12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ТЕНДЕР «АТАМЕКЕНГЕ» ТӘУЕЛДІ

Мемлекеттік тапсырыс, жалпақ тілмен айтқанда тендер өткізудің тәртібі жыл сайын түрленіп, талабы күшейтіліп келеді. Мұндай қадам тендердегі ашықтықты сақтау үшін, тапсырыс берушілер мен орындаушылар арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында, әділ бәсекелестік пен сапалы қызмет үшін жасалатыны түсінікті. Алайда, соңғы өзгерістер тендерден үміттілерді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тәуелді еткен жайы бар.

Кәсіпкерлер жаңа өзгеріске наразы
Редакциямызға хабарласқан оралдық кәсіпкер, «Ғибадат» ЖШС директоры, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы Біржан Қожақов кәсібін бір жүйеге келтірген жан. Тендер арқылы сырттан тапсырыс алып жұмысын жүргізіп келе жатқан Қожақовтың бизнесі өткен жылдың шілдесінен бері тоқтап қалған. Себебі мынау:
– Бұрын менің қарауымда 35 адам, оның ішінде 21 мүгедек жан жұмыс жасаған. Қазіргі уақытта тек 5-ақ мүгедек қалды, қалған 30 адамды жұмыстан шығаруға мəжбүр болдым. Өйткені ҚР жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының талабы бойынша, мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін индустриалды сертификат алуымыз керек екен. Әйтпесе үкіметтен тапсырыс ала алмаймыз. Ол үшін алдымен өзіміз өндіретін өнімнің барлығының сəйкестік сертификатын алуымыз қажет. Күні кеше жиһаздардың ішінде екі шкафқа ғана сəйкестік сертификатын алдым. Олардың əрқайсысын сынақтан өткізгені үшін 25 мың, сертификат үшін 115 мың, жалпы алғанда 140 мың теңге төледім. Жалпы саны 500-ге тарта өнім түрін өндіреміз. Алайда мен олардың ішінен тек 200-ін ғана таңдап алып отырмын. Сонда оларға сəйкестік сертификатын алу үшін 28 млн теңге және индустриалдық сертификат алу үшін 600-700 мың теңге көлемінде қаржы керек. Ал, мұның бәрі орта есеппен алғанда 30 млн теңгеге шыққалы тұр. Ондай қаржыны мен сияқты арбаға таңылған қарапайым мүгедек таба алмайды, – дейді Біржан Қожықов. Шындығына келгенде мұндай соманы кәсібін дөңгелеткен адамның да қалтасы көтере бермейді.
Соның дәлелі «Атамекен» кәсіпкерлер паласынан сертификат алудың қиындығын заңгерлер де айтып отыр. Медициналық мекеменің заңгері Рустам Бекенұлының сөзіне сенсек, ол қызмет ететін мекемеден 180 түрлі медициналық өнім шығады екен.
Дәл осындай өнімдерді бұлардан бөлек тағы екі мекеме шығарады. «180 өнімді сертификаттан өткізуге қыруар қаржы кетеді. Одан бөлек, сарапшыларды шақыру, олардың жол-пұлын төлеу де ақшаға тіреледі. Сертификатты мөлдіреген көзің үшін бере салмайтыны тағы мәлім. Мұндайда амал жоқ, тура жүрмей, қаржыны үнемдеудің, залалды кемітудің көлеңкелі жолдарын іздеуге тура келеді» дейді заңгер. Яғни, ақша жасыруға, сыбайластыққа тосқауыл қоюға тиіс бұл өзгеріс жемқорлыққа ашық
жол ашып отыр ғой.

Қалтаны қағатын қағида
Кәсіпкерлер базынасының жөні бар. Расында 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік сатып алуларға (тендерге) қатысуда индустриялық сертификат талап етіледі. Соның ішінде былтырдан бастап жиһаз және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары тендерге индустриялық сертификатпен ғана қатысады. ҚР Қаржы министрлігі өзгерту енгізген бұл ережеге сәйкес біліктілігін дәлелдеген жеткізушілер ғана тендерге қатысатыны дәйектелген. Ал, оның кілті – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолында. Палата индустриялдық сертификат бермесе тендерден үміттенбей-ақ қойсаң болады.
Индустриялық сертификаттың болуы кәсіпкерлерге бірқатар артықшылық береді. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуларға қатысу; «Самұрық-Қазына» холдингінің тауар өндірушілер тізіліміне қосу; «Самұрық-Қазына» қорының алдын ала біліктілік іріктеуінде жиналған баллға 20% есептеу; сыртқы нарықта отандық тауар, жұмыс, қызмет түрлерін ілгерілетуге кеткен шығындар өтеледі.
Әрине, айтуға оңай. «Атамекеннен» сертификат алудың қандай қиын екенін жоғарыдағы кәсіпкердің сөзінен-ақ бағамдауға болады. Егер тендерден үмітті жандар өзі өндірген тауарды сынақтан өткізгені үшін 25 мың, сертификат үшін 115 мың төлесе қалтасында несі қалады? Оның үстіне, тұтынушыларды тарту үшін кәсіпкерлердің бір өніммен шектеліп қалмасы белгілі. Ал,
әр тауары үшін 140 мыңнан шығындалатын болса, тендерге қатысудан пайда жоқ. Мұндай қиындықтар кәсіпкерлерді тендер иеленудің «төте жолын» іздеуге, сыбайластыққа баруына ықпалын тигізбей қоймайды. Ендеше, тендерді «Атамекенге» тәуелді етіп, бұрыннан қалыптасқан жүйені бүлдірудің қажеті қанша?

«Күлшеден» кім айырылғысы келер дейсің?
Көпшілік көкейінде жүрген дәл осы сұрақ жақында парламент мінберінде көтерілді. Бизнес өкілдерінің индустриалдық сертификат алудың айқын, қолжетімді еместігі туралы базынасына назар аударған Сенат спикері Дариға Назарбаева «бұл функцияны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құзырынан алып неге мемлекетке тапсырмасқа?» деген сауалды төтесінен қойды. Кәсіпкерлерге қиындық келтіріп отырған ереженің авторы – Қаржы министрлігі. Содан болар вице-министр Берік Шолпанқұловқа жоғарыдағы мәселе жақсы таныс болып шықты. Түйткілдің сенат мінберіне жеткеніне қапалы болған вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көпшіліктен түскен ұсыныс-талапты ескере отырып мәселені шешуге кірісіп кеткенге ұқсайды. Тек сертификат берудің тәртібі қалай реттеледі, кәсіпкерлерді палатаға тәуелді етудің түйіні қалай тарқатылады, бұған дейін сертификат үшін төленген кәсіпкерлер қаржысына кім бақылау жасайды деген сұрақтар басы ашық күйінде қалып отыр.
«Жылы-жұмсақтан» айырылғысы келмеген «Атамекендіктер» сол күні-ақ ресми сайттарына сертификатты алуға қатысты ақпараттарға толтырып, өз істерін барынша ақтап алуға тырысып бақты. Дариға Назарбаеваның сауалына бірден жауап берген «Атамекен» ҰКП басқарушы төрағасы Абылай Мырзахметов болса өз істерінің дұрыстығына сендіріп бағуда.
– Сертификат беру – әр сатысы жанжақты бақыланатын, жұмысы жолға қойылған жүйе. Жыл сайын палатадан мыңнан аса сертификат беріліп, мың сертификат сарапшылар сүзгісінен өтеді. Бұл бұрыннан бар, шетелдік тәжірибеде өзін дәлелдеген бастама. Оның үстіне, көршілес Ресей мен Беларуста сертификат алу уақыты бізден гөрі әлдеқайда ұзақтау, әрі бағасы да біздің бағадан жоғары, – дейді Абылай Мырзахметов. Қолына тиген күлшені кімнің бергісі келер дейсің. Осы тұрғыдан алғанда Мырзахметовтің жанұшыра қолдауының жөні бар. Жалпы «Атамекен» көрсеткен қызмет қалта қақпайтын болса кәсіпкерлер шағым жазып, палата жұмысын өткір сынға алмас еді. Онда Парламенттік тыңдау да назардан тыс қалары сөзсіз. Өкініштісі бір жылға сертификат алудың бағасы 150 мың мен 200 мың теңгенің арасында. Ал, бір апталық салалық сараптама жасау 200 мың мен 400 мыңның арасын межелейді. Енді осы сертификатты бірнеше ондаған тауарына алғысы келетіндердің қиналысын көз алдыңызға елестете беріңіз. Бұл цифрлар кәсіпкерлер жанайқайының бекер еместігін алға тартады. Және ақша алу әдісінің өте әдемі жасалғанына таңданбасқа әддің жоқ.
Енді негізгі және басты сұрақ – былтырғы жылдан бері сан мыңдаған тауарды сертификаттаймыз деген желеумен көп қаржыны қалтасына басқан «Атамекеннің» ашық есеп беріп, мәлімет таратуға мүмкіндігі жете ме? Жалпы өздігінен ағылып жатқан бұл қаржының қызығын неге тек «Атамекен» көруі керек? Бұл сұрақ қазір қоғам тарапынан қызу талқылануда. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытқымыз келсе, қолдан жасалған кедергілерден арылуымыз керек-ақ.
Нұрлан ШЫНТАЕВ

Укрепление экономической интеграции

Казахстан и Кыргызстан намерены вывести двустороннее сотрудничество на качественно...

Дорожная карта индустриализации

В прошлом году в Казахстане был принят Национальный проект...

Семь раз отмерь…

Как известно, Казахстан намерен построить атомную электростанцию, об этом...

Смаилов поручил ТЭЦ провести внеплановые проверки

Премьер-министр Алихан Смаилов поручил провести внеплановые проверки тепловых электростанций, передает...

Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды

Премьер-министр Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды, -...