12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Шоқан ОРАЗАЛИН, Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы: «ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУГЕ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ»

Мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясаты саласындағы көңілге кірбің шалдыратын түйткілдерді шешу бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Әсіресе, елдің ертеңі болып табылатын балалардың бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру – ұрпақтар сабақтастығының аса өзекті тұсы. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, қазіргі таңда балабақшадан бастап, жалпы орта білім беретін мектептерде мемлекеттік тілдің деңгейін көтерудің аса маңызды екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қоғамда «теріскей облыстар орыстанып кеткен» деген қасаң көзқарас қалыптасып қалғаны рас. Дегенмен, Ақмола облысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында бірталай көңілге қонымды жұмыста атқарылуда. Оның жайын облыстық Білім басқармасының басшысы Шоқан ОРАЗАЛИН айтып берген еді.

– Мемлекеттік тілді дамыту үшін өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындататын мектептердегі жұмыс дұрыс үйлестірілуі керек. Аймақта ана тілінің тұсалған аттай адымын аша алмауының да басты себебі мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беретін балабақшалар санының аздығымен байланысты. Жалпы, өңірде аталған бағытта жағдай өзгерді ме? Қазақ тілінде тәрбиелейтін балабақшалардың қатары қаншалықты өсті?

– Иә, пікіріңіз өте орынды. Қазақ тілінде оқытатын мектептер саны көбеймей, мемлекеттік тіл қанатын кеңге жаяды деп айту ақылға қонбайды. Сондықтан бұл бағытта аймақта соңғы жылдары біршама сілкініс бар деуге болады. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осы тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сай еліміздің барлық білім беру мекемелерінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Статистиканы сөйлетсек, қазіргі уақытта өңірде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі 38 181 баланың 25 671-і, яғни 67,2 пайызы мемлекеттік тілде білім алуда. Салыстырмалы түрде айтсақ, облыс бойынша 2021 жылы қазақ тілінде білім алатын балалардың жалпы үлесі 62,2, 2023 жылы 62,9 пайыз болған еді. Оқырманға едәуір түсінікті болуы үшін сандық көрсеткішпен жеткізсем, 2021 жылы қазақ тілінде білім алатын балалар саны 5113 балаға, ал 2023 жылдың басынан 2024 жылдың сәуіріне дейін 1382 балаға дейін өсті. Әрине, бұл әлі де болса мақтана қоярлық нәтиже емес. Дегенмен, еліміздегі тіл саясатының арқасында мемлекеттік тілде білім беретін балабақшалар саны кезең-кезеңімен артып келе жатқаны көңілге медеу. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңды орындау мақсатында облыста меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектеп жасына дейінгі балаларды да мемлекеттік тілде оқытумен қамтуды арттырудың 2023–2027 жылдарға арналған жоспары жасалған. Осы жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерге арналған мемлекеттік тілде оқытатын топтардың саны 1509-ға жетіп, жалпы балалар саны 71,7 пайызға ұлғайып, өсу динамикасы 8,8 пайыз. 2023 жылға арналған жоспарға сәйкес, өңір балабақшаларында мемлекеттік тілде оқытатын топтардың санын 78-ге көбейту жоспарланған еді. Кезең-кезеңімен жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде қазақ тілінде оқытатын балабақша топтарының саны 91-ге дейін жетіп, жоспардың орындалу көрсеткіші 117 пайыз болды. Бұл бағытта Аршалы, Шортанды, Целиноград, Ақкөл аудандары мен Қосшы қаласындағы тіл үйренуге, тіл үйретуге қатысты ынта жоғары. Ал биыл мемлекеттік тілде оқытатын топтар санын 95-ке дейін көбейту көзделіп отыр.

– Өкінішке қарай, Кеңес заманынан қалыптасып қалған қасаң қағидаға сүйеніп, ұрпағының болашағын орыс тілімен байланыстыратындар әлі де бар. Дегенмен, мемлекеттік тілдің тұтас ел бойынша, тіпті, өзге ұлт өкілдері арасында үлкен басымдыққа ие болып келе жатқаны айқын сезіледі. Өңірдегі жалпы білім беретін мектептердегі жағдай қалай?

– Иә, расында да қоғам санасына сонау Кеңес заманынан сыналап еніп алған бұл пайымның іс жүзінде дәл қазір мүлде қате пікір екенін уақыттың, оқушылардың өзі көрсетіп берді. Облыста орыс тілінде білім беретін мектептер саны әлі де көп болғанымен, жыл санап қазақ тілінде оқытатын мектептердің қатары артып келеді. Қазір облыста мемлекеттік тілде оқитындар саны 66 012 балаға жетті. Бұл жалпы контингенттің 48,1 пайызын құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2020 және 2021 жылы 47,7 пайыз, 2022 жылы 47,8 пайыз болған еді. Яғни, біртіндеп болса да қазақ тілінің қажеттілікке айнала бастағанын қоғам сезініп келеді. Дегенмен, өңірдің білім беру орындарында мемлекеттік тілдің басымдығын арттыру бағытында атқарылуы тиіс шаруа әлі шаш-етектен. Ұлты қазақ болғанымен, орыс сыныптарына баратын қаракөз балаларымыздың саны айтарлықтай жоғары. Сондықтан қоғамның мемлекеттік тілге көзқарасын, оның даму болашағына сенімін нығайту бағытында кешенді жұмыс жүргізудеміз. Әрине, қазақ тілінде оқитын өзге ұлт өкілдерінің қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, биылғы оқу жылында облыс бойынша қазақ тілінде білім алатын өзге ұлт балаларының саны 712-ге жетті. – Өңірдің балабақшалары мен жалпы білім беретін мектептеріндегі мемлекеттік тілдің жалпы жағдайына қысқаша қанықтық. Ал кәсіптік және арнайы білім беретін оқу орындарындағы жағдай қалай? – Мемлекеттік тілдің қолдану аясынкеңейту үшін қазақ тілінде кадрлар даярлайтын кәсіптік және арнайы білім беру орындарының қатары көбеюі тиіс. Облыста қазіргі уақытта орта кәсіптік білім беретін 29 оқу орнының бірі – Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінде білім беру таза қазақ тілінде жүргізіледі. Бұдан бөлек, Аршалы, Есіл және Каменка агротехникалық колледждерінде орыс тілінде білім берсе, Щучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледжінде сабақ үш тілде жүргізіледі. 24 оқу орнында білім қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Жалпы 19 799 студент мемлекеттік тілде білім алуда.

– Мемлекеттік тілдің білім беру орындарында кеңінен қолданылуына байқаулардың ықпалы аз емес. Бұл бағытта облыстық білім беру орындарында қаншалықты жұмыс жүргізіліп жатыр?

– Тілді келешек ұрпақ санасына сіңіру үшін түрлі байқаулар арқылы балалардың қызығушылығы мен ынта-ықыласын арттыруға барынша көңіл бөлініп келеді. Жыл бойы тіл саясатын насихаттау мақсатында 6-11 сыныптар арасында «Яссауитану», 7-11 сыныптарда «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадалары, «Ілияс оқулары», «Жыр алыбы – Жамбыл», «Мақатаев оқулары», «Мағжан оқулары» сияқты республикалық байқаулар өтуде. Олар оқушылардың мемлекеттік тілге қызығушылығын арттырады. Ал 8-11 сыныптағы шығармашылық қабілеті бар балаларға «Ақберен», «Әбіш оқулары», «Мәшһүр Жүсіп оқулары», «Ілияс Есенберлин оқулары» сияқты республикалық байқаулардың 0 жыл сайын ұйымдастырылуы, оқушылардың мемлекеттік тілге құрметінің артып, тілдің кеңінен насихатталуына мүмкіндік береді. Орыс тілінде оқытатын мектептерде де қазақ тілінен 9-11 сынып оқушылары арасында республикалық олимпиадалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балалар арасында да жыл сайын «Өнеріміз саған – Қазақстан!» атты ұлттық өнерді меңгерген мектеп жасына дейінгі балалар арасында өтетін республикалық фестивальдің облыстық кезеңі және «Қазақшаң қалай, балақай» сияқты байқаулар ұйымдастырылуда. Мемлекеттік тілді өнер арқылы да шәкірттер бойына сіңіру пайдалы. Оқушылар арасында жыл сайын «Алтын қазына» облыстық сәндік-қолданбалы өнер байқауы, «Қасиетті домбыра» облыстық домбырашылар байқауы, «Балалар оқулары» республикалық байқауының облыстық кезеңі, оқушылар арасында облыстық пікірталас турнирі (қазақ лигасы), «Мәңгілік Жас қыран елім – Қазақстан» облыстық сахналанған ән байқауы өткізіледі.

– Мемлекеттік тілді игеруде және қолдану аясын кеңейтуде облыстың білім ордаларында тың инновациялық жобаларды енгізуге қаншалықты мән беріліп отыр?

– Қазіргі заманға сай инновациялық және технологиялық мүмкіндіктерді қолданбай, мықты нәтижеге жету мүмкін емес. Сондықтан, қазақ тілін оқытудың инновациялық моделін пайдалану мақсатында «Қазақ тіліне ерте бойлау бағдарламасы» республикалық жобасы іске асырылуда. Бұл жобаға Көкшетау қаласының «Алтын бала», «Нұр бала» және Ю. Гагарин атындағы балабақшасы, сонымен қатар, қалалық 1-сыныптар үшін №5 «Тандау» көпсалалы гимназиясы, «ЭКОС» №13 мектеп-гимназиясы және №1 мектеп-гимназиялары енді. Аталған жобалалар 2024–2025 оқу жылында бастау алмақ. Бұл пилоттық жобаның аясында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту, қазақ тілді ортаны кеңейту, бастауыш білім беруде орыс тілділерге арналған қазақ тілінде оқу процесін ұйымдастыру арқылы қазақ тілін оқытудың инновациялық моделін қолдану көзделіп отыр. 2023–2024 оқу жылының жаңашылдығы оқу жылының соңында негізгі орта білім деңгейінде 5-8-сыныптар), (10-сынып) «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша емтихан енгізілді. Ақмола облысының аудандық білім бөлімдері қазақ тілінде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі» пәні бойынша және қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша емтиханды ұйымдастыру және өткізудің «Жол картасы» әзірленіп, өңірдің барлық мектептеріне жолданды. Соған орай барлық мектептерде мектепішілік жоспар құрылып, жүзеге асырылуда. Білім бөлімдерінің және мектептердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында емтихан бойынша инфографика жарияланды.Бұл бағытта жұмыс одан әрі жалғасады.

– Әңгімеңізге рақмет. Мемлекеттік тіліміздің әрқашан тұғыры берік, мәртебесі биік болсын!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Президент Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы жария болды.

Қазақстанда ЭЦҚ форматы өзгерді: нені білу керек?

30 сәуірде Қазақстан криптографиялық стандартқа көшеді, оған сәйкес электрон цифрлық қолтаңба форматы өзгереді.

Полицейлер 127 заңсыз қоқыс орнын анықтады

Полицейлер 127 заңсыз қоқыс орнын анықтады.

Жайық өзенінің деңгейі көтерілген

"Қазгидромет" РМК Атырау облысы бойынша бөлімшесінің мәліметінше, 1 мамырдағы жағдай бойынша, Атырау облысындағы Жайық өзенінде су деңгейі өзгерген.

БІРЛІК пен ЖАСАМПАЗДЫҚ – ЕЛ БАҒДАРЫ

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң бойынша еліміздегі 9 мемлекеттік мерекенің бірі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі. Биыл ол елімізде 28-рет аталып өтіледі.