Созақ ауданында қайта құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу бойынша пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өтті.
Профилактикалық шараға Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Ербол Оралбаевтың бастамасымен есепте тұрған сотталғандармен «Қайта қылмыстың алдын алу» тақырыбында кездесу өткізді. Аталған шараға пробация есебінде тұрған 32 сотталған қатысты. Кездесу барысында аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Нұрсұлтан Нұрымбетов баяндама жасады.
Жиын барысында Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Ербол Оралбаев пробация есебінде тұрған азаматтар тарапынан қайта жасалынып жатқан құқықбұзушылық пен қылмыстарға да тоқталып өтті. Екінші рет құқықбұзушылық пен қылмысқа барған азаматтарға тағайындалатын жазалардың тым ауыр болатындығы түсіндірілді. Сонымен қатар, пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту бойынша бос орындар туралы хабарламалар жасалды.
«Жұмыспен қамтылған адамның құқықбұзушылық пен қылмыс жасауға уақыты жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, бос жұмыс орындарына орналастыруға, өз кәсібін бастаймын деген пробация есебінде тұрған азаматтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмектесуге әзірміз. Сіздерге осындай қамқорлық жасап жатқан елімізге деген алғыс сезімдеріңіздің артуына тілекші бола отырып, бұрын жасаған қателіктеріңізді екінші рет жасамауға шақырамын!» – деді Ербол Оралбаев.
Мұнан соң сөз алған аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Нұрымбетов үстіміздегі жылы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша атқарылған іс-шаралары туралы айтып өтті.
Созақ ауданы бойынша пробация қызметі бөлімшесінде есепте тұрған бүгінгі күнге 42 адам бар. Оның ішінде 24 азамат бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза, 11 шартты түрде сынақ мерзіміне сотталғандар, 6 азамат белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғандар, 1 азамат қоғамдық жұмысқа тартылған. Осы сотталған азаматтардың 1 адамы зейнеткер, 5 адамы жастар, 3 адамы әйелдер.
— Жаза өтеуден және бақылаудан жалтарғаны үшін 2 сотталғанға іздеу жарияланып, қәзіргі таңда 2 сотталған ұсталып уақытша ұстау изаляторында ИЧ-167/11 мекемесінде орналастырылды. Жыл басынан бері Созақ аудандық пробация қызметі бөлімшесінде есепте тұрған сотталған азаматтарға яғни, 46 азамтқа психологиялық көмек және 36 азамтқа медициналық көмек көрсетіліп, 9 азамат жұмысқа орналастырылды. 2 азаматтың жеке басын куәландыратын құжаты болмауына байланысты жаңадан құжат алып берілді, — деді әділет майоры.
Осы тіркеуде тұрған азаматтардың бүгінгі жағдайлары кеңес отырысында назарға қойылды. Жазасын өтеп, қатесін түсінген азаматтарға қоғамда қай уақытта да қолдау бар. Кеңес отырысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарға барынша қолдау көрсету, көмек беру кеңінен сөз болды. Жеке кәсібін ашамын дегендерге мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант беру, еңбекке жарамды азаматтарды жұмысқа орналастыру, отбасылық жағдайларына қарай әлеуметтік көмек тағайындау сияқты мәселелер көтеріліп, ұсыныс пікірлер ортаға салынды. Кеңес отырысында көтерілген мәселер бойынша пробация қызметті жүйелі түрде жұмыс жасауда. Сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алу барысында атқарылатын жұмыстар да жиын барысында талқыланды.
Айта кетейік, жиын соңында пробация есебінде тұрған азаматтар тарапынан көкейде жүрген сұрақтар қойылып, заң шеңберінде тиісті жауаптар берілді.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы