12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

САҚТАНДЫРУҒА САЛҒЫРТ ҚАРАМАЙЫҚ!

Қазақстанда «Табиғи апаттардан сақтандыру» қорын құру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Алайда жаңа қордың қызметіне қатысты әлі де шешімін таппаған түйткілді жайттар жеткілікті болып тұр. Бұл Алматыда өткен «Insurance Forum Almaty – 2024» форумының «Сақтандырудың болашағы: сақтандыру нарығындағы болжамдар мен тенденциялар. Нормативтік міндеттер мен Қазақстандағы сақтандыру нарығын дамыту мүмкіндіктері» деп аталатын бірінші сессияда жанжақты сөз болды.

«Табиғи апаттардан сақтандыру өте күрделі және ауқымды. Сондықтан, ең алдымен, негізгі полисті анықтайтын және ақша жинайтын бір операторды құру жеңілірек болады. Мұндай шетелдік мысалдар көп. Бірақ бұл табиғи апаттардан сақтандырудың жалғыз жолы емес. Әзірге аталған бағытта бірнеше нұсқа бар. Қазақстанда табиғи апаттардан сақтандыру бойынша коммуналдық төлемдер мен салық бойынша құрылымдық түзетулер енгізу арқылы сақтандырумен қамтуды қарастырып жатырмыз. Бұл элементтердің барлығы маңызды, себебі олар халықты сақтандырумен қамтуды күшейтеді», – дейді Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Елена Филимонова. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, қадағалау және дамытуды үйлестіру қажет. Теңгерімді даму сектордың дамуы мен қызметті алушылардың дайындығына да байланысты. Үйлесімнің мәні осында. Дамуды қамтамасыз ететін негізгі үш бағыт: реттеушілік және салық жүйесі; халықтың төлем қабілеті және қызметті сатып алуға дайын болуы; дұрыс бәсекелестікті қалыптастыру. «Біздің сақтандыру нарығымыз ерікті емес, міндетті сақтандыру түрлері арқылы дамыған. Сондықтан ерікті сақтандыру түрлерін дамытуымыз керек. Біз бірнеше рет осыны дәлелдеуге тырыстық. Өмірді және жазатайым жағдайларды сақтандыру үшін жасаған біздің түзетулер заңға енгізілген жоқ. Үкіметтің әлеуметтік блогы және регулятордың пікіріне құлақ асқан жоқ. Тиісті актуарлық есептеусіз нарыққа өте күрделі механизмді енгізген болатын. Ол сақтандырушыларға ғана емес, сақтандыру ұйымдарына да өте күрделі механизм. Оның салдарынан жылдың басынан бастап төлемдердің мөлшері 2,1 есеге жоғарылап кетті. Тиісті бағалау болмаса, осындай күрделі механизмдерді өзгерту қажет емес деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біз қазір оны ұлттық деңгейде талқылап отырмыз. Үкіметтің әлеуметтік блогының ұсынысы бойынша қазір оны коммерциялақ сектордан алып, мемлекеттік секторға тапсыру мәселесі талқыланып отыр. Нарықтағы осындай қарбаластар нарықтың дамуына апармайды. Осы жерде реттеуші мен мемлекеттік орган арасында үйлесім өте маңызды», – дейді Е.Бахмутова. Оның пайымдауынша, сақтандырудың басқа өнімдерін енгізген кезде әлеуметтік бағыт теріс сипатта болмағаны дұрыс. Өйткені біздің құрылымдар сақтандыру ұйымдарына жауапкершілік жүктегісі келеді. Бұдан қаржы тұрақсыздығына әкелетін жағдай орын алуы мүмкін. Бұл жерде шамадан тыс міндеттеудің қажеті жоқ. Осы арада төтенше жағдай ұғымына жеке тоқтала кеткен артық болмас. Қолданыстағы заңнама бойынша ол – адам шығынына, адамдар денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады. Табиғи апаттан сақтандырудың ұлттық стратегиясы әзірленеді Қазақстанда осы уақытқа дейін төтенше жағдайдың алдын алудың ұлттық стратегиясы болмады. Биыл 23 қаңтарда орын алған Алматыдағы 5 балдық жер сілкінісінен кейін Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі мемлекеттік деңгейде Жер сілкінісі қаупінен сақтандыру моделін әзірлейтінін мәлімдеген еді. Өйткені оны жасауға Төтенша жағдайлар министрлігінің шамасы болмады. Оны салаға жауапты уәкілетті органның дәрежесінен де байқауға болады. Мәселен, 1991– 1997 жылдары ол Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы; 1997–2001 жылдары Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет; Төтенше жағдайлар комитеті; 2001– 2004 жылдары Төтенше жағдайлар агенттігі; 2004–2014 жылдары Төтенше жағдайлар министрлігі, 2014–2020 жылдары Төтенше жағдайлар комитеті, ал 2020 жылдан кейін қайтадан Төтенше жағдайлар министрлігі деп аталды. Осыған қарамастан мемлекеттік бюджеттегі үкіметтік резервтен төтенше жағдайларға жұмсалатын қаржының көлемі жыл сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ. Қазір ол 0,5 млрд долларға дейін жетті. БҰҰ-ның Апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасы сияқты әлемдік қауымдастық құрылымдарының есебі бойынша, климаттың өзгеруінің әсерінен болатын табиғи апаттар саны мен оның шығыны алдағы уақытта да өсуі ықтимал. Бұл жағдай бірқатар елдердің тұрақты дамуына кері әсер етіп, экономикасына ауыр соққы болуы мүмкін деген болжам да айтылуда. Ол негізсіз емес екенін Алматыдағы сақтандыру форумы кезінде сарапшылар да растады. Мәселен, еліміз жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтың бірі саналатын Алматы қаласының бір өзі Қазақстанның ЖІӨ-нің 20 пайызын қамтамасыз етеді. Егер мұнда жойқын жер сілкінісі болатын болса, оның зардабын жою бюджеттегі үкімет резервіне ауыр салмақ салары күмәнсіз. Өйткені жеке мүлкін сақтандырған қазақстандықтардың үлесі қазіргі таңда бүкіл республикада тек 8 пайызды құрап отыр. Табиғи апаттардың шығыны орасан 2019 жылы Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы табиғи апаттарды басқару жөніндегі маманы Ко Такеучи Алматыда 1911 жылы болған жер сілкінісінің шығыны 20 миллион долларға бағаланғанын айтқан еді. Сондай-ақ жер сілкінісінен келетін залал енді Қазақстанның жалпы ішкі өніміне 1 миллиард долларға дейін зиян келтіруі мүмкін деп: «Қазақстанда су тасқыны да жиі болатынын көріп жүрміз. Олардың күші жойқын болмаса да, едәуір экономикалық зиян келтіреді. Мәселен, 2005 жылы су тасқыны 7,6 миллион доллар, 2008 жылы 100 миллион доллар, 2010 жылы 40 миллион доллар шығын әкеліп, 40 адамның өмірін қиды. Жалпы, Қазақстанда бір ғана су тасқынының өзінен жыл сайын 300 мыңға жуық адам жапа шегеді, ал ЖІӨ-ге үш миллиард доллар шығын келтіреді», – дегенді айтқан еді. Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығының 2022 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстанның жер сілкіністерінен келетін орташа жылдық шығыны – 57,6 миллион доллар. Елдегі ең жоғары шығын көрсеткіші Алматыда – 46,8 миллион доллар. Одан кейін Түркістан (8,9 миллион доллар) және Жамбыл (1,6 миллион доллар) облыстары тұр. Осы үш аймақтың өзі елдегі орташа жылдық шығынның 100 пайызға жуығын құрайды. Ал су тасқынынан болатын орташа жылдық шығын 419 миллион долларға бағаланған. Бұл жер сілкінісі салдарынан келетін 58 миллион доллар шығыннан жеті есе көп. Баспананы өрттен сақтандыру міндетті бола ма? Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғын үйге міндетті сақтандыру талабын енгізбекші. ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, өрттен зардап шеккен адамдарға өтемақы қайтару мәселесі қамтылмаған. Соның шешімі ретінде тұрғын үйлерді төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру тетігі ұсынылып отыр. Тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауына жіберілген. Егер депутаттар бұл жобаны мақұлдаса, министрлік бірінші кезекте ірі сауда нысандарын сақтандыруды көздеп отыр. Ал екінші кезеңде бұл норма барлық қазақстандыққа да міндеттелмек, «Бүгінде өрт кезінде үшінші тұлғалар жарақат алғанда немесе қаза тапқандардың отбасына келтірілген зиянды өтеу тетігі жоқ. Сол үшін ірі сауда нысандары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу мәселелерді кешенді шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, зардап шеккендер арасында әлеуметтік шиеленістің туындау қаупі төмендейді. Екіншіден, ірі нысандар өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады»,– дейді Ерлан Төрегелдиев. Оның сөзіне қарағанда, сақтандыру арқылы нысандарда өрттен зардап шеккендерге материалдық қолдау көрсетуге мемлекет шығыны жұмсалмайтын болады. Заң жобасы мақұлданған жағдайда бұл талаптар 2028 жылға қарай қолданысқа енгізілуі мүмкін. Әлемдік озық тәжірибелер зерттелуде Алматыдағы биылғы форумда қаржы нарығының сарапшысы, АҚШ тың W&W Consulting компаниясының тәуелсіз кеңесшісі Родольф Верхан әр елдің тәуекелді сақтандыру бойынша жеке тәсілі болу керектігін айтты. Тәуекел жоғары өңірлерде жеке сектор өзін сақтандыра алмайды. Бұл жерде мемлекет өзі де қосымша сақтандыруы керек. Табиғи апаттың күші және ауқымы үлкен болса, оны сақтандыруға жеке сектор мен мемлекет бірдей атсалыспаса, шығынды жоюға күші жетпеуі мүмкін. Жалпы, әлемде бұл жағдайға қатысты түрлі әдіс-тәсілдер бар. Мәселен, Чилиде 2010 жылы үлкен жер сілкінісі болғанда, онда халық мүлкінің 30 пайызының жергілікті деңгейде сақтандырылуы және шығындардың 98 пайызының шекарадан тыс жерде қайта сақтандырылуы өз жемісін берген. «Қазақстанда жер сілкіну бойынша белгілі бір сызба кестелер бар. Егер статистиканы айтар болсақ бар болғаны 8 пайыз халықтың мүлкі жер сілкінісінен сақтандырылған. Ал су апатынан ешқандай сақтандыру болмаған. Сондықтан мемлекет оған өзі көп қаржы жұмсауға мәжбүр болды. Бұл жердегі маңызды факторлардың бірі – сұраныстың жоқтығы. Азаматтарда жиі болмайтын апаттардан сақтандырудың қажеттілігі жоқ деген түсінік қалыптасқан. Бұл күрделі мәселе. Сондықтан бәріміз үшін белгілі бір стандартты өнім жасау керек. Мысалы, Түркияда, Мароккада осындай стандартты өнімдер бар. Қазақстандағы жағдайды зерттей бастағанда біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі 10 модельді қарастырдық. Біз солардың жұмысынан өзімізге сабақ алып, олардың нәтижесінен қорытынды жасаймыз. Заңнама талаптарын орындау осындай мүмкіндігіміздің бір тәсілі. Елдің менталитетін ескере отырып қадағалау шараларын да қаперде ұстауымыз керек. Апаттан сақтандыруда төлем төмен болса, жөндеу жұмыстарының қажеттілігі жоқ деген сенім туады. Мемлекет біз шығынның барлығын жаппаймыз, мұндайда адамдардың өз жауапкершілігі болу керек деп ашық айтқаны жөн. АҚШ-та азаматтар сақтандыруды сатып алмаса, мемлекет оның шығынын өтемейді. Онда сақтандыру төлеміне жарнаны өзіңіз төлеуіңіз керек деп дұрыстап түсіндіреді», – дейді американдық сарапшы. Франциялық сарапшы Жан-Пьер Даниэльдің сөзіне қарағанда, Францияда әр адам, әр компания өз мүлкін міндетті түрде табиғи апаттан сақтандырады. Қолжетімді жүйенің сенімділігін және қауіпсіздігін мемлекет қамтамасыз еткен. Францияның сақтандыру жүйесі мемлекет пен жекеменшіктің ынтымақтастығы негізінде құрылған. Француздық сақтандыру компаниясы 20 пайыздық сыйақы жинайды. Олар сондай-ақ өздерін 97 пайызға дейін мемлекеттік қайта сақтандыру компаниясына қайта сақтандырады. Бұл мемлекеттік сақтандыру компаниясы жылына 100 млн доллар шығын әкеледі. Осыған қарамастан Францияда тәуекел түрлерінің мөлшерлемесі бірдей. Онда су, басып кіру, ұрлықтың бәрі әмбебап бір келісімшартта көрсетілген. Бұл жүйе 1982 жылы іске қосылды. «Сыйақы мөлшерін де, төлемді де мемлекет белгілейді. Францияда табиғи апатты белгілейтін тізім жоқ. Мысалы, дауыл Францияда табиғат апаты ретінде қарастырылмайды. Адам үйін өрттен сақтандырса, оған дауыл да кіреді. Сақтандыру шығынының 49 пайызын су тасқыны, 42 пайызын жердің отыруы, ал 9 пайызын басқалар құрайды. Мәселен, 2023 жылы су тасқыны 800- 1000 млн еуро, жердің отыруы 600-700 млн еуро, басқалары 200-350 млн еуро болды», – деген Жан-Пьер Даниэль франциялық жүйеде апат болған күннің ертесінде-ақ нақты шешім қабылданатынын айтты. Түркиялық сарапшы Мехмет Али Өздемир өзі қызмет жасайтын Табиғи апаттарды модельдеу компаниясының Стамбұлда орналасқанын, бұл елде жер сілкінісінен сақтандыру міндетті болып табылатынын жеткізді. «Оны Апаттардан сақтандыру пулы арқылы жүзеге асырамыз. Ол 2000 жылдардың басында құрылған. Өте нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатыр. Жер сілкінісі жиі болатын Мәрмар теңізі жағалауында сақтандырудың нарыққа енуі 60 пайыз жүзеге асырылып отыр. Бізде әр адам өз үйін суға, газга, электрге қосқысы келсе, міндетті түрде қолында сақтандыру полисінің шарты болу керек. Бұл міндетті талап. Осыған орай, жан-жақты ақпарат таратып, адамдардың сауаттылығын арттыруды көздейміз. Мұқият жасалған жоспарлы жұмыс арқасында сақтандыру өнімдері енді. Оның бәрі Измирде, Эгей теңізінің жағалауында жер сілкінген кезде өз нәтижесін берді. Мысалы, Қахармараштың Түркияның ЖІӨ-дегі үлесі 9 пайыз болса, Алматының Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі 20 пайыз екен. Түркиядағы дайындық деңгейі жер сілкінісі салдарын жоюға көмектесті», – дейді ол. Ал испандық сарапшы Франсиско Эсперо Испанияның мемлекеттік компаниясының қызметіне тоқталды. «Біз де табиғи апаттардың тәуекелдерін сақтандырумен айналысамыз. Тәуекелдің өзі: қауіптілік, бейімділік, осалдықтан тұрады. Сақтандыру – тәуекелді беру механизмі дегенді білдіреді. Бұл механизмді зерттеу өте қызық болар еді. Сақтандыру әр 3 доллардың біреуін жаба алмайды. Бізде жауын-шашын мен құрғақшылық сияқты экстрамалды жағдайлар көбеюде. Мүлік су тасқыны мен жер сілкісінен сақтандырылады. Біздің азаматтарымыз лаңкестіктен басқа елде зардап шексе де төлем ала алады», – дегенді айтты.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»



Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.