Түркістанға ерекше мәртебе беріледі: бұл нені білдіреді?

Үкімет Парламентке Түркістанға рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту үшін ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ұсынады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.

Құжат Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді.

«Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді, басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасайды.

Сондай-ақ, заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді», — делінген хабарламада.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді.

Жалпы Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамаға сәйкес олардың қорғау аймақтары белгіленеді. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады.

Бұл ретте қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады.

Археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты археология ескерткішін тұрақты инспекциялау, оны алдын ала күтім жасау және оны қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді.

Сондай-ақ премьер-министр Олжас Бектенов «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Заң жобасы Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілетті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін кеңейтуге бағытталған.

Заң жобасы шеңберінде жер пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады.

Енді “ГПХ“ рәсімдеуге болмайды: Сенат заң қабылданды

Құжат еңбек қатынастарын реттеуге және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға қатысты бірқатар өзгерістерді қарастырады. Атап айтқанда, заң іс жүзінде еңбек қатынастарын реттейтін жағдайларда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды (АҚС) жасасуға тыйым салады.

Жасанды интеллект университеті биыл алғашқы студенттерін қабылдай бастайды 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект университетін ашу жоспары туралы мәлімдеді.

Мұғалімдерге әлеуметтік желі жүргізу міндетті ме? – Министрлік жауап берді 

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте педагогтердің әлеуметтік желілерді жүргізуіне қатысты мәселеге түсінік берді.

Елімізде табыстың көп бөлігі азық-түлікке жұмсалады 

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың төртінші тоқсаны бойынша үй шаруашылықтарына жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады.

Жаңа заң: Енді бала бағып отырған әкелердің еңбек өтілі ескеріледі 

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.