12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Референдум: Халық өз таңдауын жасады

Елімізде Ата Заңға өзгерістер енгізуге қатысты бүкілхалықтық референдум өтті. Бұл күні таңғы сағат 6-00-ден жұмысын бастаған сайлау учаскелерінің есігі кешкі сағат 20-00-ге дейін ашық болды. Дауыс беру 7-00-ден басталып, әрбір азамат өз қалауын дербес жасады. Бюллетендер азаматтардың тұрғылықты жері бойынша алдын ала жасалған тізімге сай, жеке куәлігі негізінде берілді. Орталық сайлау комиссиясының 6 маусымда берген мәліметіне сәйкес еліміздің барлық өңіріндегі және шет елдердегі референдумның 10012 учаскесінде дауыс­ты санау аяқталды.

Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны 11 миллион 734 мың 642 адам. Олардың ішінде дауыс беруге қатысқандар саны 7 миллион 986 мың 293 адам, немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,06 пайызын құрады. Референдумға қойыл­ған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрап, 6 миллион 163 мың 863 адам болды. Ал, конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтар 18,66 пайыз немесе дауыс беруге қатысқандар санының 1 миллион 490 мың 475-ін құрады.
Жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,58% немесе 125 мың 859 бюллетень болды. Дауыс берушілердің ерік білдіруін анықтау мүмкін болмайтын және жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны 2,58%.
Жалпы ереже бойынша азамат дауыс беру барысында бос төртбұрыш ішінде кез келген белгіні қойып өзінің еркін білдіруге тиіс болды. Бір сұраққа екі жауап нұсқасы қарастырылды. Бюллетенге белгіні қарындашпен қоюға немесе оны түзетіп, өзгертуге жол берілмейтіні бұған дейін Орталық сайлау комиссиясында айтылған болатын. Референдум барысында да дауыс берудің ережесімен танысуға мүмкіндік жасалды. Еске сала кетейік, Ата Заңға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткізу бастамасын Мемлекет басшысы көтерген еді. Барлығы 33 бапқа жасалатын бұл түзетулер 56 мәселені қамтиды.
Біз де тұрғылықты жеріміз бойын­ша референдумда өз қалауымызды білдірдік. Өзіміз тіркелген Нұр-Сұлтан қалалық №74 мектепке орналасқан сайлау учаскесінде барлығы 2500-ге сайлау­шы болса, сағат 11-ге дейін олардың 20 пайызға жуығы келіп, өз таңдауын жасап үлгерді. Сонда отырған қоғамдық бақылаушылардың айтуынша, ешқандай заң бұзушылық орын алмай, барлығы тиісті заңнамаға сай жүзеге асқан. Келушілердің бір сәт саябыр таппағанына, жалпы азаматтардың ерекше белсенділігіне куә болдық. Сондықтан бюллетень алу үшін 10-15 минуттай кезекте тұруға тура келді.
Дауыс берушілердің көпшілігі урнаға бюллетень салу сәтін фотоға түсіртіп жатты. Мұның себебін сұрағанымызда бірқатары бұл шара тарихи тұрғыда маңызды сондықтан ескерткіш үшін қажет екендігін айтты. Сендік, өйткені өзіміз де сондай ниетпен фотоға түстік.
Көзімізге жылы ұшыраған көріністің бірі – көптеген замандастардың балаларымен келіп, бюллетендерін солардың қолымен салып жатқаны болды. Алты баласымен бірге келіп, дауыс берген Бауыржан есімді кәсіпкерді сөзге тарттық. Айтуынша, сайлауға тұрақты түрде қатысады екен. Бұл қадамын азаматтық борышы, еліміздің дамуы, балаларымыздың жарқын болашағы үшін қабылдаған шешім деп түсіндірді.
Жекеменшік балабақша иесі, бес баланың анасы Айжан есімді сіңліміз референдумның өткізілуі биліктің халықпен санасуы, пікіріне құлақ салуы, қалауымызға ден қою деп біледі. Өзге де сөзге тартқан замандастардың пікірі осы арнадан шығып жатты. Бұдан түйгеніміз халық жаңарған Қазақстанды армандайды, өз елінің жарқын болашағына сенеді және оны өз қолымен құруға дайын.
Алайда, осы үдерісті басынан бастап қадағалап отыр­ған саясаттанушылар пікірі әр алуан болып шықты. Солардың бірі Расул Жұмалы біз пікірлескен замандастар секілді рефрендумды үлкен өзгерістің басы ретінде санап, алдымен барып, Конституцияға жасалатын негізгі өзгерістерді құптап, дауыс беріпті.
– Бұл енді әр азаматтың өзінің ық­тияры. Отбасыммен барып, өз таңдауы­мызды жасадық. 56 түзету мен өзгеріс бұл тек қаңтар оқиғасынан кейін туған бастама емес, олар осыдан 2 жыл бұрын көтерілген болатын. Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде бірнеше рет бұған куә болып, талқылануына өзім де атсалыстым. Елу алты түзетудің барлығы да сайып келгенде демократияны дамытатын шаралар. Әрине, әттеген-айлар жоқ емес. Оны енді қоғам белсенділері де айтып жатыр. Соның бірі – қазақ тілінің мәртебесіне байланысты. Осы мәселені түбегейлі шешуге болар еді. Сол секілді мажоритарлық сайлау үлесін 30 емес, 50 пайыз ету керек еді. Елу алты түзетуден де көп түзету енгізуге болатыны рас. Меніңше, бұл соңғы референдум емес. Өмір талабына сай әлі талай өзгерістер енгізіледі. Қазіргі таңда осы түзетулердің енгізіліп отырғаны Президенттің жасап жатқан реформасының жақсы жалғасы деп қабылдаймын.
Мұндай қуанышты пікірді одан соң тілдескен Дос Көшімнен ести алмадық. Көшім мырза дауыс беруге де бармапты. «Мерекеңізбен» деген құттықтауымызды «Қандай мереке?» деп ренжи қабылдады. «Бүгін референдум емес пе, бұл тарихи сәт қой, жұртшылық қоғам жаңарады, халықтың жағдайы жақсарады» деп қуанып жатыр дегенбіз. Алайда ол «Конституция­ға енгізіліп жатқан өзгерістердің бәрі популистік шаралар. Дәл осындай өзгерістер Қазақстанда келелі бетбұрыс жасайды деп айта алмаймын. Бұл жерде екі мәселе ескерілмеді. Біріншіден, Конституция­ны қарап, өзгеріс енгізетін болса, тым құрығанда Парламент жұмысшы тобын құрып, оған тәуелсіз сарапшыларды, азаматтық қоғам өкілдерін шақырып, сол жерде ақылдасу керек еді. Айталық мен Президенттің туысқандары мемлекеттік лауазым атқара алмайды деген баппен келіспеймін. Себебі бұл адам құқығын толық бұзатын мәселе. Осы референдум арқылы қазақ тілі мәселесін шешу керек еді. Жер қазақ халқының меншігі және ол сатылмайды, ұзақ уақытқа жалға берілмейді деп жазылу керек еді. Осындай маңызды мәселелер көрініс таппады» деп ойын қорытты.
Тоқетерін айтқанда, әркім бұл шараны өз түсінігі деңгейінде қабылдап, қалауын жүзеге асырды. Біздіңше мұның өзі өзгерістің басы, оның қозғау­шы күші. Қазақстан қалай дегенде де жаңа даму арнасына түсті. Бұл жолда қателіктердің де, жетістіктердің де орын алуы заңды. Ендігі міндет бәрінен сабақ ала отырып, алға жылжу.

Айша Құрманғали,
«Заң газеті»

Оқушы білімі vs жасанды интеллект: Балаларды қалай бағалау керек?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасанды интеллекттің (AI) қазіргі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтіп, білім беру саласында оның әсерін түсіну және қолдану қажеттігін айтты.

Қазақстандықтар орташа есеппен 75 жастан көп өмір сүреді

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес, күтілетін өмір ұзақтығы негізгі ұлттық көрсеткіштердің бірі.

Мемлекет басшысы Жапония Императоры Нарухитомен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды.

Журналистер кәсіби қызметі үшін қудаланбайды – Аида Балаева

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі БАҚ саласына қатысты пікір білдірді.

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ТІРЕГІ – ЗАҢ

Тəуелсіздік – бір сəттік шешім емес. Ол күн сайын қабылданған заңмен, Парламент мінберінде айтылған жауапты сөзбен, халық алдындағы адал міндетпен қайта-қайта дəлелденіп отыратын тарихи жауапкершілік.