12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ШАРАСЫЗДАР

– Ағай, сіз маған көмектесемін деп едіңіз. Арт жақтан шыққан дауысқа жалт қараған ағайы Сабинаны көріп: – А-а-а-а, – деп мүдіріп қалды да: – Қай сабақты дұрыс түсінбедің? – деп сұрады. – Жо-о-о-оқ-қ, ағай. 5-сыныптағы жақсы оқитын оқушылардың бірі Сабинаның көңілі сынық көрінді. Ағайына бірдеңе айта алмай күмілжіп тұрды. – Сабина, айта ғой, қандай көмек керек? – Ағай, сабаққа көмек керек емес. Менің тəтем бар. К-ө-ө-п-п жылдан бері ауруханада. Сол тəтеме барсақ, бізге көрсетпеді. – Мамаңа да көрсетпеді ме? – Иə. – Мамаңа не үшін көрсетпеді? Тəтең қандай ауруханада? – Жүйке аурулары диспансерінде. – А-а-а-а, – деген ағай ойланып қалды. – Көрсетпеудің себебі бар шығар? Мүмкін тəтең ауырып қалған шығар? – Ауырған жоқ. Кезінде мамам одан бас тартқан. Сол үшін көрсетпеді. – Соны уайымдап жүрсің бе? – Иə, тəтемді көргім келеді. Ағай Сабинаға не деп жауап берерін білмей ойланып қалды. Бір уақытта ағайы: – Сабина, қазір сабағыңа бар. Мен бір адамдармен сөйлесіп көрейін, тəтеңмен жолығудың бір жолын айтар. Жарай ма? – Жарайды, – деген Сабина басын көтермеген күйі сыныбына кіріп кетті. Қыздың артынан қарап, ойланған ағайы ұзын дəлізде біраз тұрып қалды. * * * – Ареке, ассалаумағалейкүм! Үйіші, бала-шаға аман ба? – Аман, аман, өздерің қалайсыңдар? – Шүкір, бəрі жақсы. Маған бір ақыл-кеңес керек болып тұр. – Қандай? – Оқушыларға сабақты түсінбесеңдер көмек сұраңдар, кез келген уақытта көмектесемін дегем. Соны 5-сыныптың бір оқушысы басқаша түсінген-ау, жаңа келіп көмек сұрады. Тəтесі біраз уақыттан бері психбольницада екен. Мамасы екеуі барса, кіргізбепті. «Тəтеммен кездесуге көмектесіңізші» деп жалынып тұр. Не айтарымды білмей қалдым. Қалай көмектесуге болады? – Мамасы кезінде бас тартқан ғой. – Иə, иə, солай деді. – Көрейік, ойланып. – Иə, көрші, көп созбассың. – Жақсы. * * * Əзімбек Есімов – Тəуелсіздік АІІБде тергеуші. Жаңа Базармен сөйлесіп тұрғанда, осыдан бірнеше күн бұрын бастығы берген жүйке аурулары диспансеріне қатысты бір іс есіне түсе кетті. Негізі кез келген тергеуші біреу дің бастап аяқтамай тастап кеткен ісімен айналысқысы келмейді. Бұл финполдан келген сондай бір іс еді. Заң өзгеріп кетіп, осыған дейін финпол қараған істер аудандық АІІБ келіп түскен. Ол іспен басқа тер геуші айналысып, ол жұмыстан шығып кеткеннен кейін Əзімбекке берген. Бастығы: – Əзеке, сотқа жіберетінін сотқа, архивке жіберетінін архивке жібер, – деген еді. Енді, міне, Базар үшін сол істі дұрыстап қарамақ. Жүйке аурулары диспансері – түрмеден де қатал мекеме. Онда туабіткен аурулар да, кейін ауырғандар да жатады. Олардың ішінде кəмелет жасына жетпеген балалар да бар. Сол балалардың көбінен ата-анасы бас тартқан. Ата-анасы бас тартқан балалар үкіметтің қарауында болады. Ішіп-жейтіні, киетін киімі, жуынатын заттары бəрі-бəрі мемлекеттің мойнында. Одан бөлек ай сайын зейнетақы беріледі. Оны тек 18 жасқа толғанда алады. Ақыл-есінде ауытқу бар балалар зейнетақының не екенін білмейді. Балалардың кемістігін пайдаланып, екі ортада сол зейнетақыны алып кететін адамдар болады. Финпол осы істі қарайды да, пошта қызметкерін қылмыскер етіп шығарады, бірақ істі сотқа жібермейді. Іс осы жерге келгенде тоқтап, əрі қарай аудандық АІІБ-ге беріледі. Аудандық АІІБ-нің тергеушісі істі қайта қозғайды, бірақ соңына дейін жеткізбей жұмысын ауыстырып кетеді. Əзімбек іспен толық танысып шығады. Бұл істі қараған тергеуші – өзінің группаласы. Ол бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын табанды тергеуші еді, істі аяқтамай тастап кеткені қалай деп ойлады. Дереу қоңырау соғып, студенттік досымен кездеспек болды. … «Парадистің» іші қара көлеңке. Тып-тыныш. Екі достың кездесіп, түскі ас ішіп отырғанына бір сағаттан асты. – Досым, сен бастаған бір істі маған берді. Істі жаппай тастап кеткеніңе қарағанда бұл жерде бір гəп бар сияқты? – Жүйке аурулары диспансеріне қатысты істі айтасың ба? – Тағы басқа іс бар ма еді жабылмаған? – Жоқ. Тек сол. – Не болды? Неге сотқа жібермедің? – Балалардың жиналып қалған зейнетақысын диспансердің бастығы алып келген. Болды. Əлеуметтік қызметкерге жапқысы келіп əрі-бері сүйрегенін көрген шығарсың. Ол бейшараның қатысы жоқ. – Көрдім. – Біздің үлкендердің де қатысы бар. – Өзім де солай ойлағанмын. – Сонымен кетуге тура келді. Сен не істейсің, əрі қарай қозғайсың ба? – Мен басқа қырынан келуге тырысамын. – Көр енді. Түскі астан кейін Əзімбек Есімов осы іске қатысы бар деп тергелген диспансердің əлеуметтік қызметкеріне қоңырау соқты. – Алло, сəлеметсіз бе, бұл Əбішева Əсел ме екен? – Иə, – деді ар жағындағы қыз жəй ғана. – Тергеуші Əзімбек Есімов. Жүйке аурулары диспансеріне қатысты істе куəгер болған екенсіз. Бұл іс финполдан бізге келіп түсті. Сізден жауап алуымыз керек. – Мен қазір жүйке аурулары диспансерінде істемеймін. Жұмыстан шығып кеткенмін. Менің бұл іске қатысым жоқ, – деді Əсел. Дауысы дірілдеп кетті. – Жұмыстан шығып кетсеңіз де, бұл іс сіз жұмыс істеп жүрген кезде қозғалған, сондықтан ертең келіп, жауап беруіңіз керек. – Жақсы, ертең барамын. Ертеңінде Əсел əкесімен бірге келді. Амандасып, ішке кіріп отырғаннан кейін сөзді əкесі бастап кетті: – Балам, екі-үш жыл болды қызымның түк қатысы жоқ іске қатысың бар деп сүйреп жүргеніне. – Жақсы, аға! Бірақ бəрін қызыңыздың өзі айтып беруі керек. Сіз тыңдап отырыңыз. Барлығы камераға жазылады. Ал егер жауап бергіңіз келмесе, оны да айтыңыз. Бірақ өзөзіңізді ақтап шығу үшін жауап бергеніңіз дұрыс, – деді Əзімбек Əселге қарап. – Жақсы, жауап беремін, – деді Əсел. – Мен жүйке аурулары диспансерінің балалар бөліміне 2007 жылы əлеуметтік қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Ондағы балалардың жағдайы əртүрлі. Бірі тыныш, бірі кəдімгі жынды. Əр баланың денсаулығына байланысты əртүрлі палатада ұстайды. Ер балалар бөлек, қыз балалар бөлек. Былайынша айтқанда, түрме сияқты қамауда болады. Əр бөлімде бір-бір пост бар. Мен 10–15 жас арасындағы қыздардың постына жауаптымын. Бір күні мені диспансер бастығы Людмила Викторовна шақырып, биыл 18-ге толған, басқа посттың қызын «Халық банкіне» апарып кел деп тапсырды. Қыздың қасында менен басқа тəрбиешісі де болды. Бастық айтқан соң артық сұрақ қоймайсың. – Банкке барғанда не істедіңіздер? – Тəрбиешінің қолында қыздың куəлігі болды. Бірақ куəлікті толық көрмедім. Біз алып бара жатқан қыз куəліктегі қызға ұқсағанымен, ол қыз емес. Менің куəлікке мойнымды созып қарағанымды көрген директор «барыңдар, барыңдар, түскі асқа дейін үлгеріп келіңдер» деп ештеңе сұратпай, итергендей етіп кабинетінен шығарып жіберді. – Тəрбиешіге «мынау басқа қыздың куəлігі сияқты» деп айтпадыңыз ба? – Айттым. Тəрбиеші мені жақтырмай, бұл сол қыз деді де сөйлеспей қойды. – Қызды қалай алып бардыңдар? – Ол тыныш қыз екен. Қасымызда күліп отырды. Бірақ бүкір екен. – Банкке екеуіңіз де кірдіңіздер ме? – Иə, екеуіміз де кірдік, бірақ тəрбиеші кабинкаға мені кіргізбеді. Сыртта тұра тұр деп қыз екеуі кіріп кетті. – Бірақ ана қыз мені ертіп барған деп тек сізді айтыпты. Тəрбиешіні мүлдем айтып тұрған жоқ. – Иə, ол балалар солай, бірін есіне сақтаса, екіншісін ұмытып қалады. – Сізді неге есінде сақтап қалған? Онымен бірге кабинкаға да кірген жоқсыз. Осы кезде Əселдің əкесі шыдай алмай сөзге араласып кетті. – Қызды банкке апарып алып келгеннен кейін Əсел мен сол қыз отырып торт жеген. Диспансердегі балалар да кішкентай бала сияқты. Жақсы нəрсені өмірі ұмытпайды. Əсел солай есінде қалып қойған деп ойлаймын. Диспансердің басшылары бəле ғой. Тортты əдейі Əселге бергізген. – Екеуіңіз бірге отырып торт жедіңіздер ме? – Мен жеген жоқпын. Бірақ ана қыз тортты жеп болғанша қасында отырдым. – Ол тортты кім берді? – Біз келгенде өздері дайындап қойыпты. Людмила Викторовна тəрбиешіге «балаларыңа бара бер» дедіде, маған «ас үйге барыңдар, торт береді, соны Динараға бер» деді. Мен ас үйге ертіп əкеліп тортын жегізіп, тəрбиешісіне апарып тапсырдым. – Жақсы. Басқа сұрақ туындаса, қайта шақырамын. – Жақсы, – деп Əсел мен əкесі Əзімбекпен қоштасып шығып кетті. Əзімбек Людмила Викторовнаны тергеуге шақырғысы келді. «Қандай мəселе бойынша шақыруға болады?» деп ойланып отырғанда, есік қағып, кешірім сұрап Əсел мен əкесі қайта кірді де: – Естуімше, Людмила Викторовнаның арнайы дипломы да жоқ. – Оны қайдан білесіз? – Кезінде Людмиланың оң қолы болған қыз айтты. Екеуі бір нəрсеге келіспей қалды да, ол қызды жұмыстан шығарып жіберді. Сол кетерінде айтып кетті. – Ол қыздың аты-жөнін білесіз бе? – Білемін, ол қыз қазір шетел азаматына күйеуге шығып, Қазақстаннан кетіп қалды. * * * Əзімбек дереу мұғалім досына хабарласты. – Өткендегі көмек сұраған оқушының ата-анасын ертіп кел. Арыз жаздырып аламын. Сол арыз бойынша диспансерге барамын. – Жақсы. Ал өзі «Халық банкке» барып жауап алды. Сонда анықтағаны, диспансер тəрбиешілеріне тек бір касса қызмет етеді екен. Қызмет көрсеткен кассир: – Қожанов көшесі бізге жақын болғандықтан, диспансердің балалары тəрбиешілерімен бірге келіп зейнетақыларын алып тұрады. – Зейнетақысын алу үшін кезек алмай ма? Неге үнемі сіз қызмет көрсеткенсіз? – Өзіңіз білесіз, диспансердің балалары ауру. Олар көпшілік ортада тыныш тұрмайды. Сондықтан басшылықтың тапсырмасымен диспансер қызметкерлеріне кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Мен есікке жақын кассада жұмыс істегендіктен, тез ақшасын беріп, шығарып саламын. – Куəлік сол баланың куəлігі ме, жоқ па, тексересіз бе? – Əрине, мұқият тексеремін. – Алина Сабыр есіңізде ме? – Есімде жоқ. Бірақ көрсем танимын. Банктен шыққан Əзімбек Сабинаның анасымен кездесіп, оған: «Қызыммен кездесуге рұқсат бермей отыр. Иə, кезінде қызымнан бас тартқаныма өкінемін. Енді қызымды барып, көріп тұруға рұқсат алып беруіңізді сұраймын. Одан кейін Людмила Викторовна менің қызым секілді балаларды тəрбиелеуге құқы жоқ адам, оның мамандығы жоқ. Осы жағын тергеп-тексерулеріңізді сұраймын. Себебі ол мен секілді талай ата-анаға кесірін тигізіп келеді» деп жаздырып алды. Осы арыз бойынша диспансерге тексеруге барған Əзімбек Людмилаға күтпеген сұрақ қойды. – Людмила Викторовна, сіздің мамандығыңыз кім? – Психиатр. – Дипломыңызды көрсем бола ма? Людмила қызарақтап, қипақтап қалды. Бірақ тез ес жиып: – Қазір алып келейін, – деп шығып кетті де, біраздан кейін қайтып келіп: – Кадр бөлімінің қызметкері ауырып, бүгіннен бастап демалыс алыпты. Кабинеті жабық. Кілті тек өзінде. Келгеннен кейін көрсетейін, – деді. – Қызметкердің ауырып қалғанын сіз естіген жоқсыз ба? – Жаңа хабарлап ескертті. – Бізге сіздердің ауруханада ем алушы Алина Сабырдың анасы арыз жазды. Қызыммен кездесе алмай жүрмін деді. Не себепті қызды атаанасына көрсетпей жүрсіздер? – Алина Сабырдың анасы кезінде баласынан толық бас тартқан. Сондықтан қызымен кездестіре алмаймыз. – Алинаның жасы нешеде? – 21-ге толды. – Сіз барлық науқастың нешеге толғанын жатқа білесіз бе? – Бұл не сұрақ? Сіз мені сынап тұрсыз ба? Бұлар ерекше науқас балалар. Олардың денсаулығы, қазіргі жағдайы туралы күнде есеп алып отырамын. – Алина 18-ге толғанда зейнетақысын алды ма? – Алды. – Қалай алды? – Алина толық мемлекеттің қарауында болғандықтан, тəрбиешісімен бірге барып алып тұрады. Ол қаражатты Алинаның керек-жарағына жұмсайды. – Қандай керек-жарағына жұмсайды? – Мемлекеттің төлейтін қаражаты аз, басқасын айтпағанда, ай сайынғы жеке гигиенасына қажет заттың өзінен ауыспайды. – Түсінікті. – Сізге келер алдында «Халық банктің» кассирінен де жауап алғанбыз. Ол Алина Сабырды көрсем танимын деді. Алина Сабырдың диагнозы бойынша оны жұрт көзінше алып жүру мүмкін емес. Ол зейнетақысын қалай алып жүр? – Балаларды сабырға келтіретін дəрі-дəрмектер бар. Соның күшімен алып барады. – Ай сайын барып ала ма? – Жоқ. Жылына бір рет алады. – Алина зейнетақысын соңғы рет қашан алды? – Екі ай бұрын. – Менің қолымда Алина Сабырды бүгін банкке алып барып, кассирмен беттестіруге рұқсат қағаз бар. Алинаны дайындап алып шығыңыздар, кассирмен беттестіреміз. – Жоқ. Болмайды. Оған бір күн дайындық керек. – Екпе салуға бір күн дайындық керек пе? Болмаса банк қызметкерін алып келеміз. – Қазір дайындаймыз, – деген Людмила Викторовна отырған орнынан ұшып түрегеліп, бөлмеден жүгіріп шығып кетті. Алина өте арық, сұп-сұр қыз екен. Уколдан ес жия алмаған қыздың екі қолтығынан екі адам демеп көлікке мінгізді. Алинаны көрген кассир: – Бұл қызды бірінші рет көріп тұрмын, – деді. Тəрбиеші: – Қалай бірінші рет көріп тұрмын дейсіз? Ең болмаса түрі есімде жоқ деп айтпайсың ба? – деп кассирге тап-тап берді. Əзімбек прокурордан санкция алып, «Халық банктің» соңғы үш айдағы бейнежазбасын алды. Аурухана тəрбиешісі алып барған балалардың бəрін тексеріп, Алинаның атынан пенсия алған қызды тапты. Бет-аузы Алинаға ұқсағанымен, бүкір екен. Дереу Əселдің берген жауабын қарап шықты. Ол да өзі ертіп барған қызды бүкір деп суреттеген. Диспансерге келіп бүкір қыздан жауап алды. Ол отырған орнынан атып тұрып, сау адам секілді: – Иə, мен банкке бардым. Содан кейін маған торт берді! – деп тақ-тақ етті. – Үнемі торт бере ме? – Үнемі береді. – Сенің атың Алина ма? – Жоқ. Менің атым Сафура. – Жасың нешеде? – Жасым он жетіде. – Жасы он жетіде ме? – деп сұрады Əзімбек тəрбиешісінен. – Иə, он жетіде, – деді Сафураның қасында тұрған тəрбиешісі. – Сен əлі он жетіде болсаң банкке неге бардың? Банкке тек он сегізге толған балалар барады ғой? Сафура білмеймін дегендей күліп, иығын көтеріп, тəрбиешісіне қарады… Алинаны анасына көрсетпеудің себебі – зейнетақы екен. Осы оқиғадан кейін ана мен қыз, бауыр мен бауыр қалаған күнінде кездесіп тұратын болды. Мектептің қоңырқай ұзын залы. Ішке кіруге қоңырау соғылғанда оқушылар сыныпқа кіре бастады. «Kundelik.kz» толтырып болған мұғалім кабинетінен шықты. Арт жақтан біреу: – Ағай, рақмет! – деді. Қараса, Сабина екен. Ағайы жымиып күлді. – Сабақ басталды, Сабина, – деді басқа не айтарын білмей. – Иə, – деген Сабина сыныбына қарай тоқ көңілмен кетіп бара жатты.

Берікбай МАМЫРОВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң...

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...