spot_img
spot_img

ТАЛҒАР ОҚИҒАСЫ: АҚПАРАТҚА АШ ХАЛЫҚ АШУҒА БЕЙІМ

2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысының Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Бұл қайғылы жағдай қоғам назарын аударып, көптеген пікірталас туғызды. Халықты ашындырған, алақандай ғана Талғардың алаңына алып шығып, жолды жабуға итермелеген себеп үлкен.

Ол – кәмелетке толмаған баланың қан аңсаған қарақшылардың қолынан қаза табуы. Оған қоса, қаралы үйдің қайғысына ортақтасып, қылмысты ашуға талпынудың орнына жергілікті биліктің марғау қимылдап, уақытша ұстау изоляторына 7 адамды ғана қамауы да тарыққан отбасының күмәнін көбейтіп, ашуын туғызған еді. Қылмысты ашуға тиіс құзырлы органның оқиға орнынан алынған бейнежазбаны өшіріп алдық деуі де сабырлы жанның төзімін тауысатын себептің бірі. Ең бастысы, Шерзаттың өліміне куәлар бар. Және олар жалқы емес. Сол көп куә оқиға орнына үш көліктің келіп, он үш адамның қылмысқа қатысы барын айтса да, Талғар полициясының 7 адамның қолына ғана кісен салуы сақшылардың жауапсыздығын көрсетсе керек. Осы жауапсыздықтың соңы қаралы отбасы тұратын үйдің өртенуіне жалғасты. Ұлынан айырылған ата-ана қауіптің барын, өздері үшін емес, жақындарының өмірі үшін қорқатынын айтып жатқанда жергілікті полицейлер неге назар аудармады? Неге күзет қойып, неге жәбірленушілердің жағдайын ойламады? Осындай сауатсыз жұмыстың, салғырт тірліктің нәтижесінде қаралы отбасының үйі өртке оранды. Ал енді күлге айналған үйді күзеттің не, күзетпедің не? Осы жағдайдың өзі біздің құзырлы органдардың жұмысын қайта қарау керектігін көрсетеді. Шеруге шығудың алдында тұрған халықты сабырға шақырудың жалғыз жолы – жәбірленушілерді қорғап, қылмысты тез әрі тиянақты ашу еді. Жағдайдың асқынуына жол беру – Алматы облысындағы күштік құрылымдардың тәртіпті бақылауда ұстауға дәрменсіз екенін ғана емес, сонымен бірге, елді тыныштандыруға ниетті еместігін аңғартатындай. Қазір қаралы отбасының қайғысына бей-жай қарамайтын жұрт біресе көмекке қаржы жинайық, біресе үй салып берейік деп бастама көтеріп жатыр. Тіпті, еліміздің әр өңірінен «Шерзат үшін» деген ұранмен Талғарға келіп, әділдікті орнатамыз деп жатқандар да бар. Талғардың жолдарын жауып, шеру өткізсек деп ой тастаушылар да кездесуде. Осының өзі халықтың полицияға деген сенімінің төмендігін көрсетеді. Зайырлы, құқықтық мемлекетте халық полицияның, соттың жұмысын атқармауы керек. Мұндай қоғамдық көзқарастың орнығуы мемлекетте заңсыздықтың күшеюіне алып келеді. Шындық жоқ жерде сұмдық көп. Ақпаратқа аш халық ашуға бейім болатынын ұмытпайық. Бір қылмыс екінші қылмысқа ұласпауы үшін Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі жәбірленушілердің қауіпсіздігін қорғап қоймай, қылмыстық іске байланысты барлық іс-әрекетті жедел жеткізіп отырғаны жөн.

Аружан МӘУЛЕТБАЙ, «Заң газеті»

Кредит нарығындағы өзгеріс: кімге қарыз берілмейді, кімге жеңілдік бар

Агенттіктің мәліметінше, 2024 жылғы тамызда халықтың барлық кредиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасының (ЖТСМ) шекті мәндері азайтылған.

16 жасқа толмаған балаларға TikTok пен Instagram-ға тыйым салынды

Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған алғашқы ел болды. Көптеген ғалым мұны жасөспірімдердің психикалық денсаулығына және әлеуметтік байланыстарына шектеудің әсерін зерттеуге мүмкіндік беретін тәжірибе деп бағалап отыр.

Қазақстанда киімдер АҚШ пен Жапониядан қымбат екені рас па?

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та "Қазақстанда киім мен аяқ киім АҚШ-қа, Жапонияға және Канадаға қарағанда қымбат" деген ақпарат тарады.

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері уақытша жабылады

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері мерекеге байланысты  екі күнге жабылады.

Драйвер роста и комфорта

ШЫМКЕНТ АКТИВНО УКРЕПЛЯЕТ СВОИ ПОЗИЦИИ В ЭКОНОМИКЕ И ИНВЕСТИЦИОННОЙ СФЕРЕ, СОЗДАВАЯ НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ ЖИТЕЛЕЙ И БИЗНЕСА. ГОРОДСКИЕ ВЛАСТИ ПОСЛЕДОВАТЕЛЬНО РЕАЛИЗУЮТ ПРОЕКТЫ, НАПРАВЛЕННЫЕ НА РОСТ ПРОМЫШЛЕННОГО ПРОИЗВОДСТВА, РАЗВИТИЕ ИНФРАСТРУКТУРЫ, УЛУЧШЕНИЕ СОЦИАЛЬНОЙ СРЕДЫ, ПОВЫШЕНИЕ КАЧЕСТВА ОБРАЗОВАНИЯ, ЗДРАВООХРАНЕНИЯ И СПОРТИВНОЙ СФЕРЫ.