12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

САТҚЫН

Жомарт – кішкентайынан маңдай термен еңбек етіп, әр саланы дөңгелетіп жүрген іскер азамат. Ол Тараз технология институтының «Тері өңдеу» факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын Кеңес үкіметі тұсында Шымкенттегі тері-галантереялық фабрикада цех бастығы ретінде бастады. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған тұста елде жаппай өндіріс ошақтары жабылып, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу басталды. Мемлекеттік қолдаудан айырылған кәсіпорындар бірінен соң бірі тоқтап, шикізат пен қаржы тапшылығы бизнеске ауыр соққы болды. Осы кезеңде галантерея фабрикасы да жабылды. Жомарт бұл қиындықтарға мойыған жоқ. Ол өз ісін бастауға бел буды. Бірақ нақты қай салаға бет бұру керектігін ойланып жүрген күндердің бірінде таныс өзбек досы Ташкенттегі тері өңдеу цехтарында химиялық заттардың тапшылығы туралы айтты. Жомарт бұрынғы зауыттарда жұмыс істегенде тері өңдеуге қажет химиялық реагенттердің қай жерде сақталғанын білетін. Ол бұл мүмкіндікті жіберіп алмауды жөн көріп, кәсіпті осы саладан бастады. Қасына сенімді үш жігітті ертіп, тоқтап тұрған зауыттардан тастай қатып қалған, керексіз болып жатқан химиялық заттарды арзан бағамен сатып алды. Оларды қайта өңдеп, Ташкенттегі тері өңдеу цехтарына жөнелте бастады. Бастапқыда шағын гаражды шеберханаға айналдырып, темір келіге салып, келсаппен ұнтақтап, химиялық заттарды қаптарға толтырды. Қарапайым тәсілмен басталған бұл кәсіп алғашқы табысын бере бастады. 1995 жылы ол тоқтап қалған бір тері зауытын сатып алды. Бұл – үлкен тәуекел. Жомарт қолда бар бар қаржысын салып, шикізат тапшылығы, бәсекелестік, кеден кедергілері мен қаржылық дағдарысқа қарамастан кәсібін жалғастырды. Ташкенттің тері өңдеу цехтарымен жасаған келісімшарттар уақыт өте келе тұрақты табыс әкеле бастады. Тоқтап қалған зауыттардан алынған реагенттерді тиімді бағада сатып, қайта өңдеу арқылы нарыққа шығаруы – бұл кәсіптің табысты моделіне айналды. Уақыт өте келе, ол енді мұнымен шектелмей тері өнімдерін де өңдеп, экспорттауды қолға алды. Қазақстанда жаңа цехтар ашып, өз өндірісін бастады. Оның табысы бірнеше есеге өсті. Жомарттың кәсібі тек тері өңдеу саласымен шектелмеді. Ол логистика саласына да кірісіп, өнім тасымалдау жүйесін реттеді. Кедендік мәселелермен бетпе-бет келсе де, оларды шешудің тиімді жолдарын тауып отырды. Кейін ауылдардан мал терісін жинап, Қытайға экспорттауды бастады. Бұл іс те үлкен жетістікке жетіп, кәсібі кеңейе түсті. Жүре келе тек шикізат жеткізіп қана қоймай, дайын былғары өнімдерін сатумен де айналысты. Қытайлық кәсіпкерлермен сенімді әріптестік орнатып, ұзақ мерзімді келісімдер жасасты. Осылайша, оның бизнесі халықаралық деңгейге көтерілді. Жомарт ауыл тұрғындарымен де жақсы қарым-қатынас орнатып, олардан әділ бағамен мал терісін сатып алып отырды. Ауыл халқы да оған сеніп, өз өнімдерін өткізуді жөн көрді. Оның әділдігі мен кәсіпкерлік интуициясы қаржылық айналымды жақсартып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл тек тері жинау ғана емес, ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа қадамы болды. Осы машахаты көп жолдардан жиған тәжірибесі оның бойына кез келген кәсіпке деген үлкен сенімділікті ұялатты. Ол ендігі бизнес жолын құрылыс саласына бұруды жөн көрді. Шымкент пен оның маңындағы қалаларда коммерциялық ғимараттар мен тұрғын үйлер салуға инвестиция салды. Мемлекеттік құрылыс жобаларына қатысып, мектептер, ауруханалар, әкімшілік ғимараттар тұрғызды. Элиталық, орта және эконом-класс үйлер салып, аймақтың дамуына үлес қосты. Бастапқыда бұл салада да түрлі қиындықтар кездесті: рұқсат құжаттары, бәсекелестік, жұмысшылар мәселелері. Бірақ Жомарттың іскерлігі, табандылығы мен адалдығы оның құрылыс саласында да табысқа жетуіне кедергі болмады. Құрылыс саласындағы жетістігі оны өңірдегі ықпалды кәсіпкерлердің біріне айналдырды. Ол халыққа тек бизнестегі табыстарымен ғана емес, қайырымдылық шараларымен де танылды. Әрдайым айналасына көмектесіп, адамдарға жанашырлық танытты. Еңбектегі адалдығы мен әділеттілігі оны құрметті кәсіпкер абыройына жеткізді. Жомарттың өміріндегі ең басты құндылығы – отбасы. Ол балалары мен жақындарына әрдайым қолдау көрсетіп, олардың білім алып, өз жолдарын табуына жағдай жасады. Алғыр жігіттің еңбекқорлығы, адалдығы оның кәсібін өркендетіп, Қазақстан мен көршілес елдердің нарығында беделді кәсіпкер болуына мүмкіндік берді. Оның өмір жолы – табандылық пен қайсарлықтың, адал еңбектің жарқын үлгісіне айналды. Қажырлы еңбектің арқасында Жомарт ірі құрылыс компаниясының иесі атанды. Уақыт өте келе, оның бизнесі тек құрылыс саласымен шектелмей, жаңа бағыттарға да қанат жайды. Үлкен ұлы Астанаға мемлекеттік қызметке тұрған соң, отбасылық кәсіпке көп араласа алмады. Ал екінші ұлы студент. Сондықтан әкесінің қасында жүріп, бизнесін бірге өркендетуге мүмкіндігі болмады. Сол себепті Жомарт қасына сенімді, еңбекқор, іскер жігіттерден команда, яғни компаниясына  сайдың тасындай жас жігіттерді жинады. Оны естіген жан досы Айбар жиені Болатты Жомартқа жіберді. Жүрегі алып-ұшқан Болат бірден Шымкентке қарай жолға шықты. Көңілі алаңдаулы, жүрегі біртүрлі күпті.  Қаланың шетіндегі аялдаманың бірінде таксиден түсе сала, адамдардан Жомарттың кеңсесінің мекенжайына қалай жетуге болатынын сұрап алды. Ұзақ күттірмей автобуыта келе қалды. Алаңдап, қайта-қайта терезеге қарап отырғанда көшенің арғы бетіндегі биік ғимараттың маңдайшасынан «Jomart Construction» деген атау жарқырап көрінді. Бұл – оның діттеген жері. Болаттың жүрегі дүрсілдеп қатты соға бастады, көңілі алаңдаулы, аяқтарын жылдам басып келеді. Шымкенттің қақ ортасындағы кеңсеге жақындаған сайын, ойы сан-саққа жүгірді. «Жомарт – ағамның жан досы. Ол мені ренжітпейді. Бірақ мені қасына ала ма? Киімім ескі, түрім жүдеу… Қанша дегенмен бай-бағландардың ортасы ғой. Қабылдай ма екен?» Жол бойы қалың ойда болғандықтан қарны ашқанын енді сезінді. Базардың жанынан өткенде, самса мен ыстық шайдың иісі мұрын жарып барады. Бірақ қалтасында соңғы ақшасы ғана қалған. Оны үнемдеуге тура келді. Қаладағы зәулім ғимараттардың арасымен жүріп отырып, ақыры «Jomart Construction» кеңсесіне де жетті. Биік әйнек есіктің ар жағында іскер адамдар ары-бері өтуде. Болат бір сәт өзінің бұл ортаға сай келмейтінін ойлап, жүрексініп қалды. Бірақ кейінгі айларда көрген қиындықтары есіне түсіп, бойын тез жиып алды. «Мен де адаммын! Тек мүмкіндік керек. Егер Жомарт ағам қолдау көрсетсе, мен де оның сенімін ақтаймын!». Жігерін жиып, есікті ашты да, ішке кірді. Қыбылдау бөлмесінде аққұба келген, орта бойлы әдемі хатшы қыз күлімсірей қарсы алып, жөн сұрап, «бірер минут күте тұрыңыз» деп Жомарттан рұхсат сұрап, Болатты ішкі кең бөлмеге өткізді.

Жомарт кабинетінде маңызды құжаттарды қарап отырған. Есіктің ашылғанын естігенде, басын көтеріп:

— Кіріңіз! — деді қатқыл даусы кең бөлмеге жаңғырып.

Есіктен Болат сыптай болып кірді де, шалт қимылмен Жомарттың алдына жетіп барып, сәлем берді:

— Ассалаумағалейкум, Жомарт аға! Ағам сізге дұғай сәлем айтты. «Жомарттың бір жақсылығы өле-өлгенше мойнымда, амандығын біліп қой» деді. Жомарт орнынан көтеріліп, Болатқа қол соза бергенде, үстел үстіндегі қаламсабы жерге қарай сырғып бара жатты. Бірақ ол жерге жетіп үлгермеді – Болат лып етіп оны қағып алды да, әдемі қимылмен Жомарттың қолына ұстатты.

— Аға, сізге адал еңбек етуге келдім! – деп, дауысын жұмсартып, еркелеп сөйледі. Жомарт оның көздеріне бір сәт қарап тұрды да:  «жалт-жұлт еткен жанарында от емес, есеп бардай, өзін сенімді ұстайды, сөзі майда, қимылы шапшаң екен» деп іштен ой түйді. Бірер минуттан кейін:

— Ағаң аман-есен бе? – деп сұрады Жомарт.

— Шүкір, аға. Жағдайым жаман емес. Мені  осында, ағам Сізге жіберді. Қолыңызда қандай жұмыс бар? Кез келген жұмысқа дайынмын. Талапқа сай болуға тырысамын! Жомарт бір сәт ойланып, орындыққа қайта отырды. Алдындағы қағаздарын реттеп жатып, асықпай сөйледі:

— Жарайды, Болат. Менің қасымда тек сенімді адамдар жұмыс істейді. Сен маған қаншалықты адал боласың?

Болат іркілген жоқ:

— Құдай мен жүрегім куә, мені жаныңызға алсаңыз, артық сұрақ қоймай, берілген істі бұлжытпай орындаймын! Адалдыққа берікпін, аға.

Жомарт ернін жымың еткізіп күлді.

— Сен пысық жігіт екенсің. Жарайды, көреміз. Ертеңнен бастап менің жігіттеріммен бірге жұмысқа кірісесің. Бірақ бір нәрсені есіңде сақта: мен тек адал адамдармен жұмыс істеймін. Болат Жомарттың сөзін іліп алып кетті:

— Ағатай, адалдық – мен үшін бірінші орында! – деді Болат шын сендірген кейіппен.

— Жасың нешеде? –

— 18 жастамын, аға, – деп Болат жылдам жауап қатты.

Жомарт сәл жымиып:

— Онда сенің үйренетінің көп. Құрылыс – ең күрделі, машақаты мол саланың бірі. Алдымен сені осы салаға баулып, үйретуім, тәжірибеден өткізуім керек. Қолыңнан не келеді?

Болаттың көздері жайнап кетті. Мұндай сұрақты күтіп отырғандай, жылдам жауап берді:

— Көп нәрсе қолымнан келеді, аға! Қандай жұмыс болса да тартынып қалмаймын!

Жомарт сәл ойланып, сұрақты нақтылай түсті:

— Көлік жүргізе аласың ба?

Болат қуанып кетті.

— Жүргіземін! – деді ол бар дауысымен. – Бала күнімнен әкемнің көлігін айдап үйренгенмін. Ауылда кім көлік айдамайды дейсіз?

Жомарт басын изеп, ойға шомылды.

— Жақсы. Ертеңнен бастап біздің жүргізушілермен бірге жүресің. Қалада көлік жүргізудің ауылдағыдай емес екенін білесің ғой?

— Білемін, аға. Бұйырса ертең-ақ қаланың әр бұрышын меңгеріп аламын. Оған еш алаңдамаңыз!

— Жарайды, – деді Жомарт. – Бірақ есіңде болсын, мұнда сенің әрбір әрекетің сыналады. Адалдық, жауапкершілік, тәртіп – бізде басты қағида. Егер осы талапқа сай болсаң, орныңды табасың.

— Аға, мен сіздің сеніміңізді ақтаймын! – деді Болат қуанышты үнмен.

              Болат  бірінші күннен-ақ томпаңдап жүріп, Жомарттың компаниядағы барлық тапсырмаларын тиянақты орындай бастады. Ол ештеңеден тартынбай, қандай жұмыс берсе де екі етпейтін пысықтығын көрсетті. Құрылыс алаңына барса – жүк тасиды, кеңседе жүрсе – қағаз тасиды. Қажет болса, қонақтарға шай құйып, есіктің алдындағы көліктерді жуып тастайтын болды. Жомарт оған таңғала бастады. «Бұл бала шын ниетімен жұмыс істеп жүр ме, әлде жай ғана жағымпаздық па?» – деп кейде іштей ойланып қояды. Бірақ Болаттың пысықтығы мен тыңғылықтылығы оған ұнап қалды. Бірде кеңседе отырғанда, Болат жүгіріп келіп, аяқ киімін шешіп, қораптағы жаңа туфлиін қолына ұстатты:

— Аға, жаңа аяқ киіміңізді әкеліп қойдым. Қазір ескісін тазалап қоямын!

Жомарт сәл жымиды.

— Сен тым асыра мақұлшылдыққа салынып кетіп жүрген жоқсың ба?

— Жоқ, аға! Бұл – құрметім ғой. Сіз маған сенім арттыңыз. Мен сізге адал қызмет етемін! Осылайша, Болат Жомарттың жанынан бір елі ажырамайтын сенімді көмекшісіне айналды. Қайда барса да бірге жүреді, айтқанын екі етпейді. Жомарт оған бауыр басып, ерекше сенім арта бастады. Болат жай ғана қызметкер емес, Жомарттың сенімді серігі, туған бауырындай болып, ортаға тез сіңіп кетті.

         Зымырап 20 жыл өте шықты. Жомарт бүгін ерекше сезіммен жұмысына ерте келіп, терезеден сыртқа қарап, Шымкенттің таңғы көрінісін тамашалады. Күзгі салқын самал оның ойларын одан сайын алыстарға жетелей түсті. Ол үшін бұл таң ерекше. Себебі, қасында 20 жыл жүріп, сенімді бауырына айналған Болатқа жаңа жобаны тапсыруға бел буды. Ұзақ ойланып тұрды да қолына ұялы телефонын алып:

— Болат, маған келші, – деді кең кабинетінің ішінде тұрып.

Болат есікті ақырын ашып кірді. Оның көзі жайнап тұр. Соңғы жылдары Жомарттың оң қолы болып, бизнесінің ең маңызды тұтқаларын басқаруға мүмкіндік алған. Жомарт:

—Болат,  сен маған біраз жылдан бері адал қызмет етіп келесің. Мен сенің еңбегіңді бағалаймын. Сондықтан осы жолы саған аса маңызды жобаны сеніп тапсырайын деп жүрмін – деді байыппен.

Болат екі көзі шамдай жанып, іштей қуанып тұрса да, сырттай салмақты кейіп танытып:

— Рахмет, Жомарт аға. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Сеніміңізді ақтауға тырысамын. Жомарт Болаттың көздеріне тіке қарады. Бірақ бұл сенімнің соңы неге апарарын ол  білмеді…

Болатжан, құрылыс оңай сала емес. Әлемдегі ең ірі және күрделі индустриялардың бірі. Ол тек ғимараттар мен инфрақұрылым салумен шектелмейді, сонымен қатар экономикаға, технологиялық дамуға және әлеуметтік өзгерістерге тікелей әсер етеді. Жобалау және жоспарлау, архитектура мен инженерия. Материал өндіру: цемент, болат, ағаш, шыны. Құрылыс процестері: жер қазу, монтаж, әрлеу. Қауіпсіздік пен экология: еңбек қауіпсіздігі, экологиялық нормалар. Басқару мен қаржы: инвесторлар, мердігерлер, тендерлер сияқты көптеген қиындықтар бар. Сонымен қатар, бұл салада тәуекел жоғары – бюджеттің артуы, мерзімдердің кешігуі, жұмыс күшінің тапшылығы, техникалық қиындықтар сияқты мәселелер жиі кездеседі. Бірақ дұрыс басқару мен заманауи технологияларды қолдану арқылы құрылыс индустриясында үлкен жетістіктерге жетуге болады. Осының бәрін саған үйретуім керек.  Жұмыстан соң қаласың, бизнес сабақтар өткіземін. Бір ай өткенде Жомарт:

-Болатжан, саған өткенде мемлекеттен жаңа жоба алғанымды айтқанмын. Сарыағаш пен Шардара қаласындағы жаңа құрылыс алаңдарын біздің фирма жеңіп алды. Сол себепті, жаңа фирманың басшысы етіп, сені тағайындадым. Мемлекеттік үлкен жобалар – үлкен мүмкіндік қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Сен осы сенімді ақтайсың деп ойлаймын! Болат тыпыршықтап бір орнында тұра алмай кетті.

-Жомарт аға, көп рахмет – деп, оның қолын жібермей ұзақ қысып ұстап тұрды:

-Көке, көресіз, сеніміңізді ақтаймын! Бұл үшін әлі маған рахмет айтасыз- деп, басындағы кепкасын көкке лақтырып, қайта қағып алып, балаша секіріп қуанды. Жомарт Болатты қасына алып, мемлекеттік тапсырысты орындаудың бірнеше негізгі қиындықтарын тағы да нақтап түсіндірді.

         Жаңа лауазымдық қызмет Болаттың мінез-құлқын күн өткен сайын өзгерте берді. Дүниеге деген ашкөздік оның жүрегін қарайтып, ішкі әлемінде қақтығыстар туғызып, қатал шешімдер қабылдауына әкеп соқтырды. Ол ешкімді аямайтын, билікке, байлыққа жетуге барын салатын қатыгез жанға айналды. Оның ішкі жан-дүниесінде үнемі күрес жүріп жатты. Оның бойындағы адамгершілік қасиеттер жоғала берді. Қанағатсыздың ішкі тар ниетін Жомартқа бәсекелес болып жүрген әккі Тезекбай баяғыдай байқап қалған. Енді оны өз мақсатына пайдалануды жөн көрді.  Болаттың әлсіз тұсын дөп басып, өзіне жақын тарта бастады.  Бір күні оңаша кездесуде  Болатқа сыбырлай сөйлеп, ішіне күмән ұялатты.

— Әй, Болат, сен осы Жомарттың көлеңкесінде жүргелі неше жыл болды? Болат:

-Жиырма жыл! Тезекбай:

-Ал осы жылдарда не пайда таптың? Анау әбден шіріп байып алды. Осы сенің еңбегіңнің өтеуі бар ма? Болат үндемеді. Бірақ Тезекбайдың сөзі жанын тіліп өтті. Ол одан әрі арам ойын жалғады.

— Бері қарашы, бізге де бірігіп, бірдеңе жасау керек. Сенің фирмаңа түсіп жатқан қаражатты тиімді пайдаланып, өз кәсібімізді ашып алуымыз керек? Жомарт білмей қалады, оның ақшасы көп, бірер миллионның жетіспегенін аңғара да қоймас. Болат азғыруға көнгісі келмесе де, бұл ой оның санасын біраздан бері мазалап жүр. Тезекбайдың сөзі сол ойына май құйды. Болат жаңа қызметке келгелі Жомартқа адалдық туралы берген уәдесін ұмытқан. Тек қана осы мүмкіндікті қалай өз мүддесіне пайдаланып кетудің жолын таппай жүргенде «сұрағанға тілегін беремін» дегендей Тезекбайдың алдынан шыға қалғанын өмірдің олжасы деп қабылдады.  «Досым шынында да дұрыс айтады. Жомарттың байлығы күн санап артып келеді. Мен ұзақ жыл адал еңбек еттім, сол жылдардың өтемін қалайда қайтаруым керек» деп өзін өз қамшылаумен болды. Жыланның аяғын көрген Тезекбай оның  ойын жүзінен оқып, одан әрі үгіттей түсті:

— Болат, сен өмір бойы біреудің қасында жүре бересің бе? Қазір өзіңе жұмыс істейтін уақыт. Бір-екі құрылыс нысанасының қаржысын біздің фирмаға аударсақ, Жомарттың жұмысы тоқтап қалмайды, бірақ біз өз алдымызға аяққа тұрып кетеміз. Ол ештеңені байқамайды. Болат күмәнмен басын шайқады:

— Жоқ, Тезеке, мен опасыздық жасай алмаймын. Тезекбай күліп жіберді:

— Сенім дейсің бе? Байлар үшін сенім деген жай сөз. Егер сен әлсіз болсаң, сені бір-ақ күнде лақтырып тастайды. Сен бүгін барсың, ертең жоқсың. Жомарт өз басын ғана ойлайды. Ол саған тек қана тиын-тебен беріп, қасында ұстап отыр. Біз ше? Біз нағыз кәсіпкерлер болуымыз керек. Сенің бұл салада мол тәжірибең бар!

Болаттың жүрегінде шайқас басталды. Ар-ұяты мен ашкөздігі күресті. Бір жағынан, Жомарттың «адал бол» дегенін ұмытқысы келмеді, екінші жағынан, мол ақша, еркіндік, билікке деген шексіз құмарлық оны өз құрсауына байлап алды. Көп ұзамай, ол шешім қабылдады…

Тезекбай Болаттың көкейіндегі күмәнді ойын сейілту үшін одан әрі оны әңгімеге тарта бастады. Оның дауысы сенімді әрі жарқын шықты:

— Болат, сен білдей бір фирманың директорысың. Сен енді жай қызметкер емессің. Өзіңе жұмыс істеуге уақыт келді. Осындай мүмкіндік әркімнің қолына түсе бермейді. Бұл шанс екінші рет қайталанбайды.

Болат ойланып қалды. Тезекбай оны иығынан қағып:

— Қаражат сенің қолыңда. Біз осы ақшаны айналымға салып, үлкен бизнес бастаймыз. Менің билікте таныстарым бар, бізді ешкім тоқтата алмайды. Қорықпа! Сенің де өз бизнесің болады. Болат терең дем алды. Тезекбайдың сөзі санаға әсер ететіндей күшті.  «Жомарт осы уақытқа дейін маған сенді, енді міне, үлкен жобаларды тапсырды. Жоқ. Опасыздық жасай алмаймын»- деп Болат өз ойынан өзі шошып кетті де:

— Жомарт ағам  байқап қояды— деп күмәнін жасырмады.

Тезекбай қулана қарады:

— Ол қайдан білсін? Оның ақшасы көп, әр жерде шашылып жатыр. Біз бір нысанның қаржысын өзімізге бұрсақ та, оған еш зиян келмейді. Екеуміз осы мүмкіндікті жіберіп алмай өз болашағымызды жақсартып аламыз. Болат басын қасып, ойланып қалды. Ол бұл ұсынысты қабылдаса, өмірі түбегейлі өзгеріп кететіндей күй кешті. Болат ақыр соңында  Тезекбайдың ұсынысын қабылдады.  Азғырудың буы мен оңай олжаға кенелу арманы оның ар-ұятын көлегейлеп тастады. Екеуі жоспарды мұқият құрды. Мемлекеттен бөлінген қаржының бір бөлігін басқа есепшотқа аудару үшін, құжаттарға ұсақ өзгерістер енгізілді. Болат  құрылыс материалдары мен жұмысшыларға арналған қаражатты жалған фирмалар арқылы айналдырып, үлкен соманы жымқырды. Тезекбай өз байланыстарын пайдаланып, бұл істің сырт көзге ешқандай күдік тудырмауын қадағалады. Жомарт болса, ештеңеден бейхабар. Ол Болатқа үлкен сенім артты, туған бауырындай қарады, сеніп тапсырылған жұмыстың әділ атқарылып жатқанына еш күмәнданбады. Болат күн өткен сайын бұрынғыдан да сенімді бола бастады. Жымқырған қаржысы еселеніп, енді өз өмірін басқаша елестетті. Ол енді біреуге тәуелді емес, өзін жеке кәсіпкер ретінде қабылдады. Адамгершілік шекарадан аттап өткен соң, тоқтауды ойлаған жоқ. Жымқырған ақшасы оның өмірін күрт өзгертті. Бұрын Жомарттың көлеңкесінде жүрген ол енді өзін  қожайын сезінді. Бірақ бұл өзгеріс оны басқа адамдардың ықпалына түсірді. Тезекбай Болатты өз ортасымен таныстырды. Бұл – билікте байланысы бар, көлеңкелі істермен айналысатын топ. Олар Болатқа жаңа мүмкіндіктер ашты.

— Сен сияқты ақылды адамдар бізге керек, – деді біреуі, – Құрылыс бизнесінде үлкен ақшалар айналып жатыр. Сен бізбен бірге болсаң, бұдан да көп табасың. Бұл сөздер Болатқа сары майдай жақты. Ол енді үлкен ойынның ішіне кіріп кеткенін түсінді. Алғашында қарапайым жымқырумен басталған ісі енді аса үлкен деңгейге көтерілді. Жаңа «серіктестері» оған шенеуніктермен келіссөз жүргізуді үйретті. Мемлекеттік тендерлерді жеңіп алған қаражатпен қандай қулық-сұмдықтар жасауға болатынын көрсетті. Осылайша Болат ақша жымқырудың жаңа әдістерін меңгерді. Тезекбай:

— Мұның бәрі тегін емес, Болат. Енді сені біз қорғамасақ еркін жүре алмайсың, – деп арқасынан қақты. Сол топтағы тағы бір жуан сары:

 – Енді сен бізге қарыздарсың. Бізге де көмегің керек уақыт келеді. Болаттың жүрегінде бір сәтке қорқыныш пайда болды. Ол бұған дейін өзін еркін сезініп келген. Бірақ енді біреулерге тәуелді іспетті. Қанша ақша тапса да, бұл адамдардан бас тарту оңай болмайтынын іштей болжағандай.

           Компанияның жұмыстарын тексеріп отырған Жомарт құжаттарды парақтап отырып, біртүрлі сәйкессіздіктерді байқады. Мемлекеттік қаржының белгілі бір бөлігі есепте жоқ. Ал шығындар бойынша көрсетілген сандар бір-біріне сай келмеді. Ол тағы бірнеше құжатты мұқият тексеріп шықты.

— Бұл қалай болғаны?.. — деп сыбырлап қойды ол өзіне.

Жомарттың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Осынша жылдар бойы адал жұмыс істеп келемін деп ойлаған едім, ал енді көз алдымдағы сандар мүлде басқа нәрсені көрсетіп тұр. Мұның бәрі біреудің қолымен істелгені анық. Ол орнынан баяу көтеріліп, кеңсенің терезесінен сыртқа көз тастады. Күнделікті тіршілік қарбалас жүріп жатты, бірақ Жомарттың көңілі күпті. Оның көкейінде бір ғана сұрақ тұрды: «Мұны кім жасады?» Көп ұзамай, оның күдігі нақты бір адамға ауды – Болат. Соңғы уақытта оның мінезі өзгеріп, қымбат көлік мініп, өзін тым еркін ұстауы күмән туғызған. Жомарт одан жауап алуға бел буды. Ұйқыға кеш жатса да, түні бойы дөңбекшіп шықты. Таң бозарып атқанда төсегінен тұрып, далаға серуенге шығып, біраз бой сергітті. Үйге кірсе, Жанар самаурынды бұрқыратып, дастарханды жайнатып қойыпты. Бір-екі кесе шайын іше сала, жылдам киініп, жұмысына асыға шықты.

Ішке ашулы кірді. Хатшы қызға: — Болатты маған шақыршы! — деді.

Болат бұл шақыруды естігенде, денесі тітіркеніп кетті. Бір сәтке жүрегі тоқтап қалғандай болды. «Барлығын біліп қойды ма?» деген ой санасын жайлап, қолдары дірілдей бастады. Кеңсеге кірмес бұрын ол асығыс түрде Тезекбайға қоңырау шалды. Даусы дірілдеп шықты:

— Жомарт мені шақырып жатыр. Ол бірдеңені сезіп қойған сияқты. Не істеймін? Тезекбай сабырлы үнмен:

— Өзіңе ұстамды бол. Ештеңені мойындама. Ол тек күдіктеніп отыр. Егер қорыққаныңды білдірсең біттің. Ешқандай сыр берме!-

 Болат басын изеп, телефонды қойды. Бірақ іші алай-дүлей болып тұрды. Есікті баяу ашып, Жомарттың алдына келді. Жомарт үстелдің арғы жағында көзін тік қадап тұр.

— Отыр, Болат. Айтар әңгімем бар, — деді дауысы салмақты, бірақ суық шықты. Болат орындыққа баяу отырды. Оның жүрегі дүрсілдеп, алақанынан суық тер ақты.

— Маған шындық керек, Болат — деді Жомарт көзін тайдырмай. — Компания бюджетінен біраз қаражат жымқырылған. Мемлекеттік қаржы біздің есепшотқа түспеген.

Болат бір сәт үнсіз қалды. «Енді не істеймін? Мойындаймын ба, әлде Тезекбай айтқандай, бәрін жоққа шығарамын ба?» – деді ішінен. Жүрегі кеудесінен атып шығардай соғып тұрды. Жомарттың көзқарасы өткір, суық. Ол бірден шындықты айтқысы келгенімен, Тезекбайдың сөзі санасында жаңғырып тұрды: «Ештеңені мойындама! Онда ешқандай дәлел жоқ!» Болат терең дем алып, өзін жинақтап алды.

— Жомарт аға, бұл… жай ғана бухгалтерлік қателік шығар. Мен өзім де толық тексеріп көрейін, — деді ол сенімді сөйлеп. Жомарт қабағын түйіп, орнынан көтерілді.

— Болат, сен мені ақымақ санайсың ба? — деп даусын қатайта сөйледі. — Менің қолымда құжаттар бар. Кімнің қайда, қанша ақша аударғанын да көріп отырмын. Мен саған сендім! Ал сен не істедің?

Болат бұдан әрі не айтарын білмеді. Басы салбырап, көзін төмен түсірді.

— Кешіріңіз, Жомарт аға… — деп күбірледі де, орнынан атып тұрды. — Маған аздап уақыт беріңізші. Мен бәрін реттеймін.

— Жақсы, — деді Жомарт.

— Егер шындықты айтпасаң, мен бұл істі өзім реттеймін –деп Болатқа қарады. Бірақ, ол шындықты айтып кешірім сұраудың орнына кеңседен шыға сала, бірден Тезекбайға қоңырау шалды. Даусы дірілдеп шықты.

— Болды, бәрі бітті! Жомарт аға бәрін біліп қойды! Не істеймін?

Тезекбай асықпай жауап берді:

— Сабыр, Болат. Қазір бар болғаны сенің қорыққаныңды тексеріп жатыр. Егер әлсіздік танытсаң – біттің. Болат:

— Бірақ оның қолында құжаттар бар! Тезекбай:

— Сен туралы ешқандай дәлел жоқ. Егер мойындасаң, түрмеден бір-ақ шығасың. Ал егер дұрыс әрекет етсең, жағдайды өз қолымызға аламыз.

— Қалай?

Тезекбай аздап үнсіз қалды да, ауыр сөз айтты:

— Жомартты жолдан тайдыру керек.

Болат селк ете қалды.

— Не дейсіз?!

— Егер ол тірі жүрсе, сенің түбіңе жетеді. Оны тоқтатудың жалғыз жолы — осы. Болаттың денесі мұздап кетті. Бұл ұсыныс оған тым ауыр көрінді. Бірақ басқа амалы жоқ. Болаттың санасында алай-дүлей ойлар шарпысты. Жомарттың ашулы жүзі, оның сенімін сатқаны, енді өз өмірінің құрдымға кету қаупі… Барлығы бір сәтте өзгерді. Тезекбайдың сөзі құлағында қайта-қайта жаңғырып тұрды:

«Жомарт тірі жүрсе, біздің күніміз қараң». Ол көп ойланған жоқ. Ақыры, өз мүддесі үшін шектен шығуға бел буды.

— Қалай істеу керек? — деді Болаттың дауысы дірілдеп.

— Сен тек ақша бер. Қалғанын мен ұйымдастырамын, — деді Тезекбай суыққанды қалыпта. Құпия кездесу түнде, қала сыртындағы қараңғы қоймада өтті. Киллердің шарты бірден айтылды: 5 миллион теңге. Жарты ақша алдын ала, қалғаны – жұмыс аяқталғаннан кейін. Болат бұған дайын. Ол бес миллион теңгенің жартысын төлеуге бірден келісті. Киллер – қалың қабақ, суық жүзді, мойыны күжірейген, көздері ащы тұздай сұсты, орта бойлы қара жігіт. Бұрын бокспен айналысқан. Кейін жолы болмай, спорттан кеткен. Тезекбай:

— Бұл – біздің кедергілерді шешетін адам, — деді киллердің арқасынан қағып. Болат қорқып тұрса да, артқа шегіну үшін тым кеш екенін түсінді.

— Маған бір мәселені шешу керек — деді Болат, қара жігіттің бетіне тіке қарап.

Ол қатқыл дауыспен:

— Қалай шешкенімді қалайсың? — деп сұрады.

— Мәңгіге… Тез әрі таза шешілуі керек. Ешқандай із қалмасын! — деді Болат, қаны басына шауып. Ол ұзақ киллердің бетіне үңіліп қарап тұрды да:

— Атың кім? — деп сұрады.

— Тұман,— деді жуан қара.

— Тұман, біз саған сеніп, осы тапсырманы беріп отырмыз. Барлығы таза орындалсын, — деді Болат. Киллер басын изеп, қысқа жауап қайтарды:

— Еш уайымдама! — деп суық көздерін Болаттың көзіне қадады.

— Тезекбай ағаның телефонына бір нөмір жіберемін. Қаражатты сол шотқа сал, — деді Тұман.

— Жақсы. Ол жағына уайымдама, — деді Болат.

         Мұндай тапсырманы алғаш рет алған Тұманға бұл жұмыс оңайға түспеді. Қолын қайта-қайта жұдырықтап, терең тыныстап, өзін сабырға шақыруға тырысты. Бір жағынан, Болат ұсынған бес миллион теңге ол үшін сол сәтте ауадай қажет болды. Өз-өзін: «Бұл мүмкіндікті жіберіп алмайын…» — деп әрең жұбатумен болды.

         Мұндай тапсырманы алғаш рет алып тұрған Тұманға бұл жұмыс оңайға түспеді. Қолын қайта-қайта жұдырықтап, терең тыныстап, өзін сабырға шақыруға тырысты. Бір жағынан Болат ұсынған 5 миллионға ол сол сәтте қатты зәру болды. Содан өзін «бұл мүмкіндікті жіберіп алмайын» деп жұбатты. Бірақ тапсырысты орындауға жақындаған сайын ішкі түйсігі талай рет қарсылық көрсетті. Алайда, өкінішті! Алған ақшасын жаратып қойды. Енді артқа шегінерге жол жоқ.

          Жомарт адам танитын, кімнің қандай екенін ішкі түйсігімен бағамдайтын сезімтал болғанымен тура қанатының астында жүрген, балапан кезінен өзі баптаптаған, жан досының інісінен күдіктенуді ешқашан да каперіне алған емес. Ол Болатты ешқашан да жамандыққа қимады. Соңғы кездері Болаттың мінезінен секемденіп жүрсе де, оның сатқындыққа дейін баратынына сенбеді. Бірде ол Болаттың әрекеттерінен біртүрлі жаттық мінездер байқап, оны жұмыстан қуып жіберген кезде  Болат оңай берілмеді. Ол біраз уақыт өткен соң қайта оралып:

— Көке, мен ақымақ болдым, қателестім. Бірақ сіз мені білесіз ғой, жамандық ойлаған жоқпын. Сізге адал қызмет еткім келеді, — деп, жалбарынып, кешірім сұрады. Жомарт оның жалынышты түріне қарап, ауыр күрсінді. Ол әрқашан адамға екінші мүмкіндік беруді жөн көрді. Болатты қайта жұмысқа қабылдауға асыл жары Жанар үзілді-кесілді қарсы болды. Жомарт болса:

— Бір рет қателескен адам түзелуі мүмкін. Қайта келіп тұрса, тәубесіне келген болар. Мен адамгершілікті алға қоямын. Болат, жұмысыңды жалғастыр — деп кеңдікке салды. Жанар:

— Сенің жүрегіңнің жұмсақ екенін білемін, бірақ кейбір адамдарға сенуге болмайды! Ол ертең тағы да қателік жасаса не істейсің? — деді даусы қатқыл шығып.

— Жанар, мен де ойландым. Бірақ адам өз қатесін түсінсе, оған мүмкіндік беру керек. Біз де АЛЛАНЫҢ алдында пендеміз ғой, кешірімді болайық, — деді Жомарт байсалды үнмен. Жанар көңіліне күдік ұялап тұрса да, сүйікті жарының көңіліне қарап үнсіз қалды. Жомарт оны кешірді. Алайда, қулығына құрық бойламайтын Болаттың санасында басқа ой тұрды. Ол өзінің Жомартқа ешқашан адал болмайтынын білді. Оның мақсаты – тек сенімге кіріп, қайтадан компанияның қаржысына қол жеткізу. Ол ішінен: «Бұл жолы сақ болуым керек. Бірден емес, ақырын әрекет етемін…» — деп ой түйді. Жомарт Болатты жұмысқа алғаны оның ең үлкен қателігі боларын сол кезде қайтан білсін?!…

Жанардың жүрегі қателеспеді. Ол Болаттың қара ниетін бірден сезгенімен шарасыз күй кешті. Бұл шешімге разы болмаған Жанар:

– Ол өзгерген жоқ, – деді күйеуіне тағы бірде жеке қалғанда. Қарада тұр. Ол сеніміңді тағы да сатып кетеді. Бірақ Жомарттың жүрегі жұмсақ. Жанар ешқашан Болатқа жылы қабақ танытқан емес. Оның амандасқан қолын талай рет сілкіп тастағаны бар, тіпті көзіне тура қарағысы келмейтін. Қанша уақыт өтсе де, ішкі түйсігі оны алдамайтынын білді. Бірақ бұл сезімін дәлелдеу қиын болды. Ал Болат болса, сырттай сыпайы көрінгенімен, іштей күңіреніп жүрді. Ол жоспарын ешкім байқамай жүргенін көріп, іштей масаттанатын. Бірақ Жанар оның бетпердесін аша алатын санаулы адамдардың бірі екенін ол ескермеді.

         Болат Жомартқа есеп беруді созып, түрлі сылтау айта бастады.  «Құжаттар әлі қаралып жатыр», «Бухгалтерияда қателік кетті», «Мемлекеттен қаржы кешігіп жатыр» деумен болды. Бұл уақытта қаражат басқа есепшотқа аударылып, ол ақшаны өз пайдасына жұмсап жатты. Жарылқап алғашында сенгенімен, уақыт өте келе қаржының мүлде компанияның есепшотына түспегенін анық байқады. Басқа сенімді адамдардан сұрастырып, ресми орындарға хабарласқан кезде шындықтың беті ашылды. Жомарт бухгалтерлерге, банк өкілдеріне тексеріс жүргізіп, қаражаттың басқа есепшотқа аударылғанын анықтады. Бұл шот Болатқа тиесілі екенін немесе оның сенімді адамдарының бірі арқылы тіркелгенін білді. Шындық ашылуға тақағанда, Жомарт Болатты шақырып, тікелей сөйлесу немесе заң органдарына жүгінуді жөн көрді.  Жомарт оны әңгімеге шақырғанда, Болат өзін ақтап алуға тырысты. Бірақ оның сөзі мен іс-әрекеттері бір-біріне сәйкес келмеді, оның қобалжуы немесе тым салқынқандылығы Жомартқа шындықты түсінуге көмектесті. Жарылқап нақты дәлелдерді көрсеткенде, Болаттың шынайы бет-бейнесі көрінді. Жарылқап ұзақ ойдан соң, құрылыс алаңына келді. Күн еңкейіп барады.  Құрылыс біткен, бірақ көңіл-күйі жоқ. Жомарт өз-өзіне:

«Қанша жылдық еңбегім. Қанша тер төктім. Елге пайдалы іс қыламын деп тыным таппай келемін» – деп көзін жұмып, терең дем алды. Жомарт… Сен қалай қателестің? Адамдарға сендің. Болатқа сендің… Ол болса, адалдықты сатып кетті. Тек мені ғана емес, бүтін еңбекті, халықтың несібесін ұрлады. Аяғымен топырақты түрткілеп, жерге қадала қарады. Мына іргетас, мына қабырға бәрі менің маңдай терім. Бұл құрылысты тұрғызған жұмысшылар қанша қиындық көрді. Оларға уәде бергенмін. «бәрі уақытында төленеді»- деп… Бірақ ол ақша қайда? Болат қайда? Күн батып барады. Жомарт көкжиекке ұзақ қарады. Ашулы. Қолындағы қағаздарды жұдырығына түйіп, іштей күйіп-пісіп тұр.

— Ішім удай ашып тұр. Болат! Сен мені ғана емес, бүтін сенімді аяққа таптадың! Ұзақ жылғы еңбегімді, адалдығымды бір сәтте жоққа шығардың. Ызыға булығып, асығыс жүре бастады, әр қадамы ауыр. Өзімен өзі күбірлеп сөйлеп келеді:

— Мемлекеттің қаражатын жымқырып, не таптың? Бір сәттік пайда үшін бар абыройыңды төктің бе? Мен саған сендім. Қаншама жобаны қолыңа тапсырдым. «Адал адам» деп ойладым. Ал сен не істедің?! Жұдырығын түйіп, бір сәт тоқтады. Тынысы жиілеп кетті.

— Сенім деген қасиетті нәрсе… Оны сатып кеткен адам қайта қалпына келтіре алмайды. Болат, сен менің сенімімді өлтірдің! Ол сеніммен бірге қаншама адамның маңдай тері, арманы кетті…Кенет бір күрсініп, аздап сабасына түскендей.

— Жоқ, мен бұлай жеңілмеймін. Мұны жай қалдырмаймын! Сенің жасағаның – тек маған емес, елге жасалған қиянат! — деп, көзі бір нүктеге қадалып, терең ойға шомды.

— Ал сен, Болат, бұл әділетсіздіктің жауапкершілігін сезінетін күнге де жетесің. Бірақ… ол кезде бәрі кеш болады…

Жомарт кеңсеге келді. Үстелінің үсті қағазға толы. Ол телефонын алып, Болатқа қоңырау шалды. Бір-екі рет гудок кеткен соң, ар жақтан Болаттың дауысы естілді:

— Алло, Жомарт аға, ассалаумағалейкум! Қалайсыз?

Жомарт салқын үнмен:

— Уағалейкумассалам, Болат. Кездесейік, сөйлесуіміз керек.

Болат сасқалақтап:

— Қазір ме? Неге телефонмен айта салмайсыз? Жомарт:

— Бұл телефонмен айтатын әңгіме емес. Қашан келе аласың?

Болат дауысын жұмсартып:

— Бүгін шаруалар көп. Біраз жұмыспен жүрмін. Ертең бола ма?

Жомарт дауысын қатайтып:

— Болат, ертең болса, ертең. Жақсы. Бұл маңызды кездесу. Болат сәл үнсіз қалды:

— Жарайды, қайда келейін? Жомарт:

— Ескі құрылыс алаңына кел. Ертең кешкі жетіде күтемін. Болат:

— Жақсы, барамын… Бірақ мәселе не туралы? Жомарт қысқа қайырды:

— Келгенде білесің.Телефонды қоя салды. Беті қатулы. Терең күрсініп, бір сәтке ой жетегінде кетті.

       Таң сәрімен жұмысқа келген Жомарттың ойы тек Болатта болды. Ол кешті асыға күтті. Сағат тілі 18:30-ды көрсеткенде, құрылыс алаңына беттеді. Кеш батып бара жатқан. Жомарт көлігінен түсіп, айналасына көз жүгіртті. Көп ұзамай Болат та келді. Қобалжулы, бірақ сыр білдіртпеуге тырысып тұр.

Жомарт қолын артына ұстап, Болатқа тіке қарады:

— Мен сені не үшін шақырғанымды білесің, иә? Болат жұтынып, алға бір қадам жасады:

— Жомарт аға, тыңдаңызшы… Мен бәрін түсіндіремін. Жомарт даусын көтермей, салмақты үнмен:

— Түсіндір. Ақша қайда? Болат көзін тайдырып, қолын қалтасына салды:

— Қаражаттың біраз бөлігі жобаларға кетті. Қалғаны… уақытша басқа есепшотқа аударылды. Жомарт бір қадам жақындап:

— Басқа есепшотқа? Ол ақшаны мемлекет бөлді. Сен оны не үшін басқа жаққа аудардың? Болат даусын жұмсартып:

— Жомарт аға, сен өзің де білесің, бизнесте кейде маневр жасау керек… Мен жағдайды реттемек болдым. Жомарт қабағын түйіп, суық үнмен:

— Маневр? Бұл – ұрлық, Болат. Сен мені алдадың. Маған «бәрі дұрыс» дедің, ал шын мәнінде компанияның есебіне тиын түспей қалды. Болат даусын көтеріп:

— Менің де жағдайым қиын болды! Мен тек уақытша пайдаландым… Бәрін орнына қоямын! Жомарт күліп, басын шайқайды:

— Уақытша? Білесің бе, сен менің сенімімді ғана емес, халықтың несібесін де ұрладың. Мемлекетке өткізілген нысандар бар, жұмысшылардың еңбек ақысы бар… Оларды қалай төлемекшісің? Болат көзін төмен салып, сыбырлай сөйлейді:

— Мен… Мен қайда кеткенін білуге тырысамын… Жомарт бір сәт үнсіз тұрып, сосын байсалды дауыспен:

— Тырысу аз. Сен бұл жауапкершіліктен қашып құтыла алмайсың. Немесе ақшаны толық қайтарасың, немесе заң алдында жауап бересің. Болат үрейлене қарап:

— Жомарт аға,… Олай демеші… Жомарт күрсініп, жүрісін жылдамдатып кетіп бара жатты да, тоқтады:

— Жан досымның бауырысың.  Достық – сенімде. Сен сенімімді ақтамадың.

Жомарт көлігіне отырып, үйіне қайтты. Болат алаңда жалғыз қалады. Ол қиналған кейіпте тұрғандай кейіп танытты…

            Жомарттың үйі. Түн. Жанар мен Жомарт ас бөлмеде дастархан басында отыр. Үстелде шай суып қалған. Жомарт терең ойда, ал Жанар сабырлы, бірақ көзінде мұң бар. Жанар ақырын байыппен, өкпелі дауыспен:

— Мен сені талай рет сақтандырдым, Жомарт… Болаттың ниеті таза емес екенін ертеден-ақ сезіп келемін. Жомарт басын көтеріп, күрсініп:

— Иә, сенің айтқаның рас болды. Бірақ мен не істей аламын? Болар іс болды. Жанар бір сәт үнсіз қалып, сосын байыппен:

— Жомарт, мен саған бұл туралы қанша рет айттым.  Жомарт басын көтеріп, күліп қояды, бірақ көзінде мұң бар:

— Не туралы айтып тұрсың? Жанар кесе ұстаған күйі, сәл жақындап:

— Болат туралы. Сен оған сеніп, барлық жұмысыңды тапсырдың. Ал мен саған қанша рет айттым? «Ол арам, жылпос, өтірікші» дедім. Содан абайлауыңды өтініп сұраймын. Жомарт терең күрсініп, көзін төмен салады:

—  Жанар, мен адамдарға сенуді қалаймын. Сенімсіз өмір сүріп көрші? Жанар қабағын түйіп:

— Сенім! Ол сеніміңді пайдаланған жоқ па? Қанша рет сездім, көрдім. Ол сенің адалдығыңды әлсіздік деп ойлады. Жомарт:

— Иә, мен қателестім. Бірақ енді қайтар жол жоқ. Жанар жақындап, қолын Жомарттың қолының үстіне қойды:

— Қайтар жол әрқашан бар, Жомарт. Сен тек әділдігіңнен тайма. Болат өз ісінің жазасын алады. Жомарт көзін бір нүктеге қадап:

— Ол ақшаны қайтармаса, заң алдында жауап береді. Жанар жымиып, басын изейді:

— Мен сенің осындай әділдігіңді жақсы көремін. Бірақ енді біреуге соқыр сенім артуға болмайтынын ұмытпа. Жомарт күлгендей болып, бірақ ойлы күйде:

— Оны енді жақсы түсіндім, Жанар. Енді кеш болмай тұрғанда, бәрін дұрыстау керек. Олар үнсіз қалады. Жанардың айтқаны Жомарттың жүрегіне жеткенін екеуі де сезді.

             Болат не болып жатқанын бағдарлау үшін бастығының үйіне келді. Жомарт көлігінен түсіп жатты, қабағы қатулы. Болат қарсы алдынан жымиып, майлы қасықтай жылпылдап келіп, екі қолын жая, даусын жұмсартып:

— Ойпырмай, көке-ау, мұнша қабағың түсіп кеткені несі? Мен сізді сағынып қалыппын!

Жомарт салқын жүзбен:

— Болат, артық сөзді қой. Басты мәселемізге көшейік?

Болат күлкісін жимастан, жақындап келіп, Жомарттың қасына келді, бірақ Жомарт шетке тартылды:

— Ой, көке, ашу-араздық жараспайды ғой. Құдайға шүкір, тірі жүрміз, денсаулық бар, одан артық не бар дейсіз? Жомарт қабағын түйіп:

— Болат! – деп бар дауысымен екі көзіне ашулана қарады. Болат жалма-жан өзін ақтағысы келіп:

— Туһ, көке не болды?  Мен сізді түсінемін, әрине. Жұмыс көп, жауапкершілік үлкен. Бірақ бұның бәрі уақытша нәрсе. Ақша бар, бірақ кішкене айналымда жүр. Құдай қаласа, реттеледі! Жомарт көзіне тік қарап:

— «Айналым» дейсің бе? Ол ақшаны мемлекет бізге айналдыр деп берді ме?

Болат жымиып, екі алақанын ысқылап:

— Көке, сіз мені қанша жылдан бері танисыз, а? Мен сізді қапыда қалдырған кезім бар ма? Мына жағдайды да тез арада шешеміз. Уайымдамаңызшы, бастысы амандық емес пе? Жомарт жұдырығын түйіп, өзін сабырға шақырып:

— Болат, мені айналдырып, алдаусыратқаның жетеді. Соңғы рет сұраймын – ақшаны қайда жібердің? Болат жүзіне жалған өкініш білдіріп, қолын көкке жайып:

— Көке, мен де қателестім. Бірақ ниетім түзу. Сіз мені білесіз… Жомарт басын шайқап, қатты дауыспен:

— Сен мені «көке, көке» деп алдаумен болдың! Сенің ниетіңнің қандай екенін енді түсіндім! Болат әлі де жылы сөйлеп, ашуын басқысы келді:

— Көке, ашуланбайықшы. Келіңіз, отырып сөйлесейік. Шай ішіп, сабырмен ақылдасайық. Жомарт суық дауыспен, бетіне тік қарап:

— Сабыр дейсің бе? Сен менің сабырымды сынап болдың, Болат. Енді заңмен сөйлесетін уақыт келді. Болаттың жүзі күреңітіп кетті. Оның жылпылдаған күлкісі сейіліп, көзінде үрей пайда болды.

        Болат жағдайдың күрделене түскенін анық сезді. Қанша айлакер болса да, енді бұл тығырықтан оңай шыға алмайтынын білді. Жомарт есеп-қисаптың дұрыс жүргізілуін талап етіп, мемлекетке өткізілген құрылыс нысандарының қаржысы қайда кеткенін егжей-тегжейлі тексере бастады. Оның адалдығы мен қырағылығы Болаттың мазасын қашырды. Бірнеше рет есепті кейінге шегеріп, түрлі жалған уәделер айтса да, Жомарт оған сенген жоқ. Болат бұл істен енді заңды жолмен құтылып кете алмайтынын ұқты. Болат жалдаған киллер тапсырма бойынша көше тазалаушы болып жұмысқа орналасты. Болат аңдуға берген ескі көлікпен Жомарттың үйінің қасына келіп, көшені тазалай жүріп, оның жүріс-тұрысын бақылаумен болды. Жомарт үнемі кеңсесінен кеш қайтатын, кейде қала сыртына шығып, жалғыз жүретін.  Болат киллерге нақты нұсқау берді:

— Барынша кездейсоқ оқиғаға ұқсат. Қажет болса, жол апатын ұйымдастыр.

Жомарт компаниядағы алаяқтықты білгеннен кейін іштей мазасыз күй кешті. Болатпен тағы бір мәрте ашық сөйлесуді ойлады. Бірақ бұл кезде Болаттың жоспары іске аса бастаған. Жомарт алдында қандай қауіптің төніп тұрғанын білмеді. Киллер өз ісіне мұқият дайындалды. Күн сайын таң атпай көше тазалаушының киімін киіп, қолына сыпырғыш пен күрек ұстап, Жомарттың жұмыс орны мен үйінің маңында жүрді. Оның қозғалысын, күн тәртібін, қай кезде жалғыз қалатынын зерттеді. Бетін көлегейлеген қара көзілдіріктің ар жағынан бәрін бақылап, әр әрекетін жадына тоқып отырды. Алты ай бойы еш күдік тудырмай, қала көшелерінде бейбіт жұмысшы кейпінде жүрген ол мақсатына біртіндеп жақындап келе жатты.  Соңғы кездері Жанар Болаттың әр қимылын көз алдына елестетіп, оның әр сөзін еске алғанда, іші суып, жүрегінен әлдебір күмәнді сезім жүгіріп өтетін. Ол өз күдігін нақты дәлелдей алмаса да, Болаттың екіжүзді екенін анық сезетін. Бірде Болат үйге мән-жайды бақылауға келгенде, өтірік мүләйімсіп:

— Жеңеше, қарашы, көкемнің денсаулығы болмай жүр. Соңғы кезде қатты жүйкесі тозып кетті. Қатты уайымдаймын, – деді қамқорлық танытқан кейіппен. Әдетте оның даусы сенімсіз шығатын. Бірақ бұл жолы ерекше жылы көрінуге тырысқаны байқалды. Жанар оған салқын қабақпен қарап:

— Сенен қамқор адамды бірінші рет көріп тұрмын, – деді. Болат сәл мүдіріп қалды да, тез жымиып:

— Әй, жеңеше, сіз де күмәнданғышсыз. Мен Жомарт көкемді өз ағамдай көрем. Қолымнан келгенше жұмысын азайтып, көмектесейін деп жүрмін, – деді. Жанар оның қулығын білсе де, дәл осы сәтте ашық қарсы шыға алмады. Болат ертеңгі жоспарларын айтып, үйіне қайтты. Күндердің сұлтаны – жұма күні Жомарт отбасылық дәстүрмен мешітке барып, жамағатпен бірге жұма намазын оқыды. Жаны ерекше жеңілдеп, көңілі көтеріліп шықты. Ол мешіт алдында сәл бөгеліп, айналасына көз жүгіртті де, Жанарды үйден алып кетуді ойлап, көлігіне отырып, үйіне қайтты. Жанар оны есік алдында күлімсіреп қарсы алды. Кешкі сағат 16:30-ға дейін түскі асын ішіп, аздап демалды. Үйден шығар алдында Болатқа телефон шалды.

— Болат, қайдасың? – деді ол.

— Банкте ақша шешіп отырмын, – деп жауап берді Болат байсалды үнмен.

— Жақсы, қазір сағат 17:00-де үйден шығып, саған барамын, – деді Жомарт.

— Күтемін, көке – деді Болат, бірақ дауысы суық шықты. Жомарт бұл сәтте Болаттың сөздеріне күмәнданған жоқ. Ол әлі де оның адалдығына сенгісі келді. Бірақ дәл осы кезде Болат басқа біреуге қоңырау шалды:

— Бүгін бәрі бітуі керек. Орайды жіберме, – деді Болат. Бұйрықты естігенде, Тұман сәл үнсіз қалды. Алты ай бойы аңдыған нысан енді қолына түскелі тұр. Ол қолындағы сыпырғышты бір шетке қойып, көзілдірігін түзеп, қара рюкзакқа шолақ мылтығын салып, дайындала бастады. Жомарт өзінің соңғы сапарына шыққалы тұрғанын білмеді.

       2019 жылдың 19 шілдесі. Бұл күн – Жанар үшін ең ауыр күннің бірі. Осыдан жиырма жыл бұрын, дәл осы 19 шілде – оның әкесінің мәңгілік сапарға аттанған күні. Содан бері бұл күн Жанардың жүрегіндегі орны толмас жараға айналған. Бүгін үлкен ас берілмек. Соған арнайы жылқы сойылады. Туған-туыстар ақылдаса келе, жылқыны күннің аптап ыстығы қайтып, салқын түскенде, яғни кешкі сағат 19:00-де соятын болып келісті. Жанар үй шаруасымен жүр. Балалардың бірі жұмыста, бірі мешітте, кенжесі бассейнге кеткен. Жомарт алдымен анасының үйіне кіріп шығуды жөн көрді де, Жанарға:

— Сені үлкен шаңыраққа апарып тастайын. Ал мен бір айналып келемін. Маған сол жақта қуырдақ пісіріп қойшы, – деп сұрады. Жанар жарының сөзін құп алып, үйден халатын, фартугін және перчаткаларын алып шыққанша, Жомарт көліктің ішінде оны 15 минуттай күтіп отырды. Жомарт рульге отырды. Жанар әдетінше көліктің артқы жағына жайғасты. Жомарт үйдің алдындағы қақпаның кілтін қолынан түсіріп алып, еңкейіп қайта алды да, пультпен қақпаны жауып, көлікті жүргізіп, үлкен көшеге қарай бұрыла бергенде уақыт баяулағандай көрінді. Сағат 17:15-ті көрсеткенде, үйдің бұрышынан белгісіз біреу атқып шықты. Үстінде қара күртесі бар, басында капюшон, бетінде қара маска. Бір қарағанда, ешкім мән бермейтіндей. Арқасында қара дорба бар. Жүгіре келіп, көліктің терезесіне қадала қарап тұрды. Көздері қасқырдың көзіндей суық, өшпенділікке толы, жансыз, мейірімсіз. Сол көздерден атылуға дайын тұрған жыртқыштың ызғары көрінеді. Бір кезде қара дорбадан шолақ мылтықты алып шыққанда, Жанардың жүрегі атқақтай жөнелді. Ол демін ішке тартып:

— Жомарт, абайла! – деп жан дауысымен шыр ете қалды. Бәрі көзді ашып-жұмғанша орын алды. Жомарт жалт қараған сәтте, мылтықтан оқ атылды. Жомарт қолын көтеріп қалғанда оқ қолына тиіп барып, ұшып дәл жүрек тұсына өтіп кетті. Жомарт екіге бүктеліп қалды. Жанар не болғанын түсінбей, көліктен жүгіріп шығып, құбыжықтың соңынан қуа жөнелді. Әлгі қара киімді қаскөй болса жолдың арғы бетіне өтіп, көзден ғайып болды. Жомарт көліктен түсіп, Жанардың соңынан барғысы келіп, сыртқа ұмтылды, алайда жерге қансырап құлады. Жанар жүгіріп келе жатып, жан дауысымен «көмектесіңдер!» деп айғайлады.  Мылтықтың ащы дауысы мен Жанардың көмекке шақырғанын естіген көршілер далаға жүгіріп шықты. Балаларға, жедел жәрдемге хабар берілді. Бәрі аласапыран болды да кетті. Жанардың жүрегі алай-дүлей. Жан-дүниесі тұншығып барады.  Ол күйеуінің қанға боялған денесін көрген сәтте бүкіл әлем төңкеріліп кеткендей болды. Көз жасынан үзіліп түсіп жатқан ауыр тамшылар бетіне сырғып, жүрегінің ең түбіне барып шаншу боп қадалды. Оның сөзін тыңдаса, бұлай болмас па еді? Әлде, тағдыр дегеніне бәрібір жетер ме еді? Жанар қаскөйдің көздерін көріп үлгерді. Жедел жәрдем көлігі келгенше Жанар Жомартты құшағына алып, кеудесінен ағып жатқан қанды қолымен басып отырып, Жаратқанға жалбарынды: «Құдайым, асыл жарымды алып кетпе! Өтінем, алып кетпе!  Сен мені тастамайсың! Сенің армандарың бар! Біз бірге боламыз, Жомарт!..». Жанар маңайына жан ұшыра айғайлағысы келді, бірақ үні шықпады. Ішкі жан айқайы шексіз кеңістікте жоғалып бара жататты. Қолындағы қанға қарап, жанын шырқыратып тұрған әділетсіздікке лағынет айтты. «Кім? Неге? Ол ешкімге жамандық жасаған жоқ! Ол адал!» деп талықсып кетті. Өксік қысып, кеудесі күйіп жатыр. Өмірінің мәні, сүйенері, сүйгені осылайша қолынан сусып бара жатқанын сезіну—мың пышақтың жарасынан ауыр. Қанға боялған алақанын көкке көтеріп: «Құдайым, егер шын әділдік бар болса, оны аман алып қал!  Тек оны алып кетпе!». Көз алды қарауытып, айналасы тұманданып барады. Өмір мен өлім арасындағы арпалыста Жанардың жалғыз үміті – АЛЛА! Жанар:

– Жомарт! Қимылдашы! Көзіңді ашшы! Жомарт үнсіз…

Қан жерге жайыла бастады. Жомарттың демі ауырлай түсті. Ол көзі жасаураған әйелі мен балаларын көрді.

— Жанар… Балаларға қара… – деді ол үзіліп.

Жедел жәрдем көлігімен келген дәрігер әйел Жанардың әлсіреп қалғанын көріп, балаларының қасына тастап, үлкен ұлының досын Жомарттың қасына отырғызып, ауруханаға қарай асыға зымырай жөнелді. Ауыр хәлде жатқан сүйікті жарын жедел жәрдем көлігі алып кеткенде, Жанар қалай үйде отрысын. Бірден ұлының жеңіл көлігіне отыра сала, жедел жәрдем көлігінің соңына ілесті. Жүрегі дүрсілдеп, ойы сан-саққа жүгірді. «Тек аман болса екен…» деп күбірледі ерні. Тұлабойы дірілдеп тұрғандықтан Жанар ұлына Болаттың телефон нөмірін теріп беруді сұрады. Ар жағынан Болаттың:

— Ау, жеңеше, не болды? – деп өзінен еш күдіктенбесін дегендей жайдарлы үнмен мүләйімсіп сөйледі. Жанар Болаттың сөзінде шынайы алаңдаушылық жоқ екенін жан-тәнімен сезді. Даусының ар жағында бір мысқыл тұрғандай көрінді. Оның мынадай жасандылығы одан сайын зығырданын қайнатты.

— Не болғанын сен менен сұрайтын ба едің, Болат? – деді Жанар салқын үнмен. – Бәрін білесің ғой. Телефонның ар жағынан ауыр тыныс естілді. Бір сәтке Болат дағдарып қалғандай болды, бірақ тез есін жиып:

— Жеңеше, мен қайдан білейін? Сіздер жақта бәрі дұрыс па өзі? – деп сұраған болды. Бұл сөздер Жанардың жүрегіне найзадай қадалды. Қалай ғана мұнша арсыз, екіжүзді болуға болады? Оның жауабын күтпей-ақ, сөзін тіктеп, қатқыл сөйледі:

Сенің тірлігің ғой бұл?!

Болат үнсіз қалды. Ол өтірік таңырқаған болды, бірақ оның дауысы дірілдеп шықты. Жанар:

Сен қайдасың – деп қаттырақ сөйледі.

Жеңеше не болды? Мен банктемін…

— Болат, естіп ал. АЛЛАНЫҢ әділ сотынан ешкім қашып құтыла алмайды. Бәрінің уақыты келеді! Жанар оған «ауруханаға кел» деп бұйырды.  Жүрегі тыныштық таппады. Жол бойы терезеден сыртқа телміріп, көзінен ыстық жас ыршып, көйлегін жуды. Бұл көз жасы – шарасыздықтың, адалдыққа жасалған сатқындықтың, ауыр қасіреттің белгісі. Жедел жәрдем көлігі ауруханаға жеткенде, Жанар ұлының көлігінен асығыс түсті…. Болат ауруханаға жәдел жәрдем көлігінен бұрын жетіпті. Жанардың қолы дірілдеп, телефонын қыса ұстап тұрды. Ол Болатқа қарап, бірден ішкі түйсігі алдамағанын сезді.

— Сен ғой, Болат? Жомарттың басына түскен бұл қасіреттің артында сен тұрсың! – деп ашулы үнмен ішкі ойын жайып салды.

Болат жасанды таңданыспен басын шайқады.

— Жанар жеңеше,  Сіз не деп тұрсыз? Менің бұл іске еш қатысым жоқ. Мен де Жомарт ағам үшін уайымдап келдім. Жанар:

Болат, менің көзіме тура қарашы. Болат көздерін жыпылықтатып, басын төмен түсіріп, Жанардың жанарына қарай алмай, мұздай су шашып жібергендей тұлабойы дірілдеп сала берді. Жанар осыдан-ақ өтірік айтқанын сезді.

— Сен өтірік айтқанда да, көзіңді басқа жаққа бұратыныңды білемін, Болат! – деді ол ызамен.

Болат қолын қалтасына салып, жан-жағына қарады.

— Жомарт ағам тірі ме? – деп сұрады суық үнмен.

Жанар оның бұл сұрағынан денесі мұздап кетті. Болаттың ойында тек бір нәрсе бар – Жомарттың көзін толықтай құрту. Сол сәтте ауруханадан ақ халатты дәрігер жүгіріп шықты.

— Сіз Жомарт Құдайбергеновтың зайыбысыз ба?

— Иә! Ол қалай? – деді Жанар, көз жасын әрең тыйып.

Дәрігерлер оның жағдайының өте ауыр екенін айтты.

— Біз қолдан келгенін жасаймыз, бірақ оқ маңызды артерияны зақымдаған…

— Ол аман қалуы мүмкін, бірақ жағдайы өте ауыр. Оны жансақтау бөліміне жатқыздық. Жанардың жүрегі үміт пен үрей аралас соқты. Болаттың жүзі құбыжықтай сұрланып кетті. Ол асығыс телефонын шығарып, біреуге хабарласа бастады. Мақсаты істің соңын таза бітіру керек… Жанар енді Болат аурухананың ішінде Жомартты өлтіруге тапсырыс бермесін деп үйрейленді… «Боран» күзет агенттігінен сайдың тасындай жігіттерді алдырып, күзет қойды. Аурухананың суық қабырғалары, дәліздегі дәрігерлердің асығыс жүрісі, аппараттың дыбысы бойына үрей тудырды. Жанар аурухана ішінде күн-түн демей бір жақсы хабарды асыға күтіп, аласұрып дәлізде ұзақ жүрді. Үмітін үзбеді. Жомарттың жанында отырып, оның қолынан ұстап:

— Сен мықтысың, сен бұдан да өткенсің, біз сені күтеміз… – деп айтқысы келді. Алайда,  түн ортасында Жомарттың жағдайы күрт нашарлап кетті. Дәрігерлер жансақтау бөліміне жүгіріп кіріп, аппараттар дабыл қаға бастады. Жанардың жүрегі дүрсілдеп, тамағына өксік тығылды. Төрт-бес сағаттан соң дәрігерлер дәлізге шықты. Жанар қастарына жүгіріп барды. Көзі жасаураған дәрігер:

— Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық – деді ақырын.

Аппараттың дыбысы үзілді. Жомарттың денесі тынышталып, жүзі бозарып, мәңгілік мекеніне сапар шекті… Жанар:

— Жоқ, жо-оқ! – деп қасындағы ұлын құшақтап дамылсыз көз жасына ерік берді. «Бұл әділетсіз. Бұлай болмауы керек» деп есінен таңып қалды.

             Келесі күні таң арайлап атысымен Тезекбай әдетінше шәйін қайнатып, теледидарды қосты. Бір арнада жаңалықтар басталып кеткен екен. Ақпарат жүргізушісі:

— Белгілі кәсіпкер Жомарт Құдайбергенов кеше түнде өз үйінің алдында белгісіз біреудің оғынан қаза тапты. Қазір полиция күдіктіні анықтап жатыр.

Тезекбай шәйін асықпай ұрттап, аузын сәл қисайта күлді.

— Бітті. Енді бәрі біздің қолда— деп күбірледі. Кеудесін жеңіс кернегендей. Жоспар ойдағыдай жүзеге асты. Енді тек Болатпен келесі қадамды ақылдасу керек. Таңғы асты асықпай ішіп алған соң, Тезекбай өзінің қара «Лексусына» отырып, Болаттың үйіне қарай тартып кетті. Көлік ішінде сабырлы. Артында талай құпия жатқан көзқарасымен көше бұрылыстарын баппен айналып отырды. Радиода баяу джаз ойнап тұр. Бірақ Болаттың үйіне таяп келгенде, кенет алдындағы көрініс зілдей ой салды. Үйдің алдында екі полицейлік көлік. Жарқ-жұрқ еткен маяктар. Ал Болат есіктің алдында сілейіп тұр.

— Болат Қожабаев, сіз кәсіпкер Жомарт Құдайбергеновтің өліміне байланысты күдікті ретінде тұтқындалдыңыз. Қолыңызды ұсыныңыз, — деді сары шенді форма киген офицер. Дауысы темірдей суық, жанарында аяушылықтың ізі де жоқ.

Болаттың түсі сұрланып кетті.

— Бұл, бұл мүмкін емес, мен ештеңе істеген жоқпын.

— Бірақ деректер басқа нәрсе айтып тұр — деді полиция бастығы.

— Сізбен бірге әрекет жасаған адамдардың да, банктік аударымдар да тікелей сізбен байланысты. Болат есін жия алмай қалды. Тек бір нәрсені түсінді — қылмыстың қадамы қысқа. Бірақ кім сатты? Не үшін? Ол жауап іздеп үлгермей, қолына кісен салынды. Тезекбай көліктен түскен жоқ. Барлығын алыстан бақылап отырды. Жымиып, асықпай телефон терді. Ар жағында біреу бірден көтерді.

— Жоғары жақпен сөйлес. Болатты ұстап алды, шығару керек. Ол көп нәрсе біледі — деді қысқа ғана. Бір сағаттан соң Тезекбай қалалық ІІБ-нің артын айналып өтіп, ішкі есік арқылы кіріп, біреулермен сәлемдесті. Кейбір есіктер оған өзі ашылып жатқандай. «Темные люди» деп бекер айтпаған. Сол кештің өзінде Болат еш түсініктеме берместен босатылды. Бірақ ол еркіндікке шыққан адам емес еді — ол енді біреудің қолындағы жіппен байланған қуыршақ екенін анық сезінді. Ал Тезекбай болса, мейрамханадағы жеке VIP-залда оны күтіп отырды. Қолында қымбат шарап. Жүзінде ешқандай уайым жоқ. Тезекбай:

— Болатжан, бір сатыдан сүрінбей өттік. Енді кезек — құрылыс тендерінде.

Жомарт кедергі, Болат — құрал болатын. Олардың ойыны енді басталды…

            Жомарт тірі кезінде үйінің есігі ешқашан жабылмайтын. Ол келген қонағын төріне отырғызып,  дос пен ағайынды құшақ жая қарсы алатын.  Құрылыс саласында абырой жинап, көптеген игі істердің басы-қасында жүргенде маңайында доссымақтар қаптап жүрді. Бірі – іскерлік байланыспен, бірі – пайдакүнемдікпен, енді бірі – Жомарттың мәрт мінезін ұнатқансып, жанынан табылды. Ал енді Жанардың басына күн туған сын сағатта сол қалың орта сиреп қалды. Жанар талай есікті қақты. Кеше ғана оның қасында жүрген, шарап ішіп, шапан жамылған ағайын-туыстар бүгінде түрлі сылтау айтып, теріс айналды. Бірі телефонын көтермеді, бірі «қолым тимей жатыр» деді, енді бірі «өзім де қиналып жүрмін» деп шығарып салды.

– Не болды, бауырым, кеше ғана бірге жүрмеп пе едік? – деп Жанар бір-екі сенімді деген достарына барғанда, олар бетін жылы шырай танытқандай етіп бұрып, өз қамдарын күйттеді. Бұрын дос санап жүргендердің ішінде екі-үшеуі ғана қол ұшын созды. Бұл –  шын тілеулес адамның ғана жанында қалатынын көрсеткен ащы сабақ. Кеше ғана әңгімесін тыңдап, асын ішіп, дастарханынан дәм татқан жұрт енді онымен аман-саулық сұрасуға да жарамады. Жанардың көңілі құлазып, басына түскен қиындықтың ауыртпалығын енді ғана сезінді. Кешқұрым даланы ымырт басқанда қараңғы бөлмеде отырып, өткен өмірін көз алдынан өткізді. Достыққа адал болуды, шын көңілден жақсылық жасауды үйреткен әке-шешесі есіне түсті. Бірақ өзі жақсылық жасаған адамдардың бүгінгі сатқындығы жанын ауыртты. Ол бір-ақ нәрсені ұқты: қиындық келгенде кімнің кім екені анық білінеді…

         Жерлеуге жүздеген қарақұрым адам жиналды. Отбасы, достары, тіпті жаулары да келді. Жомарттан жақсылық көрген қарапайым халық – әділдікті талап етті. Ол — тек кәсіпкер ғана емес, айналасындағы адамдарға жақсылық жасаған жан. Жанар оның қабірінің жанында үнсіз тұрды. Көзінен жас ағып, жүрегі қақ айырылды. Бірақ ол білетін – Жомарттың тек тәні ғана кетті. Оның артында қалдырған ізі, жасаған жақсылығы, армандары халықтың жадында қалды. Жанар басын көтеріп:

— Сенің ісіңді жалғастырамын, Жомарт. Сенің арман-жоспарларың орындалады. Сен әрқашан біздің жүрегіміздесің!

        Болат өз қылмысын ұзақ уақыт бойы мойындамады. Себебі, киллер қолға түспеді. Жанар есін жиғанша екі-үш ай зу етіп өте шықты. Сол уақыт аралығында тергеу ілгерілемек түгілі, мүлде басталмады. Ішкі істер басқармасына қанша барса да, тұщымды жауап ала алмады. Қайда барса да, алдынан бір шенеунік шығып:

– Тергеу жүріп жатыр – деп құрғақ уәдемен шығарып салып отырды.

Бірде Жанар ашулы үнмен:

– Қылмыстық іс неге қозғалмай жатыр? – деп сұрады тергеушіден.

– Бізде тергеу жасырын жүргізіледі – деді ол жай ғана.

– Жасырын болса да, жәбірленушіден жасыруға болмайды! – деп Жанар шорт кесті. Алайда бұл сөздің ешкімге әсері болмады. Жанар күн сайын бір үмітпен тергеушінің алдына барған сайын жаңалық естимін деп ойлайтын. Бірақ бәрі бекер болды. Екі ай бойы бақыласа да, іс орнынан қозғалмады. Ақыры шыдамы таусылып, Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасының бастығына қабылдауға жазылды. Бірақ оған жету оңай болмады – әр есіктің алдында бір тосқауыл, «уақыты жоқ», «қабылдай алмайды» деген сылтаулармен шығарып салды. Бірақ Жанар алған бетінен қайтпады. Мемлекеттік қызмет порталдарына жазып жүріп, ақыры Шымкен Іскі Істер басқармасының басшысының қабылдауына кірді:

– Ассалаумағалейкүм, Ерлан Дүйсебайұлы!

– Уағалейкүмассалам. Қандай мәселемен келдіңіз, Жанар ханым?

– Мен Жомарттың жесірімін. Оның өліміне қатысты қозғалған іс тоқтап қалды. Тергеу дұрыс жүрмей жатыр. Полковник:

– Бұл істі қараған тергеушімен сөйлестіңіз бе?

– Сөйлестім. Ол үнемі «тергеу жалғасуда» дейді, бірақ нәтиже жоқ. Кім кінәлі, кім тапсырыс берді – бәрі жабулы қазан күйінде қалып отыр.

Полковник терең күрсініп:

– Бұл – күрделі іс. Тергеу оңай жүрмейді.

– Ерлан Дүйсебайұлы, мен заң алдында әділдік бар деп сенемін. Күйеуім қастандықпен өлтірілді. Оның себебі – мемлекеттен бөлінген қаражаттың ұрлануы. Бірақ кінәлілер жауапқа тартылған жоқ. Егер осы жерде әділдік болмаса, мен бұл істі жоғарғы жаққа жеткізуге дайынмын.

Полковник сәл ойланып:

– Сіз не талап етесіз?

– Маған жаңа, білікті тергеуші керек. Адал, әділетті адам. Бұл істі жылы жауып қоя алмаймын! Полковник үстеліндегі құжаттарға көз жүгіртіп:

– Жақсы. Мен істі қайта қарауға тапсырма беремін. Бірақ сізге айтарым – шындықты іздеу оңай емес.

– Егер оңай болса, мен бұл жерге келмес едім. Маған шындық керек. Жомарттың әруағы әділдікті талап етеді.

– Жарайды. Мен жаңа тергеуші тағайындау туралы бұйрық беремін. Бірақ бұл істің артында жай адамдар тұрған жоқ, абайлаңыз!

– Олар қанша мықты болса да, мен қорықпаймын. Жомарт – қазақтың біртуар азаматы. Оны өз үйінің алдында атып өлтірді. Ал қылмыскерлер әлі бостандықта жүр.

Алмагүл Серікқалиева

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...

ҚАРМАҚШЫ

Ұлдана шипажайдан көтеріңкі көңілмен оралды. Келген күні-ақ Саямен хабарласып,...

АР ЖАЗАСЫ – АҚИҚАТ АЙНАСЫ

Ақиқатты іздеген тергеуші – тек маман емес, азамат болуы...

Қайта оралған қылмыс

Біз ол кезде Көкшетау қаласындағы қарапайым ғана қос пәтерлі...

Құны

(әңгіме) Адам азды ма, заман азды ма білмедім?-деп есіктен кіріп...