12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға алмай жатыр еді, тәулігіне жиырма төрт сағат тыным жоқ безілдек телефоны еріксіз орнынан тұрғызды.  Керіліп-созылып жылы төсегінен әрең тұрды да, сылтып басып төргі бөлмеге өтті. «Не кисем екен?» – деген оймен  даңғарадай бір бөлмені түгел алып тұрған, тұтас беті айнадан жасалған итальяндық шифоньердің сырғымалы есігін айқара ашты.

Жібек, торғын, сәтен небір маталардан тігілген түрлі үлгідегі сәнді көйлектерді ары-бері қопарып, сыртқа лақтыра бастады. Көйлектерде мін жоқ. Бірінен бірі өтеді.  Мына қызыл барқыт көйлекті атақты отандық дизайнер сыйға тартқан.  Мына қара жібек көйлекті түрік еліне барғанда бәленбай мың долларға алған. Ал мына су жаңа шілтерлі көйлекті Гуанжоуға барған сапарында сондай құмартып еді, сол бойы киілген жоқ.  Қытайлар қу ғой шіркін,  өздері үшін сапалы әрі ыңғайлы етіп тігуді біледі. Матасы да,  тігісі де келісті, атақты «брендтерден» кем түспейді. Мынау қысқа көйлек британдық «Барбери» өнімі. «Баленсиага», «Роберто Кавалли», «Джорджио Армани»…

«Адам көркі шүберек» дейді екен. Кім айтса да дәл оның кебін киіп,  күйін кешпеген болса керек. Арғымаққа алтын ер-тұрман жарасар, ал көк есекті алтынмен аптап, күміспен қүптеп қойсаң да құйрық жалы таралған сәйгүліктей әсем бола ма? «Мына бағалы киімдер менің көркімді келтіріп, ажарымды ашуы былай тұрсын есекке үкі тағып, итке жабу жапқандай  ерсі,  көзге қораш көрінетін тәрізді. Бірі ұзын, бірі қысқа, бірі түзу, бірі қисық боп біткен аяғын көзге түрткі қып, мен мұндалатып, әшкерелеп беретіндей.

Құлын мүсінің мен киген киімің үйлесе кетпеген соң бұлай сыланып-сипанып, жасанудың қажеті қанша?» – деп  күйінді.

Айгүлдің заты әйел болғасын  жылтыраққа әуестігі жоқ емес. Дүкен сөрелеріндегі мінсіз мүсінді маникендерде көздің жауын алып тұрған шүберектерді көргенде қалай өтіп кете алсың. Сілекейі шұбырып, тамсанумен болады. Кейде қалауы артып сатып та алады. Содан соң үйіне келіп, үстіне жапсырып алып, осы айнаға ұзақ телміреді. Ал  бұл айна оны мазақ етеді.

Айгүл үстіне құйып қойғандай  бағалы көйлекті жылдам шешіп, қалай лақтырып жібергенін өзі де байқамай қалды.

Тысқа шығып, күн нұрына шағылысып лағылдай жарқырап тұрған  темір тұлпарына жайғасты да «Үлкен тау» кешеніне қарай ызғыта жөнелді.

***

           Тау етегіне барып бірақ тірелетін ұзын-сонар жолдың бойында ол кезде«Үлкен тау» деп аталатын шыны әйнектен жасалған үш қабатты жалғыз  демалыс орнынан өзге түк жоқ еді. Демалыс кешеніне қарама-қарсы аялдама бар. Табиғаты көз тоймайтын көркем болғанымен көлік аз қатынайтын, кісі аяғы аз басатын, ит пен құс көп жүретін  қауіпті жер. Ең соңғы аялдамадан ары қарай бес шақырым жерде елу шақты үй түтін түтетіп, бау-бақша егіп отырған  кішігірім саяжай бар. Сол саяжай тұрғындары үшін бұл жерге таңертең және кешкі уақытта күніне екі мәрте автобус қатынайды. Қаладан лық тола шыққан автобус іші соңғы аялдамаға жеткенше  бара-бара сиреп, тіпті босап қалушы еді. Кешкі сағат жетілер шамасында жеткен қоғамдық көлік тірі жан баласы болмаса да сүт пісірім уақыт аялдайды да, кері қайтады.

       Соңғы аялдамада соңғы  кезде қылмыс жиілеп кетті. Дәл осыдан алты ай бұрын автобус күтіп тұрған 34 жастағы әйел  ұшты-күйлі жоғалып кеткен болатын, табылмады.  Осы қарашада аялдама маңынан  сабаққа кетіп бара жатқан 16 жастағы  өрімдей қыздың өлі денесі табылды.  Бұған дейін де талай төбелес,  кісі тонау, қаңғыбастардың өлімі сияқты түрлі-түрлі жағдай орын алғанымен, соңғы кездегі қос сұмдық жайт: жарық күнде жұмысқа кетіп бара жатқан әйелдің із-түссіз жоғалуы, өрімдей жас қыздың жұмбақ өлімі жергілікті тұрғындардың мазасын қашырды. Жұрт жарық күнде жалғыз жүруге қорқып қалды. Мектепке қатынайтын балаларын, әсіресе, қыздарын шығарып салып, күтіп алатын болды.  Аялдама басына күзет қойылды. Жан-жаққа бақылау камерасы орнатылды. Бәрібір тұрғындардың үрейі сейілер емес.

 «Бекетқызы Еркеназ 2008 жылы 24 қарашада дүниеге келген. Бойы 170, салмағы 50-55 шамасында. Үстінде көк түсті джинсы күртеше мен шалбар. Аяғында ақ түсті кеды. Шашы ұзын, қара. Таң ертеңгі сағат 06.45-те «Үлкен тау» демалыс орнына қарама-қарсы аялдамада жалғыз өзі  автобус күтіп тұрғаны ғимарат қақпасындағы бейнебақылауға түскен. Сағат 06.51-де аялдамаға автобус келіп тоқтағанда камераны көлейгейлеп, қыздың бейнесі жоғалды. Сағат тілі 06.56-ны көрсеткенде, автобус орнынан қозғалып, жүріп кеткеннен кейін, жерде қыздың өлі денесі жатқаны көрінеді.

Атылған тапанша дауысын естіген тірі жан жоқ.  Дыбыс бақылау камерасына да жазылмаған. Өспірім қыздың жұмбақ өлімі дәл осы аялдамада, дәл осы автобус келген сәтте болған екінші жантүршігерлік жайт. Бірінші оқиғада автобусқа отырғалы тұрған  әйел не өлі, не тірі екені белгісіз ұшты-күйлі жоғалған еді. Енді міне.  Ал  болған оқиға орны  жым-жылас, жылан жалағандай. Айғақ болар дәнеңе жоқ. Тергеу изоляторының камерасында отырған автобус жүргізушісі «Ешқандай қызды көрмедім», «Тарс еткен бір дыбыс естімедім» дегеннен басқа мандытып ештеңе айта алар емес.  «Ол кішкентай қызды өлтіріп неғалайын, өзімнің де дәл сондай қызым бар емес пе» —  дейді көзінен жасы сорадай ағып. Обалы не керек, саусақ іздері де анықталмады.

«Өмірбаяныңды қарап отырсам мұнтаздай-ақ екен.  Бұл істі соңына дейін жеткізе алсаң қызмет бабында өрлеу мен  өркендеу күтіп тұр. Ал, іс ашылмаса… өз обалың өзіне…»  Генералдың бұл сөздері тергеу бөлімінің басшысы Абылайдың құлағынан кетер емес.

Соңғы аялдамадағы қылмыс асқан сақтықпен, сауатты жасалған. Ешқандай күдікке негіз жоқ, айғақ аз. Басшының сөзінің астары түсінікті. Соңғы кезде өзіне көп шүйлігетін болған,  қас қылғандай жұмысы да алға баспай-ақ қойды. Тергеу ісі күн санап, күрделене түскендей. Бір істі аяғына жеткізе алмай, басы қатып жүргенде екінші қылмыс. Жәбірленуші тараптың шарасыз хәлін, құқық қызметкерлерінің жұмысына күмәнмен қарауынкөріп, өзінің де санасы сан-саққа жүгіріп ет жүрегі сыздап қоя береді.

Құрбан болған қыздың ата-анасы өте қарапайым адамдар екен. Саяжайда картоп, пияз, сәбіз егіп,  алма сатып күнелтетін көрінеді. Қызынан айырылып жүрегі қан жылап отырса да бір дорба алмасын ала келіпті.

«Еркеназ қартайғанда көрген ерке қызымыз еді. Күнәсіз пенде жоқ, құдай алдында күнәһар шығармыз, бірақ менің кішкентай періштеміздің қандай жазығы бар?! Абылай Әзімханұлы, қызымыздың қайтып келмейтіні белгілі ғой,  бірақ, қанышер жазасыз қалмаса екен! Тек өзіңізге сенеміз», – дейді ботадай боздап.

Абылайдың жүрегі шым ете қалды. Сол  қарапайым адамдар іздеген әділдікті өзі де  тапқысы келеді.  «Босқа арам тер болғанша осы жұмысты тастағаным да дұрыс шығар» деген ой да қылаң беріп жүр. Ер не көрмейді? Атқа да мінер, таққа да мінер. Не де болса екі қолға бір күрек табылар. Кетсем кетермін – дейді. Бірақ, мектебіне барып-келіп, өз жөнімен жүрген қаршадай қыздың өлімі кімге керек болды? Тапаншамен қақ шекеден атып өлтіретіндей, кішкентай қыз не жазды? Кімнің жолын кесті?  Мейлі қызметімді өсірмесе өсірмесін, бәрібір жауызды іздеп табуым керек. Ісім алға баспады деп әлсіздік танытуға болмас – деген екінші ой кесе көлденең тұра қалады.

  • Экспертиза нәтижесіне сенсек мәйіттің барлық іш-құрылысы  орнында, денесінде еш зақым жоқ. Жеке заттары, қалта телефоны, тіпті  сөмкесіндегі азын-аулақ ақшасына дейін тұр. Соған қарағанда ұры-қары, қалта қағарлардың ісі емес.  

–  Әдемі қыз екен – деді әріптесі Айна, құрбан болған жас қыздың суретін қолына алып. Менің ойымша, сүйіктісінің қолынан келген іс болуы мүмкін. Қызғаныштан… Қазір жеке басының  намысын  адам тағдырынан жоғары қоятын жігітсымақтар көп қой. Жастардың ерегесінің  арты міне, осындай  қайғылы жағдаймен аяқталуда.

–  Ал достары, ата-анасы ешкіммен  көңіл жарастырмағанын, тіпті жігітпен сөйлесіп көрмегенін айтады. Тек сабақтан басқа ісі жоқ  бала болған деседі.

  • Бала деші, ата-анасына айтыпты да кіммен сөйлесіп жүргенін. Қазіргі жастар  ерте есеюге асығады…  біздің замандағыдай емес — деп  жастарға кінә арта сөйледі ішкі істер академиясында бірге оқыған замандасы Айна. Басшы деп қарамай басқаларға қарағанда өзін Абылайдың  алдында еркін ұстайтын әдетіне басып.
  • Болды жетеді, неге біз осы, әуелі ақ-қарасын ажыратып алмай, құрбан болған адамды жерден алып жерге салуға дайынбыз?! Мен білсем бұл кездейсоқ қылмыс емес, Айна.  Өткен айда дәл сол соңғы аялдамаға  автобус  тоқтаған уақытта  келіншек іс-түссіз жоғалып кетті. Бір жыл бойы қалаға қатынап жұмыс жасап келген, балалы-шағалы әйел аяқ астынан қайда кетті? Артында  сорлап бес баласы қалды. Қамауда  отырған автобус жүргізушісінің бала-шағасы ше? Ол байқұстың  бұл жайтқа еш қатысы жоқ екенін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ… менің жүрегімді ауыртатыны осы – бірақ.
  • Мен ертең «Үлкен тау» жаққа тағы бір барып көрейін, қожайынымен сөйлесіп, барлық бейнебақылауды тағы бір тексеріп дегендей — деді мойор Шәкіров қыпылықтап, сөзге килігіп.
  • Ертеңді күтіп отыруға болмас. Жинал, қазір барайық!

Монитор алдында ойын ойнап, бейқам отырған мойор сүйретіле еріксіз орнынан көтерілді.

Абылай жеңіл күздік пальтосын үстіне де ілместен қолына қыстырған бойда асығыс шығып жүре берді. Бойын жауратқан қарашаның қара  суығын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Өзінше ой үстінде келеді. Асфальт бетінде көлкіп жатқан  жаңбыр суына да қарамай кешіп  өте берді. Күн ұясына еңкейсе де бұл қаланың  кешкі тіршілігі толастаған ба, қайта қыза түскен. Үлкен даңғыл бойындағы ерсілі-қарсылы сапырылысқан көліктерде есеп жоқ. Жақын маңдағы жазғы кафелерден  буы бұрқыраған тәтті  тағамдар мен күйген  кәуәптың исі мұрынды жарады. Тәбетті ашатын тағам исі таң атқалы нәр сызбағанын есіне салды.

Кенет оқыс дауыс естілді. «Абылай Әзімханұлы, көлікке отырыңыз, жаурап қаласыз» — деді, соңынан көлікпен жеткен мойор өбек қағып. Жол бойы көлікте де ойына не келіп, не  кетпеді. «Бұл істі соңына дейін жеткізе алсаң қызмет бабында өрлеу мен  өркендеу күтіп тұр. Ал, іс ашылмаса… өз обалың өзіңе…»  Күдікке ілінген әр адамды ойша  жазғырады, ойша ақтап алады. Басы қатты. Жазықсыз құрбан болған қорғансыздарды көре тұра ақиқаттан аттап кету –  арға сын. Көз алдына Еркеназдың әке-шешесі келеді. «Аталатсаң аталат, боталатпа» дейді қазақ. Еліктей еркелеп өсіп келе жатқан Еркеназдың өлімі  оларға оңайға соқпайтыны анық. Абылайдың ойына Мұқағалидың қыздарға деген өлеңі орала берді.

Қыздарды көрсем, бір түрлі
Өзімнен өзім мұңданам.
Тыям да бейқам күлкімді,
Өзімнен өзім сыр бағам.

Қымбат-ау қыздың ар-мұңы,
Қиын-ау, қиын, тым қиын.
Не болар екен тағдыры?!
Үйіріліп соқса бір құйын.

Тоймайды көзім жүз көрсем,
Жайқалған менің гүлдерім!
Тоң тұрып жерге, күз келсе,
Не болар екен күндерің?!

Түрткілеп күдік жанымды,
Кетеді жүрек тыз етіп…
Әзірге жасыл бағымды,
Отырмын, міне, күзетіп» —

Еркеназдың әкесі саяжайда жан бағып, бау-бақша баптап жүргенде,  үйіріліп соққан құйын өз бақшасындағы жайқалған  жалғыз гүлін жұлып әкетті. Жасыл бағын күзете алмады.

Олар қаладан бірнеше шақырым жердегі оқиға болған орынға  тез-ақ жетті.

–  Оһ, шіркін  бұл жердің табиғатын айтсаңшы? Өңірлік  туризмді қолға алу үшін таптырмайтын мекен. Мұнда өңшең шетелдіктер мен қалталылар келеді, мына ақсақ қатынның басы істейді – деді қызметтік көлікті тізгіндеген бірі «Үлкен тау»  демалыс орнын иегімен нұсқап.

  •  Осы жерден бір бизнес ашса-ә?!
  • Қайдам, бағасы удай шығар?
  • Ана тау жақ та жеке меншікке өтіп кеткен дейді. Қожайыны белгісіз. Құжат бойынша бір ұйғырдың атына тіркелген. Бірақ сол аты-жөні аса белгісіз кісі бұл жердің нақты қожайыны екеніне күмәнім бар —  деді  жол бойы езуі жиылмай сөйлеп келген мойор көліктен түсіп жатып.
  • Болды, артық сөзді қоя тұрайық,  сонымен, неден бастаймыз? – деді Абылай әңгіме айтып, самарқау  тұрған әріптестеріне жақтырмаған кейіппен.

–  Біз  бұл жерде  талай болдық полковник жолдас!  Өткенде  әйел жоғалғанда да… Кеше де біздің адамдар күні бойы осында жүрді. Сіз  кешенге кіріп, алтын  уақытыңызды кетірмесеңіз де  болады. Не айтатындары белгілі.  Барлық айғақ мына  жерде қаттаулы тұр – деді мойор Абылайға  папкасын ұсынып.

Абылай папкаға көз қырын да салмастан алдыға қарай ұмтыла берді. Мойор амалсыз соңынан ілесті. Уақыт жоғалтқаннан өзге ештеңе таппаймыз деп қайталап келеді. 

Күтіп алушының «Қандай көмек қажет?» деген сөзін елеместен мейрамхананың қақ төріне бір-ақ озды да, қос  қолын пальтосының  қалтасына салып тұра қалды.  Жоғарыға көз тастап, айнала қарады. Хан сарайына бергісіз зәулім мейрамхана төбесіндегі мына бір салпыншақ люстраның құнына біздің бір айлық табысымыз да жетпейді-ау? Есеп-қисабы жоқ, қайдан келіп жатқан мол дүние?! – деп іштей таңданды. Кенет ашық балконнан ғимараттың екінші қабатында  отырған  бір жанға көзі түсті. Тұтас беті әйнектен жасалған жақтауы жоқ  терезе алдында мүгедек арбасына танылған  әйел отыр. 

  • Бұл кім болды екен?
  • Мән бермей-ақ қойыңыз, Абылай Әзімханұлы.
  • Мән бермегені қалай?
  • Ол осы жердің қожайыны, есімі Айгүл. Талай сөзге тартқам, жөнді әңгіме айтып жарытпайды, мінезі шайпау – деді мойор қияқ мұрты жыбырлап.

Бейнебақылауды көріп шыққаннан кейін «Шәкіров, сен шаруаң болса жүре бер. Мен  өзім-ақ  қайтармын»,  – деді Абылай мойорға мойын бұрмастан.

  • Жақсы жолдас полковник! Сізді сыртта күтеміз.

Күтпей-ақ қойыңдар, такси шақырармын.

Абылай ешкімге назар салмай, терезеге қарап өзімен-өзі отырған мүгедек әйелмен сөйлеспек болып, екінші қабатқа көтерілді. 

  • Сәлем сұлу бикеш!

Айгүл шенді  азаматқа жаратпай қарады. Жауап қатқан жоқ. Есесіне «мен бе сұлу?» дегендей  қабағын шытып, мұрнын тыржитты.

  • Иә, саған айтып тұрмын! Мүсінбісің неге тіл қатпайсың-а?
  • Сәлеметсіз бе? Бөтен адамға сен деп сөйлеу — мәдениетсіздіктің ең  сорақы көрінісі!
  • Дұрыс айтасың! Ал мен сені  мүлде  бөтен деп ойламаймын. Түрің таныс…. бір жерден көрген сияқтымын…

Әйел танысаң-танитын шығарсың, мені мұнда кім танымайды дегендей көзін терезеден алмастан  жайбарақат отыра берді.

Абылай  әйел алдындағы қарсы орынға жайғасты да, оның жүзінен көз алмай, қадала қалды. Бұл дүниеде адам сұғынан өткір не бар?  Шоқтай  қадалған жанары әйелдің өңменін тесіп жібере жаздады.

  • Көрген адамыңның бәріне сен деп сөйлесең — деді  әйел тұла бойы тіксініп қалса да, түр бермеуге тырысып.

Жас тергеушінің  өткір жанарына бойы үреністі ме,  аздан соң, өзі де дереу қабағын қарс түйіп, қаһарын жиып алды.  Сенен ыға қоятын мен емес дегендей, бетін бері қаратып,  бедірейе түсті.

Абылай да өзінің бірбеткейлігіне салып, рұқсатсыз сырт киімін шешіп, еркін жайғасты. Үстел шетіндегі нүктедей батырманы басып, «мына ханым екеумізге екі шыны кофе әкеліп берсеңіз, әңгімеміз жарасып жатыр», — деді  әйелден сол бойы көзін алмай.

  • Мен кофе ішпеймін! —  деп зірк ете қалды ол.
  • Есіміңіз?
  • Есімімді езіп ішейін деп пе едіңіз. Мен кофе ішпеймін дедім!
  • Неге сонша ашулысың? Ешкім сенің аузына құйып жатқан жоқ қой. Мейлі, екеуін  де өзім ішемін. Ал сен онда коньяк іш…
  • Ішімдік ішпеймін, жағдайымды көрмей тұрсың ба?  — деді өзінің арбаға танылған шарасыз хәлін ескерткісі келгендей.

Мұндай дөкір сөзді адамға сіз деп сөйлесудің өзі әбестік екенін ұққандай  ол да сенге көшкен.

  • Жас кезіңде жақсы сілтеген сияқтысың.  Мына отырыс соның салдарынан емес пе? Хе-хе, әрине қалжың! Сенімен еркін, сыралғы достардай ашылып сөйлескенді қалап отырмын.
  • Түк те күлкілі емес! Шығып кетіңіз бұл жерден! Кім болсаңыз да…
  • Абылай алдындағы исі бұрқыраған  қою кофеден екі ұрттады да, көзімен ғана  күлімдеп,  үнсіз орнынан  көтерілді. Ол тұрғанда тіпті еңселі көрінді. Кең жауырынды, сымбатты тұлғасына үстіндегі қара пальтосы құйып қойғандай екен. Түрі мен тұлғасы келісіп-ақ тұр.

    Қолын қалтасына салып аз тұрды да, мына жерде мүгедектерге арналған пандус неге жоқ? Саған екінші қабатқа көтерілу қиындық тудырмай ма? – деді өзінің  кәсіби дағдысына басып.

  • Қиындық тудырса көмекке келіп тұрайын деп пе ең?
  • Несі бар? Сен үшін, елу шақырым қашықтықты күніне екі мәрте еңсеруге әзірмін! —  деді маржан тістерін көрсетіп. Бұл сөзі әлде рас, әлде мазақ түсіну қиын еді. Соны айтты да қоштаспастан  есікке қарай маңғаздана жүріп кетті. Мүңк етіп, мұрын қапқан әтірдің қош  иісі «мені есіңде сақта!»  дегендей соңында қала берді.
  • Сымбатына болайын әдептіліктен жұрдай! Айгүлдің жүрегі дірілдеп кетті.  Қорқыныш па әлде өзге сезім бе? Бұрын-соңды онымен ешкім бұлай тіл қатысып көрмеген-ді. Бәрінің оған жаны ашиды. Бәрі сіз деп сызылады. Бәрі  қожайын деп ығады. Бәрі… Бәрі…  Тек мына тергеуші жігіт  қана жылдар бойы  маңына жан жуытпаған жалғыздық, тәкаппарлық, өктемдік қамалын бұзып жібергендей.

       Сонымен ырқына көндірмей өзгеше күй кештірген бұл батыр кім болды екен? Айгүл дереу көмекшісін шақырып ол жайлы ақпарат  жинауды бұйырды.

       Абылай да шатасқан шаруаның бір ұшын таптым-ау деп көңілі жайланып тысқа шыққан. Сол-ақ екен, қалта телефоны шыр ете қалды. Генерал  екен.

  • Сен  бала кіммен ойнап жүргеніңді білесің бе? – деді өктем дауыспен. Ескертемін, екінші мәрте жұмыс уақытында мұндай бассыз қылық танытсаң істен шеттетілесің. Әзірше… ім-м әзірше… ауызша сөгіс беруге тура келіп тұр…  Иә, сен білікті, жұмыс жасау тәсілі  өзгеше тергеушісің. Бірақ тергеу барысында кейбір үлкен адамдармен сөйлескенде қызметтік этиканы сақтау керек. Қылмыскер екеніне көзің жетпегенше… Біле білсең ол кісі…. ол кісі дұрыс адам… тергеу кезінде бізге талай көмегі тиген… Саған ескерту, ендігәрі ол жаққа  аяғың аттап баспасын!

Абылай өзін мақтағандай болып, аяғын матап тастаған  генералды түсінбеді.

  • Жасарал Болатұлы, бұл әсте қызметтік кездесу емес еді. Мен ол әйелмен жеке қалып танысқым келген.  Ынтызарым ауып дегендей…
  • Арбаға танылған мүгедекке ме?
  • Мүгедекті ұнатуға болмайды деген  заң бар ма, Жасарал Болатұлы? Абылай балаша мәз, бойында жоғарыдан сөгіс алдым деген үрей, қобалжу жоқ.
  • Жә, жетер! Жұмыс пен жеке өмірді шатастырма!

Генерал тұтқаны тастай салды.

Қап-ай ә, нөмірінде  сұрап алмаппын ғой. Есімін де өз аузынан естімедім. Неге екені белгісіз ол келіншекке іші жылып қалғанына өзі де таң қалып тұр. Небір сұлулардың жүрегін жаулап жүрген сері жігітке ерекше жаратылысты, өзінен әлденеше жас үлкен әйелдің көңілін табу оңайға соқпайтын тәрізді.

***

      «Бос уақытында балық аулағанды ұнатады» – дейді. Сенің қармағыңа ілініп қалмас үшін,  әуелі өз торымды қамдайын – деді Айгүл Абылайдың өмірбаянымен танысып отырып. Сол-ақ екен, көмекшісі есігін тақылдатып «Сізге бір кісі келіп тұр»  – деді.

  • Кірсін!

Келген кісіге назар салғаны сол-ақ екен, жүзі таныс, бір жерден көрген сияқты. Көрсем көрген шығармын, бұл жерге кім келіп, кім кетпеді.

  • Ім-м, мен…  сіздің  кешенде еден жуушы болып жұмыс істегенмін. Бүгін сол… тиын-тебен керек боп… жалақымды алып кетсем бе деп  келдім- деп қипақтады келіншек.
  • Әрине, еңбек етсеңіз ақысыз қалмайсыз ғой. Бірақ жалақы алатын уақыт әлі болған жоқ, келесі аптаның басында келіңіз,  – деді  ілесе кірген есепші Айгүлден бұрын тықылдап.
  • Иә, түсініп тұрмын… бірақ маған бүгінге керек еді. Ақшадан қатты қысылып тұр едім. Пәтер ақысын төлеуіміз керек – деді әйел де ұнжырғасы түсіп.
  • Кешіріңіз, дәл қазір қолыңызға ол соманы санап ұстата алмаймын. Егер расымен бізде жұмыс  істеген боласаңыз айдың соңында жеке шотыңызға жіберемін.
  • Пәтер ақысын қалайда төлеуіміз керек. Бүгін соңғы күніміз егер төлемесек… деп өң-шырайынан әлдебір лажсыздық білінген әйел сөзінің аяғын жұтып қойды. Мен айтарымды айттым, әрі қарай өздерің шешіңдер – дегендей есепші шығып кетті.

Әйел де амалы құрығандай басын төмен салбыратып есепші соңынан шығып бара жатты да, тұра қалып қарқылдап күлді. Бейне бір есі ауысқан адамдай.

  •  Сізге не керек? –  деді шошып кеткен Айгүл бәсең үнмен.
  • Ақша!

Айгүлдің енді  есіне түсті. Қарсы алдында бұлбұлша  сайрап  тұрған —  іздеуде жүрген келіншек.  Иә, өткенде хабарландырудан көрген. «Бес бала  анасын іздейді», —  деп жазып еді. 

  • О,  сұмырай! —  деп айқайлағысы келді. Бірақ өзін тежеді.

Суырмасынан бір бума ақшаны  алды да әйелдің қолына ұстатып жатып, егер ақшадан қиналып жүрсең айт, көмектесуге әзірмін деді – мәрттік танытқандай болып. Әйел  еңкілдеп жылап жіберді де,  сізге өле-өлгенше қызмет етуге дайынмын – деді жарылқаушым сіз болдыңыз дегендей жәутеңдеп. 

  • Оқа емес, бұл сіздің адал еңбегіңіздің төлемі – деді Айгүл де сыр білдірмеуге тырысып.
  • Түу жақсы болды ғой. Сәл болмағанда буынып түйініп  көшуге дайын отыр едік. «Кедей болсаң көшіп көр» – деп бес баланың киім-кешегі, оқу-құралдары бар. Біраз дүние жинап алыппыз. Бұл пәтерге былтыр көшіп келіп едік. Осы үйге үйреніп-ақ қалыппыз. Балалардың мектебіне де жақын. Көршілер де жайлы – деп келіншек тоқтамай сөйлеп тұр. Бастапқыдай емес, жүзінде үрей мен уайымның табы жоқ.

         Соңғы уақытта өзін мазалап жүрген ойдың бір ұшы шыққан сияқты.  Дереу телефон камерасын қосты да  «жолдасыңыз бар ма?», —  деді қапелімде  аузына басқа сөз түспей.

  • Иә бар, бірақ, ол кісінің табысы күнделікті ішіп жемнен артылмайды  — деді келіншек ерін ақтай сөйлеп.
  • І-ім,  солай деңіз. Ол кісі  қайда жұмыс жасайды?
  • Электр жабдықтарын жөндеуші. Тапсырыспен жұмыс  істейді.
  • Несі бар, жап-жақсы кәсіп иесі екен. Мұндай үлкен қалада электр жабдықтарын жөндеуші деген нағыз керекті  мамандық қой. Табысы да жаман емес болар —  деді оны біраз сөзге тартпақ болып.
  • Иә, жақсысы жақсы ғой, бірақ өз мамандығы заңгер. Алған жоғары білімі бойынша жұмыс таба алмаған соң жанбағудың амалымен жүр ғой.
  • Жексұрын неме! Жоқ өзімді ұстауым керек.
  • Дұрыс-ақ. Қазіргі заманда  қандай кәсіпке сұраныс көп болса, соған қарай икемделу керек. Түлкі заманды тазы боп шалғанның айыбы жоқ. Қайта тас лақтырса тиетін заңгерлерің емес, аз да болса  жұрттың тұрмысына  пайдасы тиетін электр жабдықтарын жөндеуші, сылақшылардың көп болғаны игі емес пе.  Осы адамдар қызық,  жұмысты мал табу, жан бағу үшін  амалсыздан істейді, бірақ кәсібін жаратпайды. Сонысына қарамай, қу құдай күнімізді көк қағазға қаратып қойды ғой деп налыйтындарын қайтесің.

Мен өз кәсібімді құлай сүйемін. Кәсібім үшін жанымды беремін.

Әйел  «Жақсылығыңыз құдайдан қайтсын»,  – деп мүләйімси күлді де,  артынша  «Мені тығып қойыңызшы. Ешқайда жібермеңізші… Олар мені алып кетеді… алысқа…. қарным ашты», — деп зарлап сала берді.  Сәл ауытқу бар сияқты.

«Мен қорқамын, мені тығып қойыңызшы. Ешқайда жібермеңізші», – деп қайта қайталады.

Айгүл қорғаушысына хабарласпақ еді,  сол-ақ екен  телефоны өзі-ақ шыр ете қалды.  Нөмір жасырын екен.

— Иә, тыңдап тұрмын!

— Сәлем Айгүл! Жағдайың қалай? Мазалағаныма кешірім өтінемін, менің қоңырауымды күтпеген боларсың, бірақ… сенің дауысыңды естігім келді…

Айгүлдің телефон ұстаған қолы қалтырап, жүрегі кеудесіне сыймай  атқақтап  кетті.

— Сәлеметсіз бе, Абылай мен сізді тыңдап тұрмын! Қандай көмегім қажет?

— Айгүл мен саған жұмыс бойынша хабарласып тұрған жоқпын. Басқа ұсынысым бар еді. Ертең демалыс қой, менімен тауға шығып қайтуға қалай қарайсың?  Айгүл «Мақұл!» – деп қалай ғана  келісе кеткенін өзі де байқамай қалды. Оған күніне  қоңырау шалатындар  аз емес. Алайда олар «қызым, көмегің керек еді, Айгүл Абзалбекқызы ақша керек еді, Айгүл Абзалбекқызы денсаулығыңыз жақсы ма? Айгүл Абзалбекқызы, аурып тұрған жоқсыз ба?» — деген сыңайдағы  ұсыныспен, жұмыс бабымен қоңырау шалатындар болатын.  Қарап отырса, осы жасқа дейінгі саналы ғұмырында «Жүр тауға барайық!» — деп кім айтыпты? Қашан айтып еді? Дәл осылай өзімен тең дәрежеде кім сөйлесіп еді? Ешкім!

— Тауға шықпағалы біраз болыпты деді Айгүл еркін тыныстап.

 — Иә, мен де таза ауаны, сұлу табиғатты  жанымдай жақсы көремін. Әттең, күнделікті күйбең тірлік, жұмыстан қол босай бермейді.

Ал менің қол байлау боп тұрған тірлігім болмаса да, аяғым арбаға таңулы. Тіпті серуенге шығарып тұратын адамым жоқ. Өзіңмен танысқан күннен бастап, өзімді түсіне алар емеспін. Сіз жайлы бірде оң, бірде теріс ойда жүремін. Көп ойланамын.  Қалай айтсам екен… эмоциналды әткеншек десем болар ма екен? Абылай қарқылдап күліп жіберді.

  •  Сені әр алуан күйге бөлейтіндей не істеп қойдым екен-ә? Біздің танысқанымызға бір апта ғана болды емес пе. Кейде қатты айтсам кешір мені, Айгүл. Жалпы мен романтик емеспін, тіпті  кейбір нәзік жандылар маған тым қатал, өзімшілсің деп наз айтады. Енді жұмысым сондай.   

– Ал адам өзінің табиғатына жақын мамандықты таңдайды дейді.

–  Сонымен, не дегің кеп тұр? Мені табиғатыңнан қатыгезсің деп айыптаудан саусың ба? Абылай  тағы қарқылдап күлді. Оның күлкісі де қызық еді.  Әлде мұқату, әлде  жүректен шыққан шынайы күлкі.

  • Осылай күлмей-ақ қойсаңыз болмай ма? Бір түрлі, тәкәппарлықтың, пандықтың лебі байқалады.

— Саған ұнамаса, өз еркің, біреудің көңілінен шығуға тырысу менің табиғатымнан емес. Кісі бетіне келіп көрмеген Айгүл кірпідей жиырылды да қалды.  Оның көңіл-күйінің  түскені Абылайға зәредей әсер еткен жоқ.

  • Айгүл, әңгіменің төтесіне көшер болсам,  мен сен туралы бәрін білемін, —  деді қайта жадырап.
  • Мен де сен туралы бәрін білемін, —  деп Айгүл  де қалыспай іле тіл қатты. Айтпай-ақ қойғысы келсе де жігіттің сұрқия  ойын бетіне басқысы келді. Бәсе, полицейлердің оңғаны бар ма!   Бұл да  сол шибөрілердің  үйірінен. Маған ынтызар жанның рөлін сомдамай-ақ қойсын. Ондай ойынның талайын көргем. Маған ғашық адамға менен бірақ нәрсе керек. Ол – ақша. Тіпті мені дүниеге әкелген  анама, ет жақындарыма да керегі сол.
  • Сенен ештеңе жасырмаймын, отбасым бар. Маған ғашық болуға болмайды  — деді Абылай  оның ойын оқығандай.
  • Иә, махаббат  көйлегі көк,  жұмысы жоқ, сау адамның ойлап тапқан машақаты. Ал мен…
  • Ал мен сені мүгедек деп мүлде ойламаймын. Жан дүниең  ерекше, жақсы  қасиеттерге толы демей-ақ қояиын,  өйткені,  ішкі әлеміңе әлі үңіліп көрмедім ғой —   деп Абылай сөз аяғын күлкіге айналдырып жіберді.
  • Бәсе, бәсе  мені қайбір мақтай қалды десем. Айгүл де қоса жадырай күлді.
  •  Бірақ, сен тындырған осыншама дүниені аяқ-қолы бүтін  біраз адам істей алмайды. Так что,  сен олай неғыма… Ең жаманы — сананың мүгедектігі. Абылай дереу күлкісін жиып, салмақты кейіпке ене қалды. Ол шегіп тұрған темекісін тастай салды да Айгүлді арбасымен сүйреп,  тау шетіне келді.  Қарама-қарсы отыра қалып, бетіне қадала қарады. Бұл дүниеде ең өткір нәрсе — адамның көз  жанары шығар. Ол алмастай өткір көздерімен тесіле қарағанда Айгүл  жанарына шоқ түскендей көзін жұма қалды. Әлеуетті қолымен нәзік саусағынан қысып ұстағанда ол мүлде басқа —  «махаббат ойынын» күтті.  Жігіттің  құлақ түбінен өрттей шарпыған ыстық деммен бірге сезім иіріміне сүңгіп бара жатқан болып, өзеуреді де шошып кетті.  Бірден есін жиды… Есін жиды да «Сен мені итергің кеп тұрма!» деп айқай салды.
  • Ал итер! Кәне, не қарап тұрсың!  Бол демейін саған! Өлтіріңдер мені,  иттің ғана балалары!
  • Мұндай қойылымың кімге керек? Түс қане  арбадан! Сен мүгедек емессің!
  • Онда сенің шаруаң болмасын! Бұл менің өмірім! Менің таңдауым! Жібер деймін.
  • Абылай Айгүлді   шап беріп бүркітше  шеңгелдеп жұлып алды да, арбаны   теуіп кеп  жіберді. Биік шыңнан құлдилаған төрт аяқты арба  серігінің   жалған  айласынан тезірек құтылғысы келгендей гүмп етті де,  әп-сәтте жоқ болды.
  • А-а түсінікті,  сценарий бойынша мен әлі өлмеуім керек екен ғой-ә?
  • Бұл жерде сценарий  бойынша мүгедектің рөлін сомдап  жүрген сен. Айт қане, қойлымның  режиссері кім?
  • Мұндай ұсқынсыз аяқпен жер басып жүргенше, мүгедек болып арбаға танылғаным мың есе жақсы. Мүгедек жандар қандай бақытты!
  • Тағы қайталап айтамын, санаң мүгедек, көзің көр соқыр болса аяқ-қолыңның бүтіндігінен еш пайда жоқ. Төрт аяқты айуанның тірлігін істеп, ар-ұяттан безген екі аяқтылардың талайын көрдік.  Ал сенің мүгедек емес екеніңді бір көргенен-ақ білдім. Ішім сезді. Оның үстіне  үш қабатты ғимаратта мүгедектер арбасына арналған баспалдақ жоқ. Гидравликалық жедел сатыны да көрмедім.Мейрамхана дәретханасын да тексердім. Кез келген қожайын алдымен өзінің жағдайын жасайды, бірақ ондай  еш белгіні көзім шалмады.
  • Сонымен, Жасарал Болатұлына сенің қандай қатысың бар? Бір-бірінен бір адым кейін шегінген екеудің дауысы қатар шықты.
  • Ол менің бастығым!
  • Ол кісіге ара-тұра  қарызға ақша беріп тұратыным болмаса ешқандай қатысым жоқ!
  • Өтірік айтпа!
  • Сен өтірік айтпа!
  • Құрметті полковник мырза! Біз адамдар істің байыбына бармай солақай баға беруге шеберміз. Ақ-қарасын білмей жатып айыптауға бейімбіз. Мен сізді білікті тергеуші ме деп жүрсем, сіз де сол көрсоқыр көптің бірі екенсіз.
  • Мойындаймын! Мен де пендемін, қателесемін!
  • Бірақ бұ жолы  оңбай қателестің, соңғы аялдамадақызды өлтірген өз адамдарың, сен соны білесің бе?
  • Не дейсің? Кімді жынды қылып тұрсың?! Абылай Айгүлдің жағасына жармасты, әйел деп қарамады.
  • Осыдан бірер минут бұрын ғана басқа әлемде едім – деді Айгүл жыламсырап. Бірер минут бұрын мен өзімді шынайы әйел сезіндім. Бірер минут бұрын мынау қу тіршілікті ұмытқан, қамсыз еркін құстай едім. Бірер минут бұрын…   
  • Айгүл менде сені бір көргеннен ерекше жақын тарттым. Адал еңбегіңмен жетістікке жеткен қазақтың қайсар қызысың. Сені жамандыққа қимаймын. Сөзін әсерлі бастаған Абылай  оны алқымдап тұрып «Егер қылмысқа қатысың бар болса, менен жақсылық күтпе!», —  деп аюдай ақырып   қалды. Зор дауысқа мүлгіп жатқан тау да селт етіп, жаңғырып сала берді.
  • Жасарал Болатұлын бұрыннан танимын. Талай дастарқандас, дәмдес болған адам. Тағы айтамын, олардың тірлігіне еш қатысым жоқ. Қайта сол сұрақты мен саған қойғым келіп, талай оқталдым. О баста саған да күмәнмен қарадым. Күдіктен гөрі, үмітім басым болды. Өмірде ары таза адамдардың бар екеніне сенгім келді. Сенген сайын саған жаным ашыды.Сенің шарасыз күйіңді қас дұшпаныма да тілемеймін, Абылай!

   Аспан айналып жерге түскендей. Қос қолымен басын ұстап жерге отыра кеткен ол «мен ешкімнің жолын кеспеп едім ғой», – деді ақырын ғана.

  • Ех, турашылдық, бірбеткейлік кімге жаққан.   Ол шибөрілер үйірден неге сені бөлектеді деп ойлайсың? 
  • Халқым үшін қызмет ету, пагон тағу, форма кию асыл арманым еді, Айгүл! Балалық ойын мен күлкіні, еркелікті ерте тастап, он үш жасымда  асқақ арманымды арқалап мың шақырым жердегі өзге облысқа кете бардым. Әскери мектеп-интернат шыңдады, шынықтырды, талай таяқ  та жедім. Қатал өмір заңдылығын үйретті.  Үйретті деймін-ау, жоқ, бірақ үйретпепті. Үйренбеппін, Айгүл, үйренбеппін…

Мені қойшы, қаршадай қыздың өлімін айтсаңшы?! Не үшін,  сенбеймін,  сенгім келмейді!

  • Біле білсең, қылмыс орны —  соңғы аялдама тектен-текке таңдалып отырған жоқ.  Олар менің бизнесіме қол салмақшы. Бұл демалыс орнын салғалы он жылдан асты. Тауға қарап, екінші қабаттағы терезе алдында отырғаныма да он жыл болыпты. Тау көрмей өскен қыр қызы едім,   шыңның сұлу табиғатына, саф ауасына қызықтым. Иә, қазір табысым да жақсы. Жай отырмаймын, аялдамаға келіп-кеткен адамдарға қарап, айналаны бақылап отырамын. Дәл сол оқиға болған күні аялдамадан азаматтық киімдегі полиция адамдарын көрдім. Олар мойор Ағзам мен каптитан Тұрар. Бірден таныдым.
  • Демек, бір кісінің тапсырмасымен келген болды ғой?
  • Жасарал Болатұлы және оның адамдары тегін қарын тойдырып,  тегін той  тойлағаны аздай, енді келіп мандымайтын ақшаға бизнесіңді  сат деп  қолқа салды емес пе. Әрине, бірден бас тарттым. Содан бері маған да тыным жоқ. Қылмыс жиілеп кетті деген желеумен, тауға қатынайтын көліктерді кері қайтарып, тексеріс жүргізіп,  демалушылардың мазасын алды. Кешеніме күзетші, жұмысшы  тұрақтамай қойды. Бұлай қылмыс жалғаса беретін болса, демалыс орнын жаптырып тастаймыз деп доқ көрсетті. 
  • Сонда Еркеназдың өліміне бірден-бір себеп —  олардың  ұсынысынан бас тартуын болды ма? Тұра тұр, бұл жерде бір шикілік бар.
  • Айтпа, күлкім келеді.  Жасарал Болатұлы менің  кешенімді жынойнаққа теңепті. Облыс басшыларының кезекті бір жиналысында арақ-шарап ішілетін, көңіл көтеретін  жынойнақ бар  жерде қылмыс болмағанда қай жерде болады дегенді айтыпты.  
  • Созбақтамай нақты айтшы,  сонда Еркеназ кездейсоқ құрбан дегің келе ме?  
  • Ол жағын білмеймін, Абылай. Мен оқиға болған күні екеуін көрдім дедім ғой. Содан, ертеңінде түк болмағандай  маған мойор Ағзам Шәкірұлы келді. Жұмысшыларға біраз сұрақ қойды.  Мен  оларға тек бір камераны көруге рұқсат бердім. Жертөлеме соңғы үлгідегі нүктедей ғана камера қойылған. Төменге қойылған камераға олардың қыздың денесін қалай сүйрегені анық жазылған. Ешкімге тіс те жармай, әліптің артын бағып отырғаным сол, басым екеу емес. Билет алатын ақшасы болмай,  үлкен қалаға  пойыздың үшінші қабатына  мінгесіп жеткен  мүгедекке бір құдайдан басқа  кімнің жаны ашысын. Өткенде сені де Жасарал Болатұлының бұйымтайымен келген шығар деп көңілім түсіп, кірпідей жиырылғаным сол еді. Екі шыны кофенің ақысын артығымен төлеп кеткеніңді естіп таң қалдым. Өйткені ол кісінің адамдары маған бір тиын да төлемейді. Құдды бір оларды тамақтандыруға міндетті секілдімін.
  • Тұра тұр, көп сөзді қой!  Бекет деген кісі кім?
  • Түсінбедім, оның бұл жерге қандай қатысы бар?
  • Жауап бер!
  • Мені алты жасымда тастап кеткен безбүйректің есімін еске түсірмеші!
  • Ол сенің туған әкең, ал сен Абзалбек деген  нағашы атаңа жазылғансың, солай ғой?
  • Түсінбедім, мені неге тергеп кеттің?
  • Еркеназ  —  сені алты жасында тастап кеткен  безбүйректің қызы екенін сен сонда қалай білмей қалдың?
  • Не дейсің?! Айгүл  шоқ басқандай ыршып кетті.
  • Иә, әкеңнен кек алудың  басқа жолын таппадың ба? Шынынды айт!

    Абылай  Айгүлді тағы алқымынан алды.

  • Құдай ақы,  Еркеназдың  сіңілім екенін білмедім ғой. Олармен араласпасам да, екінші отбасы бар  екенін, қала жаққа көшіп келгенін ұзынқұлақтан естігенмін. Иә, ауру шешемді ұрып-соғып,  бізді тастап кеткенін кеше алмадым, тіпті дүниеге мүгедек болып келуімді содан көрдім. Қарап отырсам, балалық болыпты.

 «Бар кінәрат Нұрсұлудан екен, екінші әйелінен туған балалары әп-әйбәт екен» деген сыпсын сөздер менің бала жүрегімді талай жаралағаны рас.

Кейін, балалары бірінен соң бірі шетініп кетіпті, жалғыз қызы қалды дегенді естіп, таң қалдым. Сіңлімнің маған ұқсайтынын, бірақ дене бітімі  сондай сымбатты  екенін естіп, бірде көңілім марқайып, бірде қызғаныш сезімі билеп,  екі ұдай күй кештім. Шіркін, сіңлімді бір көрсем-ғой деген ой да болды. Амал не,  көре алмадым. Иманды болсын! Қазір  Бекетке кеткен кегім де, жанашырлық сезім де жоқ менде. Мүгедек болсам да ер мінезді, болаттай берік, қайтпас қайсар болып қалыптасуымда сол жаман әкенің аз да болса үлесі бар шығар, аман болсын. Егер қаскөйлер Еркеназдың өлімін маған жабудың амалын ойлап отырған болса, олар оңбай ұтылды.  Өйткені, мен де құралақан емеспін. Менде тағы бір айғақтың көкесі бар. Олар жоғалып кетті деп  қамауда ұстап отырған әйел қазір менде.  Ол менің қорғаушыма бәрін айтып берді. Абылай  сені де, ол әйелді де маған құдай айдап келді. Уақыт оздырмай, дереу баспасөз конференциясын ұйымдастыруымыз керек. Сол жерде БАҚ өкілдеріне бар айғақты көрсетіп, өзімнің ақ екенімді дәлелдеп беремін.  Ол   шойнандай басып, Абылайдың жанына жақындады.

  • Мен тірі тұрғанда «Үлкен тауды»  ешкімге бермеймін!  Ол – менің өмірім, менің құрсақтан шыққан сәбиім секілді. Менің барым да, бағым да – «Үлкен тау».  Айгүл еңкілдеп жылап жіберді.

Абылай оны жұбатпады, жерге тізерлеп отыра қалып өзі де айқайлап жылады. Бар ғұмырын адал қызмет  етуге арнап, әділдік іздеп жүргенде сыртынан  пышақ сұққан  өзге емес өз үзенгілестері  болғанына күйініп жылады.  Жауқазындай жайқалып, өсіп келе жатқан гүлдің арамшөптер арасында қыршын боп кете барғанына іші ашыды. Қылмыс әлеміне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын,  арманы бөлек, мақсаты  басқа бір ғұмырдың дүние мен мансап жолында тектен текке қиылып  түскеніне жылады.

Тек олар емес, мүлгіп жатқан  тау да жылап сала берді. 

Екеуіне жарығын шашып тұрған сүттей аппақ ай «мен  бұл сұмдыққа куәгер емеспін» дегендей  бұлт арасына  жасырына қалды.

Айнала тас қараңғы, таудан тек жылаған дауыстар естіледі.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қақпа алдындағы кездесу

Абай облысындағы Қылмыстық атқару жүйесінің №21 мекемесінде «Қақпа алдындағы...

Сотталғандар арасында діни сауаттылықты арттыру

2024 жылы 14 қараша ҚАЖ Департаменті #3 мекемесіне Дінді...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...