spot_img
spot_img

ТҰНЫҚ СУДЫҢ САЛҚЫН ЖАЗЫ

Зорлық шын мәнiнде iшкi әлсiздiк сезiмнiң белгiсi. М.Ганди

Айналаны көгілдір түске көмкеріп, сібірлеп атқан таңмен ерте оянды. Аядай шағын қалашықты айнала жеңіл жүгіріп шығуға ниеті ауған. Тау етегінде есейген жігіт өр-қияны жаяу шарлап, көкөрім күндерде ерте ширап, әбден шыныққан. Бірақ биылғы жаз салқын басталды… Айналасы ат шаптырым қалашықтың бар-жоғы екі мың тұрғыны бар. Көбі вахталық-ауысыммен жұмыс істейтін кеншілер болған соң, келімді-кетімді адам қарасы біршама. Тұнықсу деген аты ғана. Бұл жерге келгелі тынық әрі тұнық болып жатқанын көрмеді. Шағын ғана елді мекен болғанымен, ара-тұра кісі өлтіру, ұрып кету тәрізді оқиғалар ұшырасып тұратын. Кеншілер қалашығында бұрқ ете түсетін жаппай төбелес соңы бас жарылып, көз шығып, ауыр жарақатпен тәмамдалатын. Қалашық тұрғындарының алаңсыз жүріп тұратын кезі тым сиреп бара жатқандай еді. Орталықтан қосымша жасақ шақыртылып, бұзақылық басылғанымен, қалашық анда-санда дағдылы әдетімен ескі «әніне» салатыны бар. Есін біліп, етек жинаса да, полицияға барам деген ой санасына ертерек орнықпаған Бақыт спорт десе жанып түсетін. Аяғына жел байлаған жүйрік болды. Үміті спорт шеберлігіне тапсырып, үлкен спортта бақ сынамаққа ауғанымен, ниеті тәтті қиял құшағында ғана қалды. Міне, енді мұнда келгелі аядай бір бөлмелі үйге сыймай кіріп шығып жүр. Үйленем деп ауылдағы ата-анасының құлағын құр сарсылтқаны болмаса, уәдесінде тұра алмады. Оқуын тәмамдап, жолдама бойынша полицияға орналасып, Тұнықсудан бір-ақ шықты. Соңғы кезде қызмет қиындығы мен басын шырмап алған сансыз сұрақ алдын орай берді. Түпсіз ойлар мен артық жүктемеден тынығуды аңсап, еңбек демалысына өтініш білдіріп көрген. Басшылар жұмыстың тым қауырттығын, бөлім қызметкерлерінің аздығын алға тарта берді. Күнделікті іздеудегі қылмыскерлер дерегі мен жеке картотеканы сараптау, қылмыстық биографиясын індете зерттеу, іздеу бойынша шұғыл тапсырмамен әуре болып, уақыт сырғанап өте берді. Күні кеше қалашықтағы екі «гастарбайтердің» төтеннен болған өлімі «оперативті» топ қызметін екі аяқтан тік тұрғызғанымен, мәз боларлық еш нәтиже жоқ. Қос бірдей өлім! Көп ұзамай сарапшылар өлген екеуді тағамнан уланған деп, екі иінінен демалып тұрған қала жұртына сәл басу білдірген. Ескі вагонда қонып жүрген жалдамалы екі келімсектің өлімі боржып кеткен көжеден болған деген сот-медициналық қорытындысын тиісті мекеме алдына ысыра салған. Сонымен бітті. Мекірейген мазасыз қала тағы қандай «сый» ұсынар деген оймен өзіне бекітілген аумақты шарлап, аудан «ұйқы құшағында» жатқанына көңілі орнығып, үйіне оралған. Аядай қалашықтың сонау кеңес заманынан аты алыстарға жаңғырып жататын. Әлдеқандай қыжалат бір шаруамен келем деушінің жүрегінің «түгі» болғанның өзінде, осы жерге аса сақтықпен жететін. Таңсәріден күнделікті дағдымен жаттығу жасап, бой қыздырған соң бөлімге асығыс жетті. Жұмыс кабинетіне аттап баспастан, басқарма басшысы өзіне шақыртып алды.

– Әнеукүнгі дау-дамайдан соң «вахтовиктер» өзара ерегіскен сияқты. Олардың арасында бұрын істі болғандар жоқ дей алмас едім. Тағы бірін-бірі қанқасапқа салмай тұрғанда, алдын ала барлап қайт! Бригадирлер не дейді екен? Барынша мәлімет ал! Бұрынғы «мылқау» кісі өлімінен де бір «хабар» болып қалар.

– Құп болады! Көкезуліктен қашатын Бақытты тек тапсырылған іске мұқият екенін білетін бастығы көзәйнек үстінен барлай қарап шығарып салды. Ашық карьер мен жерасты шахтасына қарай жаяу ілбіп жеткен соң бірден кеңсе үйіне бет алған. Бұл кеңсеге жеткенде сол мезет кеншілер жиынының үстінен түсті. Толық денелі, ақ сазандай көрікті хатшы әйел сақшы куәлігіне барлай қарап, үнсіз бас изеген. Жиын басындағылар кеншілер арасындағы жұмыс жайын, аздаған басбұзарлық әрекеттерге тоқталып, талқылап жатты. Сырттай бақылаған Бақытқа ешкім мән беріп, көзге де ілмеді. Жиын тарасымен вахталы ауысым бригадирін аз-кем сұхбатқа тартып көрген. – Бізде «он бес тәулікке» қамалмаса да, жұмыс талабы солай бауырым! Өңшең тентектер бас қосқан орта. Жұмыс істей білгенімен, демала алмайтын шетінен «құбыжықтар»!.. – деп барылдай күлген бастық Бақытқа аса ұнамады.

– Маған мәлімет берсеңіз де жетеді Кімдер бұрын істі болған? Алыс ауылдан келгендер бар ма? Бұзақылықпен аты шыққандар тізімі, тағысы тағы. Бригадирдің көңілі су сепкендей басылды. Оның мақұлдауын күтпестен аумақты шолып шығуға сыртқа беттеген. Тау боп үйілген жерасты тастары мен алып тракторлар арасымен жәйлап өтіп, аумақты сүт пісірім уақыт шарлады. Көзге қораш ештеңе, күдікті әлдене түспегенімен, бөтен адамның жан-жағына тіміскелене қарап жүргені, сырттай бақылап тұрған кеншілерге ұнамай қалды. Шылым тістелеп тұрған жұмысшылар бір-біріне ыммен «бұл кім?» дегендей бас изескен. Сәлден соң бригадирдің қойыртпақ жазумен сүйкетілген «мәліметін» төсқалтасына басқан Бақыт кері қайтты. Біршама уақыттан бері күні-түн сабылтқан жұмыс қажытқаны анық. Тұяқ серіппей қалғып кеткен ол ұялы телефон қоңырауынан оянып кетті. Төсек тұсын сипалап тауып алған телефонды құлағына тақаған. – Бұл кім?.. – Баха, бұл мен Саня! Бөлімге кел!. «Мокруха»!* (ізі суымаған кісі өлімі. А.Ж.) Сенің аумағыңа жақын жерден табылды. – Жақсы, қазір барам!.. Көзін сығырайта ашқанмен, орнынан қалай тұрып кеткенін аңғармады. Бұл оқиға орнына келгенде патрульдік экипаждар мен учаскелік инспектор, басқарманың кезекші қызметі сонда жүрді. Аумақ айналдыра сары лентамен қоршалған. Маңайды сүзіп шығуға тәртіп сақшыларының бәрі бір кісідей жұмылдырылған еді. Бейкүнә жасөспірім қыздың аяусыз тілгіленген бет-әлпеті кісі шошырлық. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Тым ауыр оқиғадан соң жұмбағын ішіне бүккен қала үнсіз мүлгіп, белгісіз «маньяктың» қанды ізін жасырғандай. «Темірбетон зауыты маңындағы бұзылған екі қабатты ескі мектептің ішінен табылған бейшара қызды аяусыз азаптаған жауыз қуыршағын әдейі тастап, немесе із кесушілерге «кәнеки, көрейік әуселеңді!» деп мезгілсіз «шақырту» жібергендей. Жансыз мәйіт жанынан табылған «жансыз қуыршақ» ненің белгісі?!» Осы ой андыздап қайта-қайта алдыға шыға берген. – «Угро»*- дан біреу бар ма? – деп сарапшыға жақын барған Бақытқа кішкентай қуыршақты көрсеткен. Қыз баланың көзін ашып-жұмып, баяу ғана «мама» деген дыбыс шығаратын кішкентай қуыршағы. «Ал алты жасар бүлдіршіннің мәйіті жатқан жерден алты қадам жерден табылған қуыршақта не сыр бар? Жансыз қуыршаққа ғайыптан «тіл» бітсе, біраз жәйттің сыры ашылар еді-ау». Өз ойынан селк ете түсті. Әр жерден табылған ұсақ «детальдарға» шұқшиып, «сыр» іздеп жүрген сарапшыға қандай да бір белгі болса, хабардар етуін өтініп, үнсіз кері қайтты. Енді жетпегені осы еді! Педофиль де жетті десеңші! Бүлдіршіннің енді желек жайған қыршын ғұмырын шімірікпей қия салу деген… Басына бірден өрекпи шапшыған қан жүрегін лобытып жіберген. Көз алды еріксіз қарауытып кетті. Ол өз пәтеріне ешқайда кідірместен тура тартты. Төсегіне бар салмағымен құлай кеткенімен, аунақшып жата алмады. Жас қыздың жазықсыз қиылған ғұмыры, жансыз сөнген жанарындағы жалыныш табы. Көз алдынан кетпей, көпке дейін кірпік айқастыра алмады. Түн ерекше салқын болды.

* * *

Оқиға болған күннің ертесі «вахталық» ауысым жүріп жатқан. Кеншілер кезекті демалысына, кейбіреулер ауыр жұмыс күні басында тұрды. Із кесуші Бақыт Омаров өзі бақылауға алған аумақтағы нысандармен байланыс орнатып, күдікті «фигуранттармен» жұмыс жүргізіп қайтты. Жұмысқа келмеген тек Астауов дегеннің дерегін іздеуге кірісті. Тым-тырыс. Бейне бар құпияны ішіне бұғып, «мықты болсаң тауып көр!» деген шешуі тым ауыр жұмбақ. Оқиға болғаннан бір күннен соң қалашықтағы мекеме, мектеп, тіпті жақын маңдағы малшылар фермасын шарлауға тура келді. Өлі тыныштық. «Астауов бұрын қайда болған? Кім ол? Қай өңірден келген? Не себепті жұмысқа шықпаған? Қазір қайда?» Осы сауалдарға мәліметі олқы соқса да, тұщымды жауаптар алған Бақыт кері қайтты. Бұл оқиғада жалғыз куәгер – Мәлике. Жаннұрмен үнемі бірге жүретін ол сол күні ғана бірге ойнамаған. Алайда Жаннұрдың орталыққа қарай ұзын бойлы ағайдың қолынан ұстап бара жатқанын байқап қалған. «Қайда барасың?» деп шақырғанына ол үнсіз бас шұлғып, тоқтаусыз кете барған. Әкесі тастап кеткен соң Жаннұр кішкентай інісі мен жалғызілікті шешесімен бірге тұрған. «Аһ» ұрған анасының зары аза бойын қаза еткен Бақыт сол кезде дем берер жұбаныш сөз таппаған еді. Мәликеден індете сұрағанымен, «ағайдың» бет-әлпетін жете суреттеп бере алмады. Бақыттың тек қыз жауабынан түсініп, ойына түйгені анау ұзын бойлы, қара көзілдірікті ағай. Дүкен сатушылары ол күні ешбір ер адамға ойыншық, қуыршақ сатпағанын айтып, азар-безер болған. «Мүмкін басқа пәле тілден деп тайсақтаған да болар».

* * *

Басшының басы әбден қатты. Негізгі бағыт – қыз өлімін ашуға жұмылдырылған жеке құрамның іздестіру шараларын дұрыс бағытқа бұру еді. Іздеу қызметі күн-түн демей аяқтарынан тік тұрды. Қалашық пен жақын елді мекендер түгел дерлік шарланды. Бақыттың бар ойы – қылмыскердің ізін суытып алмау. Ол осы жағына қатты алаңдады. Қарамағындағы тісқаққан із кесушілерге жеке-жеке тапсырма жүктеп, үйіне қайтуға қамданған. Түн қараңғылығын жамылып, оқиға болған маңайға жолай соғуды жөн көрді. Өзін құрбан болушының әрі қылмыскердің орнына қойып, ой қорытып теңселіп ұзақ жүрді. Қылмыс психологиясына зер салып, оқиғаны ойша өрбітіп те көрді. Тым еркінсіп жасалған қылмыс екен! «Мейлі, ол алғаш рет жаңылыс бассын, тіпті есірткілік масаңдықта болсын. Кешқұрым ел аяғы басылмай, емін-еркін әрекетке баруының өзі оның жүрекжұтқан қаныпезер жан болғанын айғақтайтыны анық». Сығырая жанып, қараңғылыққа қарсы талпынған зауыт бағанындағы өлімтік жарық Бақыттың алдына тағы бір жұмбақ сырын көлденең тартқандай. Әлден уақытта көзіне сонадайдан жылтырай шалынған әлдебір кішкентай ғана затты түн қараңғылығында байқаймын деп ойламаған ізкесушінің үміті қайта бас көтерген. Жақындап барып қолына алды. Жылтырақ зат тырнақтай ғана түйме. Жейденің әлде жеңінен, болмаса омырау алқымынан үзіліп түскен тәрізді. «Неде болса бекер емес». Түн жарымы. «Темірбетон» зауыты жақта өлі тыныштық. Зауыттың ар жағы ашық алаң, шетсіз дала. Жол бойын жағалай өскен қалың ағаш, тал-теректер арасынан кімді іздеп таппақсың? Арлы-берлі жүріп, лажсыз қақпа алдындағы сәкіге жайғасқан ізкесуші ойын тиянақтамаққа тізе бүкті. Жаздың салқын кеші еріксіз бойын қалтыратты. Шамалыдан соң ол қараңғылық құшағынан сытылып, кері қайтты. Тергеу ісінде сараптауға жіберген қуыршақтағы саусақ белгілер қорытындысы ұзаққа созылыңқырап кетті. Тергеуші Қамбаровқа түнделете қоңырау шалғанымен, тұтқаны көтермеді. Сараптау қорытындысының көшірмесін алсам деп хабарлама жіберген. Үмітсіз шайтан. Үйіне сүлесоқ оралған ол ертеңгі жоспарын ойша пысықтап, амалсыз ұйқыға бас қойды.

* * *

Оқиғадан соң арада бір ай уақыт жорғалап өте шықты. Жығылғанға жұдырық. Көрші Ақжар қаласында араға бір апта уақыт салып, сегіз-тоғыз жасар екі бірдей қыз зорланып, буындырылып өлтіріліп, канал шұңқырына тасталғаны жайлы сұмдық оқиға тағы орын алды. Ақжарға шұғыл іссапар сұрап аттанған. Ол жақтағылармен қызметтік байланыс орнатып, мән-жайға қанық болған Бақытқа оперативті топтар бірлескен «Құрықтау» операциясын қолға алуды сеніп тапсырды. Жедел штабты Ақжардан қадағалауға ойы кеткен ол күн-түн бақылау, тексеру, іздеуге ерекше құлшынды. Әні-міне дегенше аптаға жуық уақыт құр «сандалыспен» сырғып өте шықты. Жаннұр өлімінде табылған қуыршақтағы саусақ іздерінің сараптамасы дайын болып іске қатталып жатқан еді. «Маньяк емін-еркін тас жол бойында жүруі екіталай. Бекеттерден әлі мардымды хабар түспеді. Қылмыскер жолсызбен қашуы тіпті мүмкін емес. Әрі кеткенде екі-үш күн жол азығын қамдар. Онан әрі ол қалайда елді мекендерге жақын жылыстауы кәдік». Бүгін өзінің кезекшілгі. Қала аумағынан тысқары орналасқан саяжайларды сүзіп шығуға ертеңгілік аттанып кетті. Оперативті топты әрбір аумаққа қылдай бөліп бақылауды тапсырып, өзі ең тұрғыны аз «Глобус» саяжайына аяқ тіреген. Қас-қарая саяжай үйлерін сырттай бақылап ұзақ жүрді. Анда-санда иттің әупілдей үргені ғана түн тыныштығын бұзып қояды. Бақыт қызметтесі капитан Курбановты ілестіріп, түнгі кезекшілікті атқаруға шықты. Алма бақтар мен түрлі жеміс, гүлдердің хош иістері танауды жарады. Қалың қамыс пен кұнбағыстың арасынан әзер көзге шалынған елеусіз ғана ескі үйге назарлары еріксіз ауған. Күдік бұлты қоюланып, ішкі интуициясы солай жетектей түсті. 6 сотық жердегі ағаш үй маңдайшасындағы шам ғана өлімсірей жарық беріп тұр. Тырс еткен дыбыс жоқ. Капитан Курбановқа үй артымен айналып, терезе тұсын бағуды тапсырып, есік қаққан. Алғашында үй ішінде әлдекімнің аяқ дыбысы естілгендей болды. Көп ұзамай бөтен дыбыс сап тыйылып, мүлдем тынышталып қалды. – Үйде кім бар? Жарнаны төлейтін уақыт болды. Су, жарықтың ақысы тағы бар! – деген Бақыттың дауысына ешкім ләм деп жауап қатпады. Мұнда бір шикілік барын сезген із кесуші дереу есікті бар күшімен жұлқылай бастады. Осы сәтте есік ілгешегі тырс етіп ашылып, үйден еңгезердей жігіт атып шығып, мұны шалқадан құлатып, қаша жөнелді. Бұл қуып берген. Қашқан ұзынтұра ауыл сыртындағы еңіспен қалың жынысқа жетуге жанұшыра жүгірді. Тапаншасын суырып алып көкке кезеп бір рет атқанымен, анау кідіретін қалып танытпады. Заулап берді. Қарсы алдарынан көрші саяжайдан жеткен уәкілдер алдын көлденең бөгегенімен, құтырған қасқырдай көзі қанталап алдыға ентелей ұмтылған күдікті көз ұшында ұзай берді. Осы сәтте бар күш-жігерін бойы жиған Бақыт күдіктінің соңынан ышқына ұмтылған. Желаяқпын деген бұған анау жеткізер емес. Шамалыдан соң жон арқасын көретіндей аралыққа жеткен ол: «Тоқта! Атам!» – дегеніне құлақ аспастан қара үздіре берді. Атып өлтіруге ешбір құқы болмаса да, қалай да тірідей қолға түсіруге күш салған. Күдікті ит тұмсығы өтпейтін жынысқа тұмсық іліктіре сүрінген. Соңынан жеткен Бақытқа жалма-жан қарсы ұмтылған ол қолында нығарлай ұстаған суық кездігін жандалбасалай оңды-солды сермей берді. Шалт қимылмен солға жалт берген Бақыт қолындағы кездігін теуіп жіберді. Сонадайға ұшқан кездікке тұра ұмтылған оны сирағынан нығарлай ұстап үлгерген із кесуші өзіне жұлқа тартқан. Қапсыра ұстаған қарулы қолдан оңайлықпен құтылмасын сезген ұзынтұра жердегі көрінген кесек тасты жұлып алмаққа әрекеттенгенімен, шамасы жетпеді. Қолын артына қайырып машықты тәсілге салған Бақыт оның қозғалмауын бұйырып, үстіне бар салмағымен нығарлай түсті. Сәлден соң шарасыз қалған күдікті өкініштен тістерін қайрап, қара топырақты жөпелдеме асап-асап жіберді.

* * *

Тергеуші Қамбаровқа тапсырған түйменің қажеттігі ойына оралды. Күдіктінің үстіндегі тарғыл жейденің алқым түймесінің үзілген бос орнын байқаған Бақыт жылтырақ түймені көз алдына тақағанда, Астауов көздері қанталап ләм демеді. Вахталық жұмыстан аратұра «ауырып» қалып ойына келгенін істеп, тыныш саяжайға бой тасалаған оның мойнына тергеуші үш жасөспірім қыздың өлімін ілді. Қуыршақтағы саусақ іздері де айна-қатесіз дәл келді. Астауов барлық дәлел-дәйектерге қарсы бір ауыз уәж айта алмады. Із кесуші майор Бақыт Омаров көз алдына жалынышты жанарымен жылап жалбарынған қыздардың беймәлім бейнесі қайта-қайта елестей берді. Алайда ол сот залына дейін қылмыстың қасақана болғанын сот медицина сараптамасы дәлелдер деп үміттенген еді. Сот сараптамасы маньякты «ауру» деп тапты. Тек бейкүнә сәбилер сырқаттан ада болған еді. Жаз аяғы ерекше салқын болды.

Арман ЖУСАНБАЙ

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...