Ыстамбұлда Ресей мен Украина өкілдері арасында келіссөздер басталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский мен Жоғарғы Рададағы «Слуга народа» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия келіссөздерді бастаған. Делегациялар кездесуде қол алыспағаны да айтылды.
Президент Владимир Зеленскийдің саяси кеңесшісі Михаил Подоляк Twitter-де делегациялар келіссөздер процесінің негізгі ережелерін талқылағанын мәлімдеді. Осылайша, Киев Ресей әскерінің шығарылуын және қауіпсіздік кепілдіктерін талап етеді.
«Делегациялар даулы мәселелердің барлық спектрі бойынша жұмыс істеп жатыр», — деді ол.
Бұл ретте Мәскеу Украинаны «демилитаризациялау, деазификациялау», Қырымдағы Ресей егемендігін және ЛХР және ДХР тәуелсіздігін мойындау сияқты «маңызды» ұстанымдарды қамтитын жан-жақты шарт жасасуды талап етеді.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында Мединский ресейлік тарап «ресейлік әскери қызметшілерді қорлаған видеоға» қатысты наразылық білдіргенін айтты. Оның айтуынша, Украина үкіметі ресейлік әскерилерді азаптаған қылмыскерлерге қатысты қатаң шара қолдануға уәде берген.
«Украина ресейлік әскерилерді азаптаған қылмыскерлерге қатысты ең қатаң шараларды қолдануға уәде берді», — деді Мединский Киевпен келіссөздер барысы туралы.
Ресейлік делегация басшысы «бірнеше сағаттан кейін» келіссөздер барысы туралы «бірқатар мәлімдеме» жасалуы мүмкін деген үмітін білдірді.
«Бүгін сағат 9.30-дан бастап украиналық тараппен консультацияларды жалғастырамыз. Бірер сағаттан кейін оның нәтижелері туралы мәлімдеме жасаймыз деп үміттенемін», — деп келтіреді Мединскийдің сөзін РИА Новости.