Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов қалалар мен аудандардың әкімдерімен тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылысы жөнінде селекторлық кеңес өткізді.
2020 жылы өңірде құрылыс жұмыстары жаңа қарқын алды. 1000-нан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қоныс тойын тойлады. Бұл тұрғыдағы жұмыстар осымен тоқтап қалмай биыл да жалғасын таппақ.
Даниал Ахметовтың айтуынша, барлық қаржыландыру көздері есебінен 912,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның ішінде жеке инвесторлардың қаражатына көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған 1143 пәтерлік 759 бірқабатты үй салынады.
«Барлық жұмыстар уақытылы және сапалы орындалуы қажет. Әкімдер үйлердің аумағын абаттандыруды бекітілген кесте бойынша жүргізуі тиіс. Сондай-ақ құрылыс компанияларының бәсекелестік ортада жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Егер аудандар жеке инвесторлар есебінен несиелік тұрғын үй салуды қолға алса, онда оларға әлеуметтік тұрғын үй салу жоспарынан көбірек квота беріледі», — деді аймақ басшысы.
Биыл тоғыз әлеуметтік-мәдени нысанның құрылысы жалғасады. Атап айтқанда, Семей қаласы Степной кентіндегі 300 орындық мектеп, Қайнар, Бозанбай, Таврия, Марқакөл, Ақсуат ауылдары мен Серебрянск қаласында спорттық-сауықтыру кешені салынады. Сондай-ақ бассейні бар осындай кешен Бородулиха ауданында да бой көтереді. Ал Көкпекті ауданы Самар ауылы мен Аягөз қаласында бассейн, Өскеменде 244 орындық 9 қабатты жатақхана салынуда.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы