Астанадағы Назарбаев әуежайы төрт жылдан бері тұрақты жалға алу құнын төлеп, жұмыс істеп келген «Сервис-АСТ» ЖШС-ге тиесілі орынды басқа компанияға бергені сотта қаралып, заңсыз деп танылған болатын. Соның салдарынан ақша айырбастаумен айналысатын компания біраз шығынға батты.
«Сервис-АСТ» өз құқығын қорғап, 2024 жылдың 2 сәуірі мен 2025 жылдың 2 маусымы аралығында уыстан шығарылған пайданы өндіріп алу мақсатында сотқа қайта арыз түсірген. Алайда, Астана әуежайынан 129 мың 833 мың теңге, ал «Байлық финанс» ЖШС-нен 63 млн 989 мың теңге талап етілгенмен, екі тарап та мұнымен келіспейтінін жеткізді. Бұдан соң компанияның арнайы бухгалтерлік, салықтық есептерін жіберуін сұрады. Ал «Сервис-АСТ» ЖШС болса, тиісті құжаттарды тіркеп отырды.
2 қазан күнгі кезекті сот отырысында Астана әуежайы мен «Байлық финанс» өкілі «Сервис-АСТ» ЖШС-нің уысынан шығарылған пайдасына қатысты 2023-2024 жылғы декларациялық, бухгалтерлік есептерін талап етіп еді, судья Айжан Әбенова енді ешқандай талап-арызды қабылдамайтынын және соттың шешім шығаруға дәлелдемесі жеткілікті екенін тілге тиек етті.
Сонымен, бұл күнгі процесте судья екі жақтың іске қатысты уәжін тыңдап, сарапшылардан жауап алды. Бір айта кетерлігі, жауап берушілер процесуалдық тәртіпті бұзып, қажетті құжаттарды сот отырысына бірер сағат қалғанда ғана жолдағаны судьяға ескертілді.
Әуелі «Сервис-АСТ» ЖШС өтініші бойынша сараптама жасаған маман қосылды. Эксперт компанияның шығындары мен табысынан шектелгенін айта келе, сараптаманың нақты құжаттар арқылы жасалғанын ескертті.
Бұдан кейін екінші тараптың эксперті «Байлық финанс» ЖШС тарапынан жасатқан сараптамамен таныстырды. Компания өкілі «Сервис-АСТ» ЖШС ұсынған есептік құжаттардың әртүрлі екенін желеу етіп, долбарын ұсынды. Сот отырысы барысында тараптар сараптама нәтижесіне қатысты сұрақ қойып, келіспейтін тұстарын өзара талқыға салды.
Мәселен, «Сервис-АСТ» ЖШС қорғаушысы Алма Мусина эксперт сараптама жасағанмен, шешім шығаруға асықпау керектігін айтса, компанияның тағы бір өкілі Александ Каплан сараптамада күмән тудыратын сұрақтар барын алға тартты.
«Сервис-АСТ» ЖШС адвокаты Алма Мусина: «Сот процесінде «Байлық финанс» ЖШС өз тарапынан сараптама жасатып, маманның қорытынды жұмысын сотқа тіркеді. «Эксперт уыстан шығарылған ақшаны санау мүмкіндігі жоқ деп баға берді. Компания тиісті құжаттың бәрін дер кезінде жіберілгенін, дәлелдеме құжаттың жеткілікті екенін шегелеп айтты.
«Сервис-АСТ» ЖШС өкілі Асқар.Мелдибеков: «Соттың өткен отырысында «Байлық финанс» ЖШС тарапынан «Сервис-АСТ»-ға қатысты көптеген шындыққа жанаспайтын пікірлер айтылды. «Бәсекелестік орнату» туралы барлық мәлімдеме жалған: шынайы бәсекелестік – айырбастау пункттері қатар жұмыс істеген жағдайда ғана болады, ал бір кәсіпкерді нарықтан шығарып, оның орнына басқаны қою – бұл бәсекелестік емес.
2024 жылғы сәуірден бастап 2025 жылғы маусымға дейін «Байлық финанс» халықаралық терминалда монополиялық жағдайда, яғни ешқандай бәсекелессіз жұмыс істеді. Мұны бәсекелестік деу мүмкін емес, бұл – рейдерлік басып алу», – деді.
Сондай-ақ, «Сервис-АСТ» өкілдері компанияға тағылған «жоғары маржа қойды» деген айыптау да шындыққа сәйкес келмейтініне екпін түсірді. «kurs.kz мәліметі бойынша, 2024 жылғы 15 наурызда «Сервис-АСТ» ЖШС долларды сатып алу мен сату арасындағы айырмашылық (маржа) небәрі 4 теңге болған. Ал 2025 жылғы 26 мамырда «Байлық финанс» ЖШС маржасы 6 теңгеге дейін жеткен. Сондықтан, олардың «туристер мен астананың беделі үшін әрекет еттік» деген уәждері негізсіз. Келісімшарт тоқтатылғаннан кейін біз мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсындық. Алайда, бізге тек ішкі терминалдан орын беруді ұсынды, бұл біздің талаптарымызға және бұрынғы жұмыс моделімізге сәйкес келмеді. Себебі, «Сервис-АСТ» пандемия кезеңінде үш жыл бойы валюта айырбастау пунктін дамытып, маркетингке қаржы салып, халықаралық терминалды жолаушылар үшін ыңғайлы және танымал орынға айналдырды. Бірақ ашық бәсекелестік орнына, біздің жалға алған орнымыз сол күйінде басқа кәсіпкерге беріліп кетті. Бұл біздің құқығымыздың бұзылуы және рейдерлік әрекеттердің нақты белгісі», – деді «Сервис-АСТ» ЖШС өкілі Асқар Асанұлы.
Үш тараптың дәлелдемесін мұқият тыңдаған судья өз бағасын кеңесу бөлмесінде беріп, шешім қабылдайтын болады. Ал келесі сот отырысында жарыссөз өтеді.