Төлеби ауданындық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарға діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудан аумағында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің және кереағар діни ағымдардың алдын алу мақсатында Төлеби аудандық пробация есебінде тұрған сотталғандар мен Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» арнайы дінтанушы теолог маманы Айбек Тағай семинар-тренинг өткізді. Семинарға қатысушы соттаолған азаматтар теолог маманға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Статистика сүйенер болсақ, дінге қызығушылық білдіретін адамдардың басым бөлігі қажетті мағлұматтарды ғаламтор немесе әлеуметтік желі арқылы іздейді. Қазіргі таңда, еліміздегі жастардың көпшілігі діни сауатын ең алдымен ғаламтордан ашатыны баршаға белгілі. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.
Семинар барысында сөз алған дінтанушы-теолог маманы Айбек Тағай: «Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты кез-келген орындардан, сонымен қатар рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Және де еліктіру жолдары әлеуметтік желілерде тез таралады, оны дін жолына аяқ басқан жастарымыз осы дұрыс екен деп қабылдайды. Сондықтан діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. Сондай-ақ, дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар, — деді дінтанушы-теолог маманы.
Заман талабына сай күн өткен сайын әртүрлі жаңашылдық елімізге еніп жатыр. Ғаламтордың адамға пайдасы зор. Бірақ, біз осы мүмкіндікті теріс әрекетке жұмсап жіберетін кездер болады.
Дін өте күрделі мәселенің бірі. Біздің пробация қызметінің есебінде тұратын сотталған азаматтар өзге діннің жетегінде кетпес үшін, осындай шараларды ұйымдастырып отырамыз. Сотталған азаматтардың діни сауаттылығы басты назарда. Қазіргі жастарымыз діни сауттылықты мешіттерде арнайы дәріс беретін имамдардан алудың орнына, әлеуметтік желіде таратылып жүрген видороликтер мен жазбалардан алғанды жөн санайды. Кейбір сайттарда дінді дұрыс насихаттаса, енді екіншісі дінді бұрмалап теріс пікір қалдыратыны жасырын емес. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын тарататыны жасырын емес. Дінге бет бұрғысы келген жастарымыз осындай теріс ниетті діндарлардың жетегіне еріп, қатесін кеш түсініп өкініштен өзегі өртенген азаматтарымызда кездеседі, — деді Төлеби аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Бауыржан Сарыпбеков.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы