12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Отбасылық даулардағы медиация

Қазіргі таңдағы сот жүйесіне жүктелген міндететеменің бірі- медиация институтын дамыту, бұл дегеніміз- дау-жанжалдарды шешудің баламалы тәсілдерін қолданып, тараптарды бітімгершілікке келтіру шараларын қалыптастыру. Медиация сөзі шет тіліндегі бейтаныс ұғым болғанымен, тамыры терең тарихымыздағы «дау мұраты-бітім» деген билеріміздің игі істерінің бүгінгі таңдағы бейнесі.   Медиацияның басты мақсаты-тараптарды бірдей қанағаттандыратын, араларындағы даудың деңгейін төмендететін, өзара тиімді, қолайлы әрі бейбіт келісімге келтіру. Халықаралық  тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтар мен заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде бет бұрған жағдайда, бұл өз кезегінде сотқа түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым күрделі істердің шешілу сапасын арттыруға көмектеседі. Елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Медиация азаматтық, соның ішінде еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастарға қатысты, сонымен қатар ауырлығы шағын және орташа, сондай-ақ кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге қатысты алғаш рет жасалған қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмыстық істер бойынша қолданыла алады. 

Осының ішінде отбасылық даулардағы медиацияның маңызына тоқталсақ, себебі қоғамның негізгі буыны болып табылатын отбасының, оның мүшелерінің арасындағы даулар азаматтық істердің басым бөлігін құрайды. Статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Шаңырақтың шайқалуы әрі қарай ортақ мүлікті бөлу, алимент өндіріп алу, балалардың тұрғылықты жерін айқындау, бөлек тұратын ата-анасының  баламен араласу тәртібін анықтау, ата-ана құқықтарынан шектеу, айыру секілді дау-дамайға ұласып жататыны жаңалық емес. Отбасылық мәселелерді медиацияны қолдану арқылы шешу – отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, олардың моральды түрде шаршауын болдыртпау, жанжалды азайту, бір-біріне кешірім жасау, ата-аналар мен балалар арасындағы татулықты сақтау, материалдық шығындардан арылу, уақыттарын үнемдеу тағы басқа оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндіктен  өте тиімді тәсіл.

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы» Заңының 25-бабында «Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері:

      1. Некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін.

      2. Медиацияны жүргізген кезде медиатор баланың заңды құқықтарын ескеруге тиіс.

      3. Егер медиация барысында баланың қалыпты өсуіне және дамуына қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін немесе оның денсаулығы мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін фактілер анықталса, медиатор баланың құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын органға жүгінуге міндетті.» деп көрсетілген.

           Ерлі-зайыптылар, жақын туыстар арасындағы түсініспеушіліктер  мен ұрыс-керістер бірінші ретте сол отбасындағы балалардың психологиясына кері әсер ететінін ескерсек, бұл мәселені  бейбіт түрде шешу, медиация институтының әлеуетін дұрыс пайдалану — ең тиімді, ең қажетті шешім.

           «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» демекші отбасы ошақ қасындағы дау-дамайлар  жалпақ жұртқа жайыла бермеу қажеттігін алға тартсақ, медиацияның тағы бір қағидаттарының бірі құпиялылық. Медиаторға рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол берілмейді. Медиациядағы еріктілік пен өзара сыйласушылық қағидасы отбасы дауларын шешуде өте маңызды, себебі некелік қарым-қатынаста болған, сол некеден ортақ балалары бар —  бір-бірін  өмірде көрместей емес  адамдардың арасында немесе жақын туыстардың арасында  ымыраласу орын алып, бейбіт келісімге келуі олардың алдағы уақытта жақсы мәміледе болуына жол ашады.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қарауына жатқызылған  баланың тұрғылықты жерін айқындау; ата-ананың баламен араласу тәртібін айқындау және басқа адамдарда болатын баланы айырып алу туралы; бала ата-аналарының біреуімен республикадан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін кеткен кезде баланың тұрғылықты жерін айқындау туралы; ата-ана құқықтарынан айыру (оларды шектеу) және оларды қалпына келтіру туралы; кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар бойынша; кәмелетке толмағанның әкесін анықтау және одан алименттер өндіріп алу туралы істер бойынша мәселе сотқа жеткенде көбіне тараптар баланың емес қара басының қамын ойлап кетіп жатады, ата-аналар үшін балалар «айырбас құралына» айналып кетеді, баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, оның пікіріне құлақ асудың орнына баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену, ата-аналарымен және басқа да туыстарымен араласу құқықтарын ескерусіз қалдырады.

2022 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес судья талап қою арызы сот өндірісіне түскеннен кейін тараптарды шақыртып, татуласу рәсімін жүргізіп, сотқа дейінгі хаттама негізінде дауды қандай шарттарда бітімгершілікпен аяқтауға болатын ұсыныстарды қарастырырады.

Бұл әдістерді қолдану сот жұмысының белсенділігін, тараптар медиация туралы тек сотқа келгенде ғана біліп жататындықтан  судьялар тарапынан уақыт ресурсы мен түсіндіру жұмыстарын  талап еткенімен, нәтижесінде медиация шеңберінде араларындағы мәселеге нүкте қоюға ынта танытатындар саны көбеюде.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе бас  маманы- сот отырысының хатшысы А.У.Есниязова

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...

Гендерлік теңдік тұрақтылыққа сеп

Соңғы жылдары елімізде әйел мен ердің теңдігі, гендерлік саясат...

Жемқорлықпен күрес тоқтамақ емес

Жемқорлықпен күрес мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі. Елімізде сыбайлас жемқорлық...