Оқиға тоқсаныншы жылдары шағын шаһарда орын алып, саябақтан кесілген бас табылады. Қылмыстық іс бойынша тергеушінің кесілген бастан басқа айғағы жоқ. Оқиға тергеуші мен бастың диалогі арқылы өрбиді.
1
Мынау қоғамдағы дүрбелең де, анау әкім-қараның итіс-тартыс тірлігі де тергеушінің қаперіне кіріп-шықпай, бірнеше күннен бері бүкіл ақыл-ойын, езуіне күлкі жиналып, ақыретке аттанған бас жаулап алғандай, мең-зең күйде. Ол кімнің кеңірдегіне қалқан болып қадалды деген оймен әуре. Оны осылай айуандықпен өлтіретіндей қандай қылмыс жасауы мүмкін? Көшедегі кездейсоқ адам мұндай жауыздықты жасай алмайды. Жүрегі дауаламайды. Бұл анау темір тордың ар жағында жатып, жүрегі суып шыққан қанқұйлы қарақшының қолынан келетін іс. Бәлен жыл бірге отырып, бостандыққа шыққан соң, ортақ үлестерін бөлісе аламай, итше ырылдасудан болса ше? Бұл кесек дүниенің кесірі. Оны өлтірген кім? Не үшін? Басын көпшілік жүретін қоғамдық орынға қойып кетудің мәнісі неде? Бұл жаңа заманға қыр көрсету ме? Немесе көпшілік арасында үрей туғызып, қылмыстың қолы ұзын екенін жарнамалау ма? Әлде әкімдік қаламаған, қылмыстық ортаға қырғидай тиген подполковниктің аяғынан шалып, бұрын-соңды болмаған қылмыс сенің тұсыңда болды, оның болуына сен кінәлісің деген құйтырқы қиястықтың бір ұштығы ма? Әлде бұл соңғы кездегі погон таққандардың шалт қимылы үшін іштен шалып жатқан сатқындар мен оның сыбайластарының астыртын әрекеті ме?!
Тергеуші дүрліккен дүниеден хабарсыз, мәңгі ұйқыға кеткен басқа тағы қарады. Осы кез қалта телефоны дыз етті.
–Тыңдап тұрмын, – деді асығыс, –Кімсің? – А..аа… ана ақсақалдың баласымысың. Хабарласқаның жақсы болды. Бөлімшеге келе аласың ба? Есік алдында кезекші күтіп алып, кабинетімді көрсетеді. Жақсы. Күтем.
Кеудесінде бір үміт қылаң беріп, келетін куәгер тергеуді тығырықтан құтқаратындай асығыс қозғалды. Арада аз уақыт өткенде ұзын бойлы, ашаң жүзді жігітті кезекші алып кірді. Терезе алдындағы жүз жылдық еменнен жарық түспейтін, қара көлеңке тар бөлменің қабырғасы жартысына дейін көк түспен боялғандықтан, күндіз де жарық жағып отыруға тура келеді. Бұрышта сейф, тозығы жеткен кеңсе үстелі мен екі-үш орындық. Тергеушінің жадау кабинеті атын естігеннен адам қорқатын мекеменің мүшкіл халін көзге шұқып көрсеткендей, олқылау көрінгені сонша, шақырылған жігіт шетте тұрған орындыққа ақырын жайғасты.
Көз қиығымен оны бақылап отырған кабинет иесі қабағын шытты.
– Мен өткенде үлкен кісімен сөйлескем, қалада жантүршігерлік қылмыс болды.
- Естігем.
– Соның кім екенін, яғни кімнің басы екенін іздестірудеміз. Ақсақалдың болжамы бойынша, ол Байсал деген кісінің баласы болуы мүмкін. Сіздермен қатар тәрізді. Ол туралы не білесің? Байсалдың баласын білетін бе едің?
– Иә, қатар өстік. Бір мектепті бітірдік. Сол жылы әкесі қайтыс болды. Көп ұзамай шешесінен де айрылды. Содан соң біз қалаға жұмыс іздеп кеттік. Бір-екі рет жанар-жағар май стансасында май құюшы болып жүргенін көргем. Асығыс едім, көп сөйлесе алмадық. Көп ұзамай сотталды. Не үшін екенін білмеймін. Елдің айтуынша, сол бұрынғы үйінің орнына салынған коттеджді өртеп жіберген. Енді әділетсіздік қой.
- Есімі кім?
- Ғалым Байсалов.
- Жалпы өзі қандай жігіт еді?
– Енді бала кездегісі мен өмірдің ыстық-суғын көрген кездегі адамның мінезі өзгеруі мүмкін ғой. Бала кезінде қақ-соқпен ісі жоқ. Мінезі тұйық, тәртіпті еді. Меніңше, өмірден көп қиыншылық көрді. Біреудің маңдайға басқан жалғыз баласы. Үйінен айрылып қалды. Махаббатта да жолы болмады ма деймін, ағалары қарсы болып, сүйгенін басқа біреуге беріп жіберіпті.
– Ім…ім … Оны сондай етіп жазалайтындай, жауыздық жасау қолынан келе ме?
– Ол жаман жігіт емес еді. Кім біліпті, соған жеткізгендей бір оқиға болған шығар. Сотталған жағынан сондай бірдеңе болған болар. Сізден сұрайын дегенім, бас сол жігітікі болғанда, мұсылманша жерлеу керек емес пе? Біз бірге өскен достары оны әкесінің қасына жерлеп, жаназасын шығаруға дайынбыз.
– Бұл мәселе тергеу аяқталған соң ғана шешіледі. Біз қалайда бұл өлімнің себеп-салдарын білуіміз керек.
- Онда бізге хабарлайсыз ғой.
- Әлбетте.
- Өзім де хабарласып тұрамын.
- Енді, жігітім, очный ставкаға барамыз?
- Ол не, ағасы?
- Басты көресің. Сол жігіттің басы ма, жоқ па, анықтаймыз.
- Айта көрмеңіз. Мен өліктен қорқамын. Оның үстіне …
- Ол өлік емес. Бас.
- Ол тіпті сұмдық қой…
- Жігіт емеспісің? Бізге көмектес!
- Қасымда боласыз ба?
- Әрине.
- Сіздердің еттеріңіз өліп кеткен ғой…
- Тергеуші болсаң, сен де сөйтесің.
- Мен бала кезімде милиция болуды армандаған едім.
- Неге болмадың?
- Күнкөріспен кеттік қой.
- Өлген кісіні көруге қорықсаң, қалай милиция боласың?
- Милицияның бәрі өлік көре бермейтін шығар.
- Қазір өлік көрмейтін милиция жоқ.
- Жарайды аға, барайын. Бірақ арада қанша жыл өтті, танымауым да мүмкін ғой.
- Попытка не пытка, — дейді орыстар. Көрсейші.
Далада күздің иісі аңқиды. Сары түске боялған ағаштар күздің суық желінен үрпиісіп, екпінінің ермегіне айналғандықтан, аяқасты жапыраққа көміліп қалған. Есік алдын сыпырушы тергеушімен амандық-саулық сұрасты да, қасындағысына қамалуға бара жатырмысың дегендей, мысқылдай қарады… Қатар-қатар есіктің түптегісін ашып, алға түскен тергеуші ішкі темір есіктің ұңғысына кілт салды.
- Тоқтай тұр. Терезе ашайын.
Амалсыз келген жігіт табалдырықта сілейіп тұрды да, шорт бұрылып, қаша жөнелді..
– Аға, мені зорламаңыз. Қарай алмаймын, – деп безілдеді. – Сау болыңыз, мен кеттім, айып етпеңіз….
Куәгерді бұдан әрі ұстай алмаған тергеуші жартылай қараңғы бөлмеге өзі кірді. Бас бұзылып кетпесін деп сақтаған камера тәрізді орын. Мұздатқышқа да салуға болатын еді. Бір басқа бір мұздатқышты қайдан табамыз деп бастық келіспеді. Қай заманнан қалғаны белгісіз, бояуы ұшқан үстелдің үстінде жатқан бас сол баяғы қалпы. «Иә, тапқан жоқпысың, көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама дегенді есітіп пе едің, үйге түскен ұрыларды таба алмай жүргенде, адам өлтірген қарақшыны қайдан табасың, әуреленбей-ақ мені жер қойнына жібере сал» деп табалап жатқандай.
– Саған айтуға оңай, қазір елдің бәрі байтал түгіл, бас қайғы боп, күнкөріс қамымен басы ауған жақта жүргенде, мен сияқты қаңғыған тергеуші де, сен сияқты қаңсыған бас та, ешкімге керек емес. Сенің басыңды жұлып алған қанішер әлдеқашан бұл маңайдан қарасын батырған болар. Мына аласапыран заманда кімнің-кім екенін айыру да мүмкін болмай қалды. Мен бір кезде заңның әрпін кеміріп, оқу бітірген соң, сот немесе прокурор болам деп шалқығанмын. Осылай тас қараңғы камерада кесілген баспен керілдесіп, одан қалды бастықтармен бажылдасып отырам деп ойлап па едім.. Анау шет елдің детективтері мен комиссарлары, олар да біз сияқты тергеушілер ғой, қымбат көлік мініп, сәулетті қонақ үйге түсіп шалқып жүр, қараса көз қызыққандай, олардай отбасының қамын ойламай, тек қана қылмыс ашумен айналысу біз үшін ертек қой. Ертеде бір ғұлама қоғам бір формациядан екінші формацияға өткен уақытта өмір сүрген адамдар қорғансыз деген екен. Сол біз шығармыз.
Оның көзі тағы басқа түсті.
…Сенің де сырың белгілі болды деп жатырмысың. Сені кім өлтіргенін табам деп аяғымнан сарсылып жүрсем де, еститінім ұрыс, алатыным сөгіс. Бәрі қылмысты тез ашып болмадың дейді. Ал қалай ашасың, куәгер деп үміттенгенің жаңағыдай көлеңкесінен қорқатын біреу болса, қалай зорлайсың. Жүрегі ұстап , тіл тартпай кетсе, қаралай бәлге қаларсың…
Бұрын органда қызмет жасайтындар шетелге шыға алмайтын. Еліміз егемендік алған соң, сол қатып қалған қағида өзгергендей болды. Ол кезде де аса маңызды іс бойынша тергеуші. Жапонияда семинар өтетін болды. Ондай сәттілікті кім жібергісі келеді. Барам деп құлшынды. Семинар өте қызықты өтті. Көбісі еуропалықтар. Бірталай нәрсеге қанықты. Атақты детективтерді де көрді. Қаланы аралап жүріп будда діншілдерінің храмына кірмей ме….Оның кіре берісіне ақылдылық символы – үш маймылдың картинасы ілінген екен. Бірінші маймыл табанымен көзін басып, екіншісі құлағын жауып, үшіншісі аузын басып тұрды. Олардың астына былай деп жазылған:
Ничего не вижу, ничего не сылшу, ничего не говорю.
Еш нәрсе көрмеймін, еш нәрсе естімеймін, еш нәрсе айтпаймын!
Бұл осы қағиданы ұстанғандардың басына ешқашан бәле жоламайды дегенді білдіреді. Біздіңше, басқа пәле – тілден. Жасыратыны жоқ, оқығанда қатты толқып, таң қалдық. Бәрінен бұрын бұл тергеушілерге кері әсер ететін қағида болатын. Бірталай пікір-талас болды. Сосын көшеге шықтық.
– Қара, – деді бір жасамыс тергеуші, – халықты қарашы, жаңағы айтқандай еш нәрсе көрмейді, еш нәрсе естімейді, еш нәрсе айтпайды, бәрі зыр жүгіріп барады. Бәрі ана буддо шіркеуінен шыққандай. Демек, бұлардың ұстанымы сондай.
Қазір байқап отырсақ, бізде де сондай. Ешкім еш нәрсе көрмейді. Еш нәрсе естімейді. Еш нәрсе айтпайды. Мылқау мен саңыраулар қоғамы. Осындай жағдайда қылмыс ашыла ма?!. Тіпті саябақтағы басты көрдің бе десең, ешкім көрдім деп айтпайды. Әуелгі кезде дүрліккен жұрт басылды. Ешкім ештеңе көрмегендей, ештеңе естімегендей, ештеңе болмағандай, жәйбарақат қыдырыстап жүр. Ертең тағы бірдеңе болса, алғашқы кезде дүрлігеді де, арада бірнеше күн өткенде, ол да ұмытылады.
Қазір сенің де оқиғаң ұмытылып барады, жоғарыдағылар да бұрынғыдай дікеңдемейді. Тіпті еске алғысы келмейтін де сияқты.Тек мен ғана зыр жүгіріп, баыз таппаудамын.
….Бүгінгі жиын да әңгіме саған емес, қалаға іргелес ұжымшардан жоғалған екі-үш бас жылқыға тірелді. Енді кесілген бас емес, жоғалған жылқы маңызды болып шыға келді. Анау кеңшар мен ұжымшардың мыңдаған малы талан-таражға түскенде, оны кім ұрлады, қылмыскер кім деп іздемегендер, екі-үш жылқыға бола айқай-шу көтеріп, жағадан алысып жатыр.
Негізі біз түсінбейтін нәрсе көп. Мен бәрібір сені өлтірген жауызды тапай қоймаймын.
***
Ұнжырғысы түсіп шығып бара жатқан тергеушіні тоқтатқысы келді. Сенің иығыңдағы мимырт тірлік менікіне қарағанда түк емес, түңілме деп айтқысы келді… Қайда… бас болғанмен, жүрек жоқ қой… жүрек жоқ… .
Тергеуші өзінің митың тірлігінен бір кило бал жинау үшін екі миллион гүлге қонатын араның тірлігінен ұқсастық табады. Қылмысты дәлелдейтін айғақ табу үшін бармайтын жері, баспайтын тауы, кірмейтін тесігі қалмай, әркімнен сыр тартып суыртпақтап жүргені. Сөйтіп тіміскілеп жүріп, жоғалғанын іздеген жоқшыдай бір қараға кездеседі. Содан көз жазып қалмау үшін жанталасады. Оның бұл еңбегі көзге көрінбейді, ешкім көрмейді, ешкім қол соғып қолпаштамайды да. Айтпақшы, ең алғаш Римде жалдамалы қол шапалақтаушылар болған дейді. Қазіргі қол шапалақтау да шынайы емес, оны да біреулер жалдап алатын шығар. Анау бас иесіне бір уақыт біреулер қол соқты ма екен. Өзі кім болып, қайда жұмыс жасады екен? Мүмкін жемқор біреу болған шығар. Әй, қайдам, жемсауы толық жемқорлар басын кестіріп қоя ма? Бұл бір өмірде жолы болмаған бейшара, әлде бір қара ниет қаныпезердің жолына жуа болып бітіп, тамағына қылқан болып қадалған жүрек жұтқан біреу болуы керек…
Тергеуші сағатына қарады. Қызын балабақшадан алатын уақыты болып қалыпты. Екі ұлдан кейін көрген тәтті қызы. Оны көріп, былдырлаған тілін есту үшін бәрін тастай жүгіретін әдеті бар. Тірліктен тозған жүйкесін тынықтыратын, қым-қиғаш қылмыс дүниесін ұмыттыратын, жанына жайлы отбасы барлығына мың шүкіршілік етеді. Тағдырына бар деп тасымайтын, жоқ деп жасымайтын, жаны жайсаң жар бергені үшін де алғысы шексіз.
Анау бастың отбасы, бала-шағасы болды ма екен? Әй, болмаған шығар.. Өткен-кеткенді тіміскілеп, түрмеде бірге отырғандарын іздестіруде. Білсе, солар бірдеңе білуі керек. ДНК сараптамасының да шығатын уақыты жақын. Сол сараптама бастың кімдікі екеніндігіне ақи-тақи нүкте қояды.
Басы қасқыр адамды не дейтін еді? Анибус. Ондай адамдар о дүниелік болған соң да, жан-жағына жол көрсетіп жүретін көрінеді. Нағыз Анибус болсаң, жаныңда сағаттап отыратын маған неге жол көрсетпейсің? Кімсің?
Ең ақыры, сен миыңды қатырып жүргенмен, өлім оның барлық мәселелерін шешіп, жанын жегідей жеген ішкі құрттарынан құтқарып, мәңгі тыныштыққа бөлеген амалы болса ше? Мұның міндеті – сол өлімге түрткі болған не, өлтірген кім – соны білу.
Жалпы қылмыс ашу тарапынан да жауапсыздық жеткілікті, ол құсап қураған қу басты кім өлтірді деп, қиқу салып куәгер іздейтін жарымес тергеушіні қазір қолыңа шырақ алып іздесең де таппайсын. Істі шала -пұла, жүрдім-бардым қарап, көбіне көлденең көк аттының сөзін дәйекке алып, жаба салу немесе шындықты іздеп, шыңырауға түспей, ақ- қараны ашпай, жазықсыз адамды шырылдатып соттай салуға еті өліп кеткендер қаншама. Ал соңғы лекпен келіп жатқан жастардың қабілетінің, ізденісінің аяқ алысын көріп, өзі қарадай шошынады. Бұлардың қолына түскендер роботтың қолына түскендей, отыр десе опақ, тұр десе сопақ болып шыға келетін болар. Олар адамдардың басында түрлі қиындықтардың, әділетсіздіктердің болатынынан хабарсыз жасанды интеллектің іс-әрекетінің айғағындай, үстеріне қолпылдаған оверсайз киіп, олпы-солпы болып, көз алдынңнан кетпей қойған.
Біз әлі де болса әділ заңға, әділ сотқа зәруміз. Бұған билік кінәлі ме, қоғам кінәлі ме, біз сияқты орындаушылар кәнілі ме, кім білсін. Қылмыс болған жерде күдік бірден бұрын сотталғандарға, көшеде күнін шаққа көріп жүрген қайыршыларға түседі. Қоғамның ең әлсіз буыны солар болған соң, көбісі соларға әлімжеттік жасайтыны өтірік емес. Қоғам қалыптасқан жүйеден қол үзіп, қалт-құлт етіп өмір сүріп отырған отбасыларын нәпақасынан айырды. Жұмыссыздар саны күрт өсті. Түрмеден мерзімін өтеп шыққандар да солардың қатарына қосылды. Халық жаппай кедейліктің кебін киді. Сол өлара тұста қара халық өзінің өлермендігімен ала қап арқалап қана аман қалған жоқ па?! Ал оның құрбандары қаншама? Мына кесілген бас та сол құрбандықтың бірі болса ше?!
2
Қаланы дүр сілкіндірген кесілген бас оқиғасы ұмытылды. Ұмытшақ дүние оны да ұмытты. Көшеге шықсаң, өмірде қылмыс дегеннің не екенін білмей, арқа-жарқа болып, бөбектерін ойнатқан аналарды, қол ұстасып көктемінің алғашқы жылымығына жылынған жастарды көріп, жаның жәй табады. Олар бір кезде осы саябақта жантүршігерлік қылмыс болғанын естіген де шығар. Естіп, жағаларын ұстап, біразға дейін үрейленіп, бейуақытта шығуға қорыққан да болар. Алайда одан бері алты ай өтті. Қала жұртшылығы қалыпты тіршілігіне көшіп, ол туралы естеріне де алмайтын болған. Ал қылмыс ашылмаған күйі аудандық милицияның мойнына тіркеліп, қылмыстық іс тергеушінің қолында жүр. Тіпті жоғарыдағы басшылары да, аудандық әкімдік те бұрынғыдай діңкілдемейді. Оның себебі, пәленшенің баласы, пәленшенің бауыры деген сыбыс естілмей, бас иесінің сұраусыз, іздеусіз болғандығында. Тіпті бір бөлмені бір өзі алып жатқан бас бөлім қызметкерлерін де зығыр қылғандай, ол жатқан жерге егін егетіндей, құтылатын уақыт болды ғой деп күңкілдейтіндер көбейген. Ондайда тергеуші:
– Іс аяқталуға жақын, – деп құтылады. Дегенмен, қашан аяқталатынын өзі де білмейді. Соңғы уақытта басқа да қарауға зауқы жоқ.Тұйыққа тірелген.
Күн шығып тұрса да, қара көлеңке болып тұратын аядай кабинетінде том-том істерді аударып, көңілсіз отырған тергеушінің үстіне мониторинг бөлімінің қызметкері кіріп:
- Бір сәйкестік бар, – деді сүйінші сұрағандай.
- Немене, – деп елең етті тергеуші.
- Анау кесілген баспен түрмеде бірге отырған досын таптық. Тіпті осы қалада тұрады екен.
- Солай ма?!
- Аты-жөнін білдіңдер ме?
– Бақыт Тұрмағанбетов. Екеуі бір мезетте сотталып, бір абақтыда жазасын өтеген. Бұл кісі мерзімінен бұрын босаған. Қазір тым-тәуір бизнесмен. Жеке шаруашылығы, бірнеше сауда нүктесі бар.
- Мекен-жайын білдіңдер ме?
- Иә, сізге әкеліп тұрмын.
- Өте жақсы. Рақмет.
Тергеуші бағдарламашы ұсынған бір тілім қағазды қолына алды.
***
Күзде бастаған істі көктемге сүйреп әкелген тергеуші бағдарламашы тауып берген адреске келгенде, қызыл кірпіштен әдемілеп қаланған екі қатар коттедж неге келдің дегендей тымырайып қарсы алды. Айналасы да жым-жырт. Тек дуалдан биік өскен ағаштардың бүршік жарған бұтақтары ғана тіршілік лебіндей, осында біреулердің тұратынын білдіреді. Биік дуалмен қоршалған үй қақпасының сәнделуі де ерекше екен. «Ни чего себя, бұрынғы зектің үйі» деп ойлап, домофонға қол созғанда іле:
– Кімсіз? – деген баритон дауысты естіді.
– Полициядан.Тергеушімін.
– Қызық екен. Қылмыс жасаған жоқ сияқты едім. Кіріңіз, – қақпа тырс етіп ашылды.
Аула іші жайнап тұр. Бір жақ бұрышта балалар ойнайтын алаң. Алдынан қарсы шыққан қырғи қабақ жігіт ағасының бетінің оң жағында терең тыртық. Тергеуші үй иесін «Джейн-Эйр» фильмінде басты рөлде ойнайтын актерге ұқсатып, езу тартты.
- Бір актерге қатты ұқсайды екенсіз.Әсіресе, тыртығыңыз.
- Иә, адамға адам ұқсай береді дейді ғой. Актер болса, мен сияқты отырып шықпаған шығар..
- Ұмытпасам, ол да отырған.
- Төрге шығыңыз.
Коттедждің іші де сәнді. Қымбат жиһаздар. Аяқ астында тобықтан келетін парсы кілемі.Тергеуші жұпыны үш бөлмелі пәтерін еске түсіріп, біздің айлықпен мынадай үй түске кіреді ғой деп ойлады.
– Неге келгенімді тұспалдап тұрған шығарсыз?
- Ондай көріпкелдігім жоқ.
- Саябақта кесілген бас туралы естіңіз бе?
- Иә, оған біраз уақыт болды ғой, естігем. Кім екенін таптыңыздар ма?
– ДНК қорытындысы арқылы анықтадық. Ол осы қала тұрғыны Ғалым Байсалов. Сізбен бірге оқыған, түрмеде де бірге отырыпсыздар.
– Солай ма? Не только бірге отырдық, бала кезімізден бірге өстік, бір мектепте оқыдық.
- Сол туралы айтып берсеңіз..
Осы кез жоғары қатардан орта бойлы, аққұба әйел түсіп келе жатты. Тергеушіге оның бет-әлпеті таныс көрінді. Сірә, базарда сауда жасайтын болу керек. Есіне түсті. Ет сататын әйел ғой, талай рет саудаласып ет алған.
- Амансыз ба, жүзіңіз таныс.
– Енді ше, ет сататын кісіні бүкіл қала таниды, – әйел күлгенде аппақ тістері жарқ етті. – Мына отағасының жеке шаруашылығы бар. Ет сатып, бүкіл қаламен танысып алғам. Сізді де бірнеше рет көрдім. Ет жемейсіз ғой деймін, сирек келетінсіз. Кейде ішім пысып, тағы да базарға тұрсам ба деймін. Мына кісі жібермейді.
– Дастархан дайында, – деді үй иесі әйелінің сөзін бөліп, – бұл кісі жұмыспен жүр, полиция, – дегенде, жанып тұрған отқа су сеуіп жібергендей келіншек жым болды. Тәйт дегенде құйрығын қысып жым болатын мысық сияқты майпаңдап, ас үйге қарай жөнелді.
- Айта беріңіз, сізді тыңдап отырмын….
- Мен сізді тыңдайын деп келгенмін. Сол Ғалым туралы айтсаңыз?
– Егер Ғалым туралы білгіңіз келсе, асықпаңыз, – деді үй иесі терең күрсініп, – Іздегенге сұраған деп дөп келдіңіз. Ол менің кішкентайдан бірге өскен, сыр бөлісіп, сыр алысқан жан досым. Өмірінің осылай аяқталғаны өкінішті. Іздеуін іздедім-ақ. Бірақ абақтыдан шыққан соң, жүздесудің сәті түспеді. Мен мына жұмысқа мойнымды сұғып алдым да, бас бұра алмадым.
- Бір қалада тұрып таппадыңыз ба?
- Қалада тұрғаныма бірер жыл ғана. Онда да қалада тұрады деген аты, көбінесе шаруашылық басында жүрем.
- Сонда сотталып келіп, бұл шаруашылықты қалай аштыңыз?
- Есіңізде болсын, бұрын сотталғандардың көбінің қазір жеке шаруашылығы бар. Олар түрмеде оны-мұны көріп, қиыншылыққа бейімделіп шығады. Қолынан іс келетіндер қор болмайды. Ауыр еңбектен де қашпайды. Бірді айтып бірге кетеміз. Өзіңіз айтқандай, бастың иесі сол болса, сірә, сол шығар. Менде айғақтар бар.
- Ім…ім… олай болса, бізге неге келмедіңіз? – тергеуші елең етті.
- Ол туралы өзім де кеш білдім. Онан соң, шынымды айтсам, сіздерге баруға қорқа соқтым. Қазіргі милиция қылмысты аша алмаған соң, куәгердің мойнына іле салады. Оның ішінде менің сотталған атым бар. Бұрын сотталғандарға қылмысты ілу оңайдың оңайы. Сол себепті баруға жүрексіндім.
– Жаңа көрдіңіз бе, қақпаның сол жағында ескі пошта жәшігі бар. Кеңес өкіметі кезінен қалған. Қақпаны ауыстырғанда, құрылысшылар тастауға қимаған болар, қайта іле салыпты. Сол бойы тұрып қалды. Қазір кім хат жазады? Газет-жорнал да алмаймыз. Қолда телефон. Бар ақпарат сонда. Сол тұрған жәшікке балалар ойнап жүріп, кейде қағаз салып кететіні бар. Сондықтан назар аудармаймыз. Көптен бері кірген-шыққанда сол жәшікте конверт пе, дәптер ме бірдеңе жатқанын байқадым. Жақында көрейінші бұл не десем, хат. Осы күні хат жазып жүрген кім екен деп ойладым да, үйге келіп конвертті аштым. Маржандай тізілтіп жазатын Ғалымның қолтаңбасы. Көзіме оттай басылды. Асығыс оқи бастадым. Сол хатты сізге берейін. Үй иесі сол жақтағы бөлмеге кіріп, қолына бүктеме қағаз алып шықты.
– Көп жатып қалыпты. Сірә, өлер алдында жазған болу керек.
«Бәке, сені кеш таптым. Әттең бұрынырақ кездескенімізде ғой. Сосын мына қойын дәптер менің өмірім, онымен өзің танысарсың, ал флешкіні органға тапсыр. Ішінде есірткімен айналысатындар туралы толық мәліметтер бар. Өте сақ болғайсың!
Хош бол, досым, мүмкін болса, осы өтінішімді орындарсың».
Бұл хатты жақында алып оқыдым. Сонда ғана сіздерді шулатқан бастың иесі Ғалым екенін ұқтым. Оны іздеген жауыздар тапқан болса керек. Басын халықты үрейлендірейін деп саябаққа әдейі қойып кеткен де солар. Өкінішке қарай, денесінің қайда екенін білмеймін. Білсем, ата-анасының қасына жерлер едім. Енді сіздер табар деп үміттенем.
Ғалым туралы көп нәрсе айтуға болады. Мектепте жақсы оқыды. Ақылды, салмақты, кішіпейіл, ашық-жарқын. Оның осындай қиын жолға түсуіне ата-анасынан қалған қара шаңырақтан айрылып, әділетсіздікке ұшырауы себеп болды. Оған да мойымай, жұмыс істеп жүргенде, сүйген қызынан көз жазып, үлкен соққы алды. Ол қыз сол қорлыққа шыдамай, жынданып кетті дегенді естідім. Мен оның басынан кешкендерін күнделігінен оқып шықтым. Сізге берейін. Ғалым екеуміздің тағдырымыз өте ұқсас. Екеуміз де асыра сілтеумен сотталдық. Мектеп бітірген соң, әкесі қайтыс болып, ол оқи алмай қалды. Мен екі жылдан соң , қаражаттың қиындығынан оқуымды жалғастыра алмай, елге оралсам, күнкөріс қиын. Екі қолға бір күрек табылмайды. Облыс орталығына баруға тура келді. Онда біз сияқтыларға саудагерлердің жүгін тасудан басқа кәсіп жоқ екен. Мен де сол көп қазақтың ішіне қосылдым. Ол кезде ерінбейтін ерлер жүк тасушы, әйелдер ала қап арқалаушы. Жүк тасушылар көп. Жүкке таласамыз. Әлділер әлімжеттік жасап, алдымызды орап алатын сәттер де жиі. Жемтікке таласқан бөлтірік тәріздіміз. Ауық-ауық ырылдасып қаламыз. Пойыз келген уақыт аласапыран. Жолаушылар да жетеді. Дені саудагерлер. Сондай бір қарбаласта менің алам деп қойған жүгімді бір пысықай жігіт мұрнымның астынан жұлып ала жөнелді. Бұл озбырлыққа шыдамадым, аяғынан шалып, ұшырып түсірдім.
– Оңбаған кімді басынасың, жүгімді бер!– дедім. Ол жалғыз емес, қасында бауырлары бар екен. Сенгені де солар болса керек. Жабыла кетті. Қалай болғанын білмеймін, біреуді-біреу біліп болмайтын, жаппай төбелес басталды. Сірә, зорлықшыл топтың зәбірі көп адамға батып жүрсе керек. Үріп-үріп жарылайын деп тұрған шар тәрізді шыдамның шегіне жеткен жері осы. Жаппай көтерілген жүк тасушылар ашумен арашалауға келген милицияларды да ұрып тастады. Ақыры екі жүзден астам адам қатысқан жаппай тәртіпсіздіктің зачинчигі мен болдым. Сөйтіп, айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтыладының кебін киіп, әлімжеттік жасағандар құтылып, мен тұтылдым. Жазықсыздан жазықсыз он жылға сотталып кете бардым, ол жылдары мен сияқтыларға, Ғалым сияқтыларға санаса сан жетпейтін. Абақты лық толы. Себебі, құқықтық сауатсыздығымыздан, қорғаушымыздың жоқтығынан, соттың әділетсіздігінен кінәсіздігімізді дәлелдей алмадық.
Тұтқында жүріп Ғалымды көрдім, жылап көрістік. Бір кездегі бір мектептің маңдайалды оқушылары, көшенің тәртіпті төрелері біз абақтыға түсеміз деп ойлаппыз ба? Кейін есейген соң, көзіміз ашылып, ойлап қарасақ, біздің қылмысымыз бұзақылыққа жатады екен. Он бес күн қамауға алып, айыппұл салып, босатып жіберуге болады екен. Біздің обалымызға қалған погон таққандар мен сот төрағаларын ар-ұяты мазаламай ма екен, адам өмірін ойыншық қылғандар жазасын алмай кете беретін болса, қоғамымызда әділдік орнайды деу қиын-ау.
Ғалымның махаббаттан да жолы болмай, сүйгенінен айрылғанын естідім. Жан тебірентерлік күйзеліспен айтты. Аядым. Менің қолымнан басқа не келеді. Көп ұзамай екеумізді екі жаққа лақтырды. Мен оған қарағанда пысықтау болдым ба, басшылармен ортақ тіл табысып, мерзімімді қысқарттырып, ертерек бостандыққа шықтым. Жұмыс іздемедім. Әке-шешемнен қалған саяжай бар еді. Соған картоп ектім. Соны күндіз-түні тыным таппай баптадым. Өнімі бітік болды. Қапшық-қапшық картопты қайда жіберерімді білмей састым. Сол картопты бәйбішем сатты, – деді үй иесі ас үй жақта жүрген әйеліне естірте.
Қалтаға қомақты қаржы түскен соң, жеке шаруашылық ашып алуды ойлап әкімшілікті жағаладым. Бір қызығы, тілегенге сұраған деген саясатқа тап болып, қайда барсам да қолдау көрдім. Не керек жарты жылда несие алдым, жер алып, қора соғып, малды көбейттім. Әуелгі кезде күндіз-түні тынбай еңбек еттім. Обалына не керек, әйелім жаныма жалау болып, есеп-қисабымды жүргізді. Сонымен шаруашылығым жүріп кетті. Бірте-бірте қалаға келіп, іздестіріп жүріп осы қалай-ау деген ішімдікке үйірлігі жоқ, еңбекқор көмекшілер таптым. Бұл шаруашылықта ең қиыны – сенімді көмекші табу. Адам аласы ішінде, жұмыс іздегендердің бәрі жалынып-жалбарынғанмен, көбісі ащы суға үйір. Үйренісіп алған соң, жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүретіндерін талай көргенмін. Сол тұста Ғалымды кездестірген болсам, бірден таңдауым соған түсетін еді. Себебі, оның қандай екенін бала күнінен білем. Адалдығына сенем. Соның сәті түспеді. Әйтсе де, өмірден жоғалтқаны тым салмақты болғандықтан, оның орнын толтыру менің де қолымнан келетін бе еді, келмейтін бе еді. Ол да қиын сауал. Ол сол орны толмас жоғалтқандарын өлімімен ғана толтырып, мәңгі тыныштықты қалаған болса ше?!
Үй иесінің әйелі:
- Шай дайын, – деп шақырды.
Күтпеген жерден ұзаққа созылған қылмыстық істің ашылу сәтінің түскенін қанағат тұтып, үй иесінің әңгімесін одан әрі тыңдауға құлық танытып, дастархан басына отырды.
– Менің ойымша, Ғалым қысқа ғұмырында үлкен азапты, әділетсіздікті арқалап өтті. Оның өмірді адалдықтың мекені , махаббатың ұясы деп қараған періште көңілі оңбай жараланды.
– Сіздің әңгімеңіз көп жағдайдың бетін ашты. Енді бір ғана өтініш менімен бірге очный ставкаға жүріңіз….
- Ол не?
- Досыңызбен кездесу.
- Бұған қинамасаңыз қайтеді. Мен оған шыдай алмаймын.
- Енді сіз оның өсиетін орындау үшін бастың сонікі екендігіне көзіңізді жеткізуіңіз кере емес пе?
- Иә, солай.
- Онда жүріңіз.
Қинала орнынан тұрған үй иесі тергеушінің соңынан ілесті.
Тергеуші куәгерін ертіп бөлімге келгенде сапырылыстың үстінен түсті. Аулада қызметкерлерді қуырып, өзі де іске белсене кірісіп кеткен бастығы мұны көрген бойда :
– Ау, Абылай, қайда жүрсіз? Облыстан қонақтар келе жатыр, – деп қарсы алды.
–Мен куәгермен сөйлесуге барғанмын. Танысып қойыңыз бизнесмен –Бақыт Тұрмағанбетов.
– Әшейінде іздесең таптырмайтын бизнесмен бізге қалай атбасын бұрды?
- Оны кейін баяндаймын.
- Сосын ана басты уақытша болса да басқа жерге ала тұрыңыз.
- Қайда?!
- Сейфіңізге сала тұрсаңыз, ешетеңесі кетпес. Қонақтар кеткенше..
- Көрерміз…
Қожалық иесі аты аңызға айналған екі иығына екі ісі мінгендей , милиция бастығын көріп, аузы ашылып қалған.
– Өзі де айтса айтқандай, баяғының батырлары сияқты екен. Істі шалт шешетін, қызуқанды деп естідік. Әкімдермен қаны қас, жағымпаздануды, жалтақтауды білмейтін өткір адам деп естуші едік. Біздің мафия жеп қоймай, қалай шыдатып жүр. Оларға жусаннан аласа, бетегеден биік, өз айтқанымен жүретін адам болмаса, жағу қиын ғой.
– Сіз тек қана шаруашылық жағдайы емес, басқалардан да хабарыңыз бар саясаткер болдыңыз ғой…
– Енді олай болмасаң, іс жүрмейді ғой. Әсіресе әкім-қараға жағуға, жел жағынан шықпауға тырысамыз.
– Жел жағынан шықсаң, желкелетіп бітеді деңіз. Милицияға әкім бе, бизнесмен бе, басқа ма, заңмен жүрсе, қылмыс жасамаса, бәрі бірдей. Былай жүріңіз.
Шаруа қожайыны бұрын талай келген жерін жатырқап қапты. Оның үстіне, тергеушінің жанында келе жатқан бұған айналасындағылар «ақыры келдің бе?» деп қарайтындай, өз-өзінен қуыстанды.
– Өткенде Ғалыммен бірге өстік деген жігітті әкеліп едім, есіктен басын сұқты да, тұра қашты. Былай қарасаң, зіңгіттей. Өлім көрмеген едім деп қоянның көжегіндей дірілдеді. Сіз де сөйтіп қашып кетпейсіз бе? – деді оған сынай қараған тергеуші.
– Олай-былай деу қиын. Оның үстіне денесі жоқ бас болса, сіздер үйреніп кеткенсіздер ғой. Анау дәрігерлер сияқты, олар шімірікпей адамды соя салмай ма?
– Қызықсыз, дәрігерлер қорықса, ауруды кім құтқарады? Біз де солай, өлік көріп тұра қашсақ, қылмысты кім ашады?
– Иә, солай ғой. Дегенмен, мен мал бауыздап көрген емеспін. Мал соярда қашып кетем. Обал, көзі жәудіреп тұрады.
– Мен де тышқан мұрнын қанатқан адам емеспін. Бірақ қылмыс ашу – міндетім.
Темір есікті ашып, ішке кірген соң, кіре берісте дайындалып қойған арнайы киімдерді киіп, беттеріне маска, қолға қолғап, аяқтарына багет киді.
– Міне, енді дайынбыз. Қорықпаңыз. Мен жаныңызда боламын.
..Бөлменің ортасы қара пердемен бөлінген. Үстел үстіндегі әйнек ваккум тәрізді ыдыста жатқан адам басы тәрізді затты көргенде, куәгер қорқынышты кино көргендей, бір орында тапжылмай тұрып қалды. Сүрепеті қашып кеткен қонағына қараған тергеуші:
– Сіз қорықпаңыз, бұл химиялық қоспалармен өңделіп, ұзақ мерзімге сақтауға дәріленген бас. Бет-әлпеті де өзгерген болуы керек. Мұқият қарап, бастың иесі Байсалов Ғалым ба, соны айтсаңыз болды. Қазір жарық жағам.
Жап-жарық фардан көзін көлегейлеген куәгердің мұрнына формалиннің, дәрі-дәрмектің иісі келді. Ол өзін лабораторияда тұрғандай сезінді.
– Жақындап қараңыз, – деді тергеуші салмақты үнмен. – Менің жаныма келіңіз.
- Япыр-ай, үйренген екенсіз, – деді куәгер дауысы дірілдеп.
- Әрі-бері тұрсаңыз, сіз де үйренесіз. .
- Қалай, таныс бас па?!
- Әлі дұрыс қарауға дәтім бармай тұр.
- Асықпаңыз.Мұқият қарауға тырысыңыз.
- Жарықты аударасыз ба?
– Міне, міне үйрене бастадыңыз, әлде де жақындаңыз. Мұрнын, аузын, шашын қараңыз.Мойын жағы бинтпен оралған. Шашы қара.
– Япыр-ай, ә… пәлен жылдан кейін менің де қателесуім мүмкін ғой. Жалпы бет-әлпеті келеді екен. Көзінің түсін көрмеген соң айыру қиын ғой.
- Патологанотом көзі қара деді.
- Иә, жалпы Ғалымға келеді. Дегенмен дәрілеген соң, өзгеріп кеткен бе, ол қара торы сияқты еді. Қасы да қою болатын.
- Иә, дәрінің әсерімен өзгереді. Сосын бұл денеден бөлек бас, оның қан-сөлінің бәрі денемен кеткен.
- Денесін көрсем таныр едім. Оның оң жамбасында үлкен қалы болатын. Ал мынадан толық айыра алмай тұрмын. Мүмкін ол да болмауы… А… а есіме түсті. Сол жақ құлағының сыртында бармақтай қалы болатын. Содан қысылып, үнемі шашын өсіріп, жауып жүретін.
– Солай ма…. тергеуші басты аударып, сол жақ құлағының сыртын көрсеткенде, бармақтай қара қал көрінді. Оны көрген бизнесмен ой баурымдап өкіріп қоя берді.
– Қайран досым-ай, жауыздар, Алла жазасын берсін. Көмектесетін едім ғой, кездеспей кеткенің-ай, осындай жағдайда көрем деп ойлап па едім…
Сабырға шақырған тергеуші:
– Сіз бізге қатты көмектестіңіз. Енді денесін тапсақ, досыңыздың өсиетін орындап, ата-анасының қасына жерлейсіз.
–Тәңір жарылқасын, солай етіңіздерші. Денесін тапсаңыздар, маған дереу хабарлаңыздар. Айтпақшы конверттің ішінде қойын дәптерімен бірге флешке болған. Оны да сізге тапсырайын. Оны төс қалтама салып жүргем. Мүмкін, оны осы флэшке үшін өлтірген шығар. Білмейміз ғой…
- Олай да болуы мүмкін…
3
Куәгерін шығарып салып, ішке оралған тергеуші жиынның үстінен түсті.
- Әбеке, бітірдіңіз бе? – деді бастығы оған көңіл аударып.
- Айғақ пайда болды. Сізбен сөйлесуім керек.
- Кейін, кейін, біз онсыз да қапылыс үстіндеміз. Генерал асығыс келіп кетті. Жоғары жақтан министрдің орынбасары, тағы бірсыпыра қадірлі қонақтар келетін тәрізді. Облыс орталығына жақын аудан болғандықтан, қылмыс ашу көрсеткішіміз жақсарғандықтан, біздің ауданды таңдапты.. Соған дайын болуымыз керек.
– Сіз сол басты басқа жаққа ауыстырыңыз. Қонақтар көрмей-ақ қойсын..
– Ісі ашылуға таяу…
– Ол толық ашылмаған іс…
– Сонда қайда апарам?!
– Білмеймін. Қайда апарсаңыз да, көзге түрткі болмасын.
– Үйіме апармаймын ғой.
– Дәрігерлермен сөйлесіп, мәйітханаға қоя тұрыңыз.
– Болмайды.
– Неге?
– Сол болмайды. Жоғалып кетуі мүмкін.
– Әбеке, өзім күйіп тұрғанда күйдірмеңіз. Сол бас сізден басқа ешкімге керек емес. Қазір бұл іс әлі күнге неге ашылмаған деп басшылар өзімізге бас салады.
– Мен оны сейфіме қоямын. Бір күнге ештеңе етпес. Олар жатып алмайтын шығар.
– Мейлі, сөйтіңіз…
Тергеушінің бар ойы флешке мен қойын дәптерде. Ұйымдасқан қылмыс туралы айғақты қолға түсіргенмен, оған департаментте отырғандар қозғала ма, қозғалмай ма, сене ме, сенбей ме, көзі жетпей, күннен-күнге күдігі молая түсуде. Бірнеше жыл бойы жасырын ат жамылып, жұмыс жасап тұрған оңалту орнының жоғары жақта крышасы болмауы мүмкін емес қой. Ондай ақша құйылатын қойманы министрліктен бастап, жергілікті орындарға дейін байланысы бар, тамырын тереңге жайған, алым-берімнің сырын білетін алпауыттар ғана басқара алады. Демек, оған құқық қорғау органдарының шама-шарқы жетуі екіталай.
Флешкедегі қара тізім, бейнежазба таспалары, суреттер қойнына тығылған бомбадай өзін қоярға жер таптырмайды. Кешелі-бері ұжымның басшысынан-қосшысына дейін бейуақытта сап ете қалған мәртебелі қонақтарды күтіп алумен әлек. Бөлмелер аударылып-төңкеріліп, жиһаздар орын ауыстырған.Терезе алды гүл құмыраларына толы. Бұлар ғайыптан қайдан келіп қалған деп таңданды. Сірә, қызметкерлер үйлеріндегі барын әкелген болу керек. Өмірі сүрту көрмеген сыртқы емен есіктер мен терезе жақтаулары сірке сумен жуылып, жылтырап көз сүріндіреді.
Залдағы сынық орындықтардың орнына жаңасы қойылған. Есік алды су сеуіп сыпырылғандықтан, мұнтаздай тап-таза. Он бес күнге қамалғандар артық ағаш-тасты, сынған бұта пен жапырақтарды тасымалдап, зыр жүгіруде.
Тергеушінің бас қойып жүрген бөлмесінің есігі айқара ашылып, нафталин мен хлордың иісі ауада аңқиды.
–Ту…ту… мында не қойған, – деп бет-аузын кіржиткен сержант еден жуатын әйелдерге әмір беріп, өзі жақындамайды.
Басты сейфіне салып, қойын дәптерді папкасына мұқияттап тыққан тергеуші көз алдында болып жатқан қарбаласқа немқұрайды пішінмен қарап, жоғарыдан келетін мәртебелі қонақтарды осылай көзбояушылықпен қарсы алу әбден бойға сіңіп, қанға таралып кеткендігінің жанды көрінісін тамашалап тұрды. Бір қызығы, сол мәртебелі қонақтар мұның бәрі көзбояушылық, жасанды жалпылдаушылық, жағымпаздық екенін білсе де, тыйым салмайды. Өздері көп еліктейтін шет елден де сабақ алмайды. Тыйым болмаған соң, тыным жоқ. Ой, мұнымыз жанына жақты ғой деп, жалпылдау мен жағымпаздану жалғасып, болмаған нәрсені болды деп алдарқатып, халық пен биліктің арасына қамал тұрғызушылар бұл әрекеттерінің өздері көпіріп көп айтатын демократияны жоққа шығаратынына да мән бермейді. Әйтсе де, осы үрдісті жоғары мәртебелінің өзі сезініп, жалпылдақ, жағымпаз топтан іргесін аулақ салып, халыққа барар, халықтың тілін табар жол іздеуі керек емес пе?! Жоғарыдағылардың сол табыну, жағыну әрекеті төменгі буынға майдай жұғып, солардың жоралғысын айна-қатесіз қайталай береді, қайталай береді….
Міне, аудандық милиция бөлімінде де әшейінде көзге түспейтін ұсақ-түйектің бәрі көзге түсіп, өмірі жиналмайтынның бәрі жиналып, форманың бәрі үтіктеліп, иттің бәрі шомылдырылып, бөлмелер тап-тұйнақтай жиналып қалды. Ал күнделікті осылай болып жүруге кім кедергі, жинақы жүру үшін жоғарыдан біреу келу керек пе?
– Әбеке, сіз де парадный формаңызды киіп келіңіз, – деді бастығы жауырынан қағып,
– А..аа… ұмытып барам..
Бар ойы генералмен сөйлесе алсам дегеннің айналасында болып, басшысына айтқанда, ол шошып түсті.
– Бұл жолы басқа мәселе. Олар біздің қылмыс ашу көрсеткішіміз басқа аудандарға қарағанда жоғары болғандықтан, жиын өткізіп, соңында дем алуға келеді. Жанында министрдің орынбасары, белгілі жазушы, басқа да қоғам қайраткерлері бар. Оларға аудан әкім мен мәслихат қосылады. Солардың бабын табамыз деп сабылып жүрсек, сіз қайдағы бастың жағдайын айтасыз. Басыңыз ешқайда қашпас. Оны генерал естісе, әлі күнге ашылмаған не қылған қылмыс деп тас-талқанымызды шығарады. Онан да анау тігілген үйді, жайылған дастарханды көріп, жастарға ақыл-кеңес айтсаңызшы.
Тергеушінің келісуден басқа амалы қалмады.
***
Бұл араға бұрын да бір-екі мәртебе келгені бар. Алайда, бұл жолғы мәртебелі қонақтарды қарсы алу салтанаты ерекше екен. Айналасы жасыл орман, көгәлді алаңға он екі қанатты ағаш үй тігілген. Осындай үйлер Монғолиядан қоныс аударған оралмандарда болады дейтін еді. Милицияның құрығы ұзын ғой. Тауыпты. Сол ақ орданың ішіне п әрпіндегі үлгімен аласа үстелдер қойылып, еденге түгі кере қарыс кілемдер төселген. Мақпал көрпелермен, аппақ құс жастықтар бұрын ұсталмай, тап осы күнге арнап тігілгендей жайнайды. Үстел үстінде неше түрлі салаттар мен тағамдар, япырай, біздің бастық дегустатырды тапқан екен. Менен басқа пысықтау біреулерге айтса бір жөн.
Анау дастархандағы тағамдарды талдап-талғап беретін ерлер бар. Тарелкедегі көкөністерді татпай таниды. Торттың неше түрінің неден, қалай жасалатынын майын тамызып әңгімелеп береді. Оны қайдан білесіңдер десе, кейбіреулері өздері жасайды екен, кейбіреулері әйелдеріне көмектеседі екен. Үйінде әйелдің тірлігін жасаған еркектен далада ірілік шыға ма? Ерлер ұсақтап, әйелдері оларды пышақтап жатқаны да содан шығар.
Бізге таңсық болғанмен, аналардың күнде көріп , ішіп жүрген тағамдары шығар деп ойлаған ол ағаш үйден шыға бере бастығымен ұшырасып қалды.
– Ой, сіз осында екенсіз ғой, қалай? – деді. Оның көзіне ұзындығы екі метр, жауырыны қақпақтай, ірілігімен-ақ іргені қымтап тұратын бастығы осы жолы кішірейіп, үлкен мейрамхананың аспазшысына ұқсап кеткендей әсер етті, неге екенін осы жолы оның алдында өзі кекәрейіп қалды.
- Ә.. ә.. әлемет, жайнатып қойыпты ғой дей салды.
- Әйтпегенде, мына көрші ауданнан елбасына тамақ дайындаған аспазды алдырдық.
- Солай ма, осы араның аспаздары ше?
- Сондай бұйрық түсті.
- Ее..е.. бұйрықтың аты бұйрық қой..
- Ол ет пісіре ала ма екен?. Бұлар бас-басына бас жейтін қонақтар ғой.
- Ол жағын қатырдық қой, қам жеме, Әбеке.
Тергеуден басқа ешнәрсе ойламайтын ол самайынан тер шыпшып парша-парша болып тұрған басшысына қарады да, бастық болмағаным қандай жақсы деген оймен қол созым жердегі мәртебелілер балық ауласын деп дайындап қойған су жағасына қарай аяңдады.
Бар ойы сейфке қойған басы бұзылып кетпей, мыналар тез кетсе, орнына орналастыру. Бастығы да қадалған жерден қан алады. Олар жер кепе тәрізді изолятор үйін аралап не істесін. Бастарын да сұққан жоқ. Енді бастыққа бағынбауға болмайды ғой. Ол бас та, біз мойынбыз. Бас қалай бұрылса, біз де солай бұрыламыз. Қайда қарасаң да солай, басқа қарсы шықса, бастары кетеді. Біз де солай қалыптасып қалған қағида ғой. Бәрін айт та, бірін айт менің басымның денесі қашан табылар екен…
Су тып-тыныш. Моп-момақан. Керемет балық аулайтын күн екен. Қонақтарға балық аулайтын құрал-саймандар сайма-сай.. Олар балық аулайды деймісің. Шіркін , осы арада балық аулап, дем алып жатар ма еді. Сол-ақ екен соңынан «сізді шақырып жатыр, қонақтар келе жатыр» деп қуғыншы жетті. Әркімнің алдында далбақтап қол қусырып, қопаңдау сүймейтін ісі. Япыр-ай, маңында жылмаңдаған жылпостар толып жүргенде, мені не қылады деп іштей наразы.
Дүңкиген-дүңкиген джиптер тоқтап, қонақтарды қарсы алуға бәйек болған көптің бірі боп ол да жылжыды. Алға ұмсынғысы келгенмен, денесі қырсығып, кежегесі кейін тартады. Ақыры абыр-сабыр басылғанда, шетте селтиіп тұрған онымен өздері келіп, амандаса бастады.
Мәртебелі қонақтарды төрге шығарып, етек жаққа қарай жайғасқан соң, тергеуші үйреншікті ағысына қарай бұрылып, менің сейфтегі басымнан мына бастардың артықшылығы неде деп салыстыра бастады. Егер оның басына түскен әділетсіздік пен ауыртпалық мыналарға түссе, не болар еді…. Бұлар да түрмеден бірақ шығар ма еді.. Әй, қайдам…Ал егер оның талайына осылардың тағдыры жазылғанда ше.. Онда бір мықты болып шығар ма еді. Тіпті осы отырғандарды шаңына да ілестірмейтін ғұлама болып шығуы да мүмкін ғой. Оның бас бітімі бөлек. Мыналардың бірінің басына ұқсамайды. Тек анау төрде отырған жазушының бас бітімі келіңкірейді. Кеңінен ойлайтын кемеңгер екені көрініп тұр. Генералдың бас бітімі де қушық, төбесі шошақтау. Одан бері министрліктен келген қонақтың басының ені мен биіктігі бірдей, желкесі шығыңқы. Мына осы ауданның әкімінің басы сопақ. Сопы құсап басын шұлғи бергесін бе екен. Ал мәслихаттың басы жалпақ. Әбден жалпақ шешей боп үйреніп қалған ғой. Біздің бастықтың басы ор киіктің басындай, бет жағы сүйір, құлағы артқа қарай құлаған. Тыңшылығынан болар.
Япыр-ай, біреуі де менің сейфімдегі басқа ұқсамайды. Менің өз басым қандай екен?! Бір ауық құлағын біреу алақанымен басып тұрып, ашып жібергендей жан-жағы гу ете қалды. Ол сонда ғана қайда отырғанын түсінді.
***
Тергеуші сонша қапылдырған қонақтардың тез кеткеніне қуанды. Іштей баспен сөйлесіп, «Сейфте бір түн түнеп шық, ертең орныңа барасың, есесіне жатқан орның шаң-тозаңнан тазарып, саған шарапаты тиіп қалды. Енді анау қанішерлерді ұстап, денеңнің қай жерде жатқанын тапсақ, әке-шешеңнің жанына жерленесің» деп күңкілдеді. Әйелі есік ашып, аңқып тұрған арақ иісінен мұрнын басты.
– Туу…. ту… соншама ішкенің не?
– Көшедегі ит-құспен ішкен жоқпын ғой..
–Кіммен ішсең де бәрібір емес пе? Тойып алыпсың ғой.
–Жо…қ…жоға… шырағым, мәртебелі қонақтармен іштім. Ондай қонақтармен табақтас болу, рөмке соғыстыру да әркімнің маңлайына жазылмаған көрінеді. Солай десті аналар.
–Жақсы болған екен, жұғысты болсын. Жатып дем алшы, балаларды оятасың.
Тергеушінің жатып ұйықтай кететін ойы жоқ.
– Әй, сен не білесің, солар келеді деп ана менің байғұс басымды қаңғытып жіберді ғой. Біздің бастық та қызық. Өлгенше айттым, онда бармайды, құлағалы тұрған жертөлеңді хан сарайына үйреніп қалғандар не қылсын, қозғамайық дедім. Тыңдады ма, қадалған жерінен қан алады. Ну что бас тұрса, олар бас көрмеп пе, немене шошып кетіп, іштеріндегі баласы түсіп қала ма. Еркек емес пе. Мені қыштама, мен жатпаймын ұйқым келмейді. Сен мені тыңда. Сол бастардың ішінде менің басыма ұқсайтын бір бас жоқ. Әйелі күлді.
– Айтпа, сен ғұламасың ғой.
– Сен менің басымды айтып тұрмысың…Ақымақ басты. Ақымақ болмасам, саған иттің ұлы итақай салып жатқан екі этажды коттеджі салып бермеймін бе, тақияңа шетелдік машина тар келе ме?
- О..о.. басталды. Мен сенен соны сұрадым ба?
- Сен де ақымақсын..
- Ұйықташы енді.
- Жоқ ұйықтамаймын. Сен шатыстырма, мен өзімнің басымды айтып отырған жоқпын. Ана кесілген бас туралы айтып тұрмын.
- Қайдағы кесілген бас? Түн ортасында қайдағы-жайдағыны айтпасайшы..
- Әә..әә…. сен білмейді екенсін ғой. Дұрыс. Білмегенің дұрыс. Күйеуің нағыз еркек қой.
- Сені еркек емес деген біреу бар ма?
- Айтып көрсін.
- Айналайын, түн ортасында үйді басыңа көтермей жата қойшы.
- Менің сейфімде бас, қойнымда бомба. Қалай ұйықтаймын, сен болсаң ұйықтар ма едің…
- Ой, Алла..ай, қайдағы бас, қайдағы бомба. Сонша есіңнен танғанша ішіп, не болды…
- Оңбағандар, қарақшылар, ақша үшін әке-шешесін, тіпті Отанын сататын сатқындар… Басқа обал …жап-жас жігіт…
Ол күбірлеп барып, қор етті.
Иығынан ауыр жүк түскендей болған әйелі «көп ішпе десе тыңдамайсың, жас емессің, жүйкең сыр берейін деген ғой… не болса соны сандырақтап кеттің, ұйықта» шешіндіріп, үстіне жапқы жапты.
Зияш Телеуова,
Ақтөбе қаласы Тергеуші

Ақтөбе қаласы