Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №79 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарды еңбекке тарту – олардың әлеуметтік бейімделуіне, қайта қылмысқа бармауына және қоғамға оралуына мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі.
Осыған орай, мекеме әкімшілігі тарапынан жеке кәсіпкерлермен серіктестік байланыс орнату арқылы сотталғандарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкерлерді мекеме аумағында өндірістік қызмет жүргізуге тарту мәселесі қарастырылуда. Бұл бастама бір жағынан – кәсіпкерлер үшін тиімді өндірістік алаң мен жұмыс күші болып табылса, екінші жағынан – жазасын өтеушілер үшін тұрақты еңбекпен қамтылу және жалақы алу мүмкіндігін береді. Қазіргі таңда бірнеше кәсіпкерлік субъектілерімен келіссөздер жүргізіліп, тігін, ағаш өңдеу, қол өнер бұйымдарын жасау және басқа да бағыттар бойынша бірлескен жобалар іске асырылмақ. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің және ІІМ ҚАЖ комитетінің сотталғандарды еңбекке орналастыруға қатысты тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай бастамалар сотталғандар арасында еңбекке деген ынтаны арттырып, олардың оң мінез-құлқын қалыптастыруға сеп болады. Сонымен қатар, еңбек өтілі мен кәсіби дағды қалыптастыра отырып, бостандыққа шыққан соң қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта №79 мекемесінде еңбекпен қамтылған сотталғандар саны артпақ. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жеке кәсіпкерлермен өзара тиімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қалыптастыру көзделуде.