12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге мал жайғап жүрген ақсақал бас шайқай қараған. Түнімен толассыз қапалақтаған ұлпа тізеден асыпты. Әлгі бесеуге жол бастаған әскери тергеуші Қайсар Сапаров еді. Қасындағы сырықтай жігіт осы округтің учаскелік полиция инспекторы Әділет Ілеспаев. Кеше таң атар атпастан Өскеменнен шыққан әскери тергеуші кеш кіре тау қойнауындағы Өспен ауылына ілінген. Келе сала ауылдағы инспекторды іздеп тауып, екеуі жоспар құрысқан. Жо-жоқ, жоспарды тергеуші жігіт тәппіштеп айтып берген. Инспектор бас изеп, тыңдап қана отырған-ды.  

– Тыңда, лейтенант Ілеспаев. Неге келгенімді біліп отырсың. Кісі өлімі орын алды. Оқиғаның қалай болғанын, кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін бес саусақтай білемін. Бірақ, әзірше дәлелім жоқ. Істі соңына дейін жеткізіп, қанішерді түрменің түбінде шірітемін, – деді Қайсар орнынан тұра беріп.

Әншейінде ауылда едіреңдеп жүретін инспектор ләм демеді. Темекісін тұтатып, қырауланған терезеге көз тастады.

– Былай болсын! – деді Қайсар қайта орнына жайғасып жатып; – осы ауылдың араққа жұмыс істейтін ішкіштерін танитын шығарсың…

– Танығанда, ауылдың аяққы көшесінде, бергі баста, – дей бергенде;

– Жина соларды. Мә, мына ақшаға бір жәшік арақ, шұжық-мұжығын сатып ал, – деп, кеңестік кезден қалған ескі үстелге он мың теңгеліктің екеуін тастады. Инспектор жігіт «сіз маған бұйрық беруге құқыңыз жоқ» дегісі келгенімен, батылы бармаған.

***

Өспен ауылындағы жалғызбасты ана Әлима Жайлаубаевадан арыз түспесе, қыстың боран-шашынында ит арқасы қияндағы ауылда әскери полиция капитаны Қайсар Сапаровтың несі бар еді?! Биыл ғой, күздің мизам шуақты күнінде алаңсыз ғана қыс қамын жасап жүрген ананың төбесіне қара бұлт үйірілген. Түс ауа үй телефоны шыр етті. Бақша жақта жүрген кейуана сүрініп-жығылып, жеткенше қоңырау сап тиылған. Кім болды екен деп, кері айнала бергенде, босаға жақтағы көкшіл телефон қайта безілдеп қоя берді. Тұтқаны жұлып алды;

– Алло,

– Сәлеметсіз бе?! Әлима Жайлаубаева ма?

– Иә, – деді бәсең дауыспен.

– Елжан Кәрімовтың анасысыз ғой..

– Бұл кім екен? Тыныштық па?

– Бұлақты шекара заставасы командирінің орынбасарымын ғой. Сіз еш уайымдамаңыз. Бәрі жақсы болады. Айтайық дегеніміз, ұлыңыз аттан құлап, жеңіл-желпі жарақат алып қалды. Аудандық ауруханада ем-домын алып шыққан соң, үйде болады біраз…

Ана жүрек сезбей қойсын ба?! Тұтқаның арғы жағындағы дауыс тұншыға берді. Әлиманың көзі жасаурап, диванда отырған күйі қозғала алмады. Бір мезет дүние төңкеріліп, астаң-кестең болды да кетті. Маңайда ауызына су тамыза қоятын да ешкім жоқ. Астанадағы қызы күн аралатып қоңырау соғып тұрғаны болмаса, ат ізін сала бермейді. Күні бойы дел-сал жүрген Әлима түнді де кірпік қақпай өткізген. Ертесінде ұлын тікұшақпен Өскеменге алып кетті деген хабарды естігенде тіптен естен танды. Көршісінің салдыр-гүлдір жигулиімен Марқакөл түсіп, одан ары облыс орталығына таксимен шыққан. Онсыз да әуре-сарсаңға салатын жол мұндайда бітіп бермеген…

Аурухана дәлізі. Дәрі-дәрмек иісі қолқаны қабады. Әлима мұнда жалғыз келген жоқ. Ет-жақын туыстары қолтығынан демеп жүр. Кіреберістегі кезекшіге ұлының аты-жөнін айтып, дәрігерді шақыртуды өтініп еді, қасы-көзі қиылған орыстың келіншегі журналды парақтады да, туфлиі тық-тық етіп, екінші қабатқа көтеріліп кеткен. Дәрігер көп күттірмеді. Ақжаулықты ананы жеке кабинетіне алып кетіп, Елжанның жағдайын бүкпесіз баяндады. Сөз соңында самайын ақ шалған ананың мөлдіреген көзіне жылт еткен үміт сәулесін де ұялатқан. Жанашырлық танытқан дәрігер Әлиманы иығына ақ халат жауып, реанимация бөлімінде жатқан ұлының палатасына алып кірген. Ұлын мұндай жағдайда көремін деп үш ұйықтаса, түсіне кіріп пе?! Аузы-мұрынына трубка тығылған күйі қимылсыз жатыр. Анасы жанындағы аппақ орындыққа жайғаса кетіп, маңдайынан сипады. Басында еш жарақат жоқ, сау сияқты.

– У-у-уһ. Құдайым-ай! Әлі-ақ шауып кетесің, құлыным. Уайымдама! Жаратқан баламен сынамай-ақ қойса қайтер еді?! Өмір әділетті болса, дәл сен мұндай жағдайға тап болмас едің. Жан баласынан жақсылығыңды аямайсың.  Алтыным сол, көзіңді ашшы! Сені күтпей бау-бақшаны тазалап қойдым. Өзімше апта соңында сен келесің, картоп қазып аламыз, кешкісін ет асып, арқа-жарқа болып отырамыз деп ойлаған едім. Әлөш досың да күтіп жүр. Сен келген соң балыққа барамыз деп кеткен өткенде. Көрші-қолаң да сәлем айтты. Тез сауықсын дейді. Көп тілегі көл. Қабыл етеді құдай! – деп орнынан тұрды. Қимылсыз жатқан баласының маңдайынан иіскеді. Бала да анасының келгенін сезсе керек, көзінің қиығынан мөлдір жас мамық жастыққа домалап түсті. Дәрігер Әлиманы шынтағынан демеп, дәлізге қарай бастаған.

Ауруханадан шығып, меңіреу күйі күмбезі көк тіреген мешітке бас сұқты. Жалбарынды, ұлының сауығып кетуін тіледі. Көк базардың кіреберісіндегі құмалақшыға да бал аштырды. Ол ұлыңыз ертең-ақ шауып кетеді деп, сендірді. Көңілі жайланғандай ағайынының үйіне келіп, сәл қисайып, мызғыған. Ұйықтап кетіпті. Таңға жуық есік қағылып, ұлының достары кіріп келе жатқанда Әлиманың көз алды тұманданды да кетті… Ана байғұстың ес-түсі кіресілі-шығасылы ауылына қалай жеткенін білмейді. Сүйекті әкелген күні Өспеннің аспанына қара бұлт төнгендей еді, әрі ол бұлттың арасынан мәңгіге күн шықпастай күйде болған. Бір-ақ сәтті үй іші азан-қазан болды да кетті. Күн мен түні қайсы, ес пен түсі қайсы, белгісіз еді.

Күндер өтті. Бәлкім бес күн, бәлкім он күн. Сыртқы есік шиқ етіп ашылған. Шәуілдеп үре жөнелетін тузик те бас көтермеді. Әскери азаматтар келіп, бірнеше қағазға қол қойдырып, азын-аулақ көмегіміз деп ақша қалдырып кеткен. Әлима ол ақшаның мөрін де көрген жоқ. Алматы мен Астанадан келген ұл қызы сандыққа салып қойдық, керегіңде ұстарсың дескен. Оны Әлима ұлының қырқын атқарып, келімді-кетімді елді шығарып салған соң ашқан. Қомақты сома. Бұл сәтте Әлиманы қызықтырған ақша емес, мұншама ақшаны неге берді деген сауал санасын шымшылаған. Ол ойынан шыға беріп еді, Бұлақты заставасының командирі Марлен Кенжебековты басқа жаққа ауыстырып жіберіпті дегенді естіген. Артынша анау көрші қатындар «Елжанды командирі пышақтап өлтіріп, өзі қашып кетіпті» деген әңгіме Әлимаға да жеткен. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдай ма?! Әлима полицияға неше рет арызданғысы келіп, райынан қайта берген. Әділдікке жетер-жетпесіне күманданған да қойған.

Қараша туып, алғашқы қар жауды. Өзін-өзі іштей мүжіп жүрген Әлима ақыры Астанадағы қызына хабарласып, ауылдағы қаңқу әңгімені жайып салған. Ол күні екеуі телефонмен ұзақ сырласқан.

– Астанадасың ғой, жаным. Министрлерге қалай хат жазу керектігін білесің. Болмаса, Президентке жаз. Бірі болмаса, бірі оқиды. Көңілде жүрмесін. Түптің түбі әділдік орнайтын шығар. Сөйте ғой, балапаным, – деп қызына тапсырған.

Содан кейін-ақ Әлимаға құқық қорғау органдарынан хабарласып, бірлі-екілі сұрақ қойған. Заң бойынша әскери полицияға арыз жазып, қол қою керектігін айтқан. Айтқандай, Әлима орталыққа барып, арыз түсірген.

***

Кешкі Өскемен. 2003 жылдың 18-қарашасы. Әскери полиция ғимаратының екінші қабатындағы төргі бөлменің ғана жарығы жанып тұр.   

– …Түсінікті ме капитан Сапаров? Бұл өте жауапты тапсырма. Министр өзі бақылауына алып отыр. Қылмыстық іс қозғалды. Енді соны соңына дейін жеткізуіміз керек. Сенің тәжірибең мол. Әрине, қылмысты дәлелдеу оңайға соқпайтынын біліп тұрмын. Десе де, қолыңнан келеді. Ертең ерте жолға шық! – деп, әскери полиция басшысы тапсырманы қадап тұрып берген.

Құп алған Сапаров қай тапсырмаға болмасын, жауапкершілікпен қарайды. Бұған дейін де қаншама қылмысты ашты?! Аудандарда жүріп те, біраз тентекті тезге салған. Бойы ұзын, ат жақты, қара торы жігіт ағасы тұйық адамның өзімен арқа-жарқа сөйлесіп кетеді. Кісі аласы ішінде болғанымен, тани біледі. Таныған соң дағы кіммен қалай сөйлесу керектігін алдын ала байқап тұрады. Бір басына жетер айлакерлігі де бар. Облыс орталығына ауыспас бұрын, аудандағы басшысы екі-үш ай бойы ашылмай жүрген ұрлықты аш деп тапсырған-тұғын. Ашсаң, арызыңа қол қоямын деген шартты көлденең тастаған. Алып ұшты әкетіп бара жатқан ұрлық та емес. Дүкеннен ұрланған ұсақ-түйек заттар. Ауылдың орталық көшесіндегі шағын дүкеннен аптасына бір, кейде екі аптада бір шоколад сынды тәттілер жоғалады екен. Терезе-есігін де шақпайды. Бірақ, кімнің қайдан, қалай кіріп жүргені жұмбақ. Ұрыны шап беріп ұстап аламын деген әккі тергеуші Сапаровтың өзі белгіленген мерзімде орындай алмаспын деп сасқан. Дүкен ішін мұқият тексерген. Құлыптан саусақ іздерін де алған. Титімдей ілік жоқ. Ақыры дүкен сыртын торуылдап, күзетуге кіріскен. Қызығы сол, күзетіп отырған күні тағы ұрлық болмасы бар ма. Бұл түні алма, банан сынды жеміс-жидек қолды болған. Қайсардың ыза  болғаны сол, әріптестері күле қарап, әзілге басқан. Сапаров іштей күйіп-піскенімен, сыртқа білдірмеген. Тәтті-дәмдіні ұрласа, бала ұрлайтыны айдан анық. Дүкен маңынан бала аяқ киімінің ізін іздеген. Күздің сілбі жауыны көше-көшені езіп жібергені жақсы болды. Ғимараттың бүйір жағынан шағындау бәтеңке ізін тапқандай. Не де болса, сол шығар деп қуыс көшемен ізді қуалай жүріп отырған. Үлкендеу көшеге шыға бергенде, із ізім-ғайып жоғалды да кетті. Таңертең, түсте оқушылардың сабылып жатқан көшесі. Не де болса, мектеп маңайын торуылдайын деп, сол жақты бетке алаған. Жүз метр жүрді ме, жүрмеді ме, алдынан алма жеп келе жатқан оқушы шыға келіпті. Жас шамасы 7-8 жаста. Сабақтан қайтып барады. Аяқ киімі манағы ізден әлдеқайда кішілеу. Алма да қат жеміс түрі емес. Екінің бірі сатып ала алады.

– Қалың қалай, балақай, – деп күректей алақанын созған.

– Жақсы.

– Алманы қайдан алдың? – деп сұрақты төтесінен қойды.

– Қаладан ағам алып келген.

– Тәтті ме?

– Тістеп көріңіз, – деп кішкентай қолымен ұстаған қызыл алмасын қарсы келген ағайға ұсынған. Сапаров күрт еткізіп тістеді де;

– Ммм, дәмдісін-ай. Ағаңмен таныстыр, мен де алма алғызайын, – деп қулыққа басады.

Кішкентай оқушы жүріңіз дегендей ишарат жасап, үйіне қарай томпаңдаған. Үйіне тергеуші ілесе кірді. Кіре бере орындықта тұрған екі пакет алмаға көзі түсті. Ортаңғы бөлмеден 13-14 жастағы бала атып шығып, тұра қалған. Қара күрті киген ағайды көрген бетте құлағының ұшына дейін қызарып сала берді. Неше айдан бері ұсталмай жүрген бұзық осы еді. Табан астында ата-анасына ескертіп, мектеп инспекторын шақыртқан. Сөйтсе, дүкенге жүк түсіретін артқы есіктен еш алаңсыз кіріп, керек-жарағын алып кетіп жүрген. Кілтті сатушылардың өздері сол маңдағы кірпіштің астына жасырғанын бір мәрте көрген. Қылмыс ашылды. Кішігірім қылмысты ашқан соң капитан Сапаров басшысының батасын алып, облыс орталығына тартып тұрған. Қай құдай айдап әкелді дейтін де шығар кейде. Күн демей, түн демей, шапқылайды да жүреді.

***

Бұл жолғы берілген тапсырма дүкенге түскен ұрыны анықтау емес. Әлдеқайда қиын, әлдеқайда күрделі еді. Күдіктіні қолға түсіру, оны тергеу түк емес. Әлима Жайлаубаевадан түскен арызда «ұлыма эксгумация жасап, алған жарақаттарын қайта зерттеуін сұраймын» делінген. Қайсар Сапаров қаншама қылмыстың бетін ашса да, қабірдің бетін ашып көрмеген. Сол үшін де ғой, ауылдағы ішімдікке құмар жігіттерді жинаған.

Бейітке беттемес бұрын, ауыл молдасымен кеңескен. Бір «аллаһуакбар» айтып бер деп сұраған. Молда келгенше, мазардың маңайын қардан аршып, күрек-қайланы сайлап қойысты. Бұл иықтан ауыл алақанға салып қойғандай ап-анық көрінеді. Өспен ауылы ұйқысынан баяғыда оянған. Мұржалардан шыққан түтін ауылдың тіршілігінен хабар беріп тұрғандай. Тек, мола басында ғана мүлгіген тыныштық. Сол тыныштықты бұзған бесеу төмпешік топырақты қопара бастады. Үнсіз. Бір-бірімен әңгімелесуге құлықсыз бәрі. Әруақтарды оятып алатындай, сыбырласып сөйлеседі. Өл-тіріл, Қайсар Сапаровқа мүрдені бүгін алып шығып, аудан орталығындағы моргке жеткізуі керек. Астанадан Өскемен түсіп, одан бері келе жатқан эксперт мамандар үш күнге ғана аялдайды. Демек, ертең таңертең олардың алдында мүрде жатуы тиіс. Ауылдың аяққы көшесіндегі азаматтар стаканды қалай сілтесе, қара жұмысты да солай сілтейді екен. Тоң қата қоймапты. Топырақ бетін қайламен қопсытқан соң күрекпен баса берген. Капитан Сапаров пен лейтенант Ілеспаев термостағы шайдан ішіп бойларын жылытқан болады. Бой жылынғанымен, табаннан өткен суық маңдайды солқылдатады. Дамылдауға уақыт жоқ. Анау үшеуін арақ жеңе қоймапты. Қарулы. Түс ауғанша белуардан қазып тастады. Көлденең қойған қарағай тақтайлардың бас жағы көрінгенде Сапаровтың бойын қорқыныш билеген. Дәл сол қорқыныш бұл жердегі әркімнің бойында болуы әбден мүмкін. Қабір ішіндегі топырақ түк қалмай шығарыла бергенде орман жақтан жылаған дауыс шықты. Әлде ұлыған дауыс па. Бәлкім, сыңсыған орман шығар. Көлденең тізілген тақтайдың екі-үшеуі алынғанда, жертөледегідей ылғал иіс танауға келді. Сапаров та пенде ғой. Бір сәт қорқынышты қуаныш жеңіп кеткен. Санаулы күнге келе жатқан эксперттерге үлгеретін болдық деп қуанған. Иіс күшейе бастағанда, шұңқырда жүрген жігіттердің бірі тырмысып шықты да, арағың да, ақшаң да керек емес деп тайып тұрған. Соңынан екеуі шығып, үсті-бастарын қақты да, сыңар соқпаққа түсіп, құлдилай жөнелген. Тоқтатпақ болған Ілеспаевтың сөзін ілген де жоқ. «Арағың да, ақшаң да керек емес» дескен. Жүректері шайлығып кеткенге ұқсайды. Ең жауапты сәттегі жұмыс тергеуші мен инспекторға қалды. Амал жоқ. Сапаров жүрегі дауаламаса да, қабірге секіріп түсіп, тақтайларды бір-бірден әпере бастаған. Арғы жағынан ағараңдап кебін көрінді. Орман ұлып тұр. Күн бесінге ауған кез.

– Ілеспаев, түс мұнда. Екеулеп көтермесек, жалғыз өзім алып шыға алмаспын, – деді тергеуші мүрдеге қарап тұрып. 

– Жолдас капитан, мүмкін ана үшеуін шақырып алып келермін, – дей бергенде,

– Мықты болсаң, ұстап қалмадың ба?! – деп зекіп салған.  

Учаске инспекторы басқа амалдың қалмағанын сезді ме, шұңқырды айналып, аяқ жағына жақындады. Сүйретіліп жүріп ішіне түсті. Үш ай бұрын жерленген сүйекті қазуы қазды. Енді қалай алып шығар екен. Инспектор темекісін тұтатты. Көк түтін көрден шыққан көк иісті басқандай болды. Сарғыш тартқан кебін мүрдеге жабысып қалған сияқты. Сапаров жүрелей отырып бас жағын көтере беріп еді, міне-міне бас салатындай елестеп кетті де, тастай салды. Өзі ұшып тұрды. Қорқыныш дендеп алған.

– Қайсар аға, «өліден қорықпа, тіріден қорық» деген бар. Басын ұстаңыз, мен аяқ жағын көтеріп, шұңқырдың жиегіне қояйық, – деді Ілеспаев сабырмен.

Тергеуші үн қатпады. Қайта еңкейді. Екеулеп көтеріп көріп еді, мүрденің белі бүгіліп бара жатты. Инспектор оң қолмен бел тұсынан демеді. Иіс танауды жарып әкетіп бара жатқаны болмаса, ауыр емес. Екеулеп жүріп, шығарды. Бір-бірін демеп, өздері шықты. Ентіктерін баспастан, үсті-бастарын қақты. Бағанағыдай қорқыныш жоқ. Екі-үш сағат бұрын жеткен жедел жәрдем көлігі иықтың етегінде күтіп тұр. Жүргізушісі жақындамаған. Көліктегі зембілді инспектор Ілеспаев барып әкелген. Ақ тер, қара терге түскен екеуі мүрдені төменге дейін өздері басқан соқпақпен түсіріп, күтіп тұрған көлікке салды. Аудан орталығына жеткенше көз байланған. Жедел жәрдем көлігі жүйткіген күйі аурухана ауласындағы қабырғасы қақыраған ескі ғимараттың алдына келіп тоқтады. Астанадан келген криминалист, эксперттер аудандық полиция басшысының үйінен тамақтанып алып, білек сыбана дайын отыр екен.

– Ну наконец-то, приехали, – деп бұлдана сөйлей кірген әдеміше келіншекке тергеуші көз қырын да салған жоқ. Ілеспаев екеуі жанталаса шығып кетті. Олар шығып бара жатқанда күбірлесе сөйлесіп, бейтаныс адамдар кіріп жатқан. Қай уақытта үлгергенін қайдам, учаске инспекторы аудан орталығындағы әріптесіне монша жақтырып, ет астырып қойыпты. Екеуі тура сонда тартты. Мұндай ауыр күн болар ма еді?!

***

Көп ұзаған жоқ. Эксперт мамандар қорытындысын шығарып, әскери полицияға жолдаған. Екі-үш парақ қағазды капитан Сапаров бір демде оқып шықты дағы, басшысына «не бұйырасыз?» дегендей көзбен қараған.

– Мұқият оқып шықтың ғой, батыр. Эксперттер тырнағынан бастап, ішкі органдарына дейін зерттеді. Басы-қасында өзің де жүрдің, көрдің. Қорытынды осы; Сол жақ қабырғаларын сындырған, желке тұсынан ұрып, жұлынын зақымдаған. соққыға жығылған соң он сағаттай жатып қалған. Алғашқы көмек деген атымен жасалмаған. Қысқасы, – деді әскери полиция басшысы көзілдірігін шеше беріп; – Бұлақты заставасының командирі Марлен Кенжебековты уақытша ұстау изоляторына қамауға аласың. Ордер бүгін дайын болады. Күдіктінің мекенжайын нақтыла. Куәгерлерді де тізімдеп қой.  

Қайсар істің алға басқанына қуанды. Түбі әділетті шешім шығады деген сенім нығая түсті. Айналдырған екі-үш күн ішінде күдікті Марлен Кенжебеков тұрып жатқан Тараз қаласына жеткен. Күн жексенбі. Есіктің қоңырауы шыр еткенде Марлен бала-шағасымен таңғы ас ішіп отырған. Есікті өзі ашты.

– Марлен Кенжебеков сіз бе? – деді қызыл куәлігін ашып көрсеткен әскери инспектор.

– Дәл солай! – деді күдікті көздері жапақ-жапақ етіп.

– Киініңіз, кеттік.

Қайсардың тектілігі, көрегендігі шығар. Кісенді бала-шағасының көзінше салмаған. Тысқа шыққан соң ғана автомат асынған жасақтың басшысы қолын қайырып, кісендеп, көлікке жайғастырды. Өскеменге жеткенде, куәгерлер де тергеу бөлмесінің дәлізінде күтіп отырған. Оларға қаладан шықпау тіралы тілдей қағаз берілген. Үш-төрт күн тергеуге алынған Марлен Кенжебеков Елжан Кәрімовты ұрдым деп мойындамаған. Аттан құлады деумен ғана болды. Кейбір сөздері қиыспай, сасқалақтағаны да бар. Бұдан соң тергеушілер келесі амалға көшкен. Қос куәгерді шақыртып, тергеу бөлмесіне кіргізген. Капитан Сапаров енді-енді сұрақ қоя бастағанда, бастығы шақыртып, бөлмеден шығып кеткен. Есік жабыла сала екеуі ақылдаса бастаған.

– Командирді бәрібір мойындатады. Екеміз ілініп кетпесек те. Оның ұрғанын көрген біз ғанамыз. Так что, шындықты айта салайық, – деген төргі жақтағы толықтау келген қара жігіт.

– Шындықты айтсаң, бізді жайымызға қалдырады деп тұрсың ба? Марленнің қолы ұзын. Бізден кек алмай қоймас. Әзірше үндемейік, – дей бергенде шкафтан форма киген полиция қызметкері шыққан. Дәл сол сәтте есіктің арғы жағында тұрған Қайсар да кірген.

– Ал, жігіттер! Естідік. Оқиғаның қалай болғанын да білеміз. Командирлерің бәрін жайып салған. Оның айтқанымен, сендердің айтқандарың сәйкессе, куәгер ретінде ғана сотқа тартыласыңдар. Ал, бір өтірік байқасақ, іс қағазын қылмысқа қатысушы деп толтырамыз да, әскери прокуратураға жібереміз, олар сотқа тапсырады. Ал соттың қандай шешім шығаратынын өздерің болжай беріңдер, – деген Қайсар Сапаров қасындағы әріптесінің алдына қарай ақ парақты сырғытты. Куәгердің бірін басқа бөлмеге алып кеткенде, екіншісі бар болған оқиғаны бүкпесіз жайып салған.

– Екеуінің арасындағы келіспеушілік жаздың күні басталған. Бұлақты заставасы тұсындағы шекара таулы өлке болғандықтан, тікенекті сым толық тартылмаған. Арғы беттен бері өту оңай. Өзенді бойлап, өтіп жатқандардың қарасы көп еді. Олардың әрқайсысы командирге 10 мың теңгеден төлеп отырған. Күніне кемі он адам кірді десеңіз, 100 мың бүтіндей командирдің қалтасына түсіп тұрды. Біз ол ақшаға қызыққан да емеспіз. Жалақымыз уақытылы түссе соған қуанар едік. Марлен кейде ғана ауылға түсіп, тәтті-дәмді, ішіп-жем, қымбат темекі алып келетін. Сарбаздар оған мәз болып, алғыс айта-тұғын. Шекарадан заңсыз кіріп жатқандардан ақша алып жүргенін сарбаздардың бәрі біледі. Бірақ, бұл бұрыннан келе жатқан дала заңы секілді қабылдайтынбыз. Шекарадан кірген аласа бойлы, қысық көзді жігіттер беткейлерден шұғынық гүлін қазып, тамырындағы құртты жинап жүрді. Өндімейтін жұмыс еді. Әйтеуір, арғы бетте өте құнды екенін естігенбіз. Сол кезде ғой, Елжан жердің ойраны шыққанына, шекарадағы бассыздыққа іштей күйініп жүретін. Жеке жерде мұнымыз дұрыс емес деп сан рет айтқан. Есіл байлықтың ел асып жатқаны жарамас деп, жоғарыға хат жазамын деп те жүрген. Қайтыс боларынан екі-үш күн бұрын командир Кенжебеков арғы беттен өтіп келіп, гүл қазып жүрген азаматтарға «салықты» өсірді дегенді естігенде, көрсетемін бұған деп ашуға булыққан. Айтқанындай, түн ортасы тамыр қазған тамырластарды арғы бетке өткізіп тастаған соң, екеуі казарманың алдында ерегесіп қалды. Елжан қылмысыңды жаһанға жар салып әшкерелеймін деп зеки бергенде, командир жұдырық сермеген. Шапшаң жігіт басын тартып үлгерген де, командирін аяқтан шалып құлатқан. Ауыр дене гүрс еткен де, басы солқ еткен. Біз командирді қолтығынан демеп тұрғыздық. Тұра салды да қабырғада тұрған өрт сөндіру күрегін жұлып алып, Елжанның соңынан кеткен. Тарп-тарп басып, біз бірге жүгірдік. Тоқтатуға шамамыз емес, батылымыз жетпеді. Біз жеткенше, екеуі алыса бастады. Командирдің қорбиған денесі ғана, Елжан тағы да жамбасқа тастады. Бірақ қол көтермеді. Сонымен екі жаққа тарқасқан. Түнде ғой, Елжан бөлмесінде теріс қарап, етігін тазалап отырған кезде Марлен ұрланып барып балғамен желке тұсынан ұрған. Ол жағдайды біз көрмедік, шынымды айтайын. Тарс-тұрс еткенде ғана жүгіріп жеткенбіз. Бөлмеге ентелей енсек, командир тепкілеп жатыр. Бізді көрді де шығып кетті. Біз ес-түссіз халдегі Елжанды көтеріп, төсегіне жатқыздық. Киімін шешіп, қабырға тұсына сулап дәке бастық. Сол кезде көзін ашып, жүрегім айнып кетті деген. Біз көзін ашқанына қуандық. Көлікке салып дәрігерге апарар едік, командир бұл жағдайды ешкім білмесін деп қатты ескертті. Қорқытты. Түнімен ес жимаған соң ғана ауруханаға апарғанбыз. Содан кейін оқиға қалай өрбіді, білмеймін. Тіпті заставадағы сарбаздардың өзі төбелес болғанынан бейхабар. Тек, қаралы хабарды ғана естідік, – деп ағынан жарылған куәгер азамат.

Екінші куәгер де айна қатесіз осылай деп баяндаған. Бәрі тайға таңба басқандай анықталды. Карта ашылды. Артынша, күдікті де қылмысын мойындап, басын төмен салған. Өкінген, өксіген. Алайда, гүл үшін үзілген ғұмыр кешірілмейді. Соттың балғасы тық етіп, үкім кесілген күні Өспен ауылына күн шуағын шашып тұрды. Алтайдың күнгейіне шұғынық гүлдері де жайқала біткен.    

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Айжанның өлімінен кейін Саяның өмірі тоқтап қалғандай. Сұрықсыз күндер,...