Шығыс Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері осы күні бостандыққа шыққан сотталғанды мекеме қақпасынан қарсы алды.
Босату қолданыстағы заңнама аясында, негізгі жаза мерзімін өтеуіне байланысты жүзеге асты. Бұл күн ер адам үшін ерекше әрі есте қаларлық сәт болды – оны мекеме қақпасынан тек туған-туыстары мен қызметкерлер ғана емес, алдағы уақытта оның бейімделуіне көмек көрсететін пробация қызметінің өкілдері де қарсы алды.
— Біз әрдайым түзелу жолына түскен жандарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Бостандыққа шығу – жай ғана заңдық акт емес, бұл — өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндігі, — деді №18 мекеме сотталғандар арасындағы тәрбие және психологиялық жұмыс бөлімінің тұрмыстық және еңбекпен қамту инспекторы Меруерт Қапасова.
— Біздің міндетіміз – тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар сотталғандарды әлеуметке қайта бейімделу процесінде қолдау, оларды еркін өмірге дайындау.
Айта кету керек, босатылар алдында мекеме мамандары сотталғанмен құқықтық, әлеуметтік және психологиялық бағытта дайындық әңгімелерін жүргізді. Оған алдағы құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау түрлері түсіндірілді.
Пробация қызметінің мамандары бұрынғы сотталған азаматты одан әрі сүйемелдеп, оның қоғамға сәтті бейімделуіне, жұмысқа орналасуына және қайта қылмысқа бармауына көмектесу үшін бақылауға алды.
ҚАЖ қызметкерлері азаматқа жаңа өмірлік кезеңде табандылық, сенім және амандық тіледі.