Ағаштардың басын қар басқан, бейсауат жел де соқпайтындай, содан да уақыт тоқтап қалғандай көрінетін қысқы саяжай – ұйқысы бөлінбейтін ауылға ұқсайды. Бұрын қала мен екі ортаға жүріп тұратын автобус мүлдем тоқтағалы қала жақтан аяқ басар жан да кеміп, тек маңдағы 3-4 үйде ғана жарық жылтырайды. Бір қабатты, төбесін жел мен уақыт кеміріп, терезесі аракідік буланып, көбінесе қырау басып тұратын ескі үйдің тұрғындары – шал мен кемпір де қасат қар астында ұмытылып қалған осы саяжай секілді шулы өмірден шет қалған жандар. Сəл бүкірейген, қимылы баяу шал қалың қолғап киген қолына екі бірдей бес литрлік баклажка ұстап, күндегі əдетімен біраз қашықтағы су құбырына барады. Ескі «Аудиіне» мініп айына бір мəрте қалаға түсіп, зейнетақысына екі-үш дорба азық əкелетіні болмаса, басқа алып бара жатқан шаруасы да жоқ. Инсульттен кейін оң жағы дұрыс істемей қалғандықтан бір иығы қисайып, бір көзі жасаурай беретін кемпір қашан көрсең де дəл осы мезгілдегідей үнсіз. Бұл үйде бұрыштағы алды-арты томпиған ескі телевизор ғана күн ұзаққа өзімен-өзі шулайды. Ондағы кейіпкерлер бұлардың отыз-қырық жыл бұрынғы өз бейнелері секілді – сөйлейді, күледі, жүріп-тұрады, бірақ ешқайсысы бұларға келмейді. Əбден майланып бүйірі жылтыраған қара шайнек қана ызыңдап бұл үйде де тіршілік барын білдіріп, сақырлап қайнағанда үйдің ішін əлсіз бу басады. Шал кемпірін сүйеп отырғызып, алдына быламық кеспе-көжесін тос ты. Инсульттен кейін кемпірдің аузы да икемінен айырылған, тегіс жымдаспағаннан аузына апарған асы бір шетінен ағып кете береді. Бөлмеден ескі темір ыдыстың шақшақ еткен дыбысы ғана естіліп тұрған кезде далада боран басталған еді. Кемпір қаужаңдап алғасын ас қайырып, күндегі əдетімен төсек жанындағы Құран кітаптың сыртқы мұқабасын сипап өтті. Осы кезде біреу тық-тық еткізіп есік қақты. Басында жел ұрды ма деген. Сосын тағы. Адамның қағысы. Шал орнынан сəл көтеріле беріп, тың тыңдады. Тағы қақты. Бұл жолы қаттырақ. Дүңк… дүңк… Талап еткен қағыс жым-жырт кеңістікте біртүрлі ожар естілді. – Мына түнде… кім болды екен? – деді өзінен-өзі күбірлеп. Кемпір төсектен басын көтерген жоқ. Шал терезе жапқышының шетін көтеріп қарағанда қара көлеңкеде бір сұлба қозғалғандай болды. Терезе түбінен ер адамның даусы анық естілді. – Апа… Аға… Ашсаңызшы… Жылынып шығайын деп едім. Бір аяғы ұйып қалған шал сыңар аяқпен сырғанай басып барып, есікке жақындады. Қолын ілгекке апара бергенде қолының ұшы мұздап, ішінде бірдеңе қозғалғандай болды. – Ашайық па, кемпір? – деді артына бұрылып. Кемпір жауап қатпады. Жарығы көмескі бөлменің бұрышынан тек көлеңкесі ғана көрінеді. Шал ілгекті ақырын көтергенде сырттағы суық ішке лап қойды. Есікті гүрс еткізіп қайта жапқанда терезе шытынап, төрдегі ескі перде қозғалып кетті. Есіктің аузында – үстіне көнетоз қара күртеше, басына қара малақай киген бейтаныс тұрды. Үстіндегі қар еріп иығынан төмен ағып жатты. Аман-саулық жоқ, аласы көптеу көзімен жанжағын тінте қарап: – Пеш қайда? Жылынуға келдім, – деді. Бірақ дауысында «рұқсат ет» дегеннің ишарасы да жоқ, құрғақ, өктем. Шал сəл шегініп барып, отты көрсетті. Бейтаныс аяғын да, сырт киімін де шешпестен пешке жақындап, қолдарын ысқылап, тізесін тая нып, отқа үңілді. Үңілген сайын қабағына көлеңке үйірілгендей. «Іші пысып зеріккен жын құсап жеті қараңғыда жетіп келген бұ кім болды? Бұны тани ма? Таныса амандаспай ма? Бұл өзі танымайды оны. Əлде тонауға келген бе? Өздері күнін əрең көріп отырған бұны тонамақшы ма?». Шалдың күлкісі келді. Бірақ күлгеннің орнына отқа емінген добалдай қолдарға көзін салды. Баяғы күні болса, осындай жігіттерді екі бүктеп жыға салатын еді. Іштей ғана күрсінді. – От дегенің керемет нəрсе ғой, – деді жігіт ойланған кейіппен. – Не салсаң да өртейді, өңешіне не салсаң да көнеді. Қағаз, мата, тіпті адамды салып жіберсең де… Мəселе – қандай ниетпен жаққаныңда ғой, солай ма, ата? Шал оның бұл сөзіне жауап қатқан жоқ. Тек орындықтың арқалығына сүйеніп отырды. Көзі əлсін-əлсін кемпіріне түсіп кетеді. Ішінде бір аласапыран үрей қозғалды, бірақ, білдірмей отыр. Кемпір төсектен басын көтеріп, бейтанысқа алақ-жұлақ қарады. Сөйлегісі келгенімен, үні көмейіне тығылып қалған. – Жағдайларыңыз жақсы ма? – деді жігіт бір кезде бұларды жаңа көргендей. – Қар жауып тұр, – деді іле-шала. – Осындай күні адам өлтіріп, қар астына көміп тастасаң, ешкім таппайды дейді. Тек иті болмаса болғаны. «Сөзі де əрпіл-тəрпіл, мынауың есі ауыш біреу болды ғой», – деп ойлады шал. Жігіт орнынан көтеріліп, үлкен жалғыз бөлмеден тұратын үй ішін аралап кетті. Шүберек жабылған теледидардың үстіндегі ескі сағат ты, қабырғадағы сарғайған суретті жанарымен шолып өтті. Сосын бір сəт кемпірге үңілді. – Ештеңе демейсіз бе, апа? Тіліңіз жоқ па, немене? Əлде… сөйлеуді ұмытып қалдыңыз ба? Осыны айтқанда жігіттің жүзі бозарыңқы, адамға қарасы түсініксіз көрінді. Кемпірдің ерні қимылдағандай болды. Бірақ дыбысы шықпады. Үнсіздік үй ішін қамап алды. Пештің уілдеген үні мен көмірдің шыртшырт жанғаны ғана естіледі. – Тамақ бар ма, ата? Пенсия алған күні тамақ көп болушы еді ғой, ə? Мен ашпын. Адасып кетіп, осы үйді əрең таптым ғой. Шал иегімен ескі буфет алдындағы сары дорбаны нұсқады. Жігіт еш рұқсат сұрамастан сөмкеден нан мен шұжық, қораптағы печеньені шығарып шетінен жей бастады. Жеп отырып жымиып қояды. Бірақ жымиысында ызғар бардай. – Жылытатын бірдеңеңіз жоқ па, ата? Қонақты қарсыламайсыз ба? Ой, сіз де… Жарайды, өзім. Ыдыс əкеліңізші. Кесе ме, жоқ, кесемен іше алмаймын, бокал əкеліңізші. Əдемі бокал бар ма? Ол өзіне жəне шалға да теңдей етіп құйды да, онысын көзін жұмып тұрып қағып салды. – Алсаңызшы. Неғып отырсың! Ол өзінің «сенге» көшкенін байқамаған да сияқты. – Неге бажырайып қарайсың? Қорықпа! Менің адамға зияным жоқ. Айттым ғой, адасып кеттім деп. Қазір кетемін. Келіңіз, тағы бір алып жіберейік, – деді қайтадан «сізге» көшіп. Айтпақшы, ауладағы көлік кімдікі? – Менікі. – Ішінде бензин бар ма? – Болу керек. Үш күн бұрын қалаға барып келгем. – Өтірік болса… жаман болады, əйтеу… Ал кілті қайда? – Қант салғыштың ішінде. – Қант салғыш? Қайсы? – Əнеу, сыртында гүлі бар… Жігіт ыдыстың қақпағын ашып, екі саусағын салып көріп еді, онысы не əрі, не бері шықпай кептеліп қалды. «Сайтан алғыр» деп тістеніп, əрі-бері ырғап шығармақшы болып еді, болмады, ақыры алды да сол саусағы кептелген күйінде қант салғышты табуреткаға тарс еткізіп бір-ақ ұрғанда ақ фарфор қирап қалды да, ішіндегі түймелер, инежіп, қызыл баулы жіп жан-жаққа шашылып түсті. Жігіт қызыл баулы кілтті қалтасына салды. – Ал, кеттім. Мəшинені өз рұқсатыңызбен бердіңіз. Солай ғой? – … – Естімедім. – Солай дейм. Ала бер. «Жанымызды қалдырғаныңа рақмет» дегенді ішінен айтты. Қазір «жоқ, бермеймін» десе де, одан ештеңе өзгермес еді. – Айтпақшы, мен… ескі бір қарызды сұрай келгем. Ұмытып кеткен шығарсыз. – Қандай қарыз? Шал аңтарылды. – Бəсе, ұмытып кеткеніңізді білгем. Жігіт қалтасын қарманып, ішкі жағынан бір ескі суретті алды да, түйілген күйі шалдың тұмсығына тақады. Шал орнынан тұра берген еді, жігіт шалт қимылмен екінші қалтасынан тапанша суырып, шалдың дəл жүрек тұсына бағыттады. Сол сəтте кереуеттегі кемпір əлсіз қозғалып, «Жо…» дегендей бір дыбыс шығарды. Жігіт тапаншаны кемпірге бұрды. * * * Аяз ауаны буып, жолдың екі шетіндегі күртік қар бұдырланып қатып, алыстан шоқиған үйлердің маңы үнсіздігімен үрей шақырғандай. Бұл – З қаласының шет жағындағы ескі саяжайлар аумағы. Қыстыгүні бұл жақтан тіршілік белгісін тану қиын. Бірақ бүгін шеттегі үйдің ауласына «Нива» жеңіл көлігі тоқтады. Ішінен шыққан екі тəртіп сақшысы сырты зең басқандай қалың болып қабыршықтанған есікке беттеді. Полицияның бірі есікті итеріп еді, үйдің есігі іштен ілінбеген екен. Ескі құлып сіресіп қатып қалған. Көрдей қараңғы үйдің іші мұздай көрінді. Жарықты жаққанда терезеге ілінген сарғыш перденің бір шеті желмен əлсіз тербеліп тұрды. Олар кереуетке жақындап келгенде жасы жетпістің о жақ, бұ жағындағы əйелдің басын бір жағына тастап шалқасынан жатқанын көрді. Бір қарағанда үстіне жабылған сұр көрпеден адам бары байқалмайтын шүйкедей кісі екен. Айналасында қан ізі жоқ. Бірақ көзіндегі өшіп үлгерген үрей мен соңғы сəттердегі арпалысқан көмескі реңкті жазбай тануға болатын еді. Осы кезде бұрыш жақтан əлсіз ыңырсыған дауыс естілді. Бүк түсіп жатқан адам ба, əлде өңі кетіп, көлеңкесі қалған бір елес пе – аңғарып болмайды. – Көлік иесі ретінде тіркелген адамның атын білесіз бе? – деп сұрады бірі екіншісінен. – База бойынша иесі – Қабыш Жанатаев. Зейнеткер. Осы үйге тіркелген. Мына кісі болуы мүмкін. – Қала шетіндегі тас жолда көлік апаты болған. Айдап кеткен адам мас екен, қазір ауруханада. Көлік иесі – басқа. Біз сол көлік тіркелген мекенжайдамыз. Бұнда кісі өлімі болған. Үй иесі жаралы сияқты, – деп хабарлап жатты олар. * * * Кешкі қою қараңғылық үйлерді біржола жұтып үлгергендей. Жол бойындағы шамдар да өлеусірей жанған күйі соңында қалып жатты. «Кемпір өлген дейді. Шал шок алып қалған шығар? Оның машинасын айдап кеткен жігіт жол апатына түскен. Былай қарасаң… бəрі тым қарапайым. Кəдімгі қарақшылық», – деп ойлады капитан. Тепсе темір үзетін жігіттердің жұмыс істегісі келмей, оңай олжа іздеп, қорғансыз қарттарды басынған қылмыстық оқиғалар бұдан бұрын да болған. Қала шетіне жеткен тергеуші көлігін тоқтатып, серігі екеуі асықпай шылымын тартты. Бұл – капитан Абылай Қайсенов. Жасы биыл отыз алтыға қараған. Аулаға ене бергенде аяқ басқан сайын əлдебір ауырлықтың салмағын сезгендей болды. Ішке енгенде үйдің ауасының өзі тұнжырап тұрғандай көрінді. Бұл жерде қанның не мүрденің сасық иісі емес – адасқан естеліктің, қорқынышты үнсіздіктің иісі бардай. Тергеуші есіктен бастап, айнала шолып қарап шықты. Есіктің құлпы сынбаған, терезе бүтін. Бұрышта ұсқынсыз теледидар тұр. Үстінде төсек бей-берекет үйіліп қалған темір кереуеттің айналасында тəрелке, көзілдірік, ескі орамал шашылып жатыр, орындық астындағы тапаншаның гильзасына көзі түсті, демек, оқ атылған, бірақ, қан ізі жоқ. Жерде күлпаршасы шыққан ыдыстың айналасында ұсақ түймелер мен майда қоқыр-соқырлар шашылған. Қақ ортадағы үстелге көзі түсті. Арақтың бос бөтелкесі тұр, қасындағы екі бокалдың екеуінде де ерін ізі қалыпты. «Бірі шалдікі, бірі… Демек, келген адам таныс. Əйтпесе кіргізіп, онымен отырып арақ ішпес еді». Шал басын ұстап отыр, жылаған ба, бет-аузы ісіңкі. Адамға қарағысы да келмейтін секілді. Əр демі – күрсініс. Осы жасқа келгенде серігінен айырылу кімге оңай болсын? Оның үстіне көз алдыңда атып кетсе… шалдың демінен кешегі ішкен арақтың уыты білінеді. Капитан еңкейіп, еденге түсіп қалған фотосуретті көтерді. Жас əйел. Киім үлгісі ескі. Суреттің шеттерінде 90-жылдарға тəн сарғыш көлеңке бар. Əйел кепка киген баланы көтеріп тұр. Қасында үш аяқты велосипед. – Сіздің үйге келген адам кім? – Оны танымаймын, – деді шал. – Атын айтқан жоқ. – Сонда не жайында əңгімелестіңіздер? – Біз əңгімелескеніміз жоқ. – Сіздер жанжалдастыңыздар ма? Ол қаруын кімге кезенді? Əйеліңіз…
– Біз жанжалдаспадық та! – Ал, көлік ше? Оны өзіңіз беріпсіз ғой. – Қандай көлік? Жоқ, ештеңе білмеймін. Шалдың жанары суық еді жəне ол салқындық көздің өзінен емес, ішінен шығатын сияқты. – «Есі ауып қалған ба бұл кісінің? Əлде ештеңе айтқысы келмей отыр ма? – Əлде бұл шал мені алдап отыр ма? Танымаса бірге арақ іше ме?». – Сіздің көлігіңіз бар емес пе? Соны айдап кеткен ғой. – Мен ештеңе білмеймін. – Бұлар кіммен араласқан? Көршілері бар ма? – деді серігіне сыртқа шыға бере. – Бұл маңда 2-3 үйден басқа, қыста ешкім тұрмайды. Жазда ғана тіршілік бар. Шал мен кемпір жалғыз. Полиция бөлімінде тіркеуде жоқ. Көршілерінің айтуынша бұларға қонаққа ешкім келмейді. * * * Тергеуші қайтып келе жатып өз сұрақтарына ойланып көрді: неліктен кемпір өліп, шал тірі қалды? Еденде жатқан суреттегі əйел мен бала кімдер? Сурет неге еденде жатыр? Бұрыннан осы үйдегі сурет пе əлде біреу əкелген бе? Суретке зерттей қарады. Шаш үлгісі, киім үлгісіне қарағанда тоқсаныншы жылдарға келеді. Мына суреттегі бала кім болуы мүмкін? Мына шалға қатысы бар ма əлде сол бейтанысқа қатысы бар ма? «Баланың бет-жүзін мүмкіндігінше қартайтып, қазіргі кейіпке келтіріп көру керек», – деп тапсырма берді əріптесіне. * * * – Көліктің иесі танысыңыз ба? – Жоқ, – деді жігіт аузын жымқыра сөйлеп. Оның жағдайы əжептəуір жақсарып қалғанын дəрігер айтқан. – Онда танымайтын адамның көлігін қалай айдап кеткеніңізді түсіндіріп бересіз бе? – Өзім де білмеймін соны. Мас болдым. – Сіз ол үйге қалай тап болдыңыз? – Сайтан алғыр… арақ ішсем есімнен айырылып қаламын. – Сіз оны танымаймын дедіңіз… Бірақ неге бірге арақ ішкенсіздер? Жігіт үндемеді. Абылай жігітке ұзақ қарап отырды. Жігіттің көзінде өшпенділік пен қайғы бар сияқты ма? – Болмаса ол көлік бұрын сіздің иелігіңізде болып, сіз ол кісіге беріп пе едіңіз? – деп жалғады сөзін Абылай, капитанның дауысы сабырлы еді. Жігіт тағы да үнсіз қалды. Əрбір үнсіздік – өз алдына жауап деп есептесек, жігіттің жауабынан нені ұғуға болады? – Қайталап сұраймын, шалды танисыз ба? – Жоқ… Мен оны бірінші рет сол күні ғана көрдім. – Қорғансыз қарт адамдарды басынғаның жігіттік пе? – деді дауысын қатайтып. Сенің жазаң ауыр. Рұқсатсыз баса-көктеп кіресің, адам өлімі болған жəне біреудің көлігін заңсыз айдап кетесің, бұл не? Жігіт бір сəтке үнсіз қалды. Саусақтарының ұшы дірілдеп кеткендей болды. Абылай оның көзіне тіке қарады. – Ал оның кемпірін? Танисың ба? – Жоқ. – Адам өзі танымайтын басқа бір адамды ата ма? – Тергеушінің дауысынан бұл жолы сұрақтан гөрі айыптау білінді. Жігіт иығын бір көтеріп, тағы үнсіз қалды. – Ешкімді танымаймын дегеніңіз – дəлелсіз сөз, – деген тергеуші жігіттің ішкі қорғанын сындырмақ болып дауысына аздап жылу қоса сөйлеген. – Танығасын келгенсің. Мынадай қақаған аязда адам тектен-текке жүрмейді ғой. Сол ескі машина болмаса, саяжайда өлмешінің күнін кешіп жатқан шалдың одан басқа ештеңесі жоғы, артық ақшасы болмағаны да белгілі. – Жоқ, мен мас болдым. Ештеңе білмеймін! Абылай орнынан қозғалып, үстел шетіндегі дəптерін жақындатты. – Айтайын ба, мен неге сенбей отырмын? Сен жайдан-жай барып, біреудің көлігін заңсыз айдап кеткен бұзақы емессің. Осы кезге дейін заң бұзбағансың. Тұрақты жұмысың бар. Сен шалдың үйіне бір мақсатпен барғансың. Сен оның үйін, өмірін, кемпірінің қай уақытта шəй ішетінін де білгенсің. Ескертемін, тек шыныңды айт. Егер жалған сөйлеп, шын оқиғаны жасырам десең, онда жазаң ауырлай береді! Жігіттің көзі жыпылықтап, жағы суалып қалды. Бірақ үн шығармады. Абылай біраз күтті. Артынша: – Ал, мына сурет ше? Бұл суретті бұрын көріп пе едің? Əлде бұл əйел ана өлген кемпірдің жас кезі ме? Ал, бала ше? Ол бала қайда қазір, қайтыс болған ба? Фотосуретке қараған кездегі жігіттің көзінен барынша жасырған мұң мен əлдебір кек қайнарын аңғаруға болатындай еді. Капитан сөйлеп кетті. – Өзіме ескі фотосуреттерді қараған ұнайды. Ақ-қара суреттердің кейде бір жылы естелігінен бөлек тылсым сыры бардай сезіледі, солай емес пе? Мына суреттегі əйелді қарашы, шамамен тоқсаныншы жылдары əйелдер шашын осылай қидырып, самай шашын құлағының артына қайырып, ал кекілін үлкен қылып қақ алдына бұйралап қоюшы еді ғой. Фотосуреттерден талай көргем. Ол кезде лак жоқ па, қант езіп қатырады екен де, содан кекілдері бөлек жылтырап тұратын болған. Жəне осындай алдынан түймеленетін жемпір киетін. Əр заманның өз сəні бар. Сол кезде осындай жемпірлер əдемі көрінетін. Мына əйел ажарлы адам екен. Ал мына бала… осындай кепка сол кездегі əр балада болған сияқты. Менде де болды екі-үшеуі. Тіпті үш аяқты велосипеді де көзге ыстық… «Балдырған» деп аталушы ма еді? Ол кезде осындай үш аяқты велосипеді бар балалар бақытты көрінетін. – Бұл əйелді танисың ба? – Ол менің анам ғой, – деді жігіт біртүрлі дауысына діріл араласып. – Бала ше? – Мен… Абылай мұндай сəттерде, адамдардың сөз арасында қалдырған үзік-үзік, аңғармай айтып қалған сөздерін ұстап алады. Ол – жай ғана сұрақ қою емес, адамды өз еркімен ашылуға итермелейтін тəсіл. – Сонда бұл сенің суретің бе? Мен бұны шалдың үйінен алдым ғой. Жігіт тағы үнсіз қалды да, бір кезде төбеге қарады. – Мен анамның кегін қайтаруға келдім. – Шалдан ба? – Енді кімнен? – Ол не істеген? – Анам жоғалып кетті. – Солай ма? Ал шалдың қандай қатысы бар? – Ол оны өлтіріп отқа жаққан. – Бұл қашан болған жағдай өзі? – Мен ол кезде бала едім. Төрт жарым, бес жаста болармын. Кешкісін əжемнің қасында жатқанмын. Есіктен шешемнің шығып кеткені ғана есімде. Одан кейін оралған жоқ. Ол клубта əн салатын. * * * Жауап алу ертесі де, арғы күні де жалғаса берді. – Сен анаңның өліміне кінəлі осы адам екенін қайдан білдің? – Ол – құпия. – Ал неге онда келіп тұрып шалды өлтірмедің? Жігіт иығын көтеріп, жымиғандай болды. Бірақ ол жымиюда қасірет те, жиіркеніш те бар еді. – Ондай малғұн үшін өлім тым жеңіл болар еді. Атасың, бітті, дым қиналмайды. Оған тірі қалғаны – қасірет болсын дедім. Мен оны тыныштығынан айырғым келді.
– Полиция ше? Сот бар емес пе? Оларға неге бармадың? – Полицияға сенгенім жоқ. Олар тергеп қатырмайтынын білем ғой. – Сөзіңе сену қиын. Соншама жерден келесің, жоспарлайсың, бірақ, кегіңді түгел алмай кінəліні тірі қалдырасың, онда қандай мағына бар? – Ол енді өзінің қылмысын басқалар да білетініне көзі жететін болады! – Шал мойындады ма? – Көзінен көрдім. Ол суреттегі əйелдің кім екенін таныды. Мен оған: «Танисыз ба? Танисыз ғой, айтыңызшы. Көзіңізден көріп тұрмын, танып тұрсыз!» дегенімде бағжиып қатып қалды. – Сосын… – «Есіңізде ме, ата?.. Бір əйел… бір түні… бір пеш… Тірідей жанып кеткені…» дегенімде шалдың жүзі күреңітіп, көзі шарасынан шыға жаздады. Дыбыс шығармауға тырысты. Бəсе, ол өзінің көлігі бар-жоғын ұмытып қалғандай, «менің көлігім жоқ» деп болмады маған. Есінен танып қалған сияқты. Кəрі зымиян! Əдейі істейді! Жасыру үшін. Егер көлікті ағашқа соғып алмағанымда ол көлігімді айдап кетті деп шағым түсірмес те еді. Сол арақты бекер іштім. Батыл болам ба деп едім. Жігіт күлген болды. – Ал кемпірі ше? Егер шалдан кек алуға келсең, кемпірді неге өлтірдің? – Мен оны өлтіргем жоқ! Шынымен де өлтіргенім жоқ, – деді жігіт тағы да. – Мен келгенде ол тірі еді. Бірақ, шалға тапанша кезегенде көзімен жалынғандай болды. Енді… білмеймін. Менен өлердей қорықты. Ол да бəрін білетін сияқты. Мен тапаншаны соған қарай аттым, бірақ, оған тимегені анық. Абылай қаламын қойды. Қарсы алдындағы жігітке қарап отырып, енді мүлде басқа жайтты сезінгендей. Сонда бұл жігіт – жай айыпталушы емес, жоқтаушы болып тұр ма? Əлде жазалаушы ма? * * * Кешкі тоғыз. Қалалық полиция департаментінің тергеу бөлімі əдеттегідей тыныш. Тек үшінші қабат-тағы кабинетте жарық сөнбеген. Капитан Абылай Қайсенов ескі қоңыр папканы алдына жайып, түстен бері тапжылмай отыр. Папканың сыртында: «№3451 – Жоғалу дерегі. Т.Е.М., 1990 жыл, наурыз.» деп жазылған. Абылай компьютерге қайта отыр ды. Қазіргі заманда іздеу амалдары бұрынғыдай тек қағазға қарап шешілмейді. Ол Ұлттық мəліметтер базасынан жоғалған əйелдің атыжөні, туу туралы куəліктегі деректерін іздеді, жылт жоқ… Жаңадан енгізілген «Жоғалғандардың цифрлы реестрі» арқылы əйелдің атына тіркелген банк шоттары, медициналық анықтамалар, тіпті вакцина алған-алмағаны туралы деректерді де қарап көрді, кім біледі… бірақ, ешбір дерек табылмады, 1990 жылдан кейін тіркеу мүлдем болмаған. Ол келесі қадам ретінде генетикалық ДНҚ базасына сұрау салды. Бұл базаға соңғы жылдары ашылған «Жоғалғандардың генетикалық ізі» атты бағдарлама бойынша көп адам өз еркімен анализ тапсырған. Егер əйелдің туыстары немесе кешегі жігіттен басқа балалары болса – бір сəйкестік шығуы мүмкін. Осы кезде… қылмыстық іс ретінде тіркеліп, қозғалып үлгермей со күйі жабылған тергеу ісінде аты аталған бір куəнің атына көзі түсті. Машинка бояуы өше бастаған жазуда: «Танысы – К.Ж., соңғы рет сонымен бірге жүргенін көрген адамдар бар» делінген. Абылай бұл адамды «ХҚКО» жүйесі арқылы тексеріп көріп еді, тірі екен. Бірнеше жыл бұрын зейнетке шыққан. Қазір қала шетінде тұрады. «Із о баста болған, тек дұрыс бағытпен оқылмай келген, – деді ол өзіне ғана естілердей қылып. Сол түні ол үйге бармады. Карталар, көне газет қиындысы, сол кездегі тергеу хаттамаларының кейбіреуін кейін цифрландыруға көшіріп сақтаған қызыл қақпақты флешка жатқан үстелге басын қойып қалғып алды. Заманауи техникалардың – жасанды интеллект арқылы бет-əлпетті қалпына келтіру, дауыс үлгісін іздеу сияқты мүмкіндіктерін пайдалануға кіріскен Абылай қайтадан сарғайған құжаттарға үңіліп, 1990– 1995 жылдар аралығындағы есептік істерді бөлек «себетке» жинақтап көрді. Əр парақта – бір адамның аяқталмаған өмірі тұр. Адам жоғалған, зорлықпен өлтірілген қылмыстық істер не деген көп еді, ал ашылғандары саусақпен санарлық. Сол жылдардағы қылмыстық хроникаларды оқыған сайын Абылайдың мазасы кетті. «1994 ж. наурыз. Белгісіз əйелдің мəйіті табылған. Кім екені танылмады. Киімінің етегінде қан дағы бар». «1995 ж. қазан. Қала шетіндегі қираған зауыт маңынан əйел адамның денесі табылған. Жасы шамамен 30-да. Іс ашылмады». Əрбір жазбада – ауыр үнсіздік бар. Əрбір есімде – белгісіз қабірге айналған тағдыр жатыр. – Бұл не заман болған өзі? – деді ол ертеңінде жасы үлкен əріптесімен кофе ішіп отырып. – Не таңғалатыны бар? Тоқсаныншы жылдары қалада да, ауылда да түнгі көшелер қауіпті еді. Адамдар қараңғы түссе, үйлерінен шықпауға тырысатын. Əсіресе, əйел дер. Олар жалғыз-жарым дүкенге баруға да қорқатын. Автобус аялдамасында тұрған қыздарды бейтаныс көліктерге күштеп отырғызып əкеткен оқиғалар жетерлік. Көбі тірі оралмады. – Полиция ше? – Ол кезде бандылар күшейіп тұрды ғой. Қара базарда тапаншасын беліне іліп алған бұзақылар талтаңдап жүретін. Қалта ұрылары ашық жұмыс істейтін. Пəтер тонау күнделікті əдетке айналған. Милицияға арыз түссе – дереу істі жапқысы келіп тұрады. Сол кезде құқық қорғау органдарының өздері де қорғансыз еді. Жалақы берілмейтін, жанармай жоқ, хаттаманы қолмен жазатын. Қанша айдан бері айлықсыз қалған олар жұмыс істеп не жарытсын, «өзің кінəлі шығарсың, уақыт жоғалтпаңдар», – дейтін де, əйелдер үнсіз жылап қайтатын. Ал есесіне, қалада – заңсыз қару, рэкет, бопсалау мен зорлық өршіп кетті. Айтпақшы, сен бұған неге тіреліп қалдың? – Мен көп нəрсені анықтауым керек. – Бекер уақыт жоғалтасың ау. Одан да жаңа істі алмаймысың? Баяғы істер… ықпыл-жықпыл… айғақ та, куə да табылмай діңкелейсің ғой. * * * Абылай бүгін тағы да жұмыста қалып, үстел үстіндегі бір іс папкасын қайта қарады. Тоғызыншы бөлім. Əйел адам жоғалған. 1990 жыл. Іздеуге берілген, бірақ бір жылдан соң іс тоқтатылған. «Айғақ жоқ». Капитан қылмысқа қатысы бар жігітті ойлады. Ия, сараптама нəтижесінде кемпірдің оқ тигеннен емес, жүрегі жарылып өлгені анықталды. Бірақ, жігіттің бөтен үйге рұқсатсыз кіріп, үй иесінің көлігін заңсыз айдап кетуі, жол апатын жасауы бəрібір де жазасын жеңілдетпейді. «Түйсігі алдамаған сияқты, мұндай адам көлікті жайдан-жай ұрлай салмайды. Мұндай адам – бірдеңе іздеп келеді. Көп жыл күтіп, есеп жүргізіп келеді. Бірақ, əлі де анықтай түсу керек», деп ойлады капитан Абылай Қайсенов шығып бара жатып. * * * Жауап алу кезінде шал біресе «менің ешқандай көлігім жоқ» деп, біресе «ол жігітті танымаймын, көрген де емеспін, машинаны есік алдынан айдап кеткен» деп тергеушінің жүйкесін сынап көрумен болды. – Бірақ ол жігіт көлікті алуға сіздің өзіңіз рұқсат етті деді ғой, – деді Абылай кекесінмен. – Сіз екеуіңіз бірге отырып арақ ішіпсіздер. Көліктің кілтін де өзіңіз бергенсіз. Мына суретті қараңызшы. Біз бұның кім екенін анықтадық. Сіздің де кім екеніңізді анықтайтын деректер қолымызда. Шал үнсіз қалды. Тіпті сөйлемей қойды. Жүзін төмен салып, қолының сыртымен тізесін сипады. Кəрі саусақтардың дірілі басыла қоймады. – Есіңізде жоқ па? Əлде еске алғыңыз келмей ме? Шал тіл қатпады. Жанарында да, жүзінде де түнек бардай. Ол түнек өмірге реніш пе, қорқыныш па – белгісіз. Əйтеуір бір қатып қалған, кеуіп қалған тас бейне. – Сіз оның анасын өлтіргеніңіз рас па? – деді Абылай, сұрақты кенет лақтырып жібергендей, төбесінен түсіріп. Ата-əже көріп өскен тергеуші жасы үлкен адамға дауысын көтере сөйлеуді өзіне ыңғайсыздық сезінетіні бар. – Сіз оны не үшін жасадыңыз? (Сіз өзіңізді кінəлі сезінесіз бе? демеді). Шалдың иегі дір ете қалды. Бірақ сол қалпы үнсіз отырды. Тек көзінің асты бүлк етіп, иығы селкілдеп кетті. Бұл – мойындамау да, жоққа шығару да емес еді. Бұл – шындықпен алғаш бетпе-бет келудің ауыр реакциясы еді. Еске түсірейік. 1990 жылдың тамызы. З. қаласы. Мəдениет үйінде əн салып жүрген əйел. Сіз оны бір жерде жолықтырдыңыз. Қаладағы лас жердің бір пұшпағында. Сол түні ол жоғалды. Бір-ақ күнде. Сіздің сол əйелдің қасында болғаныңыз жайлы білетін, көрген куəгерлер бар. Айтыңызшы… не үшін олай істедіңіз? Шал көзін көтерді. Абылай оның жанарынан іштен шығып, тұла бойына таралған салқындықты көрді. Бір кезде ол демін терең алды. Сосын ақырын ғана тіл қатты:– Ол əн айтқанда… мен… жылаған едім. Дауысы ескі қобыздың ішегінен шыққан сияқты мұңлы, ар жағынан естілетін. Ол сұлу əйел еді. Мені менсінбеді. Төсектес болуға көнбеді. Ол мені қорлады. Сосын үш жігіт бірігіп зорлап, əйел милицияға айтам дегенде… шамалы қорқытып алайын дегенбіз… бірақ, байқамай өлтіріп алыппыз. Сосын… – Шалдың дауысы қар басқан жер астындағы шөптің сыбдырлағанындай бəсең шықты. – Сол үшін бе? Не деген жабайылық? – Өзің сұрағасын айтып отырмын! Шал дүңк етті. – Тағы не айтасыз? – Онсыз да біліп отырсың. Бəрін Мінəй айтқан шығар… – Мінəй деген кім? – Бұрынғы кочегар емес пе.? Тергеуші енді кочегарды іздестірді. Бір тəуірі жетпістің алтауына шыққан қария сөйлеуге жарайды екен. Мəн-жайды түсінген соң бəрін баяндап айтып шықты. * * * Қыс болса шағын қаланың шет жағындағы жылыту қазандығынан көтерілген түтін біресе қап-қара, біресе көксұр бояуға еніп қаланың үстінде бұрқырайтын да жататын. Бүкіл қаланы жылытып тұр демесеңіз, жақындап келсеңіз, тым қарапайым-ақ орынжай. Мінəй бүгін кезекшілігіне ертерек келді. Түнге қарай күннің бұдан да қаттырақ суып кетерін ойлап, ашық-жарықта көмірді молырақ кіргізіп алмақшы. Екі қолына екі шелек ұстап, əрі-бері жүре бергенге темір шелектің сабы қолын қарып барады. Иығынан зіл тартқандай болғанда барып дамылдап, отқа қолын жақындатты. Аузы арандай пеш екі секунд ішінде сырттағы аязды ұмыттырып жіберді. Төрт-бес рет демалып жүріп біраз отын кіргізіп алды. Пеш гүрілдеп жанады. Не салсаң да сол бойда өртеп, қаудырлатып бір уыс күлге айналдырып жіберетін дүлей отқа қараған сайын маңдайы жіпси береді. Кейде өртейтін ескі-құсқыны алып осы қаланың еріккен жүгермектерінің келетіні бар, тері-терсек пе, бəрібір… осы аузын арандай ашқан отқа бұралқы ит пен мысықты да талай рет сирағынан ұстап лақтыра салғандарын көрген. Бір секунд артық қарасаң лебі бетті шарпып кететін қызыл жалынға оранғанда мысықтың жалғыз-ақ «мəу» деуге шамасы əрең жететін де, бейшара тыпырлаймын дегенше от та жалмап үлгеретін. Лезде күлге айналып, ауада күңірсік иіс қана қалады. Кейде Мінəйға бүкіл кеңістікте тек от қана құдіретті сияқты көрінетіні бар. Не салсаң да тұңғиығына жытырып жіберуден танбайтын дүлейдің қасында тұрғанда далада аяз күшейіп, боран ұлып тұрғанына өзің де сенбейсің. Баяғыда отқа табынған адамдар оның осы жалмауыз, обыр мінезінен де қаймықты ма екен дейді. Бір кезде біреулер есікті ұрғылағандай болды. Тыңдап еді, дыбыс зорая түсті. – Əй, кім бар? Аш, аш, ей! – Жігіттер, аш дейм! Əжептарқы сүйкімсіз дауыс екен. Қояр емес. Біреуі есікті аяғымен тепкілей бастады: – Аш, деймін. Ашсайшы! Бұл демін ішіне тартып тұра қалды. Тың тыңдады. – Ешкім жоқ па не? – Қайдағыны айтпаш. Қаладағы жалғыз кочегарда ешкім жоқ бола ма, ашпай тұр ғой, иттің баласы! – Қап, енді қайттік? Мына қатынды осы жерге тастап кетсек қайтеді? – Жындымысың? Із қалмау керек. Не болса да мында кіру керек. – Ашпаса ше? – Ашады. Қазір бұзып ашамыз. Сосын кочегарды байлап тастаймыз да аузына арақ құямыз, ал өлікті отқа тастап жіберіп өзіміз қарамызды батырамыз. Балта ала шықтың ба жаңа? Бұны естіген Мінəйдің арқа-басы мұздап кетті. Дыбысын шығармай өзі ғана білетін тесіктен сығалағанда алдымен көзге шалынғаны шана болды. Үстінде қалай болса солай оралған бірдеңесі бар. Адам деуге адамды солай құндақтайтынын көрмеген, хайуан деуге одан ұзын. Бір кезде құнжыңдасып кеткен əлгілер балта алып есікті ұрғылай бастады. Ертеректе салынған бұл жайдың есігі қаусап тұрмаса да жаңа емес еді. Тартқылай бергеннен жалғыз ілмек дір-дір етеді. Əуелі абдырап қалған Мінəй жанталасып жүріп, жоғарыдағы жуан шегені қайырып үлгерді. Өмірі қолданбағасын төмендегі жылжымалы бекіткіш таттанып қатып қалыпты. Аналар бар күштерін салып екіленіп есікті итере түседі. Есік əне-міне ашылып кетердей. Өздері кері шегініп барып бар екпіндерімен есікті түйген сайын ауыздарынан балағат сөз ақтарылып түседі. – Сен бар, сүймен əкел, – деді біреуі. «Сүйменмен не істемекші? Қатынды осы жерге қалдырамыз дегенде қайдағы қатынды айтып тұр, анау шанадағы əйел ме, ол өзі өлген адам ба, тірі адам ба?» Бұл іші қалтырап жүріп не істесем деп… бір кезде далбасалап жүргенде бұрышта қалған тік күрекке көзі түсті. Əншейінде бұны көмірдің қасына қалдырып кетуші еді. Дыбысын шығармай демін ішіне тартып жүріп күректің сабын тұтқадан өткізіп бекітіп алды. Манағыдай емес, аржағындағылар да есікті теуіп-теуіп шаршайын деді ме, біраз уақыт тым-тырыс қалды. Бір кезде қайтадан бар күштерімен есікті ұрғылай бастады. Балтаның тастай ауыр басы бұның бұғана сүйектерін қиратып жіберердей екілене түйгіштейді. Бір кезде тік күректің сабы шарт сынды да, есік ашылып кетті. Ашуға мінгендер бұған тап берді. Бұл да жан-дəрмен алысып, арпалысып кетті. Жан қымбат. Осыдан қайрат көрсетпесе мына дүлейлер балтамен шауып тастаудан тайынбас! – Неге ашпайсың ей, əкеңнен қалған кочегар ма еді! – деп бұны тепкілей жөнелген домалақ жігітті бұл да аямай ұрып-ұрып жіберіп еді, күн сайын тонна көмірді шелекпен тасып жүрген қарулы жігітке шыдас бермей ұшып түскеніне намыстанды ма, əлгі долданып қайта шауып, одан үшеуі бірдей бұған жабылып кетті. Екеуі ұстап тұрып, біреуі іштен екі ұрғанын біледі. Талып бара жатқанын біледі. Бұның аузына лықылдатып арақ құйып, өзінің қақалып-шашалып жатқанын да еміс-еміс біледі. Сұп-суық нəрсе тамағынан өтіп, қолтығына құйылған. Еміс-еміс көргені – əлгілер дəу қазандықтың қақпағын сынған күректің сабымен əупірімдеп қозғап, орап əкелгендерін мықшыңдап көтеріп əкеліп отқа қарай итеріп жатты. Сол кезде ораудың арасынан əйелдің мойылдай қап-қара шашы төгіліп кеткен. Сол күні ай сүттей жарық еді, төгіліп кеткен қара шашты анық көргенде Мінəйдің де есі ауып кеткен. Ол көп жатты, есін жиғанда мүрдені отқа тастап жіберген қаныпезерлер де қарасын батырған еді. Сол түн тым-тым ұзақ көрінген Мінəйға. Əлдеқайдан полиция машинасының дауысы естілгендей болды да, сəлден соң ол да басылып қалды. Тұла бойы түгел ауырып тұрса да əреңдеп жүріп отын салды. Басы мең-зең. Құлақ түрді. Енді ұлып тұрған желдің уілі ғана естілді. Мұның жон арқасын оқыс қармап қалған мұздай суық бірте-бірте тарай бастады. Ертеңінде естіді, қаладағы клуб сахнасында əн салып жүретін сұлу келіншек жоғалып кетіпті. Сонда Мінəйдің жүрегінің басын аяз қарып алғандай, шым ете қалған. Қалада жоғалған əйел жайында ауыздар небір сұмдықтарды айтып сусылдай жөнелді, бірі əйелді өзі жеңілтек еді десе, бірі қапияда қарақшылардың қолына түсіп қалған екен десті. Содан бері Мінəй шошымал болған. Түн баласы көзін жұмса əйелдің төгіліп түскен қара шашын көретін. Мінəй ол күнді ұмытпайды. Сол күні шырақтай маздатып өлік өртеген алаудың айыр тілі шарпып шыққанын қайдан ұмытсын… Түнгі аспан күңірсік өліктің май-май күйесіне батқан тажал қазанының түбінде қап-қара боп, бауырын алауға аймалатып, қуырып жатқан от леп оның да тұла бойын қарыған еді, оны қайдан ұмытсын… Келіншектің ұлы бар екен. Нағашы əжесінің бауырында қалған баланы сыртынан танып алды. «Сенің шешеңді өлтірген адамдарды білем, есіңе сақтап ал, өскен соң кегіңді аласың» деп айтсам ше дейтін кейде. Бірақ, қалай? Кіп-кішкентай баланың жүрегін жаралап, сол өзі көрген, бірақ, еске алуға жүрегі дауаламайтын күлді-көмеш тақсырет жайында қалай айтпақ? Содан бері сол түні көргені қанша жылдан бері меңіреу күйде ішінде қатып, бұның көкірегін көр тышқандай кеміре бастаған. – Полицияға неге келмедіңіз? – Жергілікті банданың адамдарынан қорықтым, – деп жауап берген сонда Мінəй. * * * – Менің жазам қандай болуы мүмкін? – деп сұрады жігіт. – Егер адам басқа біреудің көлігін мас күйде, иесінен рұқсатсыз алған жəне жол апатын жасаған болса… деп келе жатты да, «оны сот шешеді» деп қысқа қайырды. «Сен анаңның кегін алмақ болдың. Бірақ əділдік адам өлтірумен орнамайды…» – деп ойлаған капитан ішінен жігітке тілектес еді.
Жадыра ШАМҰРАТОВА