12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Шамиль шалдың құпиясы

           «Висяк» болып жатқан қылмыстық істерді ашуға көмек көрсету үшін Ішкі Істер Министрінің арнайы бұйрығымен, Елордадан Алматы қаласына кеше түн жарымында ұшақтан түскен Астана қаласы Ішкі Істер Департаменті Тергеу басқармасының бастығы полковник Қайсенов қонақүйде ұзақ жата алмады. Үйренген әдеті бойынша таң бозынан тұрып, қырынып, салқын жаңбырлатқыш (душ) қабылдап, сергіп алды. Такси шақырып, қалалық ІІБ – не келіп, өзіне арнайы бөлінген кабинетке кіргені сол еді, қызмет телефоны жылан шағып алғандай «шар» ете түсті.

     -Абылай Әзімханұлы тыңдап тұр…

      -Кезекші Сәлімов. Сізге Шамиль атты біреу сұранып тұр…

      -Жіберіңіз. 

      Артынша есік баяу ғана  қағылып, орта бойлы, көмірдей қара өңді азамат жасқана басып, кабинетке кірді.

— Келіңіз, отырыңыз – деген полковник көзімен стол басындағы емен орындықты нұсқап, мейманға жылышырай танытты:

 -Қандай шаруамен келдіңіз, ақсақал, айта отырыңыз…

  Келуші орындыққа отыра беріп,  сыпайы ғана  қолын созды:  

   — Шамиль… Атым Шамиль — деп, есімін екінші рет қайталады.

    Полковник Қайсенов те аты-жөнін айтты. — Құлағым сізде…     

    Шамиль сөйлей бастады. Оның үздік — создық, түсініксіздеу айтқан сөздерінен ұққаны: келушінің жиені жоғалып кеткен және оны іздеп табуға қанша қаражат керек екендігін білгісі келеді екен.

   — Біз — біріншіден, мемлекеттік қызметтеміз, екіншіден қызметіміз үшін ақы төлеу туралы сөз қозғамаңыз — деген полковник Қайсенов жоқ іздеушіге бірнеше сұрақтар қоя отырып ұққаны: Шамильдің інісінің  Руслан атты он екі жасар ұлын кеше түнде бейтаныс адамдар ұрлап әкеткен. Көрген біреулер: «ақ түсті «Волга» машинасынан түскен екі адам велосипед теуіп келе жатқан жасөспірім ұлды көлікке күштеп отырғызған. Артынша машина Алматы — Ташкент тас жолына түсіп, ызғытып кете барған» дейді…

— Шамиль, бізге уақытты текке жоғалтуға болмайды. Оқиға орын алған жерді дереу тексеруге барамыз. Ал жол бойы сіз менің қоятын барлық сұрақтарға жауап бересіз.

 Жоқ іздеуші ыңғайсызданып, ұялған түр көрсеткені байқалды:

– Такси үшін менде соқыр тиын да жоқ – деді көзін төмен салып.

— Ештеңе етпейді, Менің қарамағымда қызмет көлігі бар.

  Сәкен Сейфуллин даңғылы бойындағы тыриып, өспей қалған ағаштардың арасында бұрынғы кеңес заманы адамдарының сұлабасы қараңдайды. Өмір бұл кедейлерді өз жолынан қақпақылдап шығарып тастаған. Бірақ, олар өздерінің  бойларындағы адамдық қадір — қасиеттерінің соңғы тамшыларын сақтай отырып, арзан жұмыс күші болуға жалданғандар. Бұл маңға жақындаған машиналар тоқтар-тоқтамастан, көліктің астына түсе жаздап, «мені алыңыз, мен жұмысты жақсы жасаймын» деп өңмеңдейді. «Жаңа» жұмыс беруші көк тіреп тұрғандай ерінін әрең қимылдатып, жұмыс сұраушымен менсінбей сөйлеседі. Бұл —  құлдықтың жаңаша бір түрі. Өкінішті, бірақ бұл өмір шындығы. Қайтесіз, сіз ештеңе істей алмайсыз, мемлекет олардан бас тартып, қорғаусыз қалдырды…

  Райымбек даңғылымен жүру біраз көңіл аулайды. Екі жағы қаптаған базар мен ығы-жығы топырлап, әлденелерді іздеп жүрген адамдар. Машина сол тура жүріспен, әлдекімдерді мазақ  қылып қойғандай «Тура жол» атты ауылға келіп кірді.

Бұл ауылда адамдар отбасылық жақындық — туыстық тәртібі бойынша  қоныстанған. Балалар үйленіп, өсіп — өніп, тамыр жайған. Ұрпақтар бір-екі бөлмелі лашығын ата-аналарының үйіне жапсарлас салып алған. Жергілікті ауқатты адамдар екі қабатты зәулім үйлер салып алып, сонда шырт түкіріп, «әләулайлап» өмір сүріп жатқан сыңайы байқалады. Көшенің екінші жағында алыс туыстары мен жекжаттары тұратындығы Шамильдің әңгімесі арқылы анықталды. Сондықтан, мұндағы тұрғындардың  барлығы тәтелер, нағашылар, жиендер, жалпы бір қаннан таралған екен.

  Сонымен, Руслан Шамиль ағайымен, оның әйелі, екі баласымен және атасымен бірге тұрыпты. Әкесі қайтпас сапарға аттанып, анасы Русланын тастап, сүйіктісімен қашып кетеді.

 Иә, барлық бастапқы нұсқалар Шамильдің айғақтарына негізделуі керек, дегенмен кейбір күмәнді тұстар, оның толық шынайылығына деген сенімге селкеу түсіріп тұрған сияқты. Бірақ, полковник Қайсенов ол күмән жәйттарды сезгенімен, оның айтқандарын тыңдауға келгендіктен, әзірше қорытынды жасауға асыққан жоқ.

  …Олар бір су қоймасына ма, көлшікке ме, әйтеуір балшық-шалшығы мол бір аумаққа келді. Жасөспірімдер лезде жиналып қалды. Ұлдар мен қыздар өздерінің көрген-білгендерімен, немесе болжамдарымен бөліскісі келіп, таласа-тармаса сөйлеуде. Бұл айтылғандардың бәрі бастапқы деректерден алшақ кетіп жатыр. Біреулері «Волганың» аппақ түсін ғана емес, сонымен қатар, автомобильдердің маркаларын да өзгертіп жатыр. Бірі «Москвич» деп өрекпісе, екіншісі «Ауди» дейді. Баланы ұрлаушыларды да бірі түріктер, екіншілері чехтар, содан кейінгілері ұйғырлар дейді.  Сонымен бірге, қарсыластарын «ақымақсың» немесе «ессіз қызсың»деп таласқандардың қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екендігін білу мүмкін болмады. Енді бір шорт киген бір қиялшыл, өз көзімен көргендей: «Русланды кәрістер алып кетті. Олар оны зомбилап, пияз өсіретін алқапта жұмыс істеуге мәжбүр етеді» деп соғып тұр.

  Өкінішке орай, олар мұнда бекер асығыпты.  Оқиға болған жерді тексеру еш нәтиже бермеді.

 -Қане, Шамиль, кеттік бұл жерден. Үйіңізді көрсетіңіз – деген Абылай Әзімханұлы машинасына қарай көңілсіз аяңдады.

                                хххххххххх

  «… Қызық,.. Кеңес өкіметі тұсында, қазіргі оңтүстік астананың маңында орналасқан, күз айындағы күннің соңғы шуағына малынып жатқан осы үлкен  елді мекеннің халқы не істеді екен? Барлығында баршылық сезіледі. Көше бойындағы биік, берік қоршаулар, әдемі «шубамен», мрамор плиткалармен келістіре қапталған екі — үш қабатты сәнді үйлер. Жарайды, бұрындар ұрлап – жұрлап салынған үйлер шығар. Ол кезде ұрлайтын нәрсе көп болды. Бірақ, қазір республикадағы ескі жеке сектор ауылдар көз алдымызда соғыс кезіндегі сияқты қирап жатыр. Есесіне, «жаңа адамдар» хан сарайындай виллалар салады. Міне, қазіргі ұрылар қандай?!

Ал, күні кеше ғана өзімнің қабылдауымда болған Шахизада атты әйел қандай қаржы көзі, қандай кәсіп арқылы бай, аста төк жағдайда тұрады екен, ә? Өзін Иран шахының қызындай сезініп, сөйлескен адамды билеп-төстеп кететін өжеттік, тіпті, саясатты да жілікше шағатын еркіндік, батыл қасиеттер қайдан бітті екен?

  Дегенімен, полковник Қайсенов мырза, бекер қиялданып, аспанға ұшпай, тура жолмен жерге түс! Дәлірек айтқандаа – «Тура жол» ауылына оралыңыз. Мұнда сізді жаңа, үлкен істер күтіп тұр.

  …Бұл Шамиль пәлекетіңнің көздері түссіз әйнек құсап, біртүрлі, бұлыңғыр ма, бозғылт па, түсініксіздеу екен. «Шөп» искей ме, анаша тарта ма, әйтеуір «сау сиырдың боғы емес». Мұндай күдік туғызатын, жұмбақ адамнан сақтану керек. Масқара қылып, оның бір «каиф» ұстап тұрған кезіне тап болсаң, басыңнан темірмен бір қойып, астыңдағы, ескі болса да, бұт артуға жарап тұрған көлігіңді «шу қарақұйрық» деп, айдап кетуден тайынбас…» — Осы ойлардың жетегіне мықтап жегілген Абылай Әзімханұлы Шамильге:

  • Сіз неге полицияға жүгінбедіңііз? – деп кенеттен сұрақ қойды.

   Шамасы, оның қиялы алысқа кетіп қалды, білем, күтпеген жерден қойылған сұрақтан селк ете қалды:

— Таныстар жеке детективке, дәлірек айтқанда, «қолынан іс келетін шебер детектив» деп, «Бөрі» атты компанияға баруға кеңес берді. «Сенген қойым сен болсаң — күйсегеніңді ұрайын» демекші, олар ақшамды қағып алды да, түк те бітіре алмады. «Астанадан мықты тергеуші келеді екен» деген хабарды естіп, сізге үлкен сенім, үкілі үміт артып келіп отырмын» — деген Шамиль сөзін әрі қарай созбай, мұңайған кейіпте, «бұл кісі не айтар екен?» дегендей, отырып қалды.
     …Біреуі екіншісіне қарағанда әдемі, бетон, ағаш қоршаулар кенеттен үзіліп, Құдайдың жарық дүниесінде бұрыннан келе жатқан «рабица» аталатын тізбекті тордан жасалған қоршауға ұласты. Қиқайып, топсасы үзілген, жапсаң ашылмайтын, ашсаң жабылмайтын қақпасы бар үйдің алдына тоқтады. —  Бұл Шамильдің үйі – «ұлы Сталин жолдастың» Кавказ халықтарын «сенімсіз ұлт» ретінде күштеп қоныс аударуы кезіндегі тарихи ескерткіш.

Бұрынғы чекистің кәсіби жады оның ішінде  сақталып қалған пайдалы ақпаратты көп ұзамай берді: саманнан соғылған үйде радио толқынын пайдалану мүмкін емес – кедей фантастиканың бұл кереметі электромагниттік толқындарды жібермейді.

 Таусылып  бітпейтін сансыз көп сарайлары жыпырлап тұрған бұл ауланың терең түпкірінде, қазақтар «тай қазан» атап кеткен үлкен қара қазан орнатылған пеш түтінін будақтатып тұр.

Пештің жанында қою түтіннен түрі анық көрінбей тұрған адамның көлбеңдеп жүрген сұлабасы баяу қимылдайды.

— Әйелі, — деп Шамиль ол жүрген жақты меңзеп басын изеді.

  — Әкесі – деп, жаңағы сияқты бас изеу қимылымен, кіре берісте отырған басындағы қызғылт па, күлгін бе, айырып болмайтын шашы бар қарт адамды иегімен нұсқады. Артынша полковник Қайсеновқа:
     — Біз абу жейміз. Сіз абуды жақсы көресіз бе? - деп, тіл-жағына сүйенген қожайын өзінің қонақжайлығын көрсетті. - Біздің атамыз абуды өзінің жанынан да жақсы көреді.

  «Бұларға сыр бермес үшін үндемеген дұрыс. Бірақ, қалай болғанда да, түскі ас ішетін уақыт келді. «Ұйқыда, күлкіде және аста ұят жоқ» демекші, ас ішіп, бойға әл жинап алғанның ұяттығы жоқ» деп ойлаған Абылай Әзімханұлы ас даярланғанша қолжуғышқа қолын шайып алды. Көңілі ас ішуде болғанымен, көзінің қырымен Шамильдің іс-әрекетін бағып тұр. Міне, ол қоңырқай көйлегінің жеңдерін түріп, қаңылтыр қолжуғышқа бет-ауызын жуды. «Қожайынның сонысы  жақсы болды. Қазір оның тамырында  ине салынған, немесе салынбаған таңбаны зер сала қарауға мүмкіндік болады». — Бірақ, байқалып тұрған ерекше ештеңе жоқ сияқты, инъекцияның тамыр тұсына түскен таңбасы көрінбейді.

  «Оп-па! Қолжуғыштың жанында қоқысқа толы қаңылтыр шелек тұр екен. Оның бет жағында қағаздан оралып жасалған, ұзындығы мөлшермен бес сантиметрдей түтікшелер соққан желдің лебімен баяу ғана тербеледі. Демек, «иіскейтін адам! Кока ма, немесе героин ба екен? Құдай-ау, екеуінің қандай айырмашылығы бар. Бұлардың қайсын болса да, сатып алу үшін көп ақша қажет екендігі белгілі.

Мә-ә-ә, Шамиль, сен менімен қандай жасырын  ойын ойнағансың? Бірақ, әлі ертерек. Соңғы тұжырымды жасауға асықпау керек».

  Осы кезде үйден аласа бойлы, дене бітімі шағын, қанша жастағы екені белгісіз, түсі қызылды-жасылды көйлек киген әдемі әйел шыға келді. Бұл көңіл дегенді қойсаңшы, «көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» демекші, полковниктің ойына Мұқағали ақынның:

                      Еркектерден әйелдерді көп дейді.

                      Ойбай-ойбай, бола берсін көп, мейлі.

                      Әйел деген әдемі ғой – әдемі,

                      Әдемілік бізге көптік етпейді – деген өлең жолдары ойына еріксізден орала кетті. Дастархан басына көгілдір көктем орнағандай, бірі-біріне сын көзімен қарап отырған жандар аяқ астынан көңілденіп шыға келді. Ия, бүкіл адамзат баласына мейірім мен қуаныш, аспандай көтеріңкі көңіл-күй, аста-төк махаббат пен сүйіспеншілік сыйлайтын әйел заты аман болсын…

 -Бұл кісі біздің апайымыз. Дәлірек айтқанда, менің ағамның әйелі. Қазақтарша айтсам —  жеңгем, – деп таныстырды үй иесі.

– Зу….я – деп, түсініксіз, тіс арасынан ысылдай есімін айтқан әйелдің атын сол күйінше ұқпағанымен, бірақ та сүйкімді күлкісімен айналасына бір жағымды көңіл-күй сыйлаған әйелге аса риза болған Абылай Әзімханұлының есіне баяғы Шахизаданың мыстан күлкісін көз алдына көлбеңдете келтірді. Сол-ақ екен, көңілінде аяқ астынан, белгісіз бір күдік, мазасыздық сезімі оянып, денесі тітіркеніп кетті.

«Әй, бар болғыр осы нервтер – ай, үйге оралысыммен өзімнің сүйікті «Қазақстан» коньягымнан бір стақан толтыра қағып салармын-ау…»

   Әңгімесі бітіп болмайтын, сол арқылы жүйкені сынап отырған әйел күлімсіреп, дамылсыз самбырлай сөйлеп жүріп стол жасады.
Бірақ, Абылайдың ойы басқада: «Абу» атты тағамы қойдың етінен бе, жоқ әлде сиыр етінен жасала ма екен? Қуырылған еттен бе, қайнатылған еттен дайындала ма?» — Осындай «өте маңызды» мәселе туралы терең ойлап отырудың салдарынан, көршісінің кей сөздерін құлағынан асырып жіберген сияқты. Сол арада сөзшең әйел екеуінің жанарлары түйісіп қалды. Құдай-ау, бағанағы сұлулықтың ізі де жоқ! Сол бір фосфор сияқты ызғарлы жарық шашып, жасанды жымысқы күлкісімен адамды кері итеріп тұратын дастархан иесінің кейпі кобра жыланға ұқсап кетті. Мүлдем кірпіксіз тықыр көз еттері, жыпылықтамай, тесірейіп, қадала қарайтын суық көзқарасы кобра жыланнан аудырмай ұқсатып тұр. Іштегі түйсік сезіммен оны «суық жымиған Кобра»деп атады.

   «Абу» аталатын тағамы дастарханға қойылды. Бетінде шөп -шалаңы қалқып жүрген, айранға су қосқан кәдімгі шалап. Еттің өзі түгіл, исі де жоқ! Қалайы қасықпен бір ұрттады да, қайта түкіріп тастауға ұялды. Жүрегі айнып, құсқысы келіп, тез жұтып жіберді.    

   «Ой, Аллай, ондай «абуыңа» мен «табу» қойдым» деп, кіржие қалған полковник Қайсенов: «Шіркін, тағамның асылы — өзіміздің қазақша асылған ет қой! Анық қашан екені есімде жоқ, сонау бір жылдары елімізде оннан астам мемлекеттердің «Ел қауіпсіздігі саласының» «дөкей» басшылары мен қосшыларының шоң (қырғыз бауырларша үлкен деген сөз) басқосуы өткен. Міне, сонда дастарханға қазақтың салты бойынша асылған ет келді. Әрине, сыйлы қонақтарға үлкен ағаш астауға үйеме етіп салынған бас, жамбас, сүбе сияқты мүшелер мен қазы-қарта, жал-жая тартылды. Шетелдік меймандар: «біз вегетарианецпіз, ет жемейміз» деп, сықсиып отырған. Сол арада: «Өздерің жемесеңдер де бір асап, дәмін көріңдерші» деп, сүрленген қазыдан асатып-асатып жібердік. Мә-ә! «Вегетариандарың» «жемейді» екен! Қазы-қартаны да, ылбырап піскен қойдың құйқасын да, майлы жілік пен жылқының сүрленген сүбесін де қомағайлана асағанда, ет жеп үйренген біз жолда қалдық. Артынан езілген құрт қосқан сорпадан әлігілер екі-екі кеседен ішіп, тыңқиып алып, қарындарын сипап отыр. Екі-үш күннен кейін, кетер кезде әлігі вегетариандарың: «қазақша ет болса» деп, сұ-р-а-ап отыр.

 Әрине, сұрайтындарын біліп, ет астырып қойғамыз. Қомағайлана асап, сорпаны да сораптай ішіп, қарқ-қарқ күліп мәз болды. Міне, біздің қазақша асылған етіміздің қасиеті…- деп, Абылай Әзімханұлы дастархандас достарына күле отырып әңгімелеп бергені бар.

Ал, қымбатты ата, «абуыңды» өзің же, мен ондай тамақты аштан өлгелі жатсам да жемеймін де, ішпеймін!» – Полковник бағанағы басталған ойын әрі қарай жалғастырды:

   «Ал сен, Шамиль, жиеніңнің қайда кеткенін айта аласың ба? Біреуге сатып жібердің бе, айырбастадың ба? Маған айтып жүрген ертегің, туыстарыңды сендіру үшін жасаған пасық қулығың ба? Ертең мен ол залымдығыңды әшкерлесем, туыстарыңның бетіне қалай қарап, қалай ақталасың?»

   Қайсенов қариямен сөйлеспек болып еді, ол үн қатпай, өзінің үйреншікті діріл — қалшылына басты. Ал, Шамильдің әйелі азаптау кезінде де ауызын «ләм-мим» деп аша қоймас. Ал ауызы жабылмайтын апай бір сәт сөйлемесе, ауырып қалатын сияқты. Сондықтан, оған жоламауға тырысты, өйткені, ол сөйлей бастаса, Қайсеновтың басы айналып, миы шаншып-шаншып кетеді.

  Енді мына жүйкесін жүндей түткен тұрғындардан құтылу үшін, полковник үйдің шаруашылық нысандарын аралап көре бастады. Шаруашылықтары, несін айтасың, мықты екен. Асыл тұқымды иттері үрмегенімен, қонаққа, біртүрлі, ала көздерімен атып, жауыға қарайды. Аралай жүріп, өзін жылан патшалығының иелігінде жүргендей сезінді. Қорада тұрғаны бар, сырттағысы бар, бір сиыр өгізшесімен, жиырмаға жуық қой. Қойлары біртүрлі: сүйкімсіз, ашулы сияқты ма, Рим гладиаторларындағы бұқалар сияқты адамға күжірейіп, көз астынан ежірейе қарайды. Тіпті, аларған көздерімен, қарақшылар құсап  өшігіп, жауыға қарайды. Өздері ешкімнен үрікпейтін шатақ, өте батыл екендігі анық байқалып тұр.

      Құдды, құжат сұрап, себепсіз байланысқысы келіп тұратын парақор менттер сияқты екен. «Суық жымиятын кобраның» бір ауыз сөз айтпайтын күйеуі қонақ кетер кезде «хош» деп бір рет қана тіл қатпаса, мылқау деп ойлап қаларлық. Ауызы жабылмай сампылдайтын әйелдің, Құдайға шүкір, үні өшті-ау! Құлақ еті тыншып жақсы болып қалды.

  -Шамиль, мен Русланды іздеуге бекіндім. Егер, сіз «жиенім жоғалды» деп, жалған спектакль қойып жүрсеңіз не істейміз? Әлде, жиеніңіз сіз үшін шыныменен де қымбат шығар.  Жарайды, Шамиль, ендігі сөзді іс барысында сөйлесе жатармыз…

 …Машинасымен жолға шыққан полковник Қайсенов қалың ой құшағын еніп кетті: «Шамильдің туысының қойлары әдеттегі қойларға неге ұқсамайды? Ерекшелік неде? Қайтып оралып, тағы да бір зер сала қарап, құпиясын анықтауға тырыссам ба  екен? Әйтеуір, бір ерекшелігі бар екені анық. Ия, аспандағы жарық айдай анық…»

                          Руслан балақай бартер құрбаны…

   Алматы күзі – табиғат-ананың шеберлікпен жасап қойған дайын вернисажы. Бразилиядағы карнавал сияқты ерекше көрініс. Әр ағаш өзін ерекше түрде түрлі-түсті жапырақтармен бояйды, ал күз түскенде жалаңаштанғанымен, бәрібір әдемілігін жоғалтпайды.

  Сарғыш, күрең —  қызыл түске енеді, ал шырша тектес ағаштар жаздағы өңін жоғалтпай, жыл бойына жап-жасыл болып құлпырып тұрады. Қурап, жерді тыңайтып жататын өсімдіктердің жапырақтары – табиғаттың өзі жасап қойған санитар дерсің! Сол себепті, жер  — жұмсақ, күрең және қоңырқай топырақ өте құнарлы. Қазекемнің: «жерге қаққан қазығың – дарақ болып өсетін» дейтін теңеулері осындайдан айтылса керек. Қысқасы, жер жәннаты – Жетісудың бұл аймағы — түрлі-түсті кілеммен жабылған, көркін көріп, көңілің көктемдей құлпыратын — дайын тұрған көрме. Таудан сылдырлай ағып, жаз бойы бүкіл қаланы салқын, қоңыржай лепке бөлеп тұратын  бұлақтар мен Хамит Ерғалиев жағалауындағы шағын «Есентай» өзенін, Димаш аға Қонаевтың сұңғылалықпен тарттырған «Үлкен Алматы», «Кіші Алматы» (Большая, Малая Алматинка) каналдарын айтсаңшы! Барлық тіршілік атаулы түнгі ұйқыға кетіп, маужырай балбыраған табиғаттың тамаша сәтін суреттеуге тек ақынның ғана тілі жетер. Ұлы Абай ақынның:

                          Желсіз түнде жарық ай,

                          Сәулесі суда дірілдеп.

                          Ауылдың жаны терең сай,

                          Тасыған өзен гүрілдеп… – деген табиғат лирикасы ұлы ақынның дәл осы Алматы түнін көріп сүйсініп, өлеңмен өрген суреттемесі дерсің! Қазіргі жастардың да: «Алматы түні, Алматы түні – ұйқымды менің ұрлады – деп шырқауы – тегін дейсің бе?!

 …Полковник Қайсенов нашақор Шамильдің жиеніне байланысты іспен шұғыл айналысуға бекінді. Бұл күндері ескі бақ алаңын шарлай жүріп, «Руслан балақайды қалай ұрлауы мүмкін» деген ойдың жетегімен, әйтеуір бірнеше нұсқасын елестетумен болды.

Көз алдына «Кобраның» суық жымиысы мен жау көргендей ежірейіп тұратын бір ғана емес, бір қора қойлары келе береді.

  «Сол ерекше жаратылған  қойлар мені несімен таң қалдырады? Не себептен солар көз алдыма келе береді?»

  «Ұрланған баланы қайда, кімге апаруы мүмкін? Бұл не? Әкесінен, анасынан, ағасынан кек алу ма? Ешкім қиналып, жүрегін ауыртып жүргені байқалмайды.Ешкім еңіреп жылап, көз жасын көлдетпейді».   

   Арнайы құрылған қылмысты іздеу мен тергеу тобының  басшысы полковник Қайсеновты жалғыз нәрсеге – Шамиль нашақордың айтқандарының шынайылығына көз жеткізіп, сол үшін

 біраз операциялық әрекеттерді іске асырды.

  Қане, бәрін рет-ретімен айтып көрелік. Құдайға шүкір, олардың қылмыс іздеу тобы —  білімді де, білікті, тәжірибелі құқық қорғау саласының жанкешті мамандарымен толықты. Абылай Әзімханұлына бұрынғы әріптесі, ҰҚК отставкадағы полковнигі Болат Атабаев және өзінің сүйікті кәсібінен көңілі қалған жас дәрігер Сухов Дмитрий Анатольевич қосылды. Бұлардың біріншісіне басқа баратын жері жоқ екені анық, ал екіншісі романтика желінің әсерімен, неше түрлі шытырман, қызықты толқуларды бастан кешу мақсатымен өзі сұранып, осы қылмыс іздеу тобына дедектетіп әкелген еді.  Ақыры, бұл топқа қосылған адамдардың атақ пен романтика үшін емес, ізденіске деген қызығушылық және өздерінің мамандығына деген сүйіспеншілік себептерімен келгендері айқындалды. Белгілі бір мақсатқа жету (перспектива) үшін жұмыс істейтін энтузиастардың жауынгерлік ұжымы қалыптасқаны белгілі болды. Олар дәл қазірдің өзінде нақты жедел — техникалық операцияларды жүргізе алатындығы анық. Мәселен, Атабаев мамандығы бойынша радиоинженер, ҰҚК — нің талдау (аналитикалық) бөлімшесінде қызмет еткен. Болмысы жұмсақ та, мейірімді, аламдарға жаны ашып тұратын, қасқабастар санатына қосылмағанымен, шашы ағарып, сирей бастаған ол тек «Атаба» деген сөзді өзіне қорлық санап, қатты ренжіп, ашуға берілетін.

  …Сонымен, олардың өте тату — жұдырықтай жұмылған бригадасы толық құраммен Шамильдің үйіне келді.

Бір таңқаларлық нәрсе: Мұндағы көріністің бәрі полковник Қайсеновтың алғашқы келгендегі сияқты қайталанып тұрғаны болды. Ауладағы үлкен пеш қою көк түтінін бұрқырата жанып тұр. Оның жанында баяғы сөзшең әйел тоңқаңдап жүр. Сол сияқты, күлкіден бе, жылаудан ба, қайсынан екені белгісіз, тозған шүперектің өңіндей сүреңсіз қарт (Шамильдің әкесінің) тұрқының дір-дір еткен жанашырлық тұрысы.

  Детектив тобы үшеуін жеке-жеке бөлмелерге бөліп, Русланның жоғалып кету себебінің егжей-тегжейін, одан қалса, ұсақ-түйектерін анықтау мақсатымен сұрақ-жауап алуды бастады.

   Абылай Әзімханұлы Шамильдің өзімен, Болат-оның жұбайымен «жұмыс» жүргізіп, ал Дима подъезде дірілдеген атамен қалды. Бұл жолы олар сұраққа алғандарды «өздеріңнің қылмыстық қастандыққа қатыстарың бар» деп айыптады. Абылай Шамильге: «кінәңді өз еркіңмен мойында» деп, бұлтарып кетпеуіне барын салды. Дәл сол тұрғыда Болат үй иесін қыспаққа алды. Көп ұзамай, Русланның бақытсыз ағасы қал-қалш етіп дірілдеп, ал әйел көз жасын көлдей етіп төгіп, өзін тоқтата алмай, еңіреп жылауға көшті.

  Осындай қызу жауап алудан  кейін Қайсенов көрші бөлмедегі Болатпен кеңесіп алуға келді. Оған жауап беріп отырған әйелге: «Сіз әзірше күйеуіңізбен әңгімелесе тұрыңыз» деп, бөлмеден шыға тұруын өтінді.  Ол бөлмедегі үстөл үстінде полковник Қайсеновтың қағаздары, мүйіз жиекті көзілдірігі мен қорапшасы қалған болатын.

  Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар не туралы сөйлеседі деп ойлайсыз? Әрине, тергеушілерді қызықтыратын мәселелер туралы әңгіме қозғап, неғұрлым ашық сөйлескені дұрыс болар еді… 

   Сонымен, олардың бүкіл әңгімесін Дима тете-а-тет Әзімханұлының көлігіне жайғасып, магнитофонға жазып отырған болатын. Бұл іс-шараның барлық мән – мағынасы осыған сайды. Болат өзінің бұрынғы қызметінен алған тәжірибесімен көзілдірік қорапшасында жазылған деректерді ортаға салып, қылмысты іздеу, тергеу тобының мүшелері өзара талқылауға кірісті.

  Жазудағы дерек бойынша, ізшілдер Шамильдің де, оның әйелінің де кінәсіздігіне көз жеткізе алды. Сонымен қатар, олар Руслан байқұсты көрмесе де жақсы көріп, оны тапқан жағдайда, кадет мектебіне орналастыру керек деп шешті.

Бірақ, ол мәселе қашан шешілері әлі белгісіз… Полковник Абылай Қайсенов тағы да терең ойдың құшағына беріліп, күзгі бақ алаңында жай қыдырыстап жүр. Сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Қылмыс ашылып, Руслан балақай табылғанша, оның жанына тыныштық қайдан келе қалсын-ау?!

  …Абылай Әзімханұлының көз алдына қара шаңырақтағы ата – анасы мен өз жанұясындағы сүйікті жары – Әсем мен ұл – қыздары Медхат пен Қасымның, еркетотай кенжесі – Еркеназдың сүйкімді бейнелері кино экранындағыдай «жарқ» етіп келе қалды. «Айналайын асқар тауым — әкетайым – Әзімхан, жарық дүние сыйлап, ақ сүтін беріп, әлпештеген Айбүбі – анатайым, қаншама «тар жол, тайғақ кешкен», жеке басыма қауіп төнген сәттерде, ұстасқан дұшпанымды жеңіп шығып, қолына темір кісен салуым – сіздердің  келер жолыма қарап, дұға оқып, құдіреті күшті құдайдан аман-есен оралуымды сұраған тілектеріңіз ғой…» деген ойдан жүрегі аттай тулап, жанарына ыстық жас үйірілді. – «Аман болып, ұрпақ қызығы мен рахатын бірге көре беруге Алла жазсын…» деп, күбірлегенін өзі сезбей қалды…

  «…Ой дегенің — таусылмас түпсіз терең мұхит қой, бекерге ой қуа бермей, дәл бүгін көптен бері жоспарлап жүрген шаруамды шешіп алайын…» — Осы оймен ҰҚК ардагерлер кеңесінің төрағасы полковник Хасенбаев Уапқа кіріп шығуға ұйғарды. Оның қызметі жолдың арғы жағындағы бұрынғы НКВД, қазіргі ҰҚК- нің ескі ғимаратында орналасқан болатын.

Уап Хасенбайұлы оны жылы шыраймен қарсы алды. Полковник оған ешқандай кіріспесіз өз идеясын айтуға кірісті:

   -Уәке, мен біздің ҰҚК – нің бұрынғы қызметкерлерін, яғни барлық зейнеткерлерді іздестіріп тауып, оларды ортақ іс-шараларға тарту идеясымен келдім. Өйткені, біз — бұрынғы жедел қызметкерлер және бізбен бірге қартайған агенттер – бүкіл қалаға шашыраңқы, әрқайсы өз бетінше қалып, жұмыссыздықтың зардабын тартуда. Егер, бәріміз бір пирамидаға біріктірілсек, бес адамнан тұратын топтарға бөлініп, олардың ішінен «старшойын» сайлап аламыз. Сөйтіп, арамызда күшті байланыс орнаса, онда бар-жоғы екі сағат ішінде бүкіл қаланы «сүзіп» шыға алатын қуатты күшке айналар едік. Автокөлік, отбасы мүшесі,  үй жануарлары жоғалған жағдайда, барлық күш біріге тізе қоса қимылдап, көздеген мақсатымызға оңай қол жеткізе аламыз. Әрине, зейнеттегі қызметкерлердің қолына тиетін ақша ешқайсына артық болмайтындығы түсінікті – деп, Абылай Әзімханұлы қарт чекистің бетіне «бұған не айтасыз?» дегендей барлай қарады.

       -Несі бар, дұрыс идея. Мен қос қолдап қолдаймын.

  -Керек болса, біреулердің үй жануарларын жоқ қылып, өзіміз іздеу салып, «тауып алу» операциясын ұйымдастыруға болады – деп, сөздің соңын жеңіл әзілге бұрып жіберді.

 – Тыныш… Тек ешқандай қылмыс элементтерісіз! – деген бурыл шашты полковник, қоңқақ қызыл мұрнын бір сипап қойып, Қайсеновтың бетіне байыптай қарады.  - Мен сені өмір бойы ұйымдастыру мәселелерімен айналысқан, тәжірибесі мол майор Қошқарбаевпен байланыстырамын.

  -Бәрекелді! Абылай Әзімханұлы қарт полковниктің, өзінің санасына «жарқ» еткізіп түсірген сәулесіне қуанғаннан, билеп кете жаздады. Бұл сәуле, әрине, түсі суық «кобраның»  ауласындағы Қазақстанның солтүстігінде ғана өсірілетін әйгілі Қошқарбай тұқымды қойдың кішігірім отары еді. Бұл жануарлар Қайсеновтың желден жүйрік қиялына қатты әсер еткендігі соншалықты, жүрегі дүрсілдеп, миы айналып кетті. Бұл ерекше тұқымды қойларды ол бала кезінде көрген болатын. Иә, бұл қойлардың қошқарлары қасқырлардан қорықпақ түгіл, қорқаулардың өздеріне шабуыл жасайды. Олар атылып барып, ірі, иіріле өскен темірдей мықты мүйіздерімен сүзіп, тіпті кеудесімен ұрып, омақастыра құлата алатындығын да жақсы біледі.

   Енді Абылай Әзімханұлының жүйрік ойы «суық жымиған «Кобраға» ойысты: «Олар солтүстіктегі «сұлулардың», яғни ерекше жаратылған қойлардың он-он бесін емес, бақандай бүкіл отарын қайдан, қалай алды? Менің детективтік түйсігім былай дейді: «Бақытсыз Руслан баланы бір отарға жуық  қойға айырбастап, яғни бартер жасаған! Міне, қандай бизнес!

  Байқұс Шамиль шалдың шатақ қойларға байланысты афераға қатысы жоқ екендігіне өзім кәміл сенемін…»

                                 «Кобра» операциясы

  -Қой-й! Қой-дың терісін қабылда-а-аймыз! Қымбат бағаға ал-а- а-мыз! До-о-ро-го! - Болатымыз бұлтық жұтқыншағы жыртылғанша айқайлап жүр. Артынша ауылды басына көтере:

— Е-е-мдік сарысу-у-у! Малдың сібір жарасына қарсы сарысу-у-у са-та-мыз! - деп ән шырқағандай соза жалғастырды ол қорабы айбақ-сайбақ болып сыдырылған  фургон машинасының жанында тұрып.

— Күте тұрыңыз! - тарс қоршаудың тар қақпасын шиқылдатып жартылай ашқан әйелдің қарлығыңқы дауысы естіліп, артынша, «коммерсанттардың» жанына үні ысылдаған жыланның дауысына аумай ұқсаған «кобраның» өзі асыға — үсіге жетіп келді.
     — Терілерді қандай бағаға алып жатырсыздар? - Әйелдің мұндай сауда-саттыққа әбден төселгендігі байқалып тұр.

  Қайтарылған жауапты естігенімен, оны құлаққа онша ілмеген «кобраға» баға онша маңызды емес сияқты. Артынша тағы да:

 — Ал ірі қара малдың терісін қаншадан алып жатырсыз? - Үйінде отырып әбден іші пысқан әйел сұрағын қайталап қойды…

 …Жақсы! Бәрі жоспарланған сценарий бойынша жүріп жатыр. Мұндай «спектакльдің» талайын басынан өткізген тәжірибелі Болат  жауап берушіден «мүмкін және мүмкін емес» фактілердің бәрін сығып алу керектігін жақсы біледі. Тіпті, онша сүйкімді емес бұл ханыммен, егер мүмкін болса, жеңіл флирт жасау арқылы өзіне қажетті деректерді сығып алуға қарсы емес.

— Сұлу бикеш, біз сені ренжітпейміз. Не берсеңіз де қуана-қуана қабылдап аламыз. – Болат осал «балықшы»емес, қармаққа балықты бұлтартпай, жақсылап түсіру үшін қармағын алысқа лақтырды. Емеуірінді жақсы түсінетін, көпті көрген тәжірибелі әйел де:

— Біз бергіміз келгенімен, көп нәрсе бере алмаймыз. Үйде күйеу, мал – жан бар дегендей…

— Не, оның бар болмысы мал ма?

— Кімнің?

— Күйеуіңіздің…

— Неге мал? - аңғал әйел ашуланып, көздері жыпылықтап кетті.

– Сіз өзіңіз айттыңыз ғой, «күйеу – мал» деп.

— А-а-а деп, қарқылдай күлген «Кобра»сөзін әрең жағастырды. — Үйде күйеу бар, мал бар дегенім ғой. Ха-ха- ха!

  Болат та өзінің бір кездерде болған, бірақ қазір ұмытылып кеткен актерлік қабілеттеріне таңданып, шынайы, беріле күліп жатыр. Енді оның осы қабілетін Қаздрамтеатрдағы атақты аттасы көрер ме еді?! Сарысуды жарнамалай отырып, жаңағы ветеринарлық фургонның кабинасынан қораптарды бірінен соң бірін шығарып жатыр. Оларды жаңағы бикешке кезек-кезек көрсете отырып, сұлудың біресе бетіне, біресе иығына кездейсоқ тигізген болып, жанасып-жанасып кетеді.     

   Әйел де, жас емес пе, құмарлық сезімі оянғаннан беттері гүл-гүл жайнап, қызарып кетті.

Өткен жылдардағы жауынгерлік тәжірибесінен Болат өзінің бұл әрекеті нәзік жынысты әңгімелесушіге әсер етіп жатқанын анық байқап, күлімсіреп тұр. Биоэнергетикалық өрістің кернеуі әр минут, тіпті әр секунд сайын еселей артып келеді.

Міне, есін жоғалтып, әбден елтіген әйел, сарайына кіріп, бірнеше құрғақ тұздалған қой терісін сүйреп шығарды.

  Полковник Абылай Қайсеновтың үш күн бойы үйреткен нұсқауы бойынша, қой терісін сілкіп-сілкіп жіберді де, алақанымен жүнді қарсы бағытқа ысырды. Әрі қарай үрлеп-үрлеп жіберіп, көздерін жұмып, таң қала «пах-пах» деп, мақтау рәсімін жасады.

— Қазақстанның солтүстігінде өсірілген Қошқарбай тұқымды қой.  Керемет! Еті – жұмсақ, дәмді де, шырынды. Жүні де қалың, биязы. Бұдан қатқан, сәнді тон (шуба) тігуге болады. Мұндай ерекше байлық тек сіз сияқты мәдениетті де, әдемі қыздың қолында болуы тиіс және де дәл солай болып тұр.

  Ханымның жаны мынандай мақтаудан кейін қалай, қайтіп қана шыдасын, жанарлары жасаурай рахаттанып, жыларман хал кешуде. Мұндай асыл тұқым қойдың қайдан, қалай келгенін ешкім сұрамай-ақ, әйелдің өзі қазақ радиосы құсап, тәптіштей сайрап қоя берді:

— Ағам қошқырымен он бес бас саулық қой әкелген болатын. Өздері өте тез көбейеді екен…

— Ия, сіздей сүйкімді де әдемі ханымның жанға жайлы аурасынан мал түгіл, адам да тез көбейері анық…

   — Ал сенің ағаң қайда тұрады, тәтті қыз? – Бір кездері жас кезінде ол кавказ акцентімен «дэушка»деп айтқанындай, тілін бұрай сөйледі. - Мен біздің облыста мұндай қошқарлар жоқ екенін білемін.

— Ол алыста тұрады. Көкшетау облысында.

— Иә-а! Ол менің туып-өскен Отаным ғой. Мен Володар ауданында дүниеге келген едім.

— Ол Уәлихановскийде тұрады.

— Тоқта, тоқта! Қазақтардың: «Сұраса келе, қойныңдағы әйелің қарын бөлең болып шығады» демекші, сіз екеуіміз жеке, ел жоқ жерде отырып, біраз әңгімелескен соң, туыс болып шығуымыз ықтимал. Оның тегі Жандосов – Жәлел Жандосов.

-Мүмкін, әбден мүмкін. Біз  Сиқымбаевтармыз. Оның есімі Дулат.

                          Бауырың қылыш ұстатар…

    … «Бабник» — Болаттың ыстық құшағына оранып, ес-түсінен айырылған «Кобра» — әйел Болатқа тұтқындағы Руслан балақайдың

қай жерде екенін, ол фазенда қай жерде және оған қалай жетуге болатындығын тәптіштей айтып берген.

  Болат болған бар жағдайды полковник Қайсеновке жеткізіп, екеуі ақылдаса келе, Русланды құтқару операциясына Дима – докторды қосып, үшеу болып баруға келіскен. Абылай мен Болат мал ұстайтын

фазендадан екі-үш шақырымдай жердегі ағаш арасына жасырынып, «бич» кейіпіне еніп, алба-жұлба киінген, кір – кір сабалақ шашы желкесіне түскен Дима кештетіп фазендаға жеткен. «Мені мұнда жұмысқа Шамиль жіберді» деп, маймылға ұқсаған «орангутан» кличкалы бригадирге: «Түрмеден қашып жүрген жетіммін. Барар жер, басар тауым жоқ. Сіздерді паналап, күнімді көрейін» деп, сықсия  жылаған. – Тек мені  менттерге ұстап бермесеңдер болды.

   Түс кезінде «маймыл – орангутан» Магомедпен бірге келіп, жұмысшылардың әрқайсына жарты бөлкеден қара нан таратып берді. Көп ұзамай ашық қақпаға мал қорадағы, мұрын мен кеңсірікті жарып жіберердей сасық иіс «лақ» етіп құйылды. Өйткені, қыс алдындағы жылымық күндерде, қора ішінде бордақылау үшін біраз мал арнайы байланған еді.Сәтін салғанда, мал қораның қиын ойып, тазалауға «орангутан» Дима мен Русланды қойды. Жұмыс істеп жүріп, Дима-доктор бар жағдайды Русланға сыбырлай айиып берген.

 Біздің «бич» кейіпкеріміз қашудың қандай ғана нұсқаларын ойламады. Бір сөзбен айтқанда, қазір қашуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Енді тек қолайлы сәтті күтіп, Русланды босатып алу керек.

  …Бұл құдіреті күшті Құдайдың торыққан жанға мүлдем күтпеген ойламаған жерден жіберер көмегін айтсаңшы! Күтпеген жерден!

 …Басында мотордың дауысындай әлсіз ғана шу естілді де, бірте-бірте дауыс күшейіп, жақындай түсті. «Машина…!». Жүрегі қатты дүрсілдей соғып, бұлшық еттері татамиге күреске шыққан кездердегідей шиыршық атып кетті.

  Ешқандай күмән қалмады, машина тікелей малқораның жанына  келіп тоқтады. Жүргізушы көп ұзамай қозғалтқышты сөндірді. Дима күректі қабырғаға соғып, қақпаға қарай асыға жүрді.

— Ол жаққа барма! – деп, Саша кетік тістерінің арасынан ысылдай сөйледі. Бірақ серіктесі оған «ары тұр» дегендей қолын сілтей салды.

       Осы кезде ел күтпеген болды бір қызық тамаша! Дима -дәрігер пысықсыған Сашаны желкеден бүріп ұстады да, қораның ішіне допша домалатып лақтырып жіберді. Артынша тоңқалаң асып, тұра алмай жатқан серіктесін май құйрықтан жақсылап тұрып бір теуіп, қораның есігін сырттан жауып тастады.

    – Сен оны бекер соқтың. Бұл үшін олар сені аямайды. Мүгедек қылады және сенің фамилияңды да сұрамайды. – Мұны айтып тұрған құлдықта жүрген зэктің біреуі. – Ол үшін бүгін түнде сізге күшті және ұзақ дәріс оқылады. Денеңіз де қанмен әбден боялады.

— «Ол үшін» — не үшін?

– Сұрамаған жерге тұмсық тықпау үшін.

«Атаңның басы!», — деп ойлады Дима жағдайды дұрысырақ бақылап тұру үшін темір қақпаға жақынырақ барып тұрып.

  «Құдіретті құдайым маған соңғы мүмкіндікті беріп отыр…

Бұлар мұннан қой алып кетуге келген байшыкештер. Сондықтан, жарамсақ қожайындар оларды дұрыстап сыйламайынша жібермейді. Үйге кіріп кеткен олар көліктің кілтін өздерімен бірге алып кетуі екіталай-бұл қала емес. Қой алып кету үшін байшыкештер кешке таман отардың оралуын күтеді, немесе біреудің бастауымен жайылым даласына барады. Машинаның багы, әрине, бензинге толы, тіпті, өздерімен бірге канистр алып жүруі де мүмкін». – Дима осы ойлардың жетегінде тұрғанда, үйден сәнді киініп, әлем-жәлем боянып алған әдемі әйел шықты. Шамасы, жұмысшыларға әлдене бұйрық беру үшін болар, малқора қақпасына қарай бөксесін бұраңдата басып келе жатыр. Осы сәтте:

– Ой-пырма-а-й!– деп, жанұшыра айқайлаған әйел дауысы шықты. Дима баяғыда өзі каратэ спортымен айналысқандағы әдісімен әйелдің қолын қайырып, аузына өзінің беторамалын тығып жіберді.

  — Тартынбаңыз, менің айтқанымды жасаңыз, сіз тірі қаласыз.

  Тұтқындалған әйел келіскендей басын изеді.

  Әйел оң қолын тік ұстаған күйі, есік пен төрдей созылып жатқан сәнді  шетелдік көлікке жақындады. Артынша Диманың сыбыр еткен әмірлі бұйрығы бойынша машинаны оталдырды. Осы кезде доқтыр машина иесін оң қолымен шетке ысырып жіберіп, көлікке лып етіп отырып алды. Диманың әр қимылын бағып тұрған Руслан да көлікке жүгіре басып мініп алды. Іле-шала өгіздей өңкиген алып «Джип» тұрған орнынан жұлқи қозғалып, үлкен жылдамдықпен зымырай жөнелді. Арада бір-екі минут өткенде, ағаш ішіне жасырынған Болат пен Қайсенов «Ауди» машинасына секіріп мініп, «Джиптің» соңынан құйғыта жөнелді…

 …Арт жақтан сатұр – сұтыр оқ атылды.

  «Автоматты Винчестер!» АКМ, немесе граната атқыштары жоқ шығар! Бірақ, кім білсін? «Сақтықта – қорлық жоқ». Дұрысы – жыланша ирелеңдетіп, үлкен жылдамдықпен шапшаңдата қашу…»

   «…Барлық есептеулер бойынша шамамен  аудан орталығы оңтүстікте» деп бағдарлаған Дима, солтүстікке қарай — Бестөбе кенті бағытына қарай жүретін ойдым-ойдым  асфальт жолға түсіп алып, зуылдай берді.  Едәуір қашықтықты артқа тастап, қайың қадалардың арасымен Авангард ауылына қарай жол тартты. «Онда Мұса ағай, күрең қызыл боп піскен дәмді бауырсақтар мен киімдерім өзімді күтіп жатыр. Бірақ, біз қараңғы түсетін мезгілді күтіп, көлікті адамдардың көзінен таса жерде қалдырып, артта еріп келе жатқан Болат пен шеф мінген «Ауди» машинасына ауысып мінуіміз керек»

  Ойға алған жауапты істі көңілдегідей тындырып, жеңіске жеткен сайын доктор Дмитрий Сухов өзінің бала кезден ұранына айналдырып алған, сүйікті ақыны Пушкин жарықтықтың:

                        Оковы  тяжкие падут,

                       Темницы рухнут и свобода!

                        Вас примет радость у входа,

                        И братья меч вам отдадут! — деп жырлайтын өлеңін дауыстап оқып жіберді. Артынша тағы да сол бакенбарды бетін тұтастай жауып тұрған Александр Сергейұлының: «Ай да Пушкин, ай да сукин сын» деген  сөзінің мақамымен: «Ай да Сухов, ай да сукин сын» деп, қуаныштан екі-үш қайтара айтып жіберді.

 -Дима, қане, машинаны тоқтатшы, бауырым – деп, ұялы телефон арқылы хабарлаған полковник Қайсеновтың сөзінен «Джип» кілт тоқтады. Көліктен түскен үш чекист пен «құлдықтан құтылғаным өңім бе, түсім бе?» деп, сенер-сенбесін білмей, ағыл-тегіл жылаған Русланның құшақтары айқаса кетіп, біразға шейін жазылмады.

   — Алақай, біз жеңдік! Полковник Абылай Әзімханұлы аман болса, әлі де жеңе береміз!-деген Диманың сөзіне екі чекист:

       -Біздің Дмитрий сияқты батырымыз тұрғанда, біз жеңбеуіміз мүмкін емес! – деп, екеуі екі жақтан Дима Суховты ыстық құшақтарына алып, кір қожалақ беттерінен кезектесе сүйе берді, құшырлана сүйе берді…

       Ғабдул – Сәбит Юсупов

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей...

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...

ҚИСЫҚ

Айдауыл Жаңбыр себелеп тұр. Алдымда балшық кешіп, аяғын әзер алып...

КӨМБЕСІ КӨП ЖЫЛДАР

(Детектив әңгіме) «Шуақты сити» мөлтек ауданы, 7-үй, 7-қабат, 77-пәтердегі Бұланның...

Детектив – күрмеуі қиын, күрделі жанр

Жазушы пікірі Одақтың оң қадамы         Бұрындар, заман ағымының құйынды желіне...