Түнгі 2 шамасы. Шырт ұйқыда жатқан Абылай дызылдаған ұялы телефонның дыбысынан шошып оянды. Жанындағы жұбайы оянып кетпесін деп телефон дыбысын вибрацияға қоятыны бар. Ол көзін сығырайта ашып телефонына қарады. 5 рет жіберілген қоңырау. «Медғат». Түн ішінде ұлының қоймастан қоңырау шалғанына қарағанда бір жағдай болғаны анық. Ол ақырын орнынан тұрып, келесі бөлмеге барды. Ол тұтқаны бірден көтерді. – Ало, əке, тез келші өтініш. – Не болды, тыныштық па? – Келген соң барлығын түсіндіремін. (дауысы дірілдеп) – Қайдасың? – Мекенжайды телефонға жібердім. Əке, анашыма ештеңе айтпаңыз. Абылай киімдерін алып, ұйықтап жатқан жары ештеңе сезіп қалмасын деп есікті ақырын жауып, көлігіне қарай беттеді. Қайсенов Абылай Əзімханұлы. Қалалық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасының басшысы, полковник. Отбасылы, 2 ұл, 1 қызы бар. Жары Айша емханада дəрігер. Үлгілі отбасы. Қайсеновтің өзі – кəсіби маман. Ұлының түн ішіндегі қоңырауы оны тым алаңдатып жібергендей. Қаладан отыз шақырым жерге көлігімен құстай ұшты. Қараңғыда жол тым алыстап кеткендей, жеткізер емес. Əртүрлі ойлар санасына кіріп маза бермеді. Баласының дауысынан-ақ əлденеге ұшырағаны сезіледі. Қала сыртындағы адам көзінен тасада бірнеше үй орналасқан жерге де келіп жетті. Жабық шлагбаумға тірелді, белгі бергенімен, ешкім ашпаған соң көлігін қалдырып, айналып өтуге тура келді. Ол жаяу жарық жанып тұрған үйге қарай беттеді. Бір бөлмеде жиналған жастар. Бойларын үрей билеген, Абылайды көріп орындарынан үрпиісіп тұрды. – Əке, – деп Медғат əкесін көріп атып тұрды. – Мұнда не боп жатыр? Шамамен 20-23 жас аралығындағы қыз-жігіттер. Үш қыз бала, Медғатты қосқанда төрт жігіт. Абылай бөлмедегілерге көз жүгіртті. – Медғат, айтсаңшы, – деді арасынан біреуі. Əкесі баласына қарады. – Əке, менімен бірге жүріңіз. Отырғандар орындарынан топырлай тұрып, əкесі мен баласының соңынан ерді. Жатақхана секілді созылған дəліздің екі жағында орналасқан бөлмелер. Түпкі бөлмеге келгенде Медғат ақырын есікті ашты. Ары қарай тергеушінің өзі кірді. Жер түгел қанға боялған, шалқасынан жатқан жас жігіт, кеудесіне қадалған пышақ. Сырттан бақылап тұрған қыздардың бірі дауыстай жылады, бірі лоқсып далаға қашты. Абылай мəйіттің жанына жақындап, тамырын басты. Жүрегі соқпайды. – Полицияға хабарладыңдарма? – Жоқ, əке, мен алдымен… Абылай ұлының жанына келіп, көздеріне қарады. – Маған не болғанын айт. Тек ештеңе жасырма. – Біз ІТ мамандығы бойынша оқитын студенттер бірігіп, табиғат аясына демалыс ұйымдастырған едік. Арасында жоғары курс студенттері бар. Сағат 20.00-де осы жерге жиналдық. Ешқандай артық адам болған жоқ, қала сыртында орналасқан тыныш жер. Барлығы ойдағыдай басталды, ойындар, сауық-сайран. Біз осы жерде түнейміз деп келген соң, ұйқыға жатуға асықпадық. Тек Диляра шаршап тұрмын деп бөлмесіне кетті. Түнгі 00.00 шамасында біз «Қараңғыдан қорқасың ба?» деп аталатын ойынды ойнаймыз деп шештік. Айнала қара түнек, жарықтың барлығы өшіріледі. Бір адам іздейді, қалғанымыз жасырынамыз. Қолға түскен адам шарт орындауы қажет. Ойын басталды. Барлығы бастапқыда ойдағыдай, өте қызық болды. Іздейтін кезек Анарға келді. Барлығымыз бөлмелерге жасырындық. Жиырма минут ол ешқайсысымызды таба алмаған соң, ойынды тоқтататынын айтты. Бірақ оның бұл тілегіне ешкім құлақ аспаған соң, ол жарықты жағамын деп ескертті. Алайда жарық қосылмады. Кейін ас үй жақтан шыңғырған да уыс естідік. Барлығымыз дереу дауыс шыққан жаққа қарай жеттік. Жарық қосылмаған соң ұялы телефон жарығын қосқанда алдымен қанға малынған Анарды, кейін жанындағы Еркіннің денесін көріп қатты шошыдық. Жарықтың қалай сөнгені бізге əлі белгісіз. Біз автоматты қосып, жарықты жаққан кезде Еркіннің өлі денесін анық көрдік, оны біреу өлтірген, – деп Медғат соңғы сөзін булыға айтты. Əңгімені тыңдап тұрған жастардың көзінен үрей байқалады. Ұлын əке ретінде жұбатқысы келгенімен, тергеуші кəсіби шеберлігінен аспайсалқынқанды болуға тырысты. Ұялы телефонын алып əлдекімге қоңырау шалды. «Тез жетіңдер, қылмыс болды. Иə, барлығына хабарла». – Əке, полиция келсе бізді тұтқынға алады емес пе? – деді Медғат. – Кінəсіз адамды ешкім тұтқындамайды. Қане, менімен бірге жүріңдер. Полиция жеткенше Абылай не болғанын білуі қажет. Қылмыскер араларында отыр, жастардың əлдене жасыратыны анық. Қаза болған Ерік Сариев, достары оны Магнат деп атайды. Қаладағы белгілі бизнесмен Ержан Сариевпен тегі бір. ІТ мамандығы бойынша төртінші курс студенті. Мінезі тым ауыр, кикілжіңге жиі келеді, əйтсе де жаңашылдыққа жаны құмар, жаңа идеяларды ойлап табудың шебері. Оның өлімі кімге керек болды, жастардың соншалықты қатыгездікке баруына не себеп болды? Абылай Медғатқа толық сенеді, оның ұлы мұндай жауыздыққа бармайды деген сенімде. Жұмбақ қылмыстың түйіні толықтай шешілу үшін тергеуші істі өз қолына алмақшы. Отыз минуттан соң оқиға орнына полиция да жетті. Қылмыс болған жер қоршалып, мəйіт экспертизаға жіберілді. Абылайдың көмекшісі, майор Исмайлов оқиға орнын түгел тексеріп, сыртқы үйде күзетшінің бар екендігін анықтады. Ішімдікке сылқия тойған оны, ұйқысынан ояту оңай болмады. Күзетшіге арақ беру – бұл да жастардың ісі. – Жастарды бөлімшеге апарып, тергеуді жалғастыру қажет. Оның үстіне Сариевтің отбасына да ескерту керек. – Мен тергеуді осы жерде жүргіземін, ешкім ешқайда кетпейді. Барлығын өз жауапкершілігіме аламын. – Бірақ.. – Ешқандай бірақ жоқ, маған таңға дейін уақыт бер. – Құп болады! Мəйіттің кеудесіне қадалған – ас үй пышағы. Пышақты осы жердегілердің барлығы пайдаланғандарын айтты, яғни, суық қаруда əрқайсысының саусақ іздері бар. Қылмыскер пышақты кеуде тұсына екі рет сұғып, үшіншісін жүрек тұсына қадаған. Таңғы сағат 4 шамасы. Шамадан тыс адреналиннен ешкімнің ұйқыға зауқы жоқ. Тергеуші оқиғаға қатысты жастармен жеке-жеке сөйлесуді ұйғарды. Жауап алуды топтың старостасы Əлішерден бастады.
– Мен Еркінмен қатты жақын араласқан емеспін, – деп бастады жігіт əңгімесін. – Оның үстіне мен оны өлтіретіндей арамызда кикілжің де болмады, былайша айтқанда, менде оны өлтіруге себеп жоқ. – Егер араларыңда кикілжің болмаса сенің ойыңша кім оған қастық ойлауы мүмкін? – деді тергеуші. – Дилярамен қатты ренжіскен еді, ол ойынға қатыспаймын деп бөлмесіне кетті. Мүмкін ол реніштен солай жасаған шығар… – Сенің ойыңша Диляра реніштен адам өлтіруі мүмкін бе? – Жоқ, бірақ қызғаныштан адам не істегенін білмей қалуы мүмкін ғой. Еркіннің Еркеназға көңіл білдіріп отырғанына барлығы куə. * * * Абылай келесі күдікті Диляраны шақырды. Тым ұстамды, ойын сыртқа білдірмейтін, көп сөйлемейтін тұйық қыз. Тергеушінің қойған сұрақтарына жауап беріп, тергеу жұмысына көмегі тиетіндей артық ақпарат айтпады. Ол Еркінмен бір жыл уақыт достасып, соңғы уақытта аралары суып кеткендігін айтты. Ешқандай реніштің жоқ екендігін, бұған дейін ара-қатынастары үзілгенін де жасырмады. Қылмыс болған жерге бармағандығын айтқан қыз: «басым ауырып ерте ұйықтадым», – деп тергеушінің қойған сұрақтарына қысқаша жауап беріп отырды. – Басқаларына қарағанда Еркінді сен жақсы білетін шығарсың, кімнен күдіктенесің? – деді тергеуші. Диляра ұзақ ойланбастан: «Бəрінен», – деп жауап берді. – Еркінді ешкім ұнатпайтын. Əркімнің өз есебі бар… – Жұмбақтамай айтсаң. – Сіздің ұлыңыз Медғат пен Еркін екеуінің арасында үлкен түсінбеушілік болды, тіптен бір-бірімен төбелесіп те қалды. Осы кеш екеуін татуластыруға арналған еді, енді осындай жағдай. Абылайдың жүрегі шым ете қалғандай, əйтсе де ол ештеңе білдіргісі келмеді. Алдында тұрған стақан суды сіміріп салды да, келесі күдіктіні шақырды. Əсет – Медғаттың жан досы, екеуі мектеп кезінен дос. Абылай оны өзінің баласындай жақсы көреді. Көздерінде қорқыныш, Əсет тергеушінің алдына келгенде досының əкесін емес, басқа адамды көргендей күйде қалды. – Əсетжан, – деді Абылай сабырлы үнмен. Тек шыныңды айт, ештеңе жасырмағаның жөн. – Түсіндім, – деді жігіт дауысы дірілдей. – Кеш көңілді басталды, ойын-сауық, күлкі. Барлығымыз ішімдік іштік. Еркін қатты қызып, əрқайсысымыздың намысымызға тиетін сөздер айтты. Оның ішінде Медғатқа да тиді, алайда досым ұстамдылық танытып, артық кетпеді. Ойын басталардың алдында Еркін ас үйге барып, бір өзі виски ішіп отырған, біз оны ортаға əкеп қайта қосуға тырысқанымызбен, ол көнбей қойған соң жөніне қалдырдық. Оны кім, не үшін өлтіргеніне миым жетпейді, – деп Əсет терең күрсінді. – Еркін мен Медғаттың арасында қандай келіспеушілік болды, екеуі не үшін араздасты? Əсет тергеушіге ойлана қарады, айтарын, не айтпасын білмеді. – Медғаттың кінəсі жоқ, Еркіннің өзі… – деп сасқалақтады жігіт. – Еркін осы жерге көп мөлшерде шөп (анаша) əкелген болатын. Мұны көрген Медғат бұған қарсы екенін білдірді. Ал Еркін болса оны «Əкеңе тоқылдап жібер» деп кекетті. Даудың арты төбелеске ұласты. Кейін барлығы шешілді. – Тек осы үшін бе? – деді тергеуші күмəндана қарап. – Иə… Тергеуші үнсіз терең ойға шомды. Ақиқат əлде заң. Ұлы немесе қызмет. Егер ол нағыз қылмыскердің кім екенін таппаса, кінə кімге артылмақ? Бөлмеге сызыла кірген қыз бала қолындағы кофені тергеушіге ұсынды. – Сізге əкелдім, жаңа демделген. – Рақмет. Сіз Еркеназсыз ғой? – Иə, мен Медғатпен бірге оқимын. Ол оны өлтірген жоқ. – Неге олай дейсің? – деді тергеуші қызға қарап. – Ол сіздің ұлыңыз, ал сіз ұлыңызды түрмеге тықпасыңыз анық. Сол себепті барлығы кінəні Медғатқа ысырып жатқанын білемін. Алайда сіз мықты тергеушісіз, Медғат сізді үнемі айтып жүреді. Сондықтан сіз нағыз қылмыскерді тауып, ұлыңыздың кінəсіз екенін дəлелдейсіз. Бұл сөздерден кейін Абылай не айтарын, не ойларын білмеді. Медғаттың бұл өлімге расымен қатысы болғаны ма? Үнемі қызмет деп, баласына дұрыс тəрбие бере алмағаны ма? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Абылай ұлына сенеді жəне оның кінəсіз екендігін дəлелдейді. Қылмысты ашады. – Сенің ойыңша Еркінді өлтірген кім? – Диляра, – деді қыз ойланбастан. – Ол Еркіннің маған көңіл білдіргенін көтере алмай, қатты қызғанды. Оның үстіне оның каратэден қара белбеуі де бар, күші келеді, ептілікпен пышақты да қадай алады. Соңғы куəгер – Анар. Мəйітті алғаш тапқан да сол. Қыз алған əсерінен əлі шыға алмағандай, тоңған балапандай діріл қағады. – 1, 2, 3, 4, 5 – мен іздеуге шықтым. Табылсаң аямаймын, қолыма түспеуге тырыс, – деген сөздерден соң мен іздеуге шықтым. Қараңғы дəліз, бөлмелер де қараңғы. Ойын шарты бойынша бір бөлмеге екі адам жасырынуға болмайды. Ойынға қатыспаған Диляра, сонан соң Еркіннің ас үйге кеткенін білемін. Олардың қайда жасырынғанын мен түсіне алмадым, себебі үш бөлмеден де мен жасырынған ешкімді таппадым. Ойыма Диляраның бөлмесі келді, мүмкін біреуі сонда жасырынған болар, бірақ ол да бөлмесінде болмай шықты. Мен бірден ас үйге баруды ұйғардым. Тым болмағанда ол жерде Еркіннің бар екеніне сенімді едім. Оны дауыстап шақырдым, бірақ ешкім жауап бермеді. Əлдекімнің жүрген дыбысын да естідім. Кенет жерге аяғым тайып құлағаным сол, жанымда адам жатқанын сездім. Қорыққанымнан айғайлай бердім. Оны өлтірген адам сол жерде болғаны анық, мен оны сездім. Ол мені де өлтіруі мүмкін еді, – деп қыз көз жасына ерік берді. – Сен ең маңызды куəгерсің. Мүмкін тағы байқаған, естігенің болса есіңе түсер. Анар терең күрсініп, сол оқиғаны қайта елестеткендей көзін жұмды. – Мен ас үйге жақындаған кезде əлдекімдердің алысқан дауысы естілді. Екі адамның бірі сүріне құлап, əйнек тəрізді зат жылу батареясына соғылды. Иə, мен ол дыбысты анық естідім, бір зат сынды. Басқа ештеңе есіме түсер емес, – деді қыз жыламсырай. Арада үнсіздік орнады. Арайлап атқан күннің сəулесі терезеден сығалай бастады. Үнсіздікті Абылайдың шыр еткен ұялы телефоны бұзды. «Айша». Ол не жауап беремін дегендей тұтқаға ұзақ телмірді де, дауысын өзгертіп қоя берді. «Иə, сүйіктім, алаңдама, жұмыс қой, сені оятқым келмеді. Медғат, иə хабарласқан, алаңдама». Ол телефонына қарап күрсінді. Терезеден полицейлердің көліктерін байқады. Ол қалай болғанда да қылмыскердің кім екенін анықтау керек. Бір бөлмеде жиналған жастар шешімдерін күткендей алаңдай қарайды. Абылай барлығына көз жүгіртті. – Берген көрсеткіштеріңіз тергеу жұмысына ешқандай əсерін тигізбеді. Адам өлімі болды, қылмыскер орталарыңда отыр, ал сендер жасырасыңдар, өтірік айтасыңдар. Бұл өлім топтық қылмысқа жатады, 31-бап бойынша жаза қатаң болады. Болашақтарыңа балта шабасыңдар, əке-шешелеріңді жылатқандарың былай тұрсын, түрмеде неше жыл отыратындарыңды білесіңдер ме? – деді тергеуші. Ол айғайламады, бірақ оның зілді үні сондай ызғарлы еді. Отырғандардың əрқайсысы үнсіз бір-біріне қарады. – Полиция келді, мен енді сендерді құтқара алмаймын, заң алдында жауап бересіңдер. – Бірақ біздің кінəміз жоқ қой, не үшін жауап береміз? – Иə, сіз тергеушісіз, кінəлі адамды табыңыз. – Барлықтарыңыз бөлімшеге жүріңіздер, сол жерде мүмкін басқаша сайрайтын боларсыңдар, – деді Абылай. Сараптама нəтижесі бойынша пышақ Сариевтің жүрек тұсына жəне екі рет өкпеге сұғылғанын, сондай-ақ ас үй пышағында осы жердегі барлығының саусақ іздерінің бар екендігі анықталды. – Полковник мырза, тергеу жұмыстарының нəтижесі қалай боп жатыр, бас күдікті анықталды ма? – Анықтаймыз майор, анықтаймыз. Маған ойлануға мүмкіндік бер. Мүмкін бөлімшеде шындықтарын айтар деген үміттемін, – деді көңіл-күйі түскен Қайсенов. Əлішер, Диляра, Əсет, Еркеназ, Анар жəне Медғат. Барлығы бір бөлімде білім алады, Сариев 4-курс студенті. Қылмыс алдын ала жоспарланып, алдын ала ойластырылғаны анық. Қаланың шетінде орналасқан демалыс орны, видеокамера жоқ, жалғыз ғана күзетші. Оны да араққа тойғызып ұйықтатып тастағанға ұқсайды. Күзетші демекші, Исмаилов, күзетшіден жауап алу қажет, – деді тергеуші есіне əлдене түскендей. – Ол ештеңе білмейді, жастар көлігімен кірді, барлығының өту билеттері бар, демалысқа келген адамдарды мазалап керегі не, – дейді. – Бірақ, өзіңіз бір сөйлесіп көргеніңіз жөн. – Жақсы, осында болсын, ешкім ешқайда кетпейді. Жастар шаршағанға ұқсайды, əсіресе қыз балалар мазасызданып, үйлеріне кетуге асықты. – Ешкім ешқайда кетпейді, керек десеңдер барлықтарың күдікті ретінде қамауға алынасыңдар. – Біз не үшін жауап беруіміз керек, кімнің өлтіргені онсыз да анық емес пе? – деді Диляра. – Сен кімді меңзеп отырсың, мүмкін оны өлтірген өзің шығар, – деді Əсет. Жастар өзара дауласып, бір-біріне кінə арта бастады. – Тоқтатыңдар! Бұл сендерге дауласатын жер емес. Орталарыңда адам өлді, ал сендер бір-біріңді кінəлап отырсыңдар. Ақымақтар. Барлығы үнсіз қалды. Абылай кабинетіне барып, алдында тұрған құжаттарды ақтара бастады. Ол əр студенттің өмірбаянын жіті тексерді. Тығырыққа тірелгендей. Ұялы телефоны қайта шырылдады, жан жары алаңдап іздеп жатыр. Ол тұтқаны көтергенімен, шындығын айтуға батылы бармады. «Жиналыстамын. Хабарласамын» деген хабарламамен құтылды. «Медғат телефонға жауап бермейді, хабарластың ба?» «Барлығы дұрыс, ол менің жанымда…». Күдіктің басым бөлігі Медғат пен Диляраға түсті. Қалғандарында Сариевті өлтіретіндей себеп жоқ. Қызғаныш пен ер адамдардың арасындағы төбелес өмірмен есеп айырысу деген сөз емес. Əйтсе де тергеуші қылмысты бір жақты қарауға асықпады. Екінші айналым тергеу барысында жіберіп алған бөлшектерді құрастыру қажет.
Қылмыс кезінде ешқайсысының бөлмелерінде болмағаны анық. Жауап алу Əлішерден басталды. Бұл жолы тергеуші сұрақты төтесінен қойды. – Ойын кезінде сен қай жерге жасырындың? – Мен бөлмемде болдым. – Жоқ, өтірік айтасың. – Бірақ мен.. – Мен барлығын білемін, жасырудың қажеті жоқ. Əлішер тергеушінің алдында шарасыз еді, ол сəл ойланып, болған оқиғаны баяндады. – Алдымен өз бөлмеме кірдім, барлығы жасырынып болды деген уақытта, ақырын шығып Диляраның бөлмесіне бардым, – деп бастады Əлішер. – Анар оның бөлмесін іздей қоймас деген ойда болдым, алайда ол бөлмесінде болмады. Міне қызық, ол ойынға араласпай əлдеқашан ұйықтаймын деп кеткен еді. Мен «Диляра» деп əр бөлме есігіне бардым, бірақ ешкім тіл қатпады. Əрі қарай түпкі бөлмеден гүбірлеген дыбыс шықты, мен құлақ түрдім. Еркін əлдекіммен дауласып отыр, ер адамның дауысын анықтай алмадым. Диляраның ол жерде жоқ екенін біліп, тысқа шықтым. Есік алдына отырып шылым тартып, ұялы телефонымды қарадым. Ас үйден шығатын есіктен біреу жүгіре шығып, үйдің артқы жағына қарай кетті, оның соңынан тағы біреу шықты. Кім екенін анықтап көре алмадым. Жанымнан біреу құстай ұшып өтті, ол Медғат болатын, мені байқамады. Сəл уақыттан соң Анардың шыңғырған дауысы естілді. Мен ішке қарай жүгірдім. Жарық қосылмады, абыр-сабыр, əркім əр жерден жиналды. Əсет бірден автоматты қосуға кетті, жарық қосылған кезде біз жерде жатқан Еркіннің денесін көрдік. Не істерімізді білмедік, Еркеназ Медғатқа бірден сізге қоңырау соғуды ұсынды. Ол бастапқыда қарсы болды, бірақ көпшіліктің қалауымен солай жасады. Арғы жағын сіз білесіз, – деді Əлішер. – Ас үйден шыққан адам қайта келді ме, ол кім болды? – Ол туралы мүлдем есімнен шығып кетті, кім екенін анық көре алмадым, кім болса да арамызда жүрген біреуі ғой деп ойладым. – Ал Диляра, сен оны таптың ба? – Жарық жағылған уақытта көпшіліктің арасынан көрдім. – Еркін сол кезде кіммен сөйлесіп отырды, əңгімелерін тыңдадың ба? – Екінші адамның дауысы анық естілмеді, ол жəй ғана күбірлей сөйледі, ажырата алмадым. Еркіннің иə, мен Сариевпін деген сөзін анық естідім. – Жақсы, есіңе тағы бірдеңе түсіп жатса хабарлауды ұмытпа, – деді тергеуші.
* * *
Тергеу бөлмесіне кірген Диляраның түрі шаршаңқы көрінді. Əйтсе де ол өзін-өзі бақылауға алғандай. Оқиға болған жердегі Қайсенов пен тергеу жүргізу бөлмесіндегі Қайсенов екі түрлі адам секілді. Біріншісі Медғаттың əкесі, қамқор тергеуші болса, қазір алдында тəжірибелі əрі қатал тергеуші. Абылай Диляраның көздеріне тура қарады. – Сариевті өлтірген сен бе? – Жоқ. – Қылмыс болған кезде қайда болдың? – Бөлмемде. – Сен бөлмеңде болған жоқсың, оны екі адам нақты айта алады. Қайда болдың? – Мен.. мен.. – қыз тергеушіге жыламсырай қарады. – Сариевті өлтірген сен бе? – деді Абылай сұрақты қайталап. – Жоқ, мен оны өлтірген жоқпын… Мен оны жақсы көрдім, ал ол болса менің сезіміме түкірді, барлығына күлкі етті. Мен расымен олармен бірге отыруға зауқым соқпады, бастапқыда бөлмеме кеттім. Олардың күлкісі менің жүйкеме тиді. Ол менің сезімімді аяққа таптап, Еркеназға көңіл білдірді. Мен бұл қорлыққа төзе алмаспын, ол қыздың сазайын беру керек деген ой келді. Ойын басталып, жарық өшкен кезде мен Еркеназдың бөлмесіне бардым. Бірақ ол бөлмесіне келмеді. Оны қорқытып, жүрегін ұшырғым келді, оған қастандық жасағым келді, бірақ ол келмей қойды. Мен оны Еркіннің жанынан табатынымды білдім, сол себепті Еркіннің бөлмесіне де бардым. Алайда ол жерде де ешкім болмады. Дəлізде Əлішердің дауысы естілді, ол мені іздеп жүр екен. Кенет ас үй жақтан бір дыбыс шықты, мен құлақ түрдім. Еркін мен Медғаттың дауысы. Олар əлденеге дауласып жатты. Еркеназдың бұған дейін Медғаттың басын айналдырып жүргенін білетінмін, енді Еркінмен ашықтанашық кетті. Мен Медғатты жақсы түсінемін, мүмкін жігіт болсам мен де солай жасайтын шығармын. Даудың арғы жағы төбелеске ұласқандай, барлығы тым тез болды. Қатты заттың жылыту шөгеніне (батарея) тиген дыбысы естілді, кім кімді итергенін қайдам, Медғат бөлмеден құстай ұшып, сыртқа қашты. Мен оның соңынан ілестім. Далаға шыққан соң қараңғылықта оның қай бағытқа кеткенін аңғара алмай адасып тұрдым. Соңынан айғайладым да, бірақ ол көрінбеді. Сəл уақыттан соң үй ішінен Анардың шыңғырған дауысы естілді, мен үйге қарай жүгірдім. Ас үйде бір сұмдық жағдай болғанға ұқсайды, оның үстіне жарық та қосылмады. Барлығы сол жерге жиналды, кейін Медғат та келді, мен одан қайда болғанын сұрадым, бірақ ол менің сұрағымды жауапсыз қалдырды. Арғы жағы не болғанын өзіңіз де білесіз, – деді қыз дауысы дірілдей. – Медғат далаға қай есік арқылы шықты? – Кəдімгі дəліз арқылы шығатын. Оны неге сұрадыңыз? – Ас үй арқылы шығатын тағы да есік бар ма? – Иə, бар. Бірақ біз ол есікті мүлдем ашпадық. – Сен тек Еркін мен Медғаттың ғана дауысын естідің бе, мүмкін ол жерде тағы адам болған шығар. – Қараңғыда тығылып, үнсіз отырған адам болмаса, басқа адам көрмедім. – Жақсы, боссың, – деді тергеуші ойлана. – Сіз Еркінді өлтірген ұлыңыз деп ойлайсыз ба? – Ақиқатқа жеткенше мен ештеңе де ойламаймын. Бұл жолы Еркеназ тергеу бөлмесіне кіргісі келмеді. Əр нəрсені сылтауратып, жауап беруден қашқандай. Таңғы сағат 10-ға таяды, түннен бері ұйқы көрмеген, барлығының шаршағандары көрініп-ақ тұр. Абылайдың телефонына тағы да қоңырау келді, бұл жолы жары сезгендей қоймастан телефон соққан соң, көтеруге тура келді. «Барлығы дұрыс, Медғат жанымда, алаңдайтын ештеңе жоқ, үйге барған соң түсіндіремін» деп қысқаша жауап берді. – Бір-біріміздің уақытымызды алмайық, сен де шаршадың, ата-анаң да алаңдаулы шығар. Маған тек шындық қажет, – деді Абылай. – Мен онсыз да сізге барлығын айттым.. – Тергеу барысында айтылған əр өтірік сөз үшін жауапқа тартылатыныңды білесің бе, біледі деп ойлаймын. Сондықтан шындығыңды айтқаның жөн.
Қыз алдында тұрған адамның қалжыңдап тұрмағанын түсінгендей. Бұған дейін ол досының əкесіне жауап берсе, ендігі алдында тұрған кəсіби тергеуші. Одан əлденені жасырып қалу мүмкін емес. – Арыға кетпей не болғанын айтайын. Медғат екеуіміз көңіл жарастырғанымызға көп уақыт болды деп айта алмаймын. Əйтсе де сол аз уақыт арасында екеуміз керемет жұп болып, барлығы бізге қызыға қарайтын еді. Жарайды, айтайын дегенім бұл емес. Еркінмен ол жақсы жолдас болатын, бірақ оның маған көз салып жүргенін естігенде, қатты ашуланды. Тіпті екеуі төбелесіп те үлгерді. Бұл кеш екеуін достастыру мақсатында ұйымдастырылған. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, көтеріңкі көңіл-күй, таза ауа. Бірақ араға ішімдік кірді, онан соң шөп шегілді. Еркін тым масайып қалды. Алдымен Диляраны ренжітті, көпшіліктің көзінше мені ұнататындығын, Медғаттың маған жұп емес екенін айтты. Ішкен адам не демейді, достарымыз бұл кикілжіңді басуға тырысқанымен, арты осындай жағдайға апарды. Жарық өшкен кезде мен Медғаттың қолынан ұстап, жібермеуге тырыстым. Алайда ол қатты ашулы еді, мені итеріп, бөлмеден лезде шығып кетті. Мен оның Еркінді іздеп кеткенін білдім. Соңынан ердім. Ол бірден ас үйге қарай бет алды. Жарық тек ас үйде ғана болатын, Еркін бір өзі ішімдік ішіп отырған еді. Медғатпен арадағы əңгімеге боқтық сөздер араласа бастады. Кенет жарық өшіп қалды, екі жігіттің дауы төбелеске ұласып кете ме деп мен жігіттерді көмекке шақыруға кеттім. Алдымнан Əсет жолықты. Ол мені дəлізге тастап, өзі ас үйге беттеді. Сəл уақыттан соң Анардың дауысы барлығымыздың есімізді жиғызғандай болды, – деп қыз тергеушіге қарады. Куəгерлердің барлығы Сариевті соңғы рет Медғатпен бірге көргендіктерін айтады. Бұл қылмыстың маңызды да шешуші бөлігі – Медғат. «Эх ұлым», – деді Абылай ішінен күбірлей. Медғат əкесіне жалтақтай қарады, өзін айыптайтын да, құтқаратын да – əкесі. Бірақ алдында тұрған əкесі емес, полковник Абылай Қайсенов, ең мықты тергеуші, талай қылмысты ашқан адам. Одан ештеңені жасыру мүмкін емес, сондықтан ол еш бүкпесіз сол түні болған жайды толықтай баяндаймын деп шешті. – Əке, мен оны өлтірген жоқпын, қорыққаным рас, бірақ мен оны өлтірмедім, – деді Медғат дауысы дірілдей. – Еркінмен арамызда кикілжің болғанын да жасырмаймын, ойын басталған соң, артық көздер жоқ, оңаша отырған жерінен мен онымен жігіттерше сөйлескім келді. Ол ішімдікке сылқия тойып алған, əйтсе де артық сөздері үшін менен кешірім сұрады. Мен оның қолынан ішімдікті алып, менімен бірге жүруін өтіндім. Ол келісті, орнымыздан тұра бергеніміз сол, қайдан шыққаны белгісіз, қара киген адам мені алып ұрды. Сағатым жылыту шөгеніне тиіп тарс етіп сынды. Мен есімді жиып, көзімді ашқан кезде Еркін жерге құлады. Мен не істерімді білмей абдырап қалдым тым қараңғы болатын, ол жерде жатыр. Əлгі қара киімді адамның ас үйден далаға шығатын есік арқылы шығып қаша жөнелгенін көрдім, соңынан жүгірдім, бірақ ол көзден ғайып болды. Мен сыртқы есікке қарай жүгірдім, əлгіні қолға түсіргім келді. Соңымнан біреу ілесіп шыққандай, атымды айтып айғайлады. Бұл Диляра болатын. Мен қара киген адамның қайда жоқ боп кеткенін біле алмадым. Үйден Анардың шыңғырған дауысы естілді, оның қандай жағдайға тап болғанын жақсы түсінемін. Əке, мен шынымды айтамын, барлығы менен күмəндануы мүмкін, бірақ мен оны өлтірген жоқпын, сенің ұлың қылмыскер емес, – деп Медғат көз жасына ерік берді. Абылай ұлын құшақтап жұбатқысы келді, оған сенетінін, нағыз қылмыскерді қалайда ұстайтынын айтқысы келді, бірақ тергеу бөлмесінде ол əкелік сезімін көрсетпеді. – Сен үйге кірген кезде барлығы сол жерде болды ма, қашқан адам үйге қайтып кіруі мүмкін бе? – Білмедім, мен үйге кірген кезде барлығы сол жерде жиналған, оның үстіне жарықты да білетін адам əдейі өшіргендей. – Яғни ол сол жерді жақсы білетін адам. Пышақта артық адамның саусақ ізі жоқ, жарық автоматында да ешқандай із жоқ, ол барлығын алдын ала ойластырған, – деді тергеуші ойланып. – Əке, мен сотталамын ба? – Барлық күдік саған əкеп тұр. Бірақ мен сенің кінəсіз екеніңді дəлелдеймін, нағыз қылмыскерді табамын. – Əке.. Медғат əкесін құшақтағысы келді. Абылай ұлының арқасынан қағып, барлығы жақсы болады деп жұбатты. Тұңғыш ұлы, қуанышы, мақтанышы. Бұл жағдайды анасы естісе көтере алмасы анық. Ол ұлына сенеді, бірақ барлық айғақ Медғатты көрсетіп тұр. Оның үстіне, сынған сағатты өзінен жасырғанымен, заңнан қалай жасырмақ? Үшінші адамның болғанын ол қалайша дəлелдемек, оны қайдан табады? Абылай ұзақ ойланды, əр куəгердің мінездемесін бірнеше рет ақтарды. – Полковник мырза, күзетшіні жібере берсек бола ма? – деді кенет ойын бөлген Исмайлов. – Қандай күзетші? – Демалыс орнының күзетшісі, араққа лық тойып ұйықтап қалған деп сізге айтқан едім. – Оның қанынан алкоголь анықталды ма? – Оны тексермей-ақ түрінен-ақ көрініп тұрды. Үстінен арақ сасып, тілі күрмеліп. – Дереу нарколог шақырыңдар, ал əлгіні осы жерге алып кел. – Құп болады. * * * Ішімдіктен ауырып тұрған адамның кейпіндегі, қисалаңдай жүріп, ықылық атқан, жас шамасы елудегі ұзын бойлы, арықша келген ер адам кіргенде тергеуші оны қайдан көргенін есіне түсіре алмады. Отаралин Қажымұрат Ізденұлы. 1971 жылы дүниеге келген. Жұбайы жəне екі баласы бар. Қызы Қажымұратқызы Сабина 18 жасында қылмыскердің қолынан көз жұмған. Абылайдың есіне енді түскендей. Осыдан бірнеше жыл бұрын айуандықпен өлтірілген 18 жасар қыздың денесі табылғаны есінде. Бұл сол қыздың əкесі. Өте күрделі əрі ауыр істі жүргізген Абылайдың əріптесі болса да, ол мəн-жайдан хабардар еді. Қызды зорлап, қинап өлтіріп, денесін қала шетіндегі бөгетке тастаған қаладағы белгілі бизнесмен Ержан Сариевтің ұлы деген ақпарат тарады. Алайда атына кір келтірмеу мақсатында бизнесмен бұл істі жарыққа шығармауға тырысып, істі жауып тастаған еді. Сол кезде əділдік іздеген Отаралин бөлімнің табалдырығын тоздырған еді. Қолынан ештеңе келмесін білген соң мүлдем тынышталып қалған болатын. Тергеуші оның əжім басқан жүзіне көз алмастан қарады. Жоқ, ол ешқандай да мас емес еді. Нарколог дəрігердің тексерісі оның қанында алкоголь барын жоққа шығарды. – Қылмыс болған түні қайда болдыңыз? – деді тергеуші. – Мен оның алдындағы тергеушіге де айтқанмын, мен ұйықтадым, өздеріңіз мені оятып алдыңыздар, оған əріптесіңіз куə. – Жақсы, айтқаныңыздай болсын, бірақ неліктен өзіңізді мас етіп көрсеткіңіз келді? – Мен мас емеспін, бойымдағы ішімдік тарап кеткелі біраз болды, – деп күзетші ақтала бастады. – Қайтыс болған жігітті танисыз ба? – Мен ешкімді танымаймын. – Сариев деген тегі сізге таныс емес пе?
Күзетшінің түрі сұрланып, көздері от шашып кеткендей. Оның өзін-өзі сабырға келтіруге тырысқаны байқалады. – Осыдан бірнеше жыл бұрын қызыңыздың айуандықпен өлтірілгенін білемін. Белгілі бизнесмен Сариевтің ұлы өлтірді деген хабар болды. Ешкім анығын білмейді. Көп ұзамай іс тоқтатылды, ешқандай айғақ та, куəгер де табылмады. Сіздің жүрегіңіз тыным таппады, мен сізді əке ретінде жақсы түсінемін. Қала сыртындағы күзет, сіздің жаралы жаныңызды емдеуге сəл де болса көмектескен шығар, алайда келетін қонақтардың тізімін көрген кезде, бұрынғы жан жараңыз қайта қанталады. Сариев Еркін, Ержан Сариевтің ұлы – Магнат. Ойыңызға бірден кек алу келді. Алдымен үйдегі камералардың барлығын жоқ қылдыңыз, ас үйдің есігін тек өзіңіз ғана аша алатын етіп қойдыңыз. Екі көлікпен келген жастардың ішінен Сариевті іздедіңіз. Достары Магнат деген лақап атты айтқан кезде, қызыңызды өлтірген сұмырайды буындырып өлтіргіңіз келді. Бірақ асығыстық жасап, жоспарды бұзғыңыз келмеді. Жастардың ішімдік əкелгені істі оңайлатып жіберген болуы керек. Араққа сылқия тойған күзетші ұйықтап қалады, одан ешкім күдіктенбеуі тиіс. Сырттан барлығы бақылауға алынды. Сариев ас үйге жалғыз өзі келді. Ең қолайлы сəт, əттең жанына тағы біреуі келмегенде. Мүмкін бұл сəт ыңғайлы болар, жарықты дереу сөндіріп, ас үй есігінен ақырын кірдіңіз. Сариевтің жанындағы жігітті желкесінен алып ұрып, итердің де жігітке ас үйде тұрған пышақты екі рет сұғып, үшіншісін жүрек тұсына қадап, ас үйдің есігінен шығып кете бердің. Сенің саусақ іздерің жоқ, сен алдын ала ойластырып, қолғап кидің. Жанында қалған жігіт сенің соңыңнан жүгірді, ал сен лезде үйдің артына тығылдың. Артыңнан көрген адамдар сенің кім екеніңді біле алмады. Себебі күзетші мас күйінде ұйықтап жатқан, ешкім күдіктенбейді. Барлығы осылай болғаны анық, – деді тергеуші күзетшіге қарап. – Мені ол жерден ешкім көрген жоқ, ешқандай дəлел де жоқ. – Дəлел жоқ, себеп бар… Сариевтің өлімі ол жерде тек бір ғана адамға қажет болды, қызының кегін алғысы келген адамға. Алайда… Ержан Сариевтің ұлы осыдан 1 жыл бұрын нашаның артық дозасынан қайтыс болған еді. Арада үнсіздік орнады. Күзетші басын төмен салған күйі көтермеді. – Қалайша? Магнат деген лақап атпен танылған сұмырай сол емес пе еді, – деді дауысы дірілдей. – Тегі бірдей, жөні бөлек. Достарының арасында сол лақап атқа ие болғаны үшін жас жігіт жазықсыз қаза болды. – Бірақ мен… Жоқ олай болуы мүмкін емес… Мен ол сұмырайдың өлгенін естуім керек еді, қалайша? – деп айғай салды.
* * *
Отаралин өз қылмысын мойындады. Бірнеше жыл бойы жүрегінде сақтаған кек жазықсыз жанның өліміне əкелді. Үздіксіз шалынған қоңырауды Абылай үшінші реттен көтерді: «Бəрі дұрыс, алаңдама. Медғат жанымда, жарты сағаттан соң үйде боламыз»… – Медғат… – Əке… – Анаң күтіп отыр, алаңдатпай үйге барайық. – Иə, əке…
Бақыт ЖАЛИЕВА