12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ШИПАЖАЙДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ

«Барыс» детективтік агенттігінің директоры Дастан Теміровтің «Жаркент – Арасан» шипажайына келгеніне көп бола қойған жоқ. Шипажай директоры Әшіров Самат бұл жердің тарихын, суының құрамын әдемілеп айтып берді. Шынында бұл жердің табиғаты көркем. Бұл маң төрт жағыңнан қоршаған таулардың үстін көкшіл аспан жапқан табиғи тостаған дерсің. Ғасырлық емендер мен қараағаштардың ұшар басы көкке самғап тұр, ал олардың діңгектері құшақ жетпес жуандығымен таңғалдырады. Алма ағаштары, алмұрт, шабдалы, өрік ағаштарымен араласа жайғасып жұмақты еске салады. Анау алма ағашынан біздің Хауа үлкен әжеміз таным алмасын жұлмады ма екен? Негізгі жатын ғимараты модерн салтына сәйкес қызғылт ұлутаспен мәнерленген. Бір қабатты ежелгі үйлер де сақталыпты, онда бір кездері ауданаралық колхозшылар емханасы болса керек. Иә, Дастан Темірұлы, сен бұл демалысқа адал еңбегіңмен қол жеткіздің. Айналдырған сегіз айдың ішінде «барыстармен» тең жұмыс атқара жүріп, бір роман, екі повесть жазып шығардың. Бұл ойыншық емес! Қазақстан халқына әзірге белгісіз ерліктерімді еске ала отырып, «Барыс» агенттігінің ұжымы қаулы етті: мекеме директоры Теміров Дастан Темірұлын жұмыстан босатып, өзі қалаған демалыс үйі немесе шипажайға емделуге жіберу. Міне, енді ол биік таулы «Жаркент – Арасан» шипажайына жайғасып, табиғаттың сұлу көркін тамашалай қарап отыр. Дастан Темірұлы «Барыс» агенттігінің бүкіл тарихын еске қайта түсірді. Міне олар Татаринцев екеуі детективтік кәсіппен айналысуда; «Мадам Вонг» – таудай ат берген ең алғашқы істері, соның арқасында бірінші рет қомақты табыс тауып және бәлеге ұшыраған кінәсіз бейшара кісіні ақтады. Сосын бұларға ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік органында бірге қызмет істеп, талай сынақтардан бірге өткен, сенімді досы, ҰҚК-нің ең тәуір деген аналитигі полковник Атабаев Болат Атабайұлы келіп қосылды. – Үлкен ұлы Даниярдың ҚазҰУ-ды бітіріп, Әділет министрлігіндегі қызметке бармай, біздің агенттіктің белді өкілі болып алғанын байқамай да қалыппыз. Ол кезде біз компьютермен жұмыс істеуге шорқақпыз. Ол соны пайдаланған көрінеді. Соның арқасында кейінірек агенттік құрамын Саша Лян, Коля Кузеев, Камилла Галлямова, Саин Бек сынды жастар келіп толықтырды. Ал Әлібек Есімов жемқорлыққа қарсы күресте қаза тапқан әкесінің кегін алу үшін өзі келді. Өкінішке қарай, арамызда адам шығыны да болды: қылмысқа қарсы күресте жан тапсырған инспекторлар: Сухов Дима мен Саин Бектің аттары мәңгі есте болсын! Тым көпірме сөздер дейсіздер ғой? Олай болмаса, өмір сүрудің не қажеті бар? – деді полковник іштей өзін қамшылап. – Жарар, полковник мырза, сен тым сөйлеңкіреп кеттің, емге баруың керек, сен сол үшін қып-қызыл ақша төлейсің ғой. ОЙЛАМАҒАН ЖЕРДЕ… Дастан Темірұлы күтпеген жерде өзі үшін жаңалық ашты: ол әйел жасын мүлде айыра алмайтын болып шықты. Тым жас қыздардан кәрі кемпірлерді айыру, әрине, соншалықты күрделі емес. Тек міне жиырмадан асқандар мен алпысқа толмағандарды айыра білу қиындау соғатын болыпты. Әсіресе, күтім көрген, болмаса косметиканы тым көп қолданатын әйелдердің жасынан шатасып қалады. Бұл не болғаны? Полковник тышқан аулаудан қалған ба, әлде туып жатқан капитализм заманының әйелдері соншалықты өзгергені ме? Бұл ойлар қайдан туды? Қай кабинетке емге барсаң да, кезек күтушілердің дені әйелдер. Отырып алып жасын, қызметін, тұрмыс жағдайын анықтағың келіп, бәріне бажырайып қарайсың… Жігіт шағында Теміров омыртқасына зақым келтіріп алып, бірнеше рет Грузияның Цхал-Тубо шипажайына барып емделіп жүрді. Сонда грузин қыздарының тәлімі қатты ұнады: көзіңе тура қарамайды, көпшілігі ұзын етекті, қара түсті киім киеді, топтанып жүреді. Сондықтан Дастанға әдемі массажшы Кетико керемет ұнаса да, еш үміті болмай, тек жасырын күрсінумен шектеліп, жас сұлудың ерекше қараған көздеріне, өзін қолпаштап айтқан сөздеріне көңіл аудармады. Ал бұл жағдайдың ақиқатын кексе болса да, бәрін көзден танитын үй жинаушы әйел жақсы білетін. Ол тура палатаға әкеліп, демалушыларды өзінің арзан чачасымен қамтамасыз етіп тұратын. – Сен, жігітім, дүниежүзінде еркектерге ең зар болушы әйелдер – грузинкалар екенін білесің бе? – деді бірде ол қырқылдақ дауыспен, маңайлатпайды деп санайтын Кетиконың массажынан кейін төсекте рахатқа бөленіп жатқан Дастанға қарап. – Ол қалай сонда? – Теміров аң-таң болды. – Біздің еркектер, негізінен орыс қатындардың соңынан сүйретіліп, отбасына қарамайды. Білесіз бе, оларға осы жаққа топырлап келіп жататын сары шашты торсыйған орыс әйелдер көбірек ұнайды. Бірақ біз де адамбыз ғой, бізде де қажеттілік… бар. И-ә-ә, шіркін, күнәһар өмір-ай!… Содан бері Дастан Темірұлы көңілі барда, әсіресе, жүз граммды ішіне тастап алғанда, «Суликоны» грузин тілінде айтуды әдетке айналдырды және бүгін де сол баянсыз махаббат туралы әнді өзіне арнап айтып отырған. Алыстан естен кетпес Кетиконың мұңды дауысы құлағына талып жеткендей болды. Ем шаралары тәмамдалды, түскі ас, қысқа мерзім көз шырымын алу, ал сосын ноутбукқа отыру, тағы бір роман жазып тастау керек. Басында жоспар сондай болған-ды, әйтсе де, шамасы сол романды повесть деңгейіне дейін қысқартуға тура келетін тәрізді. Есесіне шиелініскен уақиғалар, өткір қақтығыстар… Әр күні осылай. Сосын кешкі ас, қыдырыс, концерт, би және сол сияқты шипажай өмірінің басқа да қызғылықты ермектері өтіп жатты. Бірақ бір күні табиғат тосын мінез танытып, таңертеңгі тымық ауа райы аяқ астынан түнеріп, апыр-топыр басталды да кетті. Жан-жағын таулар қоршаған мына зор қазаншық ағаш қақпақпен тығыз жабылғандай. Жер қойнауынан әлде ысқырық, әлде ұлу естіліп, дауылды жел демалушыларды бас ғимараттың кең асханасына әкеліп тықты. Әуелі жүзімдей ірі тамшылар соққылап, сосын қабырғадай қалың жауынға айналды. Бора-Қожыр өзенінен шыға келген қою ақ тұман сол маңайдағы барша құрылыстарды жұтып, өзінің тойымсыз қарнына тығып алғандай болды. Кешке қарай дауыл бүкіл электр, телефон сымдарын үзіпті; Бора-Қожыр өзені арнасынан шығып, шипажайды халықаралық жолмен қосатын көпірді талқандапты деген жайсыз хабар тарады. Қазаншұңқырда ұялы байланыс жоқтығын еске алғанда, шипажай сырт дүниеден бөлек қалғаны белгілі болды. Бір жақсы жері электргенератор бар, оған қажет дизельдік май бірнеше аптаға жетерлік. Ал азық-түлік жағынан жағдай қиындау. Оның қаншалықты «қиын» екендігі Әшіров мырзаға ғана аян. Сондықтан асханада жиылған абдыраған ерлерге де, жылауық әйелдерге де үрей туғызбас үшін, ол өзіне тән әзілқойлыққа салып, екіұшты жауап қатты. Қалыптасқан жағдайға байланысты, науқастарға бас ғимараттан аттап шықпауға нұсқау берілді. Жаңбыр аратұра басылса да, тұман сейілу орнына, одан бетер қоюланып, қол созар жерде ештеңе көрінбейтін болды. Тек бұл халық ақыл-кеңестер мен ұсыныстарды қабыл алып, орындай қоюшы ма еді? «Курорт махаббаты» әбден билеп алған кейбір ерлер мен әйелдер, қайсысы сырын жасыра – біреулеп, қайсысы ашықтан-ашық қосақтасып, сыртқы есікті батыл ашып, мұхиттағы балықшы қайықтарына ұқсап, аппақ тұманға сүңгіп ғайып болысып жатты. «Науқастардың» басым көпшілігі шипажай тәртібін сақтап жатын бөлмелеріне тарасты. Ал таңертең «бас штабқа шайқас аудандарынан» мәліметтер келіп түсіп жатты. Таң ата бергенде Теміровтың есігін директордың хатшысы Айгүл қақты. – Дастан Темірұлы! Сізді Самат Сағынұлы шұғыл түрде кабинетіне келсе деп күтіп отыр, – деді қыз көзіндегі үрей мен дауысының дірілін жасыра алмай. – Не болды? – таңертеңгі дене жаттығуын бұзғысы келмеген детектив ызалы үнмен бұрқ етті. – Сіздің кеңесіңіз қажет, тіпті көмегіңіз керек болуы да ғажап емес. Анда бір әйелдер келді, оларда оғаш жағдай, тіпті қорқынышты жағдай болғанға ұқсайды. – Жақсы, қазір киім ауыстырам да барамын, – деген полковник Айгүлдің еш кінәсі жоқтығын және аса бір сүйкімді келіншек екенін еске алып, мейлінше мейірімді үнмен жауап қатты. Байқауынша, жасы асқан сайын осы тәріздес келіншектер көбірек ұнайтын сияқты. Әйтсе де ол Самат Әшіровпен танысқанда өзінің бұрынғы чекист, қазір детектив екенін айтып қойғанына шын өкінді. – Өзіме де обал жоқ, – деген Теміров қабылдау бөлмесіне жеткенше өзін кінәлап бітті. Директордың кабинетінде былғары диван үстінде толықша келген, зиялы екі әйел отыр, бір қарағаннан апалы-сіңлілі екендері көрініп тұр. Екеуінің де беттері қуаңқы тартқан және үрей билеген, бұрқыраған шаштары оны айтпай-ақ көрсетіп тұр. Ал олардың қасында тауықтарды айналшықтаған әтеш құсап Әшіров мырза күйбеңдеп жүр, қолдарын ербеңдетіп бірдеңелер сұраған болады, қажет болса, бір жаққа біреуді іздеуге тұра жүгіруге әзір екендігін көрсетіп бағуда. – Ә-ә, Дастан Темірұлы! – әкесі тіріліп келген адамша қуана айғайлап жіберді. – Мұнда бір қиын жағдай болып жатыр! Өте қиын… Жарар, өздері айтып бергені дұрыс болар. – Жақсы! Тек әуелі әңгімені танысудан басталық. Сонымен, мен полковник Теміров Дастан Темірұлы… Әйелдер мұғалім келгенде орындарынан атып тұратын оқушы секілді атып тұрды. – Жазира, – үлкені болса керек, ұстамды түрмен өзін атады. Көз жанары өткір, бетке тура сынай қарайды, ал ондай әдет қазақ әйелдерінде сирек кездеседі. – Мағира, – екінші әйел әлсіздіктен бе, әлде ұялшақтықтан ба, әзер естірте атын атады. Диоптриялы көзілдірік кисе де, көзқарасы қымсыныс пен ұялғандық белгісін көрсетіп тұр. Апалы-сіңлілер орта бойлы, ашық жүзді, қара шашты, толық денелі, жүздерінен зиялылық таңбасы айқын көрінеді екен. – Сонымен не болып қалды? – Дастан Темірұлы әйелдердің бойындағы үрейді басып, көңілдерін жұбату үшін сұрағын әдейі көтеріңкі, жайдары дауыспен қойды. – Біз сіңлім екеуміз осында келгеннен бастап ескі ғимараттың бір бөлмесіне орналастық. Алғашқы кезде бізге орын ең шеттегі ағаш ғимараттан тиген. Бұл бізге қатты ұнады. Кісі аз, тыныштық, – деген Жазира әңгімесін алыстан бастады. «Мұғалима екені сөзсіз, тіпті филолог болуы да ғажап емес» – детектив өзінің осы күндері жұмыссыз қалған ми сауытындағы аналитикалық құрылымды іске қосты. – Сосын түні бойы бір түсініксіз құбылыстар байқайтын болдық, бірақ бізді жын қаққан есалаңдарға қоспасын деп, ұялғаннан ешкімге ештеңе айтпай келдік, – деген әйел кінәлі үнмен сөзін жалғастырды. Әңгіме барысында Мағира тек басын изей берумен болды, басынан өткен жайсыз жайлар оның жүзінен айқын көрініп тұр – Бір жолы ұйқыдан оянып қарасам, Мағираның маңдай терісінде менің сұқ саусағымның ұшының көлеміндей шұқыршық пайда болыпты: «Мынау немене тағы?» деп сұраймын ғой, ал ол: «Сен өзің саусағыңмен бастың ғой» – деп жауап қатты. – «Қашан?» деп мен әрі таңданып, әрі қорқып кеттім, сөйтсем «Түнде» дейді. «Сен немене, есіңнен ауыстың ба? Әлде мені алжып кетті дейсің бе?», «Білмеймін, бірақ мен түсімде сен менің төсегіме жақын келіп, саусағыңды маңдайыма тақап, басқаныңды анық көрдім». – «Неменеге?», «Білмеймін, мүмкін ол түсіме кірген болар». – Ал Мағира көзілдірігін тағып маған қарады да, айғайлап жіберді. Сөйтсек менің маңдайымда да тура сондай шұқыршық бар болып шықты. Біз әрі ойлап, бері ойлап өзіміз ұйқыда жастықтың қатқыл жеріне жатып шыққан болармыз деп шешіп, тынышталдық. – Иә, шынында да солай болған болар, – деген детектив мәселе тез шешілді-ау деген үмітпен жеңілдене күрсінді. – Солай болса ғой… – Жазираның дауысы аса азалы шықты. – Келесі таңда тағы қайталанды. Бірақ біз бұл жолы да үрейге берілмей, түнді ұйқысыз өткізіп көру жөн деп шештік. – Түн қалай өтті? Бірдеңе анықтай алдыңыздар ма? – Анықтадық. Ал сіз күлмейсіз бе? Одан да жаманы, мазақтамайсыз ба? – Ол не дегендеріңіз, қыздар! Ұялмай, айта беріңіздер, ал біз көре жатамыз. – Біз түні бойы төсекте дөңбекшіп шықтық. Қызықты ешбір оқиға болған жоқ. Енді ғана көз іле бергенімізде, кенет есіктен аса ұзын бойлы еркектің бізге қарай келе жатқанын көрдік. Бүкіл денесі күміс түсті, ал мына маңдай болуға тиіс жерде – бір жасыл таңба. Сіз мені түсінесіз бе? Жеміс бағының дуалындағы тесік тәріздес, үлкен емес, жүз теңгелік шамасында. – Сонымен, есіктен сіздерге қарай елеске әлде құбыжыққа ұқсас бірдеңе келе жатыр, солай ма? – Дәл солай. – Таныс экстрасенстің айтуынша: елес – бір кезде бұл дүниеде өмір сүрген нақты бір адамның энергетикалық фантомы. Құбыжық та соған ұқсас, тек нақты тұлға жоқ, жәй ғана энергетикалық фантом. – Қандай сұмдық! Міне осылардың бірі бізге бағыт алып… – Ол немене: жүрді ме, жорғалады ма, ұшты ма? – Тұман әлде түтін тәріздес ауамен қозғалды. – Сосын? Айта беріңіз, біз сізді ықыласпен тыңдап отырмыз. Айта кету керек, әңгіменің басынан бастап Самат Сағынұлы аузына су құйып алып, ашсам төгіп алам деп қорыққан адамша, ләм-мим деп сөз айтқан жоқ, тек оның тым бадырайған көздерінен үрей мен жан күйзелісінің белгілерін байқауға болар еді. – Ол екеуміздің кереуетіміздің арасына жетіп тоқтады, біз көзімізді тарс жұмып алып, тыныс алмай жатырмыз. Соңынан анықтағанымыз: біз бір мезетте суықты сезініп, қалтыраппыз, ал сосын маңдайымызға әлсіз электр тоғы бар темір сымның ұшы тигенін сезініппіз. Бүкіл денеміз, барша бұлшық еттеріміз әлсірегені сондай, айғай салу түгілі, еріндерімізді қыбырлатудың өзі мүмкін болмай қалды. Жарық түскенде ғана есіміз кірді. Айнаға қарасақ – бұрынғы шұқыршықтар, тек бұрынғыдан тереңдей түскен тәрізді. Тағы да ешкімге ештеңе білдірмедік, елестеу немесе психоздың бір түрі деп шештік. – Расында да қорқынышты, – бағзы чекист келісе кетті, шынында да, мұндай жағдайда басқа не айтуға болады? – Өткен түнгі оқиға болмағанда мұның бәріне төзуге болар еді, – деген әйел аса көңілсіз, бірақ тым шытырман оқиғаларды баяндауын әрі қарай жалғастырды.

«Құдайым-ай, бұл сорлыларға тағы не болуы мүмкін еді? – енді полковниктің өзі де іштей үрейге беріле бастады, бірақ, әрине, сырттай оны сездірген жоқ. – Өткен түні біз мүлде жатқан жоқпыз, дүкенде жын-шайтандарды қуады деп берген шырағдан шамды жағып қойып, бір кереуетте құшақтасып отырып шықтық. – Көмегі болды ма? – Жоқ. Ол тағы да есік алдында пайда болды, байқатпай шырақты сөндірді, біздің тәніміз бен еркімізді биледі, менің сол, Мағираның оң қолын ұстап алып қыса бастады, біз тағы да естен талып қалдық. – Қолдар ауырды ма? – Жоқ, қорқыныштан болар. Ал өзімізге өзіміз ол қысқан кеудеміз күйген сияқты қызарып кеткенін көрдік. – Қатты қызарған ба? – Жоқ. – Көрсетіңізші… ой… иә.. иә…, керек емес! Кешіріңіздер, шатасып кетіппін, – әйелдер жемпірлерінің жоғарғы түймелерін ағыта бастағанын көргенде Теміров өз-өзіне келді. – Сонымен бәрі түсінікті, солай ғой, Самат Сағынұлы? – Иә, әрине… – Әшіров мырза тұңғыш әйел кеудесіне қолы тиген он жеті жасар жігітше қып-қызыл болып кетті (Десек те, бұл біздің ұрпаққа тән афоризм, қазіргі кезде бұл сөздер басқаша естілуі мүмкін). – Әйтсе де, құрметті Самат Сағынұлы, қымбатты қыздар, бұл не болуы мүмкін? Осындай жайттың болғанына менің күмәнім жоқ. Ал сіз ше, Самат Сағынұлы? Қыздар? – Менің де күмәнім жоқ, – дегенді директор нық айтты. – Кеудеміз әлі күнге ауырып, күйдіріп бара жатқанда қайдағы күмән!? – деп сорлы әйелдер қосыла зарлады. – Самат Сағынұлы, сол ескі ғимараттың орнында бұрын не болғаны есіңізде жоқ па? – детектив осылай тергеу жұмысына кірісіп кетті. – Мен сізге құпия ашайын: елуінші жылдардың басында бұл жерде уран кен орны болды, онда өлім жазасына кесілген қарақшылар жұмыс істеген. Ал сол ғимарат казарма болған. Сосын пайдасынан зияны көп екенін түсінген өкімет кен орнын жапты, адамдарды атып, шахталарға көміп тастаған. Дайын құрылымдар бос тұрып қалмас үшін, әуелі ауданаралық, ал сосын Белокуриханың суынан кем түспейтін родонды су көзінің болуын пайдаланып, республикалық шипажай ашты. Ал қазір біз осында жұмыс істеп, сіздер де емделіп жатырсыздар. – Со-о-лай деңіз, – Теміров терең ойланып барып, – енді бірдеңенің беті ашыла бастаған тәрізді. Бұл, әрине, бір себептермен жаны жай таба алмай қойған қылмыскердің елесі. Ертеректе адамды атар алдында, маңдайына жасыл бояумен крест таңбасын салу ғұрпы болған. Ал чекистер желкеден атқанда оқ маңдайды тесіп шығады. Міне маңдай тесігіндегі энергетикалық «бояудың» мәні осында. Бәрі түсінікті. Бөлмеге Құран алып барып, көрнекті жерге қою керек. – Оны біз қайдан аламыз? – Жазира Самат Сағынұлына сұраулы жүзбен қарады, ал ол кінәлі түрмен жан-жағына алақтай қарап, басын шайқай берді. – Онда сол жерде Құранның қасиетті сүресінен аят оқу керек. Әйелдер тағы да Әшіров мырзаға қарап қалды, ол тағы да кінәлі түрмен алақтап, басын шайқады. – Жақсы, астан кейін сіздермен барып, қасиетті Кітаптың басты екі сүресін оқып берейін. Әйелдер бір-біріне қарасып, жеңілдене күрсінді. Самат Сағынұлы алғысы мен ризалығын білдіре Дастан Темірұлына басын иді. Әйелдермен әңгіме кезінде Дастан Темірұлының құлағына қабылдау бөлмесінен шыққан жайсыз дыбыстар естілді. Әлде бір әйел шыңғыра байбалам салып, өзінің құқығын дәлелдегісі келеді, ал Айгүл болса, сабырмен өзінікін дәлелдейді. Кенет қабылдау бөлмесінен ашынған айғай шықты да, жартылай ашық есіктен әйел беті көрініп, сол сәтте қайта жоқ болды. – Басқа да жапа шегушілер бар сияқты, – деген Теміров өзінше тұспал жасаған. Онысы қате болмағанға ұқсайды. Жазира, Мағиралар артынан есік жабылып үлгермей жатып, тағы да екі әйел бастықтың бөлмесіне баса-көктеп кіріп келді: бірі тісқаққан, шатақ мінезді жанға ұқсайды, тым ашық түсті көйлек киген, жан-жаққа жалбыраған қысқа шашты; екіншісі одан жасырақ, сымбатты, үстінде спорттық киімі, беті жылаудан ісініп кетіпті… – Не боп қалды, қымбаттыларым менің? Төбелестіңдер ме? – Самат Сағынұлы келгендерді әзілдей қарсы алды. – Самат Сағынұлы! Бәле болды! – мосқал әйел жас келіншекке қарап қойып, жабырқаулы үнмен сыбыр етті. – Не болды? – таң атқаннан басы даудан арылмаған директордың үні тым мұңды шықты. Әйел көздерін жарқ еткізіп Теміров жаққа қарады. – Айта беріңіз, ол – өз адамымыз. Онсыз іс бітпесін сезіп тұрмын. Сонымен… – Мынаны белгісіз біреу зорлап кетті! – бәйбіше жас әйел жақты сұқ саусағымен нұсқап, жыламсырады. – Ал бұл ол туралы ешкімге айтқысы келмейді, ұялады. Бірақ сол жексұрын осында бір жерде жүр ғой, яғни тағы біреулер зорлануы мүмкін ғой. – Иә, әрине, сіздікі жөн! Кәнеки, тек бар әңгімені екі жақты танысудан басталық, – детектив істі созбалаңға салмай тезірек қолға алу қажет деп тапты. Бәрібір, бұл іспен шұғылданар ешкім жоқтығы бәріне белгілі. – Мен Теміров Дастан Темірұлы болам, демалыстағы ҰҚК полковнигі, қазір – жеке детективпін. Бүгінгі таңда сырт әлеммен барлық байланыс түрлері үзілуі салдарынан, бұл маңдағы құқыққорғау органдарының жалғыз өкілі мен боп қалған сияқтымын. – Мен – Хуршида. Ал мынау – Диляра. Біз осы жерде таныстық, бір бөлмеде тұрамыз. Кеше кешкісін… Дұрысы, не болғанын Диляра өзі айтсын… Диляра анда-санда балаша өксіп қойып, ұзақ үнсіз отырды, басынан өткен жайды қалай айтуды, неден бастауды ойластырып отырған тәрізді. – Біз столдас-көрші Рафаилмен кешкі астан соң таза ауада қыдыруға келістік… …Диляраның шипажайға келгеніне он бір тәулік болған. Содан бірнеше күннен бері көршісі Рафаилмен ұйқы алдында серуендеп келуді әдетке айналдырған. Әкімшіліктің ескертуіне қарамай, кешегі кешті де солай өткізу жоспарланған. Жауын басылып, шөптер тез кепті. Жылырақ киініп алып, әдеттегіше өзен жағасындағы орындыққа қарай бет алды. Қою қараңғылықтың салдарынан әйел жолынан сәл жаңылып, дуалдың оңтүстік жағынан келіп шықты. Кейін қайтпақ болып енді ғана бұрыла бергенде, біреу тамағынан ұстап, қатты қысып қалғанда есінен танып қала жаздайды. – Қимылдасаң – буындырам! Одан да бәрін өз еркіңмен жаса! – деп бұйырады бейтаныс сыбырлап. – Не істеу керек? – дейді өлердей қорыққан әйел. – Шалбарыңды, іш киімді шешіп, тізерлеп отыр! – Зорлықшының дегенін орындаудан басқа не қалды, бейшараға? – деп қорытты Хуршида. – Түсінікті… Тәжірибелі әрі салқынқанды сұмырай, маньяк болуы да мүмкін. Ұзақ үнсіздіктен бе, болмаса жан күйзелісінен бе, әйтеуір детективтің дауысы қырылдап шықты. Сіз оның түр-түсін көріп үлгердіңіз бе? Айталық, беті, тұлғасы, киімі, ерекше белгілері: сақал-мұрты? – Жоқ, о не дегеніңіз… ол ылғи артымда болды. Есімде жалғыз қалғаны, маған оның саусақтары темір сияқты көрінді… – Қай мағынада? – Мықты, қатты. Дәлірек айтсам, қатал… – И-и-и-ә, көп емес. Ал сол Рафаил болуы мүмкін бе? – детектив манадан бері тілі ұшында тұрған сұрағын қойды. – О не дегеніңіз? Ол сондай жұмсақ, зиялы, ақын, көзілдірікті. Және де Рафаил аласа бойлы, ал мынау ірілеу. – Неге олай ойлайсыз? – Маған солай көрінді. – Жарайды, Хуршиданың айтқаны орынды, мазасыздануға себеп жеткілікті. Ал не сонда, Диляра сізге бәрін өз еркімен баяндап берді ме? – Мен оны, киімін, мойнының көгергенін көргеннен бәрін бірден түсіндім, – деп пысық әйел мақтана сөйледі. – Екеуің де жарайсыңдар, өзге әйелдерді ойлап, қылмысты жасырмағандарың дұрыс болды. Қазір енді ең бастысы – жасанды үрей тууына жол бермеу. Өздеріңізді ештеңе болмағандай ұстаңыздар. Шарфты шешпеңіз, сұрағандарға тамағыма суық тигізіп алдым дей салыңыз. Қылмыскердің жазаға тартыларына, мен – ҰҚК полковнигі, сізге уәде берем. – Керек емес! Құдай үшін, бұл жай күйеуімнің, балаларымның, туысқандарымның құлағына жетпес үшін ешқандай тергеу, сот, шу шығарудың қажеті жоқ. – Оның бірі де болмайды, солай ғой, Самат Сағынұлы? – Әрине. Ол біз үшін де зиян! – Хуршида? – Жақ ашпауға ант етем! – Жақсы-ақ, онда былай жасаймыз… * * * Дәліздермен, басқыштармен аш қарын ерлер мен әйелдер құмырсқаша шұбырып асханаға бара жатыр. Шипажайдың негізгі бағыты қол-аяқпен, бел-арқаны емдеу болғандықтан, мұндағы ем қабылдаушылар соған сай: ақсаңдап басушылар, таяққа сүйенушілер, әзер қимылдап, тіпті еңбектеушілер кездеседі. Ақыры, міне барша науқастар отырып; ас тасушылар жүгіруге кірісті. Дастан Темірұлы кіреберіс есікке қарама-қарсы отырып алып, кіргендерге, әсіресе ер адамдарға шұқшия қарауда. Физиогномистика – бет әлпетінен, сыртқы пішінінен адамның жан дүниесінің жағдайын, оның мінезі мен әдет-дағдыларын зерттейтін ғылым. Дегенмен, ең қымбаты оперативтік жұмыста жылдар бойы жинаған тәжірибе, ішкі түйсік. Сонымен неге ден қоямыз? Біздің бүгінгі қоғам қағидалары мен талаптарына қайсысының мінез-құлқы, жүріс-тұрысы сәйкес келмейді? Мына бір баптана киінген еркек: үштік костюм, ақ көйлек, қара галстук тағыпты. Әрине, олигарх емес. Олар мұндай жерде демалмайды, бұл Монте-Карло емес. Жақыннан қарағанда оның мінезінің бостығы, осалдығы аңғарылады. Көздері тым алыс орналасқан, бұл нысанның жоғары толерантты екенін, яғни, біреуді соңына ертуші емес, басқаға еруге дайын екендігін көрсетеді. И-ә-ә, мұнда тестестеронның артықтығы байқалмайды, яғни, шектен асқан еркектік күш те жоқ, заңды жұбайына жетсе де жарап жатыр. Ал қайдағы бір бейтаныс әйелді зорлау мұның табиғатына жат. Сонымен, қорытынды? Бұл еркек көңіл бөлуге тұрмайды… О-о! Ал мынау кім? Екі маскүнем – дос, кәрілік алдында, шипажайдың жылы-жұмсағына рахаттанып күн кешуде. Келгеннен бас көтермей ішкен олар кеткенше тоқтамасы анық. Және олардың сұлу әйелдерде еш шаруасы жоқ. Тек мастықтың буымен өздеріндей ішіңкіреген ұрғашыға қалжыңдап тиісулері мүмкін, бірақ одан артыққа күш-қуаттары жетпейді. Міне, күні-түні үстінен былғары куртка түспейтін жігіт көзге ілікті. Көзі өткір; бойы биік емес, бірақ көкірегін жоғары ұстайды. Аяқтарын нық, рингте жүрген боксерша сырғанай басады; қолдары жартылай бүгілген, кез келген, тіпті ыңғайсыз жайда соққы беруге дайын. Бұл көптеген қауіпті жағдайларды басынан өткерген кісі, түрмеде отырып шыққан адам болуы да мүмкін. Солайай, жақын өтіп барады, оң қолының саусақтарында сақиналар бейнеленген. Нешеу екен? Жарар, артынан ретін тауып санармын… Бір жақсы жері, демалушы – емдеушілердің бәрі осында, көз алдында. Ал егер қылмыскер қызметкерлердің бірі болса ше? Қайтеміз, оған қапаланбай-ақ қоялық. Жұмыс көлемі көбейеді, бары сол ғана. Бәрібір оны табамыз, жазалаймыз. Жарайды, күдік шақыратындарды теріп алдық екен, ал одан әрі не істейміз? Тергеу жүргіземіз бе? Жоқ, біз шипажай директоры екеумізде ондай құқық жоқ. Әйтсе де, қалыптасқан жағдайға сәйкес, осындағы өкіметтің жалғыз өкілі ретінде оның тергеу жүргізуге құқығы болуы да мүмкін. Осы бір, сайтан алғыр, шытырмандар-ай… кеңес сұрайтын да ешкім жоқ. Аңду ұйымдастырсақ па? Оған күш қайда? «Барыстарды» мұнда келтіре алмайсың – жол жабық. Бұдан жаман жағдай болмас, сірә. Кенет, залда найзағай жарқылдағандай, асханада отырған барша жұртқа ортақ бір құбылыс пайда болды. Теміров жан-жағына қарап, әйелдердің де, ерлердің де бастары бір жаққа бұрылғанын, әйелдердің көздерінде жақтырмаушылық пайда болса, ал ерлердің көзі жылтылдап, ойнақшып кеткенін аңғарды… Есік алдында сұңғақ бойлы, қаракөз, сымбатты, ұзын бұйра шаштары иығына түскен, көрікті ақ спорттық костюм киген әйел тұр. Жұртшылыққа әсер етуге қажетті уақыт өтті деп шамалаған шақта, сұлу бүкіл зал арқылы белін бұраңдата, аяғын кербездене басып, ең артқы үстелге барып отырды. «О, Құдайым! Моника Белуччидің өзі бізге келіп қалыпты!» – деді Теміров. * * * Аппақ спорт костюміндегі сылқым әйелдің келуіне байланысты орын алған ыбыр-сыбыр бәсеңсіп, қасықтар мен шанышқылар қайта іске қосылып, табақшалар түптері тақырлап кетті. Таңғы ас қабылдау әдепкі қалпына түсті. Бірақ сол сәтте тыныштықты полковник мырза бұзып жіберді. Дастан Теміров орнынан тұрып, түймелерін салып, галстугін түзеді де батыл түрмен асхананың қиыр шетінде орналасқан үстелге қарай қадам басты. – Көпшілік алдында сіздің ғажап сұлулығыңызға тәнті болғанымды білдіріп, құрметпен бас июіме рұқсат етіңіз. Ұлы Жүсіп Баласағұн бірде «Шығармашыл адам әрқашан табиғи сұлулыққа зар болады» деген екен, – деп үстел қасында қақшиып тұрып, келіншекке құрмет көрсете сөз салды. «Моника Белуччи» оттай қызарып, орнынан еріксіз атып тұрды. – Менің аты-жөнім – Дастан Теміров. Жанымның нәзіктігіне таңданбаңыз, мен ақынмын. Ал сізді қалай атайық? – Земфира, – сұлу қымсына сыбыр етті. «Дәл менің ойымдағы есім, – риза болған детектив еңкейіп әйелдің қолын сүйіп, құлағына сыбырлап әлде бір биязы сөздер айтып жатты. Қауым, әрине тыныс алмай қалды. Тыныштық орнағаны сондай, егер осы кезде асханада ұшқан шыбын болса, қанаттарының қағылған дыбысы естілген болар еді.

Асханадан екеуі бірге шықты және енді айрылыспады. Тәлімді отбасынан шыққан, парасатты аналар мен әжелердің, егде жастағы ерлердің қыңыр көзқарасына қарамай, бұлар өздерін сүйіскен қыз бен жігітше ұстады. Ем қабылдауға бірге барды, сумен емделуде бірге жүрді, қысқасы жергілікті қоғамның ұйғарымынша, ұяттан мүлдем безді. Кейбір әдеп сақтағыштарды бұл қылық ызаландырғаны сондай, лайықты сөз тауып айта алмай, соңдарынан үнсіз саусақпен шекелерін түрткілейтін болды. – Мен қалай оны жіберіп алдым? – деп өкінді біреулері. – Жан жолатпас шығар деп ойласам, ар-ұяттан безген нағыз сайқалдың өзі екен ғой. Жә, тұра тұр, полковник кетіп жалғыз қаласың, сонда сені умаждаймын әлі, – деп кіжінді басқа ойнас құмар еркектер. Ал мына ғашықтардың алыпқашпа сөздерге түкіргені бар, анда-мұнда шапқылауда: не бөлмелерінде қамалып отырады, не көше кезіп кетеді. Ал онда не бітіреді, түк көрінбейді ғой. Әйтсе де, кім білген, кім білген… Кешкі астан соң концерт болды, сосын би басталды. Земфираны жас, көрікті жігіттер жарыса биге шақырумен болды. Бәрі келісіп, кексе полковниктің сүйіктісін тартып алып, масқаралағылары келетін тәрізді, олардың артықшылығы – жастығы ғой. Бірақ сұлу бикеш жігітіне адалдығын сақтады, қанша тырысса да, бір де бірінің шақыруына шықпай қойды. Бидің, ыстық құшақтың қызуынан тер басқан әйелдер мен ерлер топ-топ болып салқындауға, шылым шегуге шығып жатты. Бұл жерде де біздің ғашықтар жөні түзу қауымның көзіне тікен болып қадалды: сол спорт костюмдерін қайта киіп алған жұп, көңілді күлкімен қол ұстаса есіктен шығып сарқырап жатқан өзенге бет алды. Қалжыңбастар бұл жайлы ауыз ашып үлгермеді, полковник кенет кері қайтып, жатын бөлмесі жаққа асыға жүріп кетті. – Презервативін ұмыт қалдырыпты, – деп біреу ретсіз әзілдеп қалды, бірақ Теміров ол жаққа басын бұрып қараған да жоқ, мұның бәрі өмірдің ұсақ-түйегі, «ит үреді, керуен көше береді» – деген сыңай білдірді. * * * Полковник белгісіз себеппен кешікті, басы ауырып қалды ма, әлде аяғына бірдеңе болды ма, кім білген? Земфира жақын маңда шыдамсыздана күтуде… Ол ең соңғы әйнектің алдында тұрып алып бақылау жасап тұр. Эх, кеше қандай рақатқа баттым, ә! Өмірі ұмытпаспын. Қызық-ай, кешегі сылқым қалай күн көріп жүр екен? Қайталағысы келмей ме екен? Жоқ, Ол енді өзі оны қаламайды, Оған әр түрлілік қажет; зорлықтың болғаны, әмірші болғаны шарт: қаласам – өлімге кесем, қаласам – өмір сыйлаймын. Кеше еліккенім, сол бір қауіпті іске барғаным қандай жақсы болды, белден төменгі жағым ғанибетке бөленіп қалды. Содан бері Ол енді сол мүшесінде ылғи бір түрлі толқыныс, бойына қуат беретін құбылыс құйылғанын сезінеді. Иә, сосын ешбір қауіпқатер де жоқ. Қандай әйел «мені зорлап кетті» деп байбалам салып жатады? Олардың өздері, бәлкім, соны көксейтін болар. Олардың көбі мұнда тұқымсыздықтан емделуге келеді. Бұлайша жүкті болу ондайлар үшін армандарына жетудің төте жолы болуы да ғажап емес. Солай, полковник әлі жоқ, ал Земфира-сұлу, шамасы, өзен жағасындағы орындыққа кеткен болар. Полковник сол жерде жолығысуға келіскен тәрізді. Солай, бара бер, бара бер, қорықпа, мен жақында, соңыңнан келе жатырмын, мына тұманда мені ешкім көрмейді. Өзен тасқынының шуылы да гүрілдеп, менің аяғымның дыбысын естіртпейді. Полковникті бүгін күтпей-ақ қой, ал мен осындамын, сен қазір менікісің… Ол күтпеген жерде сүттей ақ тұманнан шыға келіп, аппақ қардай костюм киіп, сулығымен басын жауып алған сұлуға тап беріп, тамағынан қысып: «Айқайлаушы болма, ҚЫЛҚЫНДЫРАМ!» деген жаттанды сөзді ызғармен айтып үлгерді. Бірақ ол тап осыны күтпеген еді! Бауыр тұсынан тиген шынтақ соққысы оны амалсыз өкіріп жіберіп, қолдарын босатуға мәжбүр етті; зұлым еңкейіп барып, арқасы арқылы классикалық лақтыру жасады. Ол сол бетімен алға қарай тоқтай алмай жөңкіп барады, белін тас қоршауға соққызды және одан әрі домалап сарқырап жатқан тау өзеніне тірелді. Жан дауысы шыға айғай салды, бірақ оны естіген ешкім болмады… Дастан Темірұлы Земфирадан бір жолға деп сұрап алған курткасының сулығын түсіріп, өзенге қарай тура жүгіріп еді, бірақ су апатына қарсы ол не істей алады? – Қылмыскер жазаланады деп айттым ғой, – деді ол өз-өзін тыныштандырғысы келгендей. * * * – Қалай ойлайсыз, ол тірі ме? – дегенді Самат Сағынұлы бірнеше рет сұрады. Әрине, оған шипажайдың беделіне нұқсан келтірер жанжал қажет емес. Қысқа алпарыстан әлі суынып үлгермеген, одан кейін бойын жайлаған толқыныс пен қызуы басылмаған полковник Теміров: «Мен қайдан білейін? Бәрі де Аллаһтың қолында! Мүмкін, Көктал сияқты бір жерден сүңгіп шыға келер, мүмкін шықпас. Олай болса, барған жерде бақұл болсын» деді. – Дегенмен ол кім екен? – Әшіров мырза өз-өзіне келе алмай, жанын қоярға жер таппай қиналуда. – Ертең бәрі анықталады, таңғы асқа кім келмесе, сол біздің «батырымыз» болып шығады. Ал егер ол бәрібір келіп қалса ше? Онда ол басқалардың ішінен тырмаланған тізелерімен көзге түсетін болады… – Дастан Темірұлы, әйтеуір қалжыңыңыз қалмайды-ау. – Самат Сағынұлы, мен әр жексұрын үшін жанын жейтін адам емеспін. Кейбір сұмырайларды ортадан осылай аластау қажет. Соншама неге қалтырай бересіз? Егер Ол қайтып келер болса, өз қолыммен жазасын берем; егер келмесе – бітті шаруа. Әне, табиғаттың өзі біздің жағымызда: тұман, асау өзен, тайғақ шөп, ішімдік. Одан да батыл, нағыз ержүрек Земфираға алғыс білдірейік, ол басын қауіпке тігіп, қаскүнемді тауып, залалсыздандыруға көмектесті ғой. – Жә, мен ондай ештеңе істей қойған жоқпын! – әйелдің әсем жүзі қызараңдап кетті. Әнекей, көрікті адам не істесе де, сондай әсем болып көрінеді. – Сізге, Земфира, ана жолы, асханада құлағыңызға сыбырлағанымда, тұңғыш көрген адамға сенгеніңіз үшін ерекше алғысымды айтамын. Сізде опердің дарыны бар. Әйел адамның бұлайша іс-әрекетін жоспарға сәйкес өзгерте алғанын бірінші рет көруім. – Онда тұрған ештеңе жоқ! Біріншіден, Сіз бір қарағаннан сенім тудырасыз. Екіншіден, мен тек сіз айтқанды орындадым. Ал ең соңында сіз өзіңіз мені өртшілер есігінен өткізіп, менің киімімді кидіңіз. Мен болсам қорқыныштан қалшылдап отырдым. – Ол қорыққаннан емес, аңшының құмарлығы, тәжірибелі ізшіге сеніміңіз. Ал ғашық қыздың рөлін қалай дарынды ойнадыңыз… Тамаша шықты! – Мен сол рөлді одан әрі ойнауға қарсы емеспін… Бұл жолы айтарға сөз таппаған детектив қызараңдап төмен қарай берді…

Темірболат АХМЕТОВ

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...