«Қазақтың тарихы – тілінде». Осы тұжырымның ақиқатына халқымыздың басынан кешкен қилы-қилы трагедиясы туралы толғанғанда анық көз жеткізе түскендей боласың.
Жаппай халық басына түскен трагедия түгілі, жекелеген азаматының қара басын қадір тұтып, жоқтай білген, естіртуіне де мəн берген жұрттың өкіліміз. Мұның маңыздылығы сонда – оқу-білім жүйесі қалыптаспаған, хатқа жазылып, бір ізге түспеген заманның өзінде ел тарихы ауыздан-ауызға таралып, халықтың, қаншама буынның жадында жатталған. Ата-бабамыздың жүріп өткен жолына құрметпен қарауымыздың сыры да осында. Сонымен бірге, қазақтың келер замандағы мұңды-зарлы кезеңі туатыны туралы сəуегейлік айтқан Асан қайғы, Бұқар жырау, одан берідегі Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындардың келешекті анық болжаған өлең-жырының тууы таңқалдырмай қоймайды. Отаршылдық империяның зауал тудыратынын Мұрат ақын қалай тауып айтқан десеңізші. Əрине, кез келген ел перзенті секілді, туған топырақ, ардақты ата-бабалар тарихын да үлкендердің айтуымен құлаққа құйып, өз бетімізбен де оқып-тоқып өскен жайымыз бар. Үйсін-Дулат ішінде, Бекасыл деген əулие өткенін ертеден естіп өстік, атақты Мəшһүр Жүсіп əулиенің ниеттес замандас сырласы болған екен. Екеуі он тоғызыншы ғасырдағы қазақтың ең оқыған ғұламаларының қатарында аталады. Сол Бекасыл бабамыз, біз сөз қылғалы оқталған зұлмат заман туралы былайша ақтарылған екен: «Зұлмат заман келе жатыр, құл-құтан көтеріліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарып, қаныңды судай шашады. «Жылан тақыр» боласыңдар. Көмусіз адам көбейеді. Қырғын соғыс болады. Сөйтіп, көрер көзге жарқын, бірақ іштен іріп жатқан бір заман басталады. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Имандылық азаяды. Өнеге тозады, қасиет азады. Жастар ит ішпейтін сусынға құмар болады. Тірі жетімдердің саны артады. Бірақ, осының бəріне ертелі-кеш Алланың бір тыйымы болады», – деген екен. Ал енді осылардың бəрінің қолмен қойғандай шындыққа айналғанына күмəніміз бар ма?! Бекасыл əулиені өзіне ұстаз тұтқан Мəшһүр Жүсіптің де осы тектес болжам айтқаны белгілі. Алаш зиялылары, елім деп еміренгендердің баршасы отаршылдың нысанасына айналып жатқанда, Мəжһүр Жүсіптің нағыз антиимпериялық бағыты қалайша көзге түспегені, жазаға ілікпей аман қалғаны таңқалдырады. Біздің оқып-зерделеуімізше, ол кісі өз ажалымен өмірден өткен адам. Бұл – кездейсоқтық па, əлде əулие жанды Алланың сүйген құлына жіберген періштесінің желеп-жебеуі ме, кім білсін?! Енді осындай дана, көреген əулиелеріміздің құтын ертеден қашырған, санасы сергек жұрт зиялыларын сарыуайымға салған осы бір кезеңнің өзі тарих арнасындағы болмай қалмауы мүмкін емес заңдылық па, əлде, аяқ асты туындаған, бір ғана, Сталин секілді озбыр диктатордың, жантүршігерлік саяси қатыгез бағыт ұстанған тиранның жеке басының шешімімен ғана іске асып отырған қырғын ба, осы сұрақтың жауабы, біздіңше, əлі ашылған жоқ. Осы сұраққа жауап беруші Ресей саясаткерлері де, тарихын зерделеуші қоғамы да үнсіз. Біздің аңдауымызша, осы бағытта неміс қоғамы аса сергектік танытып, екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистік бағыт ұстанған Гитлер бастаған үкіметтік жүйенің саяси қателігі үшін бүкіл дүние жүзі халқының алдында кешірім сұраған. Ал 1937–1938 жылдарда бүкілодақ бойынша қанды террор – репрессия жүргенде, осы республикалар ішінде өзгелерден əлденеше есе қиянат шеккен қазақ халқының жазығы не еді? Тұтастай ашаршылыққа ұшырап, жұртының ең таңдаулы зиялыларына жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» ретінде көзінің жойылуына не себеп?! Біздің зерделеуімізше, бір халыққа деген осыншалық озбыр саяси ұстаным, жеккөрініш, теріс көзқарас ешбір мемлекеттің тарихында ұшыраспаған! Кеңестік саясатқа бүйрегі бұрушылар қазақтың шынайы тарихын бұрмалап көрсетіп, жауырды жаба тоқуға əуес. Ұлтын сүйетін, оның тағдырына жаны ауыратын əрбір жан мұны аңғармай қалмайды. Репрессия мəліметіне сүйенсек, 1937–1938 жылдары бүкілодақтық есеп бойынша, он бес республикада қызмет істеген азаматтар ішінде «халық жауы» атанып, жазаға іліккендер сапында қазақ өкілдері екі есе көп болған. Нақтылай түссек, қазақтан шыққан «халық жаулары» грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе артық, татарлардан төрт есе, ал өзімізбен туыстас өзбектерден бақандай бес есе көп болған! Осы деректердің өзі Сталиндей қатыгез диктатордың қазақ халқына «айрықша назары түскендігінің» айғағы болмай ма? Бұл біздің ешқандай да бояуын қалыңдатып көрсетуіміз емес! Бұрынғы одақ демекші, осындай жағдайдың өзі сол одақ ыдырамай тұрып басталғаны белгілі. Əрине, шындықтың ақыры бір күні су бетіне шығары айқын. Бірте-бірте ақиқаттың көмбесі ақтарылатын сəтке жақындап жатқанын саналы қоғам сезді, бірақ тек оның қашан ақтарылатыны əркім үшін жұмбақ болып, көзі ашық, көкірегі ояу қауымның көңілі алаң болып жүргенде, сол сағат та соқты. 1985 жылдың сəуірінен басталған «қайта құру» барысында заңсыз қуғын-сүргін құпия сының беті ашылып, тарих «ақтаңдақтары» ақырындап ашық айтылып, жариялана бастады. Бұл ақиқатты халық əбден шөліркеп, зарығып күткен болатын. Өйткені, қазақ отбасында «халық жауы» аталмаған, осы саяси жазаға ілікпеген шаңырақ аз болатын. Қаншама жылдар бойы «халық жауы» немесе «халық жауының баласы», «ұрпағы», «туысы» деген жалалы, зəбірлі атақпен өмір сүру, жазықсыздан-жазықсыз əлдекімдердің саусағымен нұқып, көзіңе шұқып көрсеткен наласымен жер басып жүру оңай болып па?! Сталиндік жазалау машинасы өз саясатына бағынбағандар былай тұрсын, өзгеше ойлайтын, саналы, білімді, жан дүниесі таза адамдарға қырғидай тиді, ақылдыларды өздеріне қарсы қойды, осы залымдық салдарынан миллиондаған адам соқыр саясаттың нысанасына ілікті. Ең сұмдығы – олардың өзі ғана «халық жауы» атанып қойған жоқ, бала-шағасы, жары, үрім-бұтағы тегіс қудаланып, озбыр саясаттың қудалауына ұшырады. Осылайша елде жаппай тұтқындар лагерін ашу өрістеп, зиялы қауымның өздеріне, əйелдеріне, балаларына арналған лагерьлер салынды. Үкімет бұл өзгеше озбыр бағытын өзінше ақтап: «коммунистік мемлекеттік аппарат қатарын тазарту» деп атады. Əуелгіде, «біз ең əділетшіл», «ең бейбітшіл», «адам мүддесін қорғаушы», «алдыңғы қатарлы ел», «коммунизмге келе жатырмыз» деп ұрандатқан саясаттың, шын мəнінде, жүріп өткен жолы жосылған қан екенін тарих көп ұзамай дəлелдеп, өз орнына қойды. Ең өкініштісі – бұл үкімет аз өмір сүрсе де, зардабы ұрпақтан-ұрпаққа кетті, артына ғасырдан-ғасырға жететін қанды із қалдырды. Осы саяси қуғын-сүргіндік бағытты мемлекеттің ешқандай бақылаусыз, бетімен қоя бергені таңқалдырады. Мемлекеттік жүйе тек сталиндік культ бағытымен жүрді. Сталин өзі бейтарап түр көрсетіп, көсеуді жендеттерінің қолымен көсеп отырды. Оның замандастары: «Сталин партиялық бюроларда мүлде момақан түр көрсеткенімен, жиналыс тек қана оның алдын ала құрған сценарийі бойынша жүргізілетін. Ол өзінің серіктестері Берия, Каганович, Молотов, Ежовтардың аузымен «халық жауы» деп жала жабылуға тиіс адамдар тізімін «əзірлеп», сосын өзі: «ну что же, раз члены политбюро так решил, куда я могу деваться? Мы только соответствующие меры будем принимать наверно, как вы думаете?» – деп тағы соңғы сөзді өзінен басқа партия мүшелеріне тіреген. Міне, Қазақстан сияқты үлкен респуб ликаның тағдыры, қазақ халқының тағдыры, жиырмасыншы ғасыр басында балауса көк құрақтай қаулап жетілген үздік ойлы, зиялы арыстарымыздың тағдыры Сталиннің тереңге жасырылған зымияндығы мен тұтас халық тағдырына бейжай қарауының «арқасында» құрдымға батып, жым-жылас болып отырған. Өкініштісі – нағыз ақиқаттың саяси былықтар біткен соң айтылатынында. Осы нəубетті жылдарда Сталиннің ең бірінші жендеті, «темір нарком» атанған Н.Ежовтың абырой-беделі аса жоғары болған. Өйткені, үкім соның қолымен орындалған. Сол Н.Ежовтың бас болып, ұйымдастыруымен саяси тұтқындарды ұстау үшін, 7 одақтық изолятор, барлық облыста түрме ашылған, 50-ден астам ГУЛАГ лагері, 420-дан астам түзеу колониясы болған. Осының ішінде Қазақстанды жазалау лагерьлерінің орталығы деуге болар еді. 1930– 1950 жылдары Қазақстан жерінде ОГПУ-НКВД жүйесіне бағынышты лагерьлер мен олардың бөлімшелері болған. Мысалы, Қарағандыдағы КарЛаг 780 млн гектар аумаққа орналасқан. Қазақстанның тоғыз бірдей облысы бүкілодақтық ГУЛАГ жүйесіне кірген. Осыдан-ақ, Сталиннің біздің елді нағыз жазалау ошағына айналдырғанын, əсіресе, жергілікті жұртты көбірек жазаға тарту ниеті болғанын айқындап тұрған жоқ па? Қазақстандағы «халық жаулары» тақырыбына келсек, шексіз-шетсіз тізімге ұрынған болар едік. Қарағандыға таяу орналасқан АЛЖИР лагері тарихымен де жақын таныстық. Ондағы төбе шашыңды тік тұрғызар деректерді жайбарақат тыңдау мүмкін емес. Аяулы арыстарымыз дың өздері тартқан азабы аздай, жарларын қинау, балаларын қуғындау – шектен шыққан жауыздық емес пе? Сол кездегі аяулы аналарымыздың қайсарлығы – өз алдына үлкен тақырып. Кезінде қазақтың тұңғыш кəсіби режиссері Жұмат Шанинның жесірі Жанбике Шанинаның АЛЖИР-де өзі сияқты тұтқын əйелдердің көңілін көтеріп, əн айтқаны туралы тебірене оқып едік. Мағжанның жалынды жырларын жатқа айтып, тұтқындарға жүрек жылуын сыйлаған Мəриям Есенберлинаның өжеттігіне таңдандық. Сұлтанбек Қожановтың жары Күлəндам Қожанова өзі ақын екен, тұтқында отырып, өлең жазып, жаны қаяулы құрбыларының аз да болса жарым көңілдеріне демеу болған. Атақты қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің жесірі Дəмеш Жүргенова осы АЛЖИР-де жəне Нижний Тагиль лагерінде тұтқындарға сегіз жыл бойы дəрігерлік қызмет көрсеткен. Күйеуімен бірге бес бірдей баласынан айырылған Бейімбет Майлиннің жесірі Күнжамалдың өз трагедиясына қарамастан, құрбыларының көңілін демдеп, рухтандырғаны туралы оқып отырып, қалайша толқымайсың?! Сол сияқты, Гүлбаһрам Сейфуллина, Мəриям Тоғжанова, Рəзия Меңдешова, Əзиза Рысқұлова, Рабиға Аспандиярова, Шахзада Шонанова /бұл кісі түрмеде жендеттер қолынан қаза тапқан/ сияқты арыстарымыздың аяулы жарлары басына түскен ауыр тағдырына мойымай, сол жазалау орындарының қатаң тəртібіне сынып кетпей, қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсеткен. Қайсарлық демекші, қазақ əйелінің керемет образы дерлік Ілияс Жансүгіровтың жары Фатима Жансүгірова қолындағы кішкентай баласын тартып алмақшы болған жендеттерге сес көрсетіп, «сендерге тірідей ұстатқанша, өз қолыммен буындырып өлтірейін!» деп сəбиіне ұмтылғанда, жендеттер райынан қайтып, сəбиін аман алып қалған екен. Сол сəби – кейін жазушы, режиссер ретінде елді мойындатқан Болат Жансүгіров еді. Міне, адам төзгісіз сын сағаттарда қазақ арыстарының жарлары нағыз ерге лайық екендігін дəлелдеп, биік рухымен адамдық өнегесін танытқан. Осындай тарихи қатыгездікті біліп, оқып өскендіктен, кейбіреулердің əлі күнге дейін сталиндік саясатты ақтап сөйлейтінін түсіне де, қабылдай да алмаймын. Қазіргідей бəрі жария шақта замандастарымыз ға не жорық?! Тарихымызды терең байыптай аларлық мүмкіндік əлдеқашан туған жоқ па, қашанғы осыншалық көрсоқырлықпен өмір кешуге болады? Мені заңгер ретінде бұрын-соңды болып көрмеген қанды репрессияның заңдастырылуы ойландырады. Сталин бастаған диктаторлық жүйе залым жоспарын заң аясына қалай сыйғызған? Əлемдік көзқарас, көлденең көздің сынынан қалай қаймықпаған?! Ең құрымаса, осы істегеніміз үшін келер ұрпақ қарғыс айтады-ау деп ойланбағаны, жауапкершілікті сезінбегені қалай?! Сол кезеңдегі заңнамалық материалдарға көз салсақ, Сталин бұл тұрғыдан өте əккілік танытқан. Үкіметтің қолға алған «тазарту шаралары», сырт қарағанда заңды, мемлекеттік жүйелі бағытты, халық мүддесіне лайықты шешімді, асқан қырағылық пен тəртіпке негізделген. Бəрі құжатталған қағаз жүзінде ғана! Ал іс жүзінде мəселе мүлде басқаша шешіліп отырған. Сталин сол кезде, заңның, оған негізделген үкімнің орындалуына басты жауапты НКВД-ның жергілікті органына «халық жауларын аулау, ұстаудың нақты жоспарын көрсетіп, шаш ал десе, бас алатын жендеттер осы сан толтыру жоспарымен айрықша қатыгездік танытқан, ешкімнің ауруына, жасына, отбасылық жағдайына қарамаған. Демек, бұл солақай заңнамада ешқандай адамдық фактор есепке алынбаған, істің ақ-қарасы сарапқа салынбаған, тек жоғарыдан берілген нұсқау, жоспарға негізделген. Осы сталиндік жоспарды жеделдетіп, іске асыру үшін жер-жерде «үштік», «екілік» топ жұмыс істеген. Бұларға үкімет атынан тежеусіз билік, шешім шығару құқығы берілген, олар кез келген жерде сот ашуға, үкім шығаруға, өздері орындауға құқылы болған. Ресми мəлімет бойынша, 1930 жылы тұтқындалғандар саны 179 мың, 1935 жылы 839,4 мың, 1937 жылдың аяғында 996,4 мың болған. Сол кезеңде жүргізілген бұл мəліметке сену қиын. Зерттеуші ғалымдар лагерьлердегі жазаланғандар саны 2-3,5 миллионнан 16 миллионға дейін өскенін жазған. Мұның өзі нақты емес. Ал 1937 жылдың басына қарай Қазақстанның партия ұйымынан 1936 адам қуылып, тұтқындалған, 1938 жылы тағы да 16 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 1935– 1938 жылдар аралығында Қазақстанда барлығы 30387 коммунист партиядан шығарылып, тұтқынға алынған. Оның ішінде 4602 адам «халық жауы», 3942 адам – кулак, ақ гвардияшы жəне басқа да таптық жат элементтер, 8 мыңнан астам троицкистер, 9800-і ұлтшылдар деп көрсетілген. Осы деректердің өзі, үкіметтің «жау жоқ жерден жау іздеген» сойқан саясатының дəлелі секілді. Студенттік жылдарда ұстаздар тапсырмасымен, кейін қызметке кіріскенде, өз бетімізбен сол кезеңнің газет тігінділерін талай ақтардық. Қазір де аз уақыт болса да көңіл бөлуге тырысамыз. Мені сонда кеңестік идеологияның, əсіресе, баспасөз саласының коммунистік саяси ұраншылдыққа қосқан шексіз үлесі таңқалдырды. Баспасөз беті толған ұран: «Халық жауына аяушылық болмасын! Жауға еш рақымшылық болмасын! Халық жауының көзі тез жойылсын! Совет жері залым сатқындардан тезірек тазарсын!» деген ұранға толы. Міне, теріс саясаттың құдіреті! Адам баласының үлкен абыройлы биіктен құлап түсіп, қоғамының ең сүйкімсіз, жағымсыз тұлғасына айналуы лезде екен. Осының бəрін өзіміз сияқты ет пен теріден жаралған адамның ойлап тапқанына, кейде, адамзат ішінен осыншалық аяусыз қатыгездік шығатынына қайран қаласың. 31 мамыр салтанат құратын мереке емес, халқымыздың арда ұлдарына тағзым етер күн. Олай болса, арыстарымыздың ел үшін қыршын ғұмырын қиған қайсарлығына, ерлік, азаматтық ісіне мың тағзым! Тек ұрпағымыздың басына осындай зауалды шақтар орнамаса екен деп тілейік! Сөзімнің соңын қазақ арыстары туралы жыр жазған, қазақ поэзиясына Көк Түріктер сарынын əкелген дарынды ақын Темірхан Медетбектің «Қуғын-сүргін заманы» жырының от шашырап тұрған жалынды, кес телі шумақтарымен ойымды түйіндегім келеді:
«Ұлы Далам, Ұлы Елімді қуғынға салды, Көз көріп, құлақ естімеген қырғынға салды. Тұла бойын түгел тінтіді, киіздей қақты, тулақтай сілкіді. Адамдарын бірін-біріне айтақтады, Қан жоса қып қаптырды. Бірін-біріне мал құсатып бақтырды. Жайқалған шалғыным дөңкиген тасқа толды, Елімнің омырауы қып-қызыл қанға боялып, етегі жасқа толды. Құтырып алды, Арыстарымның терісін тірідей сыпырып алды. Əруақтарымды күңірентіп, аяғынан сүйреп моладан шығарды. Неткен халық ек шыдамды?!
Сірə, қанша талпынғанымызбен, сол қасіретті жылдарды, нəубетті кезеңді Темірхан ақындай осыншама дəл сипаттап, шырқырап жеткізе алмасақ керек.
Досжан ƏМІР, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы