оңай жолын көрсету керек. Сонда ғана студенттер диплом жұмысын жазуға ұмтылады.

Кез келген ғылым мәтіннен тұрады. Мәтін қоғам мүшелерінің бәріне қажет. Сондықтан әр бітіруші маман мәтін құрып, оның ішінде жазба мәтін құрып үйрену қажет. «…Ғалымның хаты өлмейді» деген аталар сөзі осы жерде диплом жұмысын жазып үйреніп, үлкен ғылым жасауға ұмтылу қажет екендігін көрсетеді.

Дайындаған Жадыра Құдайберген

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.