12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Шұғынық


Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқан бесеуге мал жайғап жүрген ақсақал бас шайқай қараған. Түнімен толассыз жапалақтаған ұлпа тізеден асыпты. Əлгі бесеуге жол бастаған əскери тергеуші Қайсар Сапаров еді. Қасындағы сырықтай жігіт осы округтің учаскелік полиция инспекторы Əділет Ілеспаев. Кеше таң атар-атпастан Өскеменнен шыққан əскери тергеуші кеш кіре тау қойнауындағы Өспен ауылына ілінген. Келе сала ауылдағы инспекторды іздеп тауып, екеуі жоспар құрысқан. Жо-жоқ, жоспарды тергеуші жігіт тəптіштеп айтып берген. Инспектор бас изеп, тыңдап қана отырған-ды.

– Тыңда, лейтенант Ілеспаев. Неге келгенімді біліп отырсың. Кісі өлімі орын алды. Оқиғаның қалай болғанын, кімнің кінəлі, кімнің кінəсіз екенін бес саусақтай білемін. Бірақ, əзірше дəлелім жоқ. Істі соңына дейін жеткізіп, қанішерді түрменің түбінде шірітемін, – деді Қайсар орнынан тұра беріп. Əншейінде ауылда едіреңдеп жүретін инспектор лəм демеді. Темекісін тұтатып, қырауланған терезеге көз тастады.

– Былай болсын! – деді Қайсар қайта орнына жайғасып жатып, – осы ауылдың араққа жұмыс істейтін ішкіштерін танитын шығарсың… – Танығанда, ауылдың аяққы көшесінде, бергі баста, – дей бергенде – Жина соларды. Мə, мына ақшаға бір жəшік арақ, шұжық-мұжығын сатып ал, – деп, кеңестік кезден қалған ескі үстелге он мың теңгеліктің екеуін тастады. Инспектор жігіт «сіз маған бұйрық беруге құқыңыз жоқ» дегісі келгенімен, батылы бармаған.

* * * Өспен ауылындағы жалғызбасты ана Əлима Жайлаубаевадан арыз түспесе, қыстың боранында ит арқасы қияндағы ауылда əскери полиция капитаны Қайсар Сапаровтың несі бар еді?! Күздің мизам шуақты күнінде алаңсыз ғана қыс қамын жасап жүрген ананың төбесіне қара бұлт үйірілген. Түс ауа үй телефоны шыр етті. Тұтқаны жұлып алды;

– Алло, – Сəлеметсіз бе?! Əлима Жайлаубаева ма?

– Иə, – деді бəсең дауыспен.

– Елжан Кəрімовтың анасысыз ғой..

– Бұл кім екен? Тыныштық па?

– Бұлақты шекара заставасы командирінің орынбасарымын ғой. Сіз еш уайымдамаңыз. Бəрі жақсы болады. Айтайық дегеніміз, ұлыңыз аттан құлап, жеңіл-желпі жарақат алып қалды. Аудандық ауруханада ем-домын алып шыққан соң, үйде болады біраз… Ана жүрегі сезбей қойсын ба?! Тұтқаның арғы жағындағы дауыс тұншыға берді. Əлиманың көзі жасаурап, диванда отырған күйі қозғала алмады. Бір мезет дүние төңкеріліп, астаң-кес тең болды да кетті. Ертесінде ұлын тікұшақпен Өскеменге алып кетті деген хабарды естігенде тіптен естен танды. Көршісінің салдыр-гүлдір жигулиімен Марқакөл түсіп, одан ары облыс орталығына таксимен шыққан. Аурухана дəлізі. Дəрі-дəрмек иісі қолқаны қабады. Дəрігер көп күттірмеді. Ақжаулықты ананы жеке кабинетіне алып кетіп, Елжанның жағдайын бүкпесіз баяндады. Сөз соңында ананың мөлдіреген көзіне жылт еткен үміт сəулесін де ұялатқан. Жанашырлық танытқан дəрігер Əлиманы иығына ақ халат жауып, реанимация бөлімінде жатқан ұлының палатасына алып кірген. Ұлын мұндай жағдайда көремін деп үш ұйықтаса, түсіне кіріп пе?! Аузы-мұрнына трубка тығылған күйі қимылсыз жатыр. Анасы маңдайынан сипады. Басында еш жарақат жоқ, сау сияқты.

– У-у-уһ. Құдайым-ай! Əлі-ақ шауып кетесің, құлыным. Уайымдама! Жаратқан баламен сынамай-ақ қойса қайтер еді?! Өмір əділетті болса, дəл сен мұндай жағдайға тап болмас едің. Жан баласынан жақсылығыңды аямайсың. Алтыным сол, көзіңді ашшы! Көрші-қолаң да сəлем айтты. Тез сауықсын дейді. Көп тілегі көл. Қабыл етеді құдай! – деп орнынан тұрды. Қимылсыз жатқан баласының маңдайынан иіскеді. Бала да анасының келгенін сезсе керек, көзінің қиығынан мөлдір жас мамық жастыққа домалап түсті. Дəрігер Əлиманы шынтағынан демеп, дəлізге қарай бастаған. Көңілі жайланғандай ағайынының үйіне келіп, сəл қисайып, мызғыған. Ұйықтап кетіпті. Таңға жуық есік қағылып, ұлының достары кіріп келе жатқанда Əлиманың көз алды тұманданды да кетті… Ана байғұс естүсі кіресілі-шығасылы ауылына қалай жеткенін білмейді. Сүйекті əкелген күні Өспеннің аспанына қара бұлт төнгендей еді. Бір-ақ сəтте үй іші азан-қазан болды да кетті. Күн мен түні қайсы, ес пен түсі қайсы, белгісіз еді. Күндер өтті. Бəлкім бес күн, бəлкім он күн. Сыртқы есік шиқ етіп ашылған. Шəуілдеп үре жөнелетін ит те бас көтермеді. Əскери азаматтар келіп, бірнеше қағазға қол қойдырып, азын-аулақ көмегіміз деп ақша қалдырып кеткен. Əлима ол ақшаның мөрін де көрген жоқ. Алматы мен Астанадан келген ұл-қызы сандыққа салып қойдық, керегіңде ұстарсың дескен. Оны Əлима ұлының қырқын атқарып, келімді-кетімді елді шығарып салған соң ашқан. Қомақты сома. Бұл сəтте Əлиманы қызықтырған ақша емес, мұншама ақшаны неге берді деген сауал санасын шымшылаған. Ол ойынан шыға беріп еді, Бұлақты заставасының командирі Марлен Кенжебековты басқа жаққа ауыстырып жіберіпті дегенді естіген. Артынша анау көрші қатындардан «Елжанды командирі пышақтап өлтіріп, өзі қашып кетіпті» деген əңгіме Əлимаға да жеткен. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдай ма?! Əлима полицияға неше рет арызданғысы келіп, райынан қайта берген. Əділдікке жетер-жетпесіне күмəнданған да қойған. Қараша туып, алғашқы қар жауды. Өзін-өзі іштей мүжіп жүрген Əлима ақыры Астанадағы қызына хабарласып, ауылдағы қаңқу əңгімені жайып салған. Ол күні екеуі телефонмен ұзақ сырласқан.

– Астанадасың ғой, жаным. Министрлерге қалай хат жазу керектігін білесің. Болмаса, Президентке жаз. Бірі болмаса, бірі оқиды. Көңілде жүрмесін. Түптің түбі əділдік орнайтын шығар. Сөйте ғой, балапаным, – деп қызына тапсырған. Содан кейін-ақ Əлимаға құқық қорғау органдарынан хабарласып, бірлі-екілі сұрақ қойған. Заң бойынша əскери полицияға арыз жазып, қол қою керектігін айтқан. Айтқандай, Əлима орталыққа барып, арыз түсірген.

* * * Кешкі Өскемен. 2003 жылдың 18 қарашасы. Əскери полиция ғимаратының екінші қабатындағы төргі бөлменің ғана жарығы жанып тұр.

– …Түсінікті ме, капитан? Бұл өте жауапты тапсырма. Министр өзі бақылауына алып отыр. Қылмыстық іс қозғалды. Енді соны соңына дейін жеткізу керек. Сенің тəжірибең мол. Əрине, қылмысты дəлелдеу оңайға соқпайтынын біліп тұрмын. Десе де, қолыңнан келеді. Ертең ерте жолға шық! – деп, əскери полиция басшысы тапсырманы қадап тұрып берген. Сапаров қай тапсырмаға болмасын жауапкершілікпен қарайды. Бұған дейін де қаншама қылмысты ашты. Аудандарда жүріп те біраз тентекті тезге салған. Бұл жолғы əлдеқайда қиын, əлдеқайда күрделі еді. Күдіктіні қолға түсіру, оны тергеу түк емес. Əлима Жайлаубаевадан түскен арызда «ұлыма эксгумация жасап, алған жарақаттарын қайта зерттеуін сұраймын» делінген. Қайсар Сапаров қаншама қылмыстың бетін ашса да, қабірдің бетін ашып көрмеген. Сол үшін де ғой, ауылдағы ішімдікке құмар жігіттерді жинаған. Бейітке беттемес бұрын, ауыл молдасымен кеңескен. Молда келгенше, мазардың маңайын қардан аршып, күрек-қайланы сайлап қойысты. Артынша бесеу төмпешікті қопара бастады. Үнсіз. Бір-бірімен əңгімелесуге құлықсыз бəрі. Əруақтарды оятып алатындай, сыбырласып сөйлеседі. Өл-тіріл, Қайсар Сапаровқа мүрдені бүгін алып шығып, аудан орталығындағы моргке жеткізу керек. Астанадан келе жатқан эксперт мамандар үш күнге ғана аялдайды. Демек, таңертең олардың алдында мүрде жатуы тиіс. Жалдаған азаматтар стаканды қалай сілтесе, қара жұмысты да солай сілтейді екен. Тоң қата қоймапты. Топырақ бетін қайламен қопсытқан соң күрекпен баса берген. Капитан Сапаров пен лейтенант Ілеспаев термостағы шайдан ішіп, бойларын жылытқан болады. Бой жылынғанымен, табаннан өткен суық маңдайды солқылдатады. Дамылдау ға уақыт жоқ. Анау үшеуін арақ жеңе қоймапты. Қарулы. Түс ауғанша белуардан қазып тастады. Көлденең қойған қарағай тақтайлардың бас жағы көрінгенде Сапаровтың бойын қорқыныш билеген. Дəл сол қорқыныш бұл жердегі əркімнің бойында болуы əбден мүмкін. Қабір ішіндегі топырақ түк қалмай шығарыла бергенде орман жақтан жылаған дауыс шықты. Əлде ұлыған дауыс па? Бəлкім, сыңсыған орман шығар. Көлденең тізілген тақтайдың екі-үшеуі алынғанда, жертөледегідей ылғал иіс танауға келді. Сапаров та пенде ғой. Бір сəт қорқынышты қуаныш жеңіп кеткен. Санаулы күнге келе жатқан эксперттерге үлгеретін болдық деп қуанған. Иіс күшейе бастағанда, шұңқырда жүрген жігіттердің бірі тырмысып шықты да, арағың да, ақшаң да керек емес деп тайып тұрды. Соңынан екеуі шығып, үсті-басын қақты да, сыңар соқпаққа түсіп, құлдилай жөнелген. Тоқтатпақ болған Ілеспаевтың сөзіне тоқтаған жоқ. Ең жауапты сəттегі жұмыс тергеуші мен инспекторға қалды. Амал жоқ. Сапаров жүрегі дауаламаса да, қабірге секіріп түсіп, тақтайларды бір-бірден əпере бастаған. Арғы жағынан ағараңдап кебін көрінді. Орман ұлып тұр. Күн бесінге ауған кез. Инспектор басқа амалдың қалмағанын сезді ме, шұңқырды айналып, аяқ жағына жақындады. Сүйретіліп жүріп ішіне түсті. Үш ай бұрын жерленген сүйекті енді қалай алып шығар екен. Инспектор темекісін тұтатты. Көк түтін көрден шыққан көк иісті басқандай. Сапаров жүрелей отырып мүрденің бас жағын көтере беріп еді, біреу бас салатындай елестеп кетті де, тастай салды. Өзі ұшып тұрды. Қорқыныш дендеп алған.

– Қайсар аға, «өліден қорықпа, тіріден қорық» деген бар. Басын ұстаңыз, мен аяқ жағын көтеріп, шұңқырдың жиегіне қояйық, – деді Ілеспаев сабыр мен. Тергеуші үн қатпады. Қайта еңкейді. Екеулеп көтеріп көріп еді, мүрденің белі бүгіліп бара жатты. Инспектор оң қолмен бел тұсынан демеді. Иіс танауды жарып əкетіп бара жатқаны болмаса, ауыр емес. Екеулеп жүріп, шығарды. Бір-бірін демеп, өздері шықты. Ентіктерін баспастан, үсті-бастарын қақты. Бағанағыдай қорқыныш жоқ. Екі-үш сағат бұрын жеткен жедел жəрдем көлігі жол жиегінде күтіп тұр. Жедел жəрдем көлігі жүйткіген күйі аурухана ауласындағы қабырғасы қақыраған ескі ғимараттың алдына келіп тоқтады. Астанадан келген криминалист, эксперттер білек сыбана дайын отыр екен.

* * * Көп ұзаған жоқ. Эксперт мамандар қорытындысын шығарып, əскери полицияға жолдаған. Екі-үш парақ қағазды капитан Сапаров бір демде оқып шықты дағы, басшысына «не бұйырасыз?» дегендей көзбен қараған.

– Мұқият оқып шықтың ғой, батыр. Эксперттер тырнағынан бастап, ішкі органдарына дейін зерттеді. Басы-қасында өзің де жүрдің, көрдің. Қорытынды осы; сол жақ қабырғаларын сындырған, желке тұсынан ұрып, жұлынын зақымдаған. Соққыға жығылған соң жатып қалған. Алғашқы көмек деген атымен жасалмаған. Қысқасы, – деді əскери полиция басшысы көзілдірігін шеше беріп, – Бұлақты заставасының командирі Марлен Кенжебековты уақытша ұстау изоляторына қамауға аласың. Ордер бүгін дайын болады. Күдіктінің мекенжайын нақтыла. Куəгерлерді де тізімдеп қой. Қайсар істің алға басқанына қуанды. Айналдырған екі-үш күн ішінде күдікті Марлен Кенжебеков тұрып жатқан Таразға жеткен. Есіктің қоңырауы шыр еткенде Марлен бала-шағасымен таңғы ас ішіп отырған. Есікті өзі ашты.

– Марлен Кенжебеков сіз бе? – деді қызыл куəлігін ашып көрсеткен əскери инспектор. – Дəл солай! – деді күдікті көздері жапақ-жапақ етіп. – Киініңіз, кеттік. Қайсардың тектілігі, көрегендігі шығар. Кісенді бала-шағасының көзінше салмаған. Тысқа шыққан соң ғана автомат асынған жасақтың басшысы қолын қайырып, кісендеп, көлікке жайғастырды. Өскеменге жеткенде куəгерлер де тергеу бөлмесінің дəлізінде күтіп отырған. Оларға қаладан шықпау туралы тілдей қағаз берілген. Үш-төрт күн тергеуге алынған Марлен Кенжебеков Елжан Кəрімовты ұрдым деп мойындамады. Аттан құлады деумен ғана болды. Кейбір сөздері қиыспай, сасқалақтағаны да бар. Бұдан соң тергеушілер келесі амалға көшкен. Қос куəгерді шақыртып, тергеу бөлмесіне кіргізген. Капитан Сапаров сұрақ қоя бастағанда, бастығы шақыртып, бөлмеден шығып кеткен. Есік жабыла сала екеуі ақылдаса бастаған.

– Командирді бəрібір мойындатады. Екеуміз ілініп кетпесек де, оның ұрғанын көрген біз ғанамыз. Так что, шындықты айта салайық, – деген төргі жақтағы толықтау келген қара жігіт. – Шындықты айтсаң, бізді жайымызға қалдырады деп тұрсың ба? Марленнің қолы ұзын. Бізден кек алмай қоймас. Əзірше үндемейік, – дей бергенде шкафтан форма киген полиция қызметкері шыққан. Дəл сол сəтте есіктің арғы жағында тұрған Қайсар да кірген.

– Ал, жігіттер! Естідік. Оқиғаның қалай болғанын да білеміз. Командирлерің бəрін жайып салған. Оның айтқанымен, сендердің айтқандарың сəйкессе, куəгер ретінде ғана сотқа тартыласыңдар. Ал, бір өтірік байқасақ, іс қағазын қылмысқа қатысушы деп толтырамыз да, əскери прокуратураға жібереміз, олар сотқа тапсырады. Ал соттың қандай шешім шығаратынын өздерің болжай беріңдер, – деген Сапаров əріптесінің алдына ақ парақты сырғытты. Куəгердің бірін басқа бөлмеге алып кеткенде, екіншісі бар болған оқиғаны бүкпесіз жайып салған. –

Екеуінің арасындағы келіспеушілік жаздың күні басталған. Бұлақты заставасы тұсындағы шекара таулы өлке болғандықтан, тікенекті сым толық тартылмаған. Арғы беттен бері өту оңай. Өзенді бойлап өтіп жатқандардың қарасы көп еді. Олардың əрқайсысы командирге 10 мың теңгеден төлеп отырған. Күніне кемі он адам кірді десеңіз, 100 мың бүтіндей командирдің қалтасына түсіп тұрды. Біз ол ақшаға қызыққан да емеспіз. Жалақымыз уақытылы түссе соған қуанар едік. Марлен кейде ғана ауылға түсіп, тəтті-дəмді, ішіп-жем, қымбат темекі алып келетін. Сарбаздар оған мəз болып, алғыс айтатұғын. Шекарадан заңсыз кіріп жатқандардан ақша алып жүргенін сарбаздардың бəрі біледі. Бірақ, бұл бұрыннан келе жатқан дала заңы секілді қабылдайтынбыз. Шекарадан кірген аласа бойлы, қысық көзді жігіттер беткейлерден шұғынық гүлін қазып, тамырындағы құртты жинап жүрді. Өндімейтін жұмыс еді. Əйтеуір, арғы бетте өте құнды екенін естігенбіз. Сол кезде ғой, Елжан жердің ойраны шыққанына, шекарадағы бассыздыққа іштей күйініп жүретін. Жеке жерде мұнымыз дұрыс емес деп сан рет айтқан. Есіл байлықтың ел асып жатқаны жарамас деп, жоғарыға хат жазамын деп те жүрген. Қайтыс боларынан екі-үш күн бұрын командир Кенжебеков арғы беттен өтіп келіп, гүл қазып жүрген азаматтарға «салықты» өсірді дегенді естігенде, көрсетемін бұған деп ашуға булыққан. Айтқанындай, түн ортасы тамыр қазған тамырластарды арғы бетке өткізіп тастаған соң, екеуі казарманың алдында ерегесіп қалды. Елжан қылмысыңды жаһанға жар салып əшкерелеймін деп зеки бергенде, командир жұдырық сермеген. Шапшаң жігіт басын тартып үлгерген де, командирін аяқтан шалып құлатқан. Ауыр дене гүрс еткен де, басы солқ еткен. Біз командирді қолтығынан демеп тұрғыздық. Тұра салды да қабырғада тұрған өрт сөндіру күрегін жұлып алып, Елжанның соңынан кеткен. Тарп-тарп басып, біз бірге жүгірдік. Тоқтатуға шамамыз емес, батылымыз жетпеді. Біз жеткенше, екеуі алыса бастады. Командирдің қорбиған денесі ғана, Елжан тағы да жамбасқа тастады. Бірақ қол көтермеді. Сонымен екі жаққа тарқасқан. Түнде ғой, Елжан бөлмесінде теріс қарап, етігін тазалап отырған кезде Марлен ұрланып барып балғамен желке тұсынан ұрған. Ол жағдайды біз көрмедік, шынымды айтайын. Тарстұрс еткенде ғана жүгіріп жеткенбіз. Бөлмеге ентелей енсек, командир тепкілеп жатыр. Бізді көрді де шығып кетті. Біз ес-түссіз халдегі Елжанды көтеріп, төсегіне жатқыздық. Киімін шешіп, қабырға тұсына сулап дəке бас тық. Сол кезде көзін ашып, жүрегім айнып кетті деген. Біз көзін ашқанына қуандық. Көлікке салып дəрігерге апарар едік, командир бұл жағдайды ешкім білмесін деп қатты ескертті. Қорқытты. Түнімен ес жимаған соң ғана ауруханаға апарғанбыз. Содан кейін оқиға қалай өрбіді, білмеймін. Тіпті заставадағы сарбаздардың өзі төбелес болғанынан бейхабар. Тек, қаралы хабарды ғана естідік, – деп ағынан жарылған куəгер азамат. Екінші куəгер де айна қатесіз осылай деп баяндаған. Бəрі тайға таңба басқандай анықталды. Карта ашылды. Артынша, күдікті де қылмысын мойындап, басын төмен салған. Өкінген, өксіген. Алайда, гүл үшін үзілген ғұмыр кешірілмейді. Соттың балғасы тық етіп, үкім кесілген күні Өспен ауылына күн шуағын шашып тұрды. Алтайдың күнгейіне шұғынық гүлдері де жайқала біткен.

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң...

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...