12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ТАРИХЫН БІЛГЕН ЕЛДІҢ ТАМЫРЫ БЕКЕМ

Қазіргі кезеңде тәуелсіздігімізді қызықтап, бөркімізді аспанға ату кезеңінен алшақтап, көшіміз ұзап барады. Ендігі жерде тәттіге елтіген баладай таңырқап, тамсана бермей, бір уақ қолдағы барымыз бен жоғалтқанымызды санамен салмақтап, салыстыра сараптайтын, байыпты баға беріп отыратын шақ туғандай.

Ең бастысы, осы қазақтың меншігі-ау деп сеніммен айта алатын ұлттық құндылықтарымызға ешкім таласып жатқан жоқ, барымызды базарлай білу тек өзімізге қатысты мәселе болса керек. Ал ең бір талас тудыратындай мәселеге тарихымызды жатқызсақ, оның өзі уақыт өткен сайын бүркеме қабығы аршыла түсіп, өзінің шынайы бітім-болмысымен, арналы ақиқатымен танылып, жұртымызды қуантып келеді. Иә, шынайы тарихқа шөлдеп өткен дәуірлердің ақиқатына зәру болғанымыз, дәл осы тарапта жігеріміздің құм болып келгендігі анық еді. Елің мен жеріңнің тағдыры жиі таразыға тартылып, империялық үстемдіктің қолжаулығына айналған жерде, елдік тарихың да соның кебін киіп, «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, өз еркің өзіңде болмаған соң, өткеніңе де өзгелер төрелік айтып, қасиетті тарихыңның құнсызданып, қадірі қашуы да лезде екен.

Өткенін түгендемеген ел өспейді

Тек «Қазақ ССР тарихы» деп аталған биттің қабығындай жұп-жұқа оқулық кітаптан ғана жүріп өткен жолдарымыз – бастан кешкен тарихымызды, қалың қазақтың қадірі мен қасиетін, ата-бабаларымыз айбарымен жасқап, қызғыштай қорып, сақтап, осыншама жерді иеленген халқымыздың барша жақсылығын танып-біліп, сол тар аямен өлшеп келіппіз… Осындайда арқалы ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің: Менің бабам қақтаған қыр аптабы, Көшіп-қонып, Ұрпағы тұрақтады. Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!… – деп жырлағаны жиі еске оралады. Бұл жыр жолдарына бір кездегі елін-жерін өртене сүйген арда қазақтың отарлаушы империяға деген наразылығы да, ар-намысы да сыйып кеткендей. Ел мен жердің жаңарып, бой көтеруімен бірге, оның тарихы да тәуелді күніміздегідей, сірескен, мұз болып қатқан қалпынан арылады екен, жаңа дәуірмен бірге жасарып, жаңғырады екен. Міне, соған куә болып, көңіл көншіп қана қоймай, ұлтымыздың еңсесі көтеріліп, намысымыз қайралып, дүр сілкініп, әруағымыз асып бара жатқандай. Бұл – кешегі отаршылдықпен алысып өткен алаш арыстарының көкейін тескен арманы еді. Ел тарихының қадір-қасиеті, құндылығы дегеніміз де осында жатқан шығар, оның серпілісі, тереңдік сипатқа ие болуы, ұлт рухының оянуымен барабар. Иә, шынайы тарихи болмысыңды танымай тұрып, жарқын болашаққа сеніммен қадам басуың да күмәнді. Өз қолымыз өз аузымызға жетпей, қысымшылықпен күн кешіп жүрген шақта, қазақ тарихына кеңес тарихы арқылы үңіліп келдік, басқаша болуы мүмкін де емес еді. Әлгі биттің қабығындай деп қомсынсақ та, сол кеңес аясындағы тарихымыздың өзінде іліп алар қасиетіміз жоқ емес еді. Әсіресе, «патшаға әскер бермейміз!» деген 1916 жылғы, қазақтың қайнаған намысындай, жанартаудай бұрқ етіп оянып, жалыны жер-көкті шарпыған ұлт-азаттық көтерілісін бастаған әйгілі Аманкелді батыр мен нағыз халық қаһарманы екенін екінші дүние жүзілік соғыстың басынан бастап, жеңіс сағаты соққанға дейін дәлелдеген, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы сияқты марғасқаларымыздың өздерімен-ақ тұтас халықтың абыройын жапқандай сезінгеніміз де рас. Сол кеңестік дәуірде, империялық, шовинистік пиғылдың үстемдігіне қарамастан, айға шапқан арыстандай айбатты батыр Бауыржан атамыз күндей күркіреген айбарлы дауысымен, ар-намысымен олардың аптығын басып, қарсы тұрып, ұлтымыздың шын мәніндегі символдық қаһарманына айналған болатын. Жалғыз Бауыржан батыр отаршылдықтың шынжырын тас-талқан қылып бұзып, империяның төбесінен төніп қарап, айбатымен жасқап тұрғандай елестейтін. Отаршылдықтың бұғауы мойынға кигізілген кезеңдерде қазақ деген халықтың батыр, намысқой, әрі көкірегі ояу, ұлы халық екенін, тұтас ел болып дәлелдей алмасақ та, осындай бір басы мың санға татитын, ғасырлар тоғысында бір-ақ рет туатын бірегей тұлғаларымыз қадау-қадау шығып, бой көрсетпеп пе еді!

Алашты алға сүйреген арыстар

Олар санаулы болса да, өктем империядан айылдарын жимапты, өр халықтың ар-намысы болып оянып, алаштың асқақтығын танытыпты: Сырым Датұлы, Кенесары хан, Есет Көтібарұлы мен Жанқожа батырлар, Исатай-Махамбет, Аманкелді, Кейкі батырлар, Әбдіғаппар хан, алаш ардақтылары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан…Жалғыз жортқан жолбарыстай қаһарман Бауыржан мен бейбіт күннің батыры, аждаһаның аузынан алты облысымызды аман алып қалған, империяға арыстандай азу көрсетіп, алаштың айбатын ақырып танытқан Жұмабек Тәшеновтер көңілге тоқшылық әкелетін есімдер. Осылардың әрқайсысы мыңдардың ісін тындырыпты, елдігіміздің тұғырын биікке көтеріпті, империяның кеудесін басуға жарапты, санастыруға мәжбүр қылыпты, кімнің тақиясына тар келер?! Кейде, санмен емес, бірегей сапалық қасиеттерімізбен мерейіміз үстем болған шақтарымыз тарихымызда аз болмапты. Тұтас халықтың ар-намысы тапталған жерде, еріксіз отаршылдық бұғауы мойнына кигізілген кезде, осындай жекелеген тұлғалар бой көтеріп, алға шығады екен. Сол бірегейлеріміз ұлт абыройын көтеріп, барша жауапкершілігін иықтарына артып алып кетуі заңдылық сияқты.

Заңдылық дейтініміз, кеңестік тоталитарлық режим тұтас халықты айыпқа тартудан, жазалаудан танған жоқ, оған Қазақстанда қолдан жасалған ашаршылық, елде жаппай белең алған репрессия дәлел. Осындай халық тағдырын ойыншыққа айналдырған деспотизм жағдайында жалғыз жортқан жолбарыстай ерлеріміздің жарқ етіп бой көрсетуі – ұлтымыздың қанымен сіңген қасиеттерінің ешқашан жойылмайтындығының нақты сипаты еді. Тек санаменен салмақтай алсақ жарады. Кеңес дәуірінде анық дәл бағасы берілмеген, әділетті сарапталмаған тарихи оқиғалардың біріне XIX ғасырдың басындағы орыс-француз соғысы жатады. Тіпті, сол кездің өзінде байыптаған адамға шикілігі білінгендей екен: «Қазақ ССР тарихы» оқулығында бұл соғысқа қатысқан деп бірді-екілі қазақтың аты аталса, кеңес тарихында бұл туралы дерек мүлде жоқ. Былай қарағанда, мемлекет аясында шешілетін мәселеге тарихты құрастырушылар жүрдім-бардым қараған. Бұлай дейтініміз, ол кезде Қазақ хандығы тарқамаған, әлі өз күшінде, орда ретінде дүниеге аты мағлұм, яғни, мемлекеттік құрылым күшін жоймаған кезең. Сондықтан, бұл соғысқа қазақ жауынгерлерінің қатысу-қатыспауы хандық аясында қаралып, шешілетін мәселе болса керек еді. Ал солай шешілген болса, ол соғысқа қалайша бірді-екілі адам жіберілмек? Әлгі қолжаулық оқулыққа сенсек, ерігіп, ұрынарға қара таба алмай, қолдары қышып жүрген бір топ қазақ әшейін қатыса салып, соның бір-екеуі тәуір қимыл көрсетіп, көзге түсіп қалғанға ұқсайды. Әшейін, мазақ тұжырым екені айқын. Салмақты, сауатты тарих бұлай өрілмесе керек еді. Сөйтсек, шынайы тарих мүлде басқаша. Біз өзімізге қатысты тарихты айтып отырмыз. Мейлі, қай өлшеммен қарасақ та, патшалық империяның қай билеушісі де, Петр императоры да, қатын патшайымы да империялық астамшылықпен, өздерінің тарихын тек орыстық үстемдік тұрғыдан жазып көрсетуді бұйырып, тарихшы ғалымдарға арнайы тапсырма бергені әлдеқашан белгілі болған. Яғни, орыс армиясын тек жеңімпаз тұрғыдан көрсету империялық идеологияның басты мұрат-мүддесіне айналған. Патшалық Ресейдің осы бағыты кешегі кеңестік дәуір тұсында да жалғасқанын сіз бен біз жақсы білеміз. «Жеңілуді білмейтін кеңестік советтік держава» деген ұраншылдықтың ар жағында одақ құрамына кірген он бес республиканың немесе қазақтың мүддесін қорғау емес, орыстық империялық мүдде жатты. Сондықтан да «елім», жерім» деп бас көтерген, алашының жоғын жоқтаған арыстарымыз жапа шекті…

Орыс-француз соғысында қазақтардың ізі бар

Осы мүдде олардың тек тарихында емес, әдебиеті мен өнерінде де көрініс табуы тиіс болды. Басқасы туралы сөз қозғамай-ақ қояйық, өзіміз тілге тиек етіп отырған орыс-француз соғысының тарихы да империялық мүддеге негізделіп жазылғанын ғалымдар дәлелдеп отыр. Және бұл бір жақты көзқарасқа негізделмеген пікір, қазақ ғалымдары осы соғыс туралы француз жұртының мемлекеттік архивтік деректерімен сәйкестендіре деректер келтіруде. Ең алдымен айтарымыз, ел тарихына енгізілмеген архив мәліметтеріне сүйене сөйлесек, қазақтардың бұл соғысқа қатысуы екі елдің, яғни, Ресей мен Қазақ Ордасы хандарының өзара келісімі арқылы жүзеге асқан. Бұрынғы жалпыға мәлім тарихтан да белгілі, сол тұста бүкіл дүниеге жеңілмейтін император болып танылған әйгілі Наполеон Бонапарт өзінің жеңімпаз 600 мың француз әскерімен 1812 жылы 2 қыркүйекте шерулетіп Мәскеуді басып кіргенде, оған орыс қолбасшысы М.Кутузов басқарған патша әскері қарсы тұрған. Бұл соғыс тарихта «Бородино шайқасы» деген атпен белгілі. Бірақ, осы соғысты орыс тарихы қанша әспеттеп, дақпыртын асырып көрсетсе де, М.Кутузовтың қолбасшылық дарыны көрінбеген.100 мыңға жуық адам қаза болып, 14 сағатқа созылған соғыстан соң ақыры орыс қолбасшысы Мәскеуді тастап, қашып шыққан. Осы тұста тығырыққа тірелген Ресей патшасы бірінші Александр қазақ хандарынан көмек сұраған. Міне, қараңыз, орыс империясының Қазақ Ордасына деген басқыншылық саясат ұстануына қарамастан, үш жүздің хандары өзара ақылдаса келіп, халық мүддесін ойлап, әскери көмек беруді шешкен. Өйткені, жасырары жоқ, қазақ хандығы Ресейге экономикалық жағынан мүдделі еді, әсіресе, сауда-саттық байланыссыз ісі алға баспасы анық болатын. Бірақ, Ресейдің де Қазақ Ордасына мүдделі болып, күні түскендігіне осы француз басқыншылығы айқын дәлел болып тұрғандай.

Отаршыл жүйенің қиянаты

Қазақ Ордасы жағынан осы шайқасқа 92 мың қазақ жауынгері қатысыпты. Көптеген тарихи деректерде, олардың нақты қазақтар деп көрсетілмей келуінің басты себебін жоғарыда ұқтырғандаймыз, ол ең алдымен, орыс империясының өзімшілдігінен, өзге халықтың игілігін, жақсылығын қасақана елемеушіліктен туындаған жағдай. Екінші бір үлкен себеп, сол кездегі есеп бойынша, әлгі орыс әскері құрамына енген қазақтар Ресей әскері құрамында қайта жасақталғанда, башқұрт полкы, Орынбор полкы, Түркі әскерлерінің полкы болып құрылыпты. Бұларды өздері «жабайы кавалерия» деп атапты. Мұның әдейі жасалған, жасалмағандығына кепілдік бере алмаймыз. Орыс қолбасшысының дәл сол сәтте не саясат ұстанғандығын кім білсін, дегенмен, тарихи құжаттар солайша тіркеліп кете барған. Оның үстіне, орыс патшалығы ескі замандардан, тіпті, империя ретінде күшейіп, бел ала бастағаннан-ақ, Қазақ Ордасына сенімсіздік танытып отырған. Әрине, бұған басты себеп, арғы ғұн, сақ дәуірлерін былай қойғанда, Шыңғыс хан, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда дәуірлеріндегі ата-бабаларымыздың жер жарған атақ-даңқы екендігі сөзсіз. Оның үстіне, қазақ жерінің асты-үсті толған байлығына ежелден көз сүзіп келе жатқан империя, әрине, бұл елдің еңсесін көтеріп, өзімен таласар, күш теңестірер деңгейге көтерілгенін қаламайды. Сол есеппен, біздің жұртқа тиісті деген тарихтың бәрі қатаң сүзгіден өткізіліп, немесе, қасақана жойылып отырған. Халқымыздың ерікті-еріксіз осындай көш ілгері дамып кеткен алпауыт елмен тағдыры қосақталып келуі де үлкен сорымыз болғандығын мойындауға мәжбүрміз. Ал бұл мәселе, қазіргі кезеңде, халқымыздың өткені мен бүгінін салмақтап, қолдағы бары мен ғасырлар иінінде жоғалтқанын түгендер мезгіл жеткенде, тарихын қуалап, ізіне түскен ұрпақ үшін әжептәуір қиындық тудырып отыр. Солай екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. «Өткен болмай, бүгін жоқ» дейді халық. Өйткені, біз жоғалтқаны көп, өзгелерге есесін көп жіберген халық екенімізді естен шығаруға болмас. Ұрпаққа айтар кеңесіміз де осы орайдан табылуға тиіс… Орыс-француз соғысы – тарихта айқын таңбаланып қалған ұлы оқиғаның бірі. Оның үстіне, ол орыс әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиеттің жауһары, інжу-маржаны саналатын Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының сюжетіне еніп, мәңгілік өшпестей адамзаттық жетістік – әлемдік қазынаға айналды. Кейде, қазақтың ғасырда бір-ақ туатын біртуарларының кемеңгер келбетін сомдауға сол Толстой, Әуезов секілді әдебиет алыптары арамыздан шығар ма еді деп көксейсің. Дана халық қана даналарды өмірге әкеледі. «Алтын құрсақты ана» деген теңеуді қазақ қана айта алады. Әттең, соқыр күштерден, озбыр өктемдіктен тартқан теперіші көп халықпыз. Қазақтың қасиетінің танылуы кемдік соғып жатқандай… Сол орыс-француз соғысын орыстар қанша дәріптеп көрсеткенімен, олар бұл соғыста Мәскеуді тастай қашқаны анық. Олар француздарды, мейлі мойындағысы келмесе де айтуға тиіспіз, қазақтардың, сондай-ақ, түркі тектес жұрттардың, татар, башқұрт халықтарының көмегімен ғана Мәскеуден қуып шығып, Парижге дейін өкшелеп, тықсыруға қол жеткізді. Және бұл орыс патшалығының толық жеңісі емес еді, француздар бұл соғыстан меселі қайтқанымен, тарих аренасындағы үстемдігін сақтап қалғандығы анық. Сондықтан да әлемдік тарихта орыс қолбасшысы М.Кутузовтың аты қалған жоқ, Наполеон Бонапарттың есімі қалды. М.Кутузовты орыс арасында ғана құрметтесе, Наполеон есімін әлем құрметпен атайды. Француз халқының даңқын шығарған перзенті ретінде де, мемлекеттік қайраткер ретінде де, әскери дарынды қолбасшы ретінде де ол биік тұр. Біз осыған дейін, тарихқа орыстық империялық мүдде тұрғысынан баға беріп келдік, сол көзқарасымыз әлі де болса өзгере қойған жоқ. Ал қазір отаршылдықтан қалған жалтақ, үркек көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Яғни, тарихымызбен бірге, сана-сезіміміз де серпіліп, тәуелсіз, жалтақтамайтын көзқарасқа бейімделетін шақ әлдеқашан туған. Тек соны сезінуіміз, соған бой үйретуіміз кемшін. Орыстық империялық мүдденің асқынғандығы сондай, олар сонау ғасырлар қалтарысында ізі өшуге айналған француздармен соғыс тұрмақ, әлі ізі суымаған екінші дүниежүзілік неміс фашистерімен болған соғыстың өзін орыстың жеңісі деп түсіндіруден тартынбайды, бүкіл одақ елдерінің бұл ортақ жеңіске атсалысқанын мойындағысы келмейді. Осы өзімшіл пиғылмен рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевтың ерлігін мойындамады, екі орыстың біріне беріліп жатқан батыр атағын қимады. Ал олардың Бауыржан Момышұлының тарихта өшпестей із қалдырған ерлігіне көз жұмып, көпе-көрнеу жасаған қиянаты туралы жеке бір эпопея жазуға болар еді. Әрине, батыр атамыз олардың алдында жіптіктей мінез көрсетіп, орыс қолбасшыларының тілін табуға тырысып, жағымпаздыққа салынса, сол империялық өктемдік ұстанғандардың қызғанған атағына қолын жеткізуі де әбден мүмкін еді. Бірақ, қанымен бірге біткен тектілігі батырды ондай қорлыққа жібермеген. Түсіне білгенге осының өзі ұлы қасиеттің сипаты емес пе? Бірақ, ең бастысы қарапайым халық Баукеңді батыр ретінде таныды, қазақ арасы түгілі, орыс жұрты, тіпті, бүкіл әлемде оның бейнесі аңыз болып тарады. Ерлікті елемеу – ессіздік Куба президенті Фидель Кастро оның ерлігінің алдында басын иіп, еліне құрметпен шақырса, өз әскеріне қазақ батырының дәрісін тыңдатса, оған толық негіз бар еді. Әттең, осындай ұлы қасиеттердің империялық өзімшілдікке қор болғанына қынжыласың. Баукең де осыны жақсы түсініп, соқыр дүлей күшпен айтысып-тартысуды бойына ар көрген, басын имеген қалпы көз жұмыпты. Міне, қазақтың жоғала бастаған тектілігін осындай біртуарлықтан танып-біліп, ұрпағымызға өнеге қылсақ, лайықты-ақ болар! Ал сол батыр Баукеңнің, даңқы жер жарған дивизия командирі Бауыржан Момышұлының ержүрек ата-бабаларының сонау орыс-француз соғысында арғымақтарын ойқастатып, Наполеон әскерлерін Мәскеуден Парижге дейін өкшелеп қуып барғанын білеміз бе? Сөзіміз негізсіз емес, батыр Баукеңнің ата-бабаларының жұртынан, яғни, Ұлы жүзден бұл соғысқа 50 мың адам қатысыпты. Жалпы соғысқа қатысқан 92 мың қазақтың жартысынан астамы Үйсін-Дулат жұртынан болса, Кіші жүзден 30 мың, Арғыннан 12 мың жауынгер қатысыпты деген дерек жиі кездеседі. Бұл деректерді жоққа шығаратын қарама-қайшы көзқарастар да баршылық екенін айтуға тиіспіз. Мысалы, тарих ғылымының докторы, профессор З. Қабулдинов: «Ұлы жүз руларынан 50 мың адамның бұл соғысқа қатысуы мүмкін емес, өйткені, ол кезде патшалық Ресейге тәуелді емес еді, және ел ішінде бұл кездерде отаршылдық саясатқа наразылық күшейіп тұрған» дейді. Бұл пікірдің де жаны бар шығар, Сырым Датұлының көтерілісінің ізі де суымаған уақыт, қазақ елінің әр тұстарында отарлаушылық өктемдікке наразылықтар жиі-жиі бой көтере бастаған. Дегенмен, ортақ мүдделі қарым-қатынастар да жоқ емес еді, патшалық Ресейдің Қазақ Ордасымен ертеден тығыз байланыс орнатып келгенін қалайша жоққа шығарамыз? Мәселе, тек тәуелді, тәуелсіздікке тіреліп қалмаған шығар. Аса көңіл бөлетін маңызды мәселе, қазақтардың бұл соғысқа қатысуы империялық өктемдіктен туындап отырған жоқ, екі елдің өзара келісімімен болған жағдай. Қайта Ресей кішірейіп, басына күн түсіп, қазақ хандарынан көмек сұрап отыр емес пе? Әрі бұл әрекетте Қазақ Ордасының әлеуетін, шама-шарқын мойындаушылық та бар. Әйтпесе, расын айтқанда, ол тұстағы Ресей кімге басын иетіндей осал жұрт еді? Осындай абыройлы биігімен барып, ерлік көрсетіп, соншалықты деңгейдегі алып елдің жауының бетін тойтарып берсе, керісінше, мақтаныш тұтар жөніміз бар шығар. Орыстардың француз әскерінен ойсырай жеңіліп, қазақ және өзге түркі тектес «жабайы кентаврлар» деген атқа ие болған әскердің арқасында француздардың бетін зорға қайтарып, өз елдеріне дейін тықсырып қуып баруына себепкер тағы бір маңызды фактіні ескермей кетуге болмас. Қазақ хандары Александр бірінші патшаның өтінішімен соғыс шығындарының орнын толтыруға және әскерді соғысқа жарамды таңдаулы ат, азық-түлікпен қамтамасыз етуге көптеп көмектескен. Дәл сол соғыс үстінде осының бәрі шешуші маңызды фактор саналғанымен, астамшыл империя түпкілікті мақсатына жетіп алғаннан кейін мұның бәрін ұмытқан, немесе, өз тарихына көлеңке түсіруі мүмкін мағлұматтарды саналы түрде жойып отырған, яғни, ұлы орыс империясының абырой-беделіне нұқсан келмеуін ойластырған… Өзгелердің жақсылығын, адалдығын қасақана елемеу, өзеуреген менменшілдік – Ресей отаршыларының қашанғы әдеті, елдік ұстанымы болып келгені белгілі. Кейінгі пайда болып жатқан деректерде, тіпті, қазақ жауынгерлерінің осы шайқастар үстінде қай елдімекен, қала, деревняларды азат етуге қатысып, патша тарапынан қандай марапаттауларға ие болғанына дейін келтірілуде. Біз бұл мәселелерді тарихшылар еншісіне қалдырайық, тек айтарымыз, ел тарихының нақтылана түсуі, күннен-күнге айқындалып келе жатқаны ортақ қуанышымыз, елдігіміздің туының асқақтауы, ұрпағымыздың мерейінің көтерілуі деп ұғамыз, осының өзі шексіз шаттық сезіміне бөлейтінін жеткізгіміз келеді. Ал енді, қай соғысқа қандай рулардың қатысқандығы империя үшін маңызды болмаған шығар, ал қазақ тарихы үшін аса маңызды деп білеміз. Ата-бабаңның кім екенін, қандай ерлік жасағанын білмеу өз тегін танымаған тексіздікке жетелейді. Өзгеге құлдық ұру, басқаның қасиетіне бас ұрып, табыну осындайдан шығатынын тарихымыз әлдеқашан дәлелдеген. Ақ патшаға табынған, Ленинге, Сталинге құлдық ұрып, әулиедей табынған замандарды бастан кешкеніміз бүгінде жасырын емес…

Тегіңді тану жікшілдік емес

Өз ата-бабаңды тануың – жікшілдігің емес, тамырыңның тереңде жатқандығын білуге деген талпынысың, тегіңді тануға ұмтылысың болмақ. Осыны аға буын өкілдері, біздер, кейінгі ұрпаққа ұқтырып, ара жігін айырып, түсіндіріп отыруға мүдделіміз. Мұны біз айтпасақ, ұрпағымыз кім екенін түс көріп білер ме? Тек түпкі мұрат – алаш баласына ортақ қазақтық мүддеден айырылып қалмасақ болғаны. Және қосарымыз, жоғарыдағы мағлұматтар осы бағыттағы зерттеу жұмыстарының соңғы нәтижесі болмауға тиіс, бұрынғы отар елдердің тарихының көмбеде қалып келіп, енді жарыққа шығарыла бастауында заңдылық бар, олардың жалғаса беретіні сөзсіз. Ендігі бір маңызды мәселе, бұл соғыс туралы деректерді қазақ-орыс архивтерінен іздеудің өзі аздық ететіндей. Тарихшыларымыздың дәлелдеуінше, француз елінен қазақ жауынгерлерінің сол соғысқа қатысуы туралы маңызды деректер табылған. Мәселен, Наполеонға мәлімдеме жолдаған француз генералдарының бірі Роберт: «Орыстар бізге қарсы моңғолдар тобын жіберді. Былғары тон киіп алған бұл адамдар қорқуды да, мейірімділікті де білмейді. Олар қатты ұрандатып қарсы шапты…/Автордан: бұлардың қазақтар екенін осыдан-ақ аңғаруға болар. Қазақтардың не «Абылайлатып» хандарының атымен, немесе, батырларының әруағын шақырып ұрандатып, ұрысқа кіретіні, осылайша жаудың құтын қашыратыны белгілі. Тіпті, ядролардың жарылысы да оларды қорқыта алмады. Олар өздерінің негізгі қару-жарағы ретінде садақ пен жебені пайдаланады. Олар біздің зеңбірекшілеріміздің басын көтертпеді. Бұл адам сенбестей, мүмкін еместей жағдай болды. Бізге бұл баяғы Шыңғыс ханның әскерлері жер астынан шыға келгендей қорқыныш тудырды» деп жазыпты. Тағы бір осындай француз қолбасшысының мәлімдемесінде: «Орыс әскерлерінің құрамында болған жабайы азиаттардың қимылдары орасан. Қолдарындағы қарулары қарапайым, садақ, найзалар ғана болғанымен бет қаратпайды. Мергендіктері сондай, жауының осал жеріне, көзіне, әйтпесе, басқа бір нәзік жерлеріне дәл тигізеді…» Міне, осы, белгілі себептермен, орыс, француз тарихында, біресе, «жабайы азиаттар», енді бірде «жабайы кентаврлар», болмаса, сонау ескі дәуірдегі Шыңғыс ханның әскерлерін елестетіп жүрген сарбаздардың қазақтар екені күмән тудырмайды. Олардың тарихында қазақ әскерлерінің жабайы сипатталатынын намыс қылар да жөніміз жоқ, әрине, ол кездегі қазаққа орыс пен француздың соғысқа арнайы тіктірген әскери әдемі мундирлері қайдан келсін. Бірақ, ең ғажабы, осы қазақтар мен олармен бірге жүрген бауырластарының үстіне киген киімі, жасанған сауытына дейін жауға үрей тудырып, құтын қашырыпты. Осыны ескерген ақылды Наполеон мен оның қолбасшылары кейінірек өз әскеріне осындай сауыт, киімдер кигізіп, түрлі соғыс қимылдарында пайдаланғаны туралы деректер де кездеседі. Осының бәрі біздің тарихымызды тани түсу үшін маңызды деп ұғамыз.

Тарихты түгендеу – тарихшыларға сын

Тек, дәл қазақ атауымен аталмағандығы болмаса, орыс армиясына қосымша күш берген, француз әскерінің үрейінің ұшып қашуына себепкер болғандардың кім екенін біздің отандық тарихшыларымыз да, негізгі соғысушы екі үлкен империялық елдің тарихшылары да айқындап, болжаған секілді. Бір жағдайды ұмытпауымыз керек, қай елдің де тарихи ұстанымында империялық өзімшіл мүддесімен бірге, халықтық ортақ мүддесі танылады. Ал сол халықтық мүддеден сүзгіден өткендей сүзіліп әділетті тарих ертелі-кеш бетіне қалқып шығады. Мысалы, патшалық Ресей өз тұсындағы империяшыл зорлықшыл, отаршыл қоғамды қаншалықты сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткісі келгенімен, Пушкині мен Лермонтовы, Белинскийі мен Гоголы, Толстойы мен Чехов секілді алдыңғы қатарлы, дана шығармашылық өкілдері оның сантүрлі былығын ашып, әшкерелегендігі белгілі. Яғни, империялық өзімшілдік пен халықтық демократиялық мүдде екі бөлек ұғым екендігін айыру маңызды екендігі сөзсіз. Тарихты танығанда, парасатты ой мен көрсоқыр өзімшілдіктің аражігін ажыратып, салиқалы тұжырымды түйін түйе білу, арлы ақиқатқа жүгіну – алаш баласының елдік мүддесіне айналуына ұмтылысы мен талабының нәтижесі болмақ, ұрпағымызды осыған бағыттау үлкен мұратымыз. Тарихи көзқарас та тек империялық үстемдікке тәуелді болып қала алмасы анық. Міне, соның жарқын бір дәлелі ретінде қазақ тарихы да өзінің шынайы болмысын тауып, елдігіміздің биік тұғырын көтере түсуде.

Досжан ӘМІР, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.