12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ТӨРАҒАЛАР НЕГЕ ТАПШЫ?

Қолыма қалам алуыма «Заң газетінің» 2020 жылдың 17 наурызындағы ШҚО, Алтай аудандық сотының төрағасы А.Исмагуловтың: «Судьялар неге төраға болуға талпынбайды?», сондай-ақ, Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Қ.Мұсаевтың: «Төраға болу – төрде отыру емес» – деген мақалалары түрткі болды. Өзім құқық қорғау саласында 40 жылға жуық, оның 26 жылын әр сатыларда судья қызметінде істеп, осы қызметтен зейнеткерлікке шыққан соң, соттағы жаңалықтар бейжай қалдырмайды. Қуанатыным, соңғы жылдарда еліміздің сот жүйесінде елеулі оң өзгерістер болып жатыр.

Олар сот билігінің сапалы да уақытылы жүзеге асырылуына, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға, сот жүктемесін азайтуға, қоғамдағы даукестікті кемітуге бағытталған. Қынжылатыным, бәрін тізбелемей-ақ қояйын, тек қана жоғарыда аттары аталған інілерімнің мақалаларында атап өткен, жанымды толғантқан кейбір мән-жайларға байланысты мен де өз көзқарасымды білдіріп, олардың жанайқайына ортақтаспақшы болдым. Әңгіме болып отырған жағдайларға тереңірек қанығып алу үшін 2019 жылғы «Қазақстан Республикасында судья кадрларының жағдайы туралы Ұлттық баяндамадан» бірталай мәлімет алдым. Соған сәйкес, еліміздегі 2700-ге жуық судьяның 2000-нан көбі аудандық және оған теңестірілген соттардың судьясы екен. Көңілге қаяу түсіретіні 2019 жылдың басында солардың 10 пайызының (214) орны, ал, 376 аудандық және оған теңестірілген сот төрағаларының 29-ының орны бос болғаны. Бос болғанда да 1-2 жылдап төрағаның міндетін басқа судьялар уақытша атқарған. Ал, облыстық соттың 22 судьясының орны бос болыпты, оның ішінде бірнеше облыстық соттың алқа төрағасы да бар. Мұндай жағдай аудандық және облыстық сот жұмысына кері әсер ететіні, жүктеменің көбеюіне әкелетіні дау тудырмаса керек. Жұмысбастылықпен қателіктер орын алуы мүмкін. Менің түсінігімше, сот саласының жұмысы, әсірелеп айтсақ – толассыз майдан. Сондықтан, бұл майданда ешбір позиция бос болмауы тиіс. Себебі, әуелде әр аудандық немесе облыстық соттың штаты белгіленгенде, барлық жағдай ескеріліп, сол ауданда, облыста дұрыс жұмысты қамтамасыз ететін сот құрамы белгіленеді. Сондықтан, бұл құрамды әлсіретуге болмайды. Әрине, кадр таңдауда жауапты адамдар «Батыры мықты елді – жау жағаламайды, биі мықты елді – дау жағаламайды» деген принціппен, лайықты адамдарды дұрыс таңдамақ болып, «аз да болса – саз» кадрларды жинағысы келуі мүмкін. Бірақ, ауданда басты тұлғаның бірі болған сот төрағасы орнының 2 жылдап, облыстық сот судьяларының, оның ішінде алқа төрағаларының орны 1-2 жылдап бос тұруы мақтанарлық жағдай емес.

Судья кадрын таңдауда, оның ішінде аудандық сот төрағасын таңдауда кадрлык резервтегі судьяларға басымдық берілетіні көрсетілген. Алайда, осы мәселеде облыстық соттар белсенділігі көңіл көншітпейді. Егер, облыстық сот басшылары қарауындағы 100-300 судьяның ішінен, ал, Жоғары сот кеңесі 2000 судьяның ішінен аудандық, облыстық соттың алқа төрағасы болуға лайықты адамды таба алмаса, оларды тәрбиелеп, білімін шыңдап дайындап отырмаса, кадрлық резерв деген институттың керегі не? Егер, кадрлық резервтен немесе басқалай жолмен конкурсқа түскен үміткерлер 2-3 жылдап өз орнын таппаса, онда іріктеуді амалға асыру және тестілеу ережесінде шикіліктің болғаны. «Адам аласы – ішінде…» болғандықтан, білімі, келбеті, мәдениеті, адамгершілігі т.б. қасиеті сай келетін адамды судьялық қызметке табу оңай шаруа емес. Бұл мәселеде үміткердің адамгершілігі, адалдығы мен әділдігі басты көрсеткіш болуы тиіс. Компьютерді де, заң нормасын да бірер ай немесе жыл мөлшерінде үйреніп алуға болар, бірақ, аталған қасиеттер адамның жүрегінде және тегінде жүретіндіктен, оны анықтап, дұрыс табу қиынның қиыны. Мұны тек қана облыстық немесе оған теңестірілген сот басшыларының ғана анықтап, сондай адамды кадрлық резервке тіркеу мүмкіндігі бар. Сондықтан, көп ішінен судьялыққа лайықтыларды табу облыстық соттарға жүктеліп, олар бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарап, судья деген киелі де қастерлі атқа лайықты адамды дұрыс таңдап, тиісті орынға ұсынып отырса нұр үстіне нұр болмақ. Мені тағы бір ойландырғаны, тіпті таңқалдырғаны, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес, аудандық сот төрағалары, облыстық сот төрағалары және сот алқасының төрағалары өздері атқаратын лауазымға немесе тең дәрежедегі соттардағы ұқсас лауазымға екі реттен артық тағайындалмайтындығы болды. (31-бап) Заңның осы талабын даусыз деп айтуға болмайды. Бұл өзгеріс қалай енгізілген? Егер аталған сот сатыларының төрағалары өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқарып, ол басқарған ұжымның жұмыс нәтижесі жақсы, төрағаның кәсіби деңгейі және ұйымдастыру қабілеті жоғары болса, оларды тең дәрежелі соттардың төрағалығы лауазымына неге қайта тағайындамасқа? Неге олар ең болмаса, көрсеткіші төмен аудандық сот жұмысын жолға қою үшін, немесе, тиісті облыстық сот алқаларының жұмысын жандандыру үшін жіберілмейді? Мұндай лауазым иелерінің сонша жыл жинаған тәжірибесін неге әрі қарай пайдаланбаймыз? Мұндай шектеудің қажеті жоқ сияқты. Басқа құқық қорғау орындарында, атқарушы билікте бұндай үрдіс жоқ. Тағы бір мәселе, Мұсаев жоғарыдағы мақаласында «Қазіргі заң талабына сәйкес, бір жыл судья болған азамат аудандық соттың төрағасы бола алады» депті. Қолданыстағы заңда 5 жыл судья болып істеген азамат аудандық соттың төрағасы бола алады деп көрсетілген. Ал, аудандық соттың төрағалығына 1 жыл өтілі бар судьялар да төраға болуы мүмкін деген заңды таппадым. Осы мәселенің мән-жайын сұрастырғанымда, «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, жоғары орындардан аталған мазмұндағы хаттың болғаны рас екен. Сонда қалай? 5 жылдан артық жұмыс өтілі бар 1500 судьяның ішінен төраға болуға лайықты бірнеше адамның табылмағаны ма? Ауданда ел Президентінің Жарлығымен тағайындалып, Мемлекетіміз атынан үкім, шешім шығаратын бірден бір тұлға – ол судья. Басқа ешкім де ауданда (әкім, прокурор, т.б.) Президент Жарлығымен тағайындалмайды. Ал, аудандық соттың төрағасы білімі,мәдениеті және жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ, абырой-беделімен айналасына заң талабын ұқтыра білетін, керекті жерінде ықтыра білетін тұлға болуы тиіс.

Бұл жерде төрағалыққа ұсынылып отырған адамды шанышқыны, қасықты қайсы қолда ұстау, компьютерді қалай пайдалану немесе шет тілін қандай дәрежеде меңгергендігіне қарай емес, кіммен қалай сөйлесуді білетіндігіне, аудан халқының психологиясын тани алуына, қасындағылардан ойының озықтығына қарап бағаласа дұрыс болмақ. Айтайын дегенім, бір жыл судьялық өтілімен, әлі судьялық жұмыстың ықпылжықпылын да білмей жатып, әлгі төраға, мүйізі қарағайдай басқа судьялармен қалай жұмыс істесуі, оларды ұйымдастыра білуі мүмкін? Мұндай таңдау, яғни, судьялық жұмыс тәжірибесі жоқ адамды соттың төрағалығына тағайындау – аудандық сот жұмысына кедергі келтіріп, ұжым арасына іріткі салып қана қоймай, соттың беделі мен абыройына да нұқсан келтіреді деп санаймын. Өз ойымды қорытындылар болсам, жоғарыда аталған екі інімнің мақалаларындағы пікірін қолдай отырып, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңының 31-бабының 5-бөлігінде «аудандық соттардың төрағалары, облыстық соттың төрағалары және сот алқаларының төрағалары өздері атқаратын лауазымға немесе тең дәрежедегі соттардағы ұқсас лауазымға екі реттен артық тағайындалмайтындығы» – туралы талабына тағы бір ой жүгіртілсе дұрыс болар еді. Сондай-ақ, «бір жыл судья болған азамат аудандық соттың
төрағасы бола алады» – деген әңгіменің анық-қанығы анықталып, аудандық сот төрағаларын таңдау жоғарыдағы заңның талабына сай жүргізілсе, бұдан сот саласы ұтпаса, ұтылмайтыны анық.
Адайбек БЕЙІМБЕТОВ,
Сот саласының ардагері

[ratings]

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.

Плата за безнаказанность

Осень выдалась тяжелой. Мы испытали шок от череды суицидов,...

Жыл басынан бері қанша қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды?

Олардың басым бөлігі, яғни 18 мыңнан аса жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген.

Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады

Алматының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады.

Қазақстандықтар қарашада қалай демалады?

Қазақстанда күздің соңғы айы мемлекеттік немесе ұлттық мерекелерсіз өтеді, сондықтан ел тұрғындары тек демалыс күндері демалады.