Қазақстан Республикасының Судьялар Одағының атынан баршаңызды шұғылалы көктемінің алғашқы күнімен қатар келген ерекше мереке Алғыс айту күнімен құттықтаймын!
Бұл – кең байтақ еліміздегі алуан ұлт өкілдерінің ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен өзара құрметін паш ететін, теңдесі жоқ күн. Алғыс айту күні – көпұлтты Қазақстанымыздағы бейбітшіліктің, келісімнің және түсіністік пен өзара қолдаудың маңыздылығын айшықтайтын қастерлі мереке.
Алғыс айту күні – Қазақстан Республикасында 2016 жылдан бері ресми түрде аталып өтіп келе жатқан ұлттық мереке. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, тарихи маңызы зор №173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келуінде терең мән бар. Бұл – ата-бабаларымыздың басынан өткен, күрделі де қиын кезеңдердің жаңғырығы. Бұл күннің тарихы тым тереңде жатыр.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес үкіметі көптеген халықты күштеп көшіруге мәжбүр етіп, елімізге басқа ұлт өкілдерін жер аударды. 1946 жылы Кеңес Одағында жер аударылғандардың саны шамамен миллионнан асып түсті. Депортацияланған өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқы өзінің дархандығы мен қонақжайлылығын танытып, бастарына түскен ауыртпалықты бірге көтеріп, жағдайларын жақсартуға қол ұшын берді. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыз жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірімділік көрсететін, түрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақтарға деген алғыс сезімін білдіретін күн ретінде аталып өтіледі. Дәл осы күні Қазақстандағы 130 ұлт пен ұлыс қазақ халқына алғыстарын жаудырады. Бұл күн бізді одан әрі жақындастырып, барлық қазақстандықтардың жүрегіндегі мейірім, достық және сүйіспеншілік сезімдерін оятатын мерекеге айналды.
Бұл күнді мерекелеу – еліміздің тарихындағы қазақ халқының көпұлтты және көпэтносты мемлекет болып қалыптасуына, түрлі ұлт өкілдерінің өзара құрметі мен бейбітшілік жағдайында өмір сүруіне негізделген ізгі дәстүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл мереке ұлтымыздың қанына сіңген достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды құндылықтарды дәріптейді, қиын-қыстау замандарда мейірімділік пен жанашырлық таныта білген және бірлігін бекемдей түскен халқымыздың асыл қасиеттерін жадымызда жаңғыртады.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, әрбір этнос өкілінің өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтауға толық мүмкіндігі бар. Біз бірлікте болсақ – күштіміз, бұл еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Алғыс айту күні – этносаралық келісім мен халықтар достығының, әрбір азаматтың құқықтарын қорғаудың, бір-бірімізге деген құрмет пен түсіністіктің мерекесі. Қазақстанның әрбір азаматының құқықтарын қорғау жолында елімізде судьялар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік құрылымдар, азаматтық қоғамның өкілдері және тағы да басқа көптеген жандар аянбай еңбек етуде. Әрқайсысы өз ісіне адал болып, азаматтар үшін әділ шешімдер қабылдауға ұмтылуда. Судьялар үшін бұл күн – өз еңбегіміздің маңыздылығын тереңірек сезініп, әріптестерімізге, қоғамға, біздің жұмысымызға сенім артқан азаматтарға алғыс айтудың тамаша мүмкіндігі. Әр шешім, әр құқықтық акт, әр әділетті үкім – еліміздің әділдік пен тұрақтылық жолындағы өлшеусіз үлесіміз!
Қазақстан Республикасының Судьялар одағы да заң саласындағы әділеттілікті қамтамасыз ету, қарапайым халықтың бұзылған құқықтарын қорғау, заңнамаға өзгерістер енгізу және судьялардың кәсіби деңгейін арттыру сынды аса маңызды жұмыстарды атқарып жатыр.
Алғыс айту күні бізге тек өткенімізді еске түсіріп қана қоймай, өзіміздің қоғамдағы жауапкершілігімізді де сезінуге мүмкіндік береді. Бұл мереке бізге өткенге деген құрметпен қарап, болашаққа деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
Судьялар қауымы әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету жолында үнемі жұмыс істейді. Біз әрбір сот шешімдерінің әділ болуын, заң алдында барлығының тең болуын қамтамасыз ету үшін күш саламыз. Бұл жұмысты атқару барысында бізге қоғамның қолдауы мен сенімі өте маңызды. Осы күні біз өзіміздің еңбегіміздің маңызды екенін түсініп, бір-бірімізге құрмет көрсете отырып, елімізді одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз керек.
Құрметті әріптестер, оқырмандар! Алғыс айту күні бізге бірлікті нығайту, әділдікті орнату және болашаққа сеніммен қарауға күш береді. Біздің алдымызда тұрған басты міндет – еліміздің барлық азаматтарына әділ, тең құқықтық шешімдер шығару, заңдылықты сақтау және әрбір адамға құрмет көрсету. Судьялар қауымы осы принциптерді басшылыққа ала отырып, қоғамға қызмет етуде.
Қазақстан Республикасының Судьялар одағы атынан Сіздерді тағы да Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға денсаулық, бақыт, бейбітшілік және игілік тілеймін! Алғыс айту күні еліміздегі барлық азаматтарға тек жақсылық, әрқайсымыздың еңбегіміздің жемісі барша қоғамға пайда әкелсін.
ҚР Жоғарғы Сотының судьясы,
ҚР Судьялар одағының төрағасы
Досжан Сарманқұлұлы Әмір