Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының осынау алқалы жиынына Қазақстан төрағалық етті.
Басқосу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммитке қатысушыларды қабылдауымен басталды. Саммиттің ең басты қонағы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш. Сонымен қатар, басқосуға Ресей Президенті Владимир Путин мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, сондай-ақ Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомоли Рахмон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзеев қатысуда. Жиналғандар арасында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Иранның уақытша президенті Мохаммад Мохбер және Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шариф та бар. Сонымен қатар саммитке ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және IOSB сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Саммитте біздің ұйымды одан әрі кеңейту туралы маңызды шешім қабылданды. Осыған байланысты мен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына толыққанды мүшелікке өтуімен құттықтаймын», – деді. Осылайша, Шанхай ұйымы саммиті Беларусьты ұйым мүшелігіне қабылдаудан басталды. 2015 жылы Уфада өткен Шанхай ынттымақтастық ұйымы саммитінде Беларуське бұл ұйымның бақылаушы мәртебесі берілген болатын. Беларусьтің қосылуымен енді ұйым мүшелерінің саны он мемлекетке жетті. Тағы екі ел бақылаушы, ал 14-і диалог бойынша серіктес рөлін атқарады. Кейбір сарапшылар ШЫҰ-ның кеңеюі Бейжің мен Мәскеудің аймақтық қауіпсіздік блогын батыс институттарына балама құру үшін қарсы салмақ ретінде пайдалану ниетінің бір бөлігі деп санайды. Мемлекет басшылары кеңесінен кейін барлығы 24 бірлескен құжатқа қол қойылды. Ең бастысы, мемлекет басшылары кеңесінің қорытындысы Астана декларациясында айқындалды. Құжатта ШЫҰ-ға мүше елдердің өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларға шоғырландырылған көзқарастары көрсетілді. Сонымен қатар, көшбасшылар БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлі бар әділ көпполярлы тәртіпті қалыптастыруға бейілділігін растайтын «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастаманы бекіту туралы шешімге қол қойды. Өз кезегінде саммитке қатысушылар ШЫҰ қызметін бүгінгі күннің шынайылығына қатысты кешенді жаңғырту бойынша ұсыныстарды бекітуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ мемлекет басшылары тату көршілік, сенім және әріптестік қағидаттары туралы мәлімдеме қабылдап, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы және орта мерзімді кезеңге арналған Есірткіге қарсы стратегияны жаңартты. Саммитке қатысушылар Ауғанстандағы жағдайды да қарастырады. ШЫҰ-ға мүше елдер үшін тағы бір өзекті тақырып – энергетика. Саммитте 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы қабылданды.
Бұған дейін оның жобасын ұйым елдерінің энергетика ведомстволарының басшылары Астанада өткен жиында мақұлдаған болатын. Құжат энергетикалық ресурстардың транзиттік әлеуетін дамыту және экспорттық бағыттарды әртараптандыру мүмкіндігі, саланы дамыту басымдықтары теңгерімімен жаңа энергетикалық жүйені қалыптастыру сияқты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды. Стратегияның негізгі мақсатының бірі – энергетикалық қауіпсіздікті нығайту. Елдер энергетика саласында тәуекелдерді басқару және дағдарыстың алдын алу тетіктерін құруға ниетті. Сондай-ақ стратегия болашақ инновациялық жобалар мен бірлескен бастамаларға, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен қолданыстағы жүйелерді трансформациялауға, энергия көздерін әртараптандыруға негіз болуы тиіс. Қазақстан ШЫҰ-ға 2023 жылдың шілдесінен бастап төрағалық етеді. Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша ұйымға төрағалық Қытайға өтті. А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»