Су тасқыны кезінде малынан айырылған қазақстандықтардың шығыны өтелді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Ақтөбе және Қостанай облыстарында мал шығыны көбірек болған.
«Өтемақы бюджеттік және бюджеттен тыс қаражаттан алынып жатыр (…). Барлығы алды (өтемақыны — еск.) — кейбіреулері бюджеттен, кейбіреулері бюджеттен тыс қаржыдан, қорлардан», — деді Бердалин ОКҚ брифингінде.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде 3753 бас, Қостанай облысында — 3520 бас, Батыс Қазақстан облысында — 2457 бас, Атырау облысында — 1562 бас, Ақмола облысында – 510 бас, Ұлытау облысында – 453 бас, Қарағанды облысында – 89 бас, Абай облысында – 79 бас, Солтүстік Қазақстан облысында – 27 бас ауыл жаруашылығы жануары өлген. Барлығы — 12 450 мал.
Министрлік барлық өңірде шығын 100 пайыз өтелгенін айтты.
Жеті облыста зардап шеккендерге ақшалай түрде – 10,5 мың бас мал үшін ақша төленген, тағы үш облыста тұрғындарға мал — 1885 бас ауыл шаруашылығы жануары сатып алынған.