Конституцияға өзгеріс енгізу мақсатында елде 2022 жылдың 5 маусымында жалпыхалықтық референдум өтеді. Санаулы күндері қалған саяси іс-шараға көпшілік дайын ба? халықтық талқы қалай жүріп жатыр? Қазақстан Конституциясының 33 бабына енгізілетін өзгерістер жаңа Қазақстанның бастауы бола ала ма?
Қоғамда референдум жайындағы пікір әртүрлі. Оны БАҚ беттерінен көпшілік оқып, көріп, біліп отыр. Әлеуметтік желі мен интернеттің дамыған заманында ел өміріндегі елеулі шаралардан тыс қалу мүмкін де емес.
Азаматтық қоғамға аяқ басқан мемлекеттің ашық пікірі мен әртүрлі көзқарастарға көңіл бөлуі зайырлы ел ұстанымын білдіреді.
Бүгінгі талқы, талас тартыс та ел ертеңіне енжар қарамайтын кез келген ортадағы қалыпты қадам. Мұндай диалогтық ортада ақиқаттың айтылатыны анық. Мәселен, «Заң газетінің» 17 мамырдағы санында Алматы қалалық сотының судьясы Советхан Сәкенұлының «Жаңа Қазақстанға жаңа Конституция керек» атты мақаласы жарияланды. Мұнда өткізілейін деп жатқан референдумға байланысты үш үлкен мәселе айтылады. Онда дауыс берушілердің 33 баптағы 56 өзгерістің бірнешеуімен келісіп, бірнешеуімен келіспеген жағдайда қалай дауыс беретіні, Конституциялық Соттың құрылуы құптайтын өзгеріс болғанымен, олардың тағайындалуына Президенттің араласуы сотты тәуелсіз ете алмайтыны айтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мәселесінің көтерілмегеніне автор өз қынжылысын білдірген. Біз саяси науқан қарсаңында тағы біраз азаматтардың пікірін білдік.
Алтынай Серікова,
Атырау қалалық сотының судьясы:
«Демократия мен заң үстемдігі күшейеді»
Республикамызда Конституциялық референдум өткізуге санаулы уақыт қалды. Егеменді еліміздің тарихындағы осынау елеулі оқиғаға белсене атсалысу – біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз. Өйткені, бұл жолғы референдум – бүгінгі Қазақстанның, болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын» – деп, алдағы референдумның ең негізгі мақсат-мүддесін айқындап берді.
1995 жылдан бері, яғни 27 жыл бойы елімізде мұндай референдум өткізілмеген екен. Осы уақыт аралығында төрт рет Конституция өзгеріп, негізгі мәселелер Парламент арқылы шешіліп келді. Референдумда Ата Заңымыздың 33 бабына, яғни үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда – жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігіне айналып, «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін Президенттік басқару үлгісіне көшетін боламыз. Нәтижесінде Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін Парламентке өткізіп, Парламенттің өкілеттігін кеңейтуді жоспарлап отыр. Референдумға белсене қатысу арқылы ондағы мәселелерге үн қосып, еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды сәтті көп болып қолдауымыз керек. Бұл – тарихи сәт. Енді Республика Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды.
Біздің негізгі мақсатымыз – Конституциялық реформаны мұнайлы өлке тұрғындарына мейілінше сауатты түрде жеткізу. 5 маусымда болатын жалпыұлттық референдум мемлекеттің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, алдағы күнге маңызды қадам жасауға жол ашады. Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш Президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді: Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділеттілік, үшінші – даму. Ендеше, алдағы референдумды Президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарауымыз керек .
Дос КӨШІМ, саясаткер:
«Теңдік жоқ жерде – әділдік жоқ»
Бірінші мәселемен толық келісемін. Қоғам өмірінің барлық саласын (адам құқығы, билік тармақтары, Президент құзыреті, т.т.) қамтитын сан түрлі баптарға бір жауап – дұрыс емес. Бұл «оптом» дауыс беру, баяғыдағы үнді шайына грузин шайын қосып сататын кезеңді еске түсіреді. Өз басым, референдумға ұсынылған баптарды талдап, әрқайсысына баға беріп, ол бағамды дәлелдеп көрдім. Бес өзгерісті қолдап, он біріне қарсы болыппын. Енді мен қалай дауыс беруім керек?
Екінші мәселе: Өкінішке қарай, ұсынылып отырған өзгерістер Президенттің билігін шектеп, Парламенттің құзыретін кеңейтеді деген тұжырымның дәлелі жоқ. Керісінше, Президентке берілген билікті күшейту басым. Бір ғана мысал: 1992 жылдың 5 маусымында қабылданған «Конституциялық Сот туралы» заңда Конституциялық Соттың он мүшесін Парламент сайлайды деген тұжырым бар болатын. Ал мына өзгерістерде Конституциялық Соттың төрт мүшесін Президент ұсынады. Бұл алға басу ма, әлде кері кету ме, бағасын өздерің беріңдер.
Үшінші мәселе, егер референдум сұрақтарын дайындау, дауыс беру тәртібін анықтау, т.б. көңіл аударсақ, қазақ тілі мәселесінің күн тәртібінен түсіп қалуына таң қалуға болмайды деп ойлаймын. Жалпы алғанда, референдум үш негізгі кезеңнен тұруы керек еді. Біріншіден, Конституцияның ішіндегі қандай баптар ескірді, қандай баптар бүгінгі күннің талабына сай емес, қайсысын өзгерту, ал қайсысына толықтыру жасау керек деген мәселе талқыға түсу керек болатын. Бұған Парламент мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдерінің белсене қатысуына жағдай жасалуы керек еді. Екіншіден, референдумға шыққан баптар екі жақты талдауға түсуі шарт. Біріншісі – қолдаушылар болса, екіншісі – осы өзгертулерге қарсы пікір білдірушілер. Екі жақтың мүмкіндігі тең болуы керек. Бағасын халық береді. Теңдік жоқ жерде – әділеттік жоқ.
Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы-публицист:
«Сот билігі халықтың бақылауында болуы тиіс»
Әлемдік тәжірибеде Конституция елдің тәуелсіздік пен демократиялық бағытта дамуын қамтамасыз ете отырып, бүкіл қоғамның алдағы жүзжылдықтарда тоқтаусыз жылжуына мүмкіндіктер беретін басты құжат болып саналады.
Қазақстанның қолданыстағы Конституциясында шикіліктер көп. Жаңа Қазақстан құруды көздеген Тоқаев билігі Ата Заңымызға өзгерістер енгізу арқылы сол шикіліктерді түзетіп, Назарбаев режиміне ыңғайланған негізгі заңды демократиялық бағытқа көшіргісі келеді. Бұл құптарлық қадам. Ұсынылып отырған толықтырулар мен өзгерістер дені сол мақсатқа қызмет етеді.
Қолданыстағы Конституцияда қазақ халқының мемлекет құрушы мәртебесі «ұмыт» қалған. Қазақстан Республикасы – қазақ ұлтының өзін-өзі билеу формасы екендігі баянды етілмеген. Бұл – қолданыстағы негізгі заңның басты қателігі.
Қазақ халқы бір жарым ғасырлық жоңғар басқыншылығына қарсы жеке-дара соғысып ата-баба жерін қорғап қалғаны баршаға мәлім. Ресей империясына бодан болған 1731 жылдан 1991 жылға дейін 260 жылда 400 реттен астам ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Көкбайрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстан – сол азаттық сүйгіш қазақ халқының үздіксіз күресінің жемісі – тәуелсіздігі! Елімізді мекендейтін диаспоралар мен түрлі ұлт өкілдері конституциялық деңгейде осы ерекшеліктерді білуге тиіс!
Қазақ халқының мемлекет құраушы мәртебесі Конституцияда қамтылмауы салдарынан өзге ұлт өкілдері қазақтарға менсінбей диаспора деңгейінде қарайды. Ұмытсаңыздар еске салайын, қазақ-чешен (Жаңаөзен –1989), (Өскемен–1992), (Ақтау–2006), (Маловодное–2007), қазақ-түрік (Теңіз–2006), (Буырыл–2016), қазақ-ұйғыр (Шелек–2006), қазақ-күрд (Маятас–2007), қазақ-тәжік (Бостандық ауылы, ОҚО –2015), қазақ-армян (Қарағанды–2018), қазақ-дұңған (Қордай–2020) қақтығыстары соның дәлелі.
ҚР ең алдымен қазақ мемлекеттілігін дамытуға қызмет етуі керек. Мемлекеттік тіл – соның бір саласы. Конституциядағы мемлекеттік тіл нормасына қатысты 7-баптың үнемі екіұдай талас тудыратын 2-тармағы Ата Заңымыздан алынып тасталғаны дұрыс.
Сондықтан өзгерістер ең алдымен Ата Заңның аңдатпасынан (преамбуласынан) басталу қажет. Біздің Ата Заңымыз: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып» деп басталады ғой. Соның алғашқы үш жолына төмендегідей мәтінде өзгеріс енгізілуі қажет деп есептеймін:
«Біз, Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде өз атамекенімізде мемлекеттілік құра отырып, оны мекендеуші басқа ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарын сақтай отырып», деп ары қарай мәтін бойынша кете береді. Қазақ халқы Ата Заңында өз рөлінің айқын көрсетілуіне 27 жылдан бері мұқтаж.
Сондай-ақ, Конституциялық сот пен Жоғарғы Сот судьялары бүкілхалықтық сайлау жолымен, аудандық, қалалық, облыстық сот судьялары тиісінше сол өңірлік сайлау округтері арқылы сайланғаны дұрыс болады. Сот билігін Президенттік тағайындаулар арқылы жүзеге асыру нағыз коррупцияның ошағына айналатынын өмір көрсетіп берді. Сот билігі халықтың бақылауында болуға тиіс.
Тағы бір шетін мәселе. Халық санағының мәлім болған соңғы деректерінде Қазақстандағы қазақ халқы 70 пайыздан асты. Яғни, қазақтар жалпы тұрғындардың үштен екісінен асқандықтан көпұлтты емес моноэтникалық мемлекет болып табылады. Сондықтан, Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты түкке қажетсіз ұйым туралы норма Ата Заңнан аластатылуы жөн болады.
Жібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА


