Ресейге қатысты салынып жатқан санкциялар Қазақстан экономикасына да әсерін тигізбей қоймайды. Бүгіннің өзінде Қазақстан қор биржасында доллар бағамы шарықтап кетті. Осыған орай Zakon.kz тілшісі экономист Мақсат Халықтан экономикадағы өзгерістер, оның салдары туралы пік
Бүгін Ұлттық банк кезектен тыс базалық пайыздық мөлшерлемені бірден 2.25 пунктіге, яғни 13,5 пайызға дейін көтерді. Экономист теңге қатты құлдырап жатқан тұста, бұл оң шешім болды деп есептейді.
Әрине, пайыздар өседі: бірінші кезекте депозит пайыздары өседі. Бұл тұрғыдан азаматтарымыз теңгелік депозитте көбірек ақша ұстайды деген сенім бар. Бұл теңгеге кішкене күш береді. Дәл қазіргі теңгеміздің қатты құлдырап жатқан жағдайында бұл қадам керек деп айтуға негіз бар. Бұған қоса кредиттердің де пайызы өседі. Өкінішке қарай, қанша уақыттан бері кредиттердің пайызын түсіре алмай келеміз. Бұл шешім кредиттік пайызды одан ары өсіреді.
Экономика маманы Мақсат Халықтың пікірінше, базалық пайыздық мөлшерлеменің артуы экономиканың жалпы қозғаушы күші болып отырған бизнеске де айтарлықтай зиян келтіреді.
Президентіміз жақында екінші деңгейлі банктерге бизнестерді қаржыландыру туралы тапсырма берді. Екінші деңгейлі банктер өздерінде бар активтерді шағын және орта бизнесті қаржыландыруға құлықсыз болып келді. Себебі олар базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты ақша қаражаттарын РЕПО сияқты операцияларға салып, сол жерден табыс табатын. Енді осы сценарий қайта қайталанады және бұл үдей түседі. Өйткені пайыздар 10,25 емес, 13,5-ке артты. Демек бизнесті, іскерлік ортаны қаржыландыру мүлде жайында қалады деуге негіз бар. Ал іскерлік ортаны жалпы экономиканың негізгі қозғаушы күші десек, бұл жағдай экономикаға кері әсер етеді. Зияны осыда.
Жағдайдың күрделенуіне орай ҚР Ұлттық банкі 23 ақпан күні 33 миллион доллар интервенция жасаған еді. Ұлттық банк тарапынан қабылданған бұл шешімді экономист «құмға тамызған судай болды» деп бағалап, экономикадағы жағдайды тұрақтандыруға еш әсерін тигізбегенін атап өтті.
Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын пандемия басталған тұста мемлекетіміз базалық пайыздық мөлшерлемені бірден 9 пайыздан 12 пайызға көтерген еді. Сол кезде бүкіл әлем керісінше, базалық пайыздық мөлшерлемелерін түсіріп жатқан. Сонда билік қатты сынға ұшырады. Ал қазіргі сценарий тұрғысынан қарайтын болсақ, бұған геосаяси жағдай әсер етіп тұр. Рубльдің рекордтық дәрежеге дейін құнсызданып жатқанына қарай, тез арада бір шешімге келу керек болды. Кеше Ұлттық банк 33 миллион доллар интервенция жасап көрді, бірақ ол ешқандай әсерін тигізген жоқ. Шөл далаға тамызған судай болды.
Экономист көрші елдерде болып жатқан жағдайларды саралай келек, жағдай бұдан да күрделене түсетінін айтты.
Ресейге тағы да санкциялар салынатын болса, Ресей рублі әлі де қатты құнсызданатын болады. Сөз жоқ, ол теңгені де құрдымға тартады. Теңгемізді рубльге моральдық тұрғыдан да, психологияқ тұрғыдан да байлап қойғанбыз. Сондықтан доллар бағамы 480 теңгеге дейін барып қалуы мүмкін деген қауіп бар.
Оның айтуынша, Еуропаның Ресейге салатын санкциялары 14-15 жылдардағыдай Қазақстаннан Ресейге капитал ағынына әкеп соқтырады, салдарынан Қазақстанның алтын валюта резерв қоры азайып, отандыө өндіріс тұралайды.
Қазіргі уақытта Ресейдің Еуропа нарығына дайындап отырған тауарлары бар, егер Еуропа санкция салатын болса, онда ол тауарлар Еуропаға өтпейді. Сондықтан оны Қазақстанға, Орталық Азияға қарай бұрады. Ол тауарлар белгілі бір дәрежеде арзан бағада келеді. Өйткені рубль құнсызданып жатыр. Бір қарағанда, Қазақстан үшін бұл тиімді болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл отандық өндіріске кері әсерін тигізеді. Теңгеміз рубльге қатысты құнды болып қалатын болса, онда Ресей тауарлары арзан болады. Бір кездегідей Ресейден көліктер арзан бағада ағылады. Азаматтарымыз капиталды Ресейге көбірек құяды, Қазақстаннан Ресейге капитал ағыны болады. Бұл біздегі алтын валюта резерв қорларының азаюына алып келеді.