12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚОРҚАУЛАР

…Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте, заты төмен етекті болғанымен, батыр майдангерлеріміз Мәншүк пен Әлия, жауға аспаннан ажал оғын сеуіп, қызыл қанат «қыранымен» (истребителімен) қырғидай тиген ұшқыш Хиуаз Доспаева сияқты әпкелерінің ерлік үлгісі жұғысты болған қыз-келіншектеріміз ерледі! Ер-азаматтарын үйдегі бала-шағасымен қалдырып, белді бекем буып, тіршілік етуге кірісті. Одан-бұдан аз да болса қаржы құрастырып, қытайдың ала сөмкесін арқалап Ресей мен Қытайды жағалап кетті. Қазақпен «бір телпекте өскен» айыр қалпақ қырғыз елі мен «өз ағам – өзбектердің» Тәшкенінен тауар әкеліп, саудалап жүр. …Міне осындай сауда-саттыққа едәуір төселіп, өзінің пысықтығы арқасында, әрине, аса епті күйеуінің де көмегімен, бірін екі етіп, шаруасын дөңгелетіп кеткендердің бірі, патшалық ресей кезінде «бейбіт жолмен жаулап алу» қитұрқы, сайқал саясатымен ата-әжесі қазақ жеріне қоныстандырылған, аталмыш аудан орталығының тұрғыны – кәсіпкер Наташа Банкина. Жас шамасы әрі кеткенде 35-40-тарды алқымдаған, өзі көпшіл де көңілді, жарқылдап жүретін әдемі келіншек. Наташаның кіммен болса да, тез тіл табысып, әмпей-жәмпей бола кететін сөзшеңдік қасиеті де мол. Әттең, бәрі жақсы-ау, тек сол сөзшеңдік өнерінің «менің бірінші жауым – тілім» демекші, кейде өзіне таяқ боп тиіп кететіні болмаса… …Таңертең ертелетіп базарға келген Наташа қарызға берген тауарларының ақшасын саудагерлерден жинауға кірісті. Саудасы жүргендері ақшасын қолма-қол қайтарса, енді біреулері берешегін жарым-жартылай болса да беріп құтылуда. Бұл аңқаулықты қойсаңшы, Наташа қарызын жинай жүріп саудагерлердің бәріне «бүгін тауар алуға Алматыға жүремін» деп, үйінде болмайтынын жарнамалап бітті. Кейбір базаршы әйелдер Наташаға: «ананы әкел, мынаны әкел. Сол жақсы өтуде» деп тауарға тапсырыс беріп жатыр. «Үй артында кісі бар» деген қазақтың дана тәмсілін заты аңқау әйел қайдан білсін, әйтеуір, қуанышы қойнына сыймай мәз боп жүр… …Темекі, бір-жарты құмыра арақ пен сыра сияқты оны-мұны алу сылтауымен, күнделікті базар аралап, барлау жасап жүретін «Колька косой» саудасы жүріп, кәдімгідей-ақ қоңданып алған Наташаның кәсіпкерлік тіршілігінен хабардар еді. «Іздегенге сұраған» деп, оның бүгін тауарға жүретінін жадына түйіп қойды. Енді Наташа Банкинаның үйіне қайтар кезін анадайдан байқатпай аңдып тұр. Бірер сәттен соң, үйіне қайтқан саудагердің соңынан еріп отырып, оның тұрып жатқан мекенжайын көріп алды. …Қасиет қонған құтты Қаратал ауданы даласының түні қандай әдемі. Лүп етіп соққан жел лебі жоқ. Жарқырай жанып, күлкісі келген адамша жымың-жымың еткен сансыз көп жұлдыздардың «көз қысуынан» ертеңгі күннің жаңбырсыз, ашық болатындығы айдан анық. Мұндай әдемі түн – бір-біріне ғашық жастардың күндіз күміс, түнде алтын болып ағып жататын қасиетті Қаратал өзенінің жайдақ жағасында қыдырыстап, жан сырларын ақтарысып, бақыт құшағына бөленуге сұранып-ақ тұрған тамаша түн. Алайда, бұл көріністі тамашалап емес, түн қараңғысын жымысқы, арам ойларын асырудың таптырмас қолайлы уақыт санап, сол сәтті қалт жібермей, пайдаланып қалуды ойлайтын жырындыларға не дерсің! Ондай қорқау жандар, «итке темір не керек» демекші, мұндай жанға жағымды, жан жадыратар жайдары түннің тамаша көрінісін қайтсін… «Косойдың» қылмыстық тобы жорыққа, әдеттегіше, түн жарымынан аса шықты. Тіркемелі МТЗ-80 тракторынкөлденең көзге түспес үшін, орталық көшенің бірінде тұратын Наташаның үйінен аулағырақ жердегі, елеусіз бір қалтарыстағы ағаш арасына жасырып қойды. – Қырандар, сендер осы жерде тапжылмай күтіп отырыңдар. Сақтықта қорлық жоқ. Мен жайлап барып, әлгі сайтандардың кеткен-кетпегенін байқап келейін. Жоспар былай: «Дима, Сергей үшеуміз операцияға кірісеміз. Валера шухерде тұрады. Жұмысты шапшаң, шусыз жасаймыз! Жауапты кезеңде ешкімге сенбей, тек өзі ғана қимылдайтын әдеті бойынша «Косой» – Сафин саудагер әйелдің үй ауласына таяп келіп, бақылауға кірісті. Еңселі үйдің көше жақтағы терезелерінің бәрінде шам самаладай жарқырап тұр. Яғни, саудагерлер сапарға әлі кетпеген. «Жаздың ерте ататын таңының сәулесі білінбей тұрғанда кетіп жоғалсаңдаршы, құрғырлар» деп, соны іштей құдайдан тілеп тұрғанда, үйдің сыртқы есігі сықырлай ашылды. Ағаштың тасасынан сығалап тұрған Николай «дай бог» деп күбірлеп, үш қайтара шоқынып алды. Әне, үйден орта бойлы ер адам шығып, көк шиферлі үйдің қабарғасына ілінген электр шамның, аумақты күндізгідей жарқыратып тұрған сәулесімен ауладағы бояуы оңа бастаған «газель» машинасына беттеді. Көлігі біразға шейін от алмай, копотын ашып, әлде бір жерлерін шұқылаған соң, құдай оңдап дүр ете түсіп, машинасына жан бітті. Темір қақпа екі жаққа айқара ашылып, ерлі-зайыптылар даңдұң сөйлескен бойы қақпаны кілттеп жауып, көліктеріне отырып жатыр. Енді бір сәтте машина жаймен қозғалып, ауладан ұзай берді. Арада бірер минөт өткен соң көзден де таса болды. «Косой» кешікті-ау, не болып қалды екен» – деген ойдан алаңдап тұрған жемтіктестерінің жанына мысықтабандап жетіп келген ол асыға тіл қатты: – Қане, тездете қимылдаңдар. Таңның ағаруына да көп уақыт қалған жоқ… Арада шамамен жарты сағатқа жетер-жетпестей уақыт өткенде, жүк тиелген тіркемелі трактор Банкиндер ауласынан жайлап шығып, аудан орталығының батыс жағын бетке алып жүріп кетті. Бұл жолы да үйден үлкен жолға жеткенше трактор дөңгелектерінің іздері сыпыртқы арқылы тып-типыл болып жойылды. …Күннің шыжыған ыстығында Алматының ат шаптырым базарын асықпай аралаған, күні бойы тауартаңдап, оны сықита толтырып тиеу дегенің қайдан, кімге оңай шаруа болсын. Шөлдеп, әбден діңкелей шаршаған ерлі-зайыпты Банкиндер аудан орталығына кіргенде уақыт түн жарымынан асып, сағат тілі үшке таяп қалған еді. Бірақ, қанша шаршаса да көңілдері тоқ. Алған тауарларының бағалары да ойдағыдай, сапасы да жақсы. Тапсырыс берген саудагерлердің де дүниелерін көздеген, арзандау бағаға сатып алды. – Ертеңгі жексенбілік жәрмеңкеде, құдай қаласа, жақсы табыс түсіреміз, – деп қуаныштан жүгіре басқан Наташа қақпаны ашып, жүк толы машина орнынан ауыр қозғалып аулаға жайлап енді. …Үйдің сыртқы есігін ашу үшін замоктың тесігіне кілт сұққан Наташаның жүрегі зу ете түсті. «Түнде асығып жүріп сыртқы есікті жабуды ұмытып кеттім бе екен әлде?» Осы оймен есікті ашып, дәлізге асығыс енген Наташаның: «Ой, горе!» деп, ышқына айқайлаған қорқынышты дауысын естіген күйеуі не жағдай екенін білмегенімен, бір сұмдықтың болғанын сезіп, үйге жүгіре кірді. Масқара! Үйдің іші жау шапқандай ойран-топыр. Бейберекет шашылып жатқан дүниелер. Қаңқиған жиһаздың суырмалары әр жерде шашылып жатыр. Қойма ретінде пайдаланып жүрген балалар бөлмесіндегі ертеңгісін саудаға шығаруға тиісті тауарлар жым-жылас жоқ. Бейне жылан жалап кеткендей. Дауыс шығара аңырай жылаған күйі жатын бөлмеге жүгіре басып кіріп кеткен Наташаның дауысы бағанағыдан да зарлы, ащы шықты: – Ой, Сашка, алтын-күміс, бриллианттарымды алып кетіпті. Қымбат хрусталь ыдыстарымды да жоқ қылыпты. Құдай-ау, екеуміздің әлі үстімізге іліп үлгермеген бағалы киімдерімізден де дым қалдырмапты… Хайуандар! – деп, өкіре жылаған әйел жүрегін ұстаған күйі талықсып, жап-жаңа кілемнен ада болып жалаңаштанған еденге жантая құлап бара жатты… …Кербұлақ ауданы халқының «әлеуметтік жағдайын тексермекке» сапар шеккен «Коля-косойдың» қылмыстық тобы Николайдың «екінші ходкасында» Ақтөбедегі зонада танысып, «кент» болған атақты барымташы Сапар досының үйіне келіп жайғасқан болатын. Келген күннің ертеңінде Косой аудан орталығында орналасқан жаңа базарды, дүкендер мен үлкен кәсіпорындарды сырттай бақылап, біраз мәліметтер жинады. Төртінші күні, ел аяғы тынышталып, түн қараңғысы қоюлана салысымен: – Қой, үш күн бойы үйде шөп басын сындырмай, жұмыссыз жатқаннан іштерің пысып кеткен шығар. Көшеге шығып, олжа іздеп көрейік, – деген басшысының сөзін естіген жемтіктестері қутыңдаса қуанып қалды. Қуанбай қайтсін, бір-екі күн жорыққа шығып, пайда түсірмесе, ішкен астары бойларына тарамайтын қуларың осынша уақыт жұмыссыз жатса… Бірақ, үйден шыға, ауа райының жайсыздығынан көңілдері пәсейіп қалды. – Пахан, қай бағытты бетке аламыз. Мынандай ауа райындағы еңбектің ақталуы қалай болады? Навар жақсы түсетін жер ме? – деп, қарсы сұрақ қойған Женяның сөзін «Косой» жақтырмай, бетіне шытынай қарады. – Сен-ақ осы тықақтап тұрады екенсің. Көп қақсамай ауызыңды жап. Менің соңымнан ерсеңдер өлмейтіндеріңді білесіңдер ғой… Күні бойы толассыз сіркіреп жауып, ара-арасында демалғандай сап тыйылып, қайтадан төпелей құйған жаңбырдың басылар түрі жоқ. «Құрымағыр, мына қара қазандай төңкерілген аспан асты тесіліп кеткеннен сау ма өзі» деп өзара күбірлескен төртеу Сарыөзек кентінің «күн көсем» – Ленин көшесі бойымен, орталықты бетке ала жылжып келеді. Бұл кез ел әлі жата қоймаған, сағат тілі түнгі он бірден енді ғана асып бара жатқан. Топ мүшелерінің бәрі жағаларын көтеріп алған. Иықтарын құныстырып, «мынандай ауа райында жемтік қолға түсе қояр дейсің бе?» – деп, көңілсіз, баяу жылжып келе жатыр. Николай басшыдан басқасына салсаң, тап бүгін жорыққа шықпай, үй төрінде жүз грамдатып, ауызды күйдірер қою чефир ішіп, бұйығып жатуға бар. …Түн қараңғысынан әлденені абыңкүбің қызу талқылап, бірі біріне кезек бермей дабырласқан адамдардың дауыстары естілді. Ендігі сәтте түнгі жорықтарда қараңғылыққа әбден үйренген олардың қырағы көздері алдыңғы жақтағы Шевченко көшесі бойымен, батыс жаққа бет алған екі қараны көздері шалды. Дауыстарына қарағанда әйелдер. Бірін-бірі тыңдамай, даурығыса сөйлескендерінен білініп тұр – ішіп алған. – «Іздегенге сұраған» деген осы. Өздері біздің келуімізді күткендей жолды кесті, енді осыларды торға түсіреміз. Юра, Леха, сендер екі қатынның оң жағындағысын жәукемдейсіңдер. Жека екеуміз сол жақтағыны тазалаймыз. Бұл «Косойдың» бұлжымай орындалуы тиіс бұйрығы. Өз қызықтары өздерінде болып, әңгіме тиегін ағытып келе жатқан Лена мен Оксана шынында да қызу еді. Әндетіп, билеп, көгершіндей көкке қалықтаған көңілдерін баса алмай, сол шарықтаған әуендерінен арыла – Қане, үндеріңді шығармаңдар! – Әмірлі дауыспен бірге, кеңірдектеріне сұп-суық болып тақалған пышақтан естері шыға қорыққан әйелдерді түн жамылған қарақшылар жол шетіндегі қалың ағаш арасына «свиданияға» апара жатқандай қолтықтаған күйі жетектей жөнелді. – Бәрін алыңдар. Бірақ, өлтіре көрмеңдерші. Жалынамын сіздерге… – деп жыламсыраған Лена құлақтарындағы, анасының оған қырық жасқа толған тойында сыйлаған, кішігірім торғайдың басындай қомақты алтын сырғаларын өзі ағыта бастады. – Иә, балаларымыз бар, аяушылық жасаңдаршы. Құдай үшін, бізді ұрыпсоқпаңдаршы. Сыңсып жылай бастаған Оксана мойнындағы бриллиант алқасы мен анадайдан түсіп тұрған электр жарығына жалт-жұлт етіп шағылысқан күміс сырғаларын қоса шешіп берді. – Бізді өлтірмеңіздерші… Үрейленіп, дір-дір еткен олар алтындарын сыпырып, тонаушыларға ұсына берді. Ол аз болса қарақшылар қол сөмкелеріндегі ақшаларын да жылан жалағандай етіп тазалап, соқыр тиын қалдырмай қағып әкетті. Тіпті, әтір, сүрме, ерін бояуы, тарақ, айна сияқты әйелдерге керекті заттарды да сыпырып алып: С богом! Идите отдыхайте. Будете кричать, мигом догоним и зарежем… – деп қара жолға салып жіберді. * * * …Қаратал ауданындағы бар-жоғы сегіз күннің ішінде орын алған бірнеше қылмыс елді дүрліктіріп жіберді. Аудандық ішкі істер бөліміндегі жедел топтың жігіттері, участок инспекторлары мен криминалистерін жинап, кеңес өткізген бөлім бастығы лауазымын уақытша атқарып жүрген полиция майоры Келімбетов әр бөлім басшыларын орнынан тұрғызды. Олардың барлығы да «мүмкін-ау» деген жорамалын айтқанымен, қолға іліккен айғақ жоқ. Криминалист Кәкімов орнынан көтеріліп: – Адам тонаудан басқа, екі ұрлық фактісі бойынша да із кесу кезінде байқалған жәйт – қандай транспорт түрі қолданылғаны түсініксіз. Ешқандай із жоқ. Алайда, қылмыскерлер жүрген жолын, қалай екені белгісіз, әйтеуір қолма-қол өшіріп отырған, – деп орнына отырды. Қылмысты іздеу бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Панин: – Қылмыс болған көше тұрғындарынан сұрастырдық. Ілік боларлық ешнәрсе жоқ. Бәрінің айтатындары: «көргеміз жоқ», «ештеңе естігеміз жоқ» сияқты жауап. Сөйтіп тұйыққа тіреліп тұрмыз… Үш сағат бойы дабырласа долбар айтып, шуласқан жігіттер түн ортасы ауған шақта еш нәтижесіз тарасты. …«Колька-косой» кличкалы Николай Сафин қаңылтыр құтыға бықтырып қойған ащылығы ауыз қуырар қою чефирін кеңірдегін күйдіре-мүйдіре жеделдете ішті. Көкшіл түсті джинси шалбарын бұтына, алдында тістері ақсиған арыстан суреті бар ақсұр өңді футболкасын үстіне іліп, табан қалыңдығы бір еліге жуық шетелдік көк кроссовкиін сықита киіп алды. Бойы ортадан сәл жоғары, денесінде қырып алар артық еті жоқ, арықша келген, тарамысша қатқан жігіттің буылтық-буылтық бұлшық еттері сырт киімінен білініп тұр. Бұл қалпында сырт көз оның бойындағы бұла күші тау суындай сарқырай ағып жатқан кәнігі спортшы дерліктей. Барар бағыты – Митяның үйі. Жергілікті тұрғындар арасында «пьяный поворот» аталып кеткен осы «Западная» көшесіндегі Дмитрий Гусковтың үйіне, ара қашықтық біраз болғанымен, бала кезден қарыштап, шапшаң жүретін әдетімен тез жетті. Ол Митямен осыдан екі-үш ай бұрын базарда танысып, артынша үлкен бір отырыс жасаған болатын. «Косой» арақ ішсе де, өмірі мас болғанша ішпейтін пәле. Өзі сауысқандай сақ. Айналасындағы адамдардың сөзінен, іс-әрекетінен оның кім екенін, қандай адам және оған сенуге болатын, болмайтындығын бағамдайтын әдеті баяғыдан, түрме ботқасын алғаш татқан кезден қалыптасқан. Алғашқы кездесу кезінде өзінше қорытынды жасай отыратын сол үйреншікті қасиетімен Дмитрийді көбірек сөйлетіп қойып, өзі көп тыңдай отырып бағалаған. Сөйтіп оны «өзіміздің адам» деген пікірге тоқталған-ды. …Қазан айы болғанымен, ауа райы әлі жаз уақытындағыдай май тоңғысыз жылы. Орыстың «бабье лето» аталатын жанға жәйлі маусымы жан жадыратып тұр. Ел аузында «қарындаш» аталатын дарбазаның сыртында тұрып, құлақ жаңғырта ысқырып қалды. Көкшіл бояуы ескіріп, сұрғылт тартқан қақпа жәйімен ашылды да, ұйқыдан жаңа оянған ба, көздері кіртиіп, шашының ұйпа-тұйпасы шыққан үй иесі көрінді. – О, какие люди. Добро пожаловать! – Дмитрий келушімен құшақтасып, қос қолдап амандасты.

– «Кімді ойласаң сол келеді» – деген сөз рас екен. Әлгінде ғана сені есіме алып едім, Колька… – Өзгенің өзіңді сағынып, жақсылықпен есіне алғаны дұрыс нәрсе ғой. Үйде біреу бар ма? – Ешкім жоқ. Қатын қияр, қызанақ сатуға базарға кеткен. Біраз уақыттан соң келіп қалар. – Әзірге соның келмей тұрғаны дұрыс! Ақылдасатын маңызды, екеуміз үшін де пайдалы шаруа бар, – деген Коля Сафин ашық тұрған қақпадан үйге зып етіп жылдам еніп кетті. – Мынау менің көптен көрмеген досыма әкелген базарлығым. Көйлек етегімен жасырылған шалбарының ышқырындағы бір жартылық «столичный» арағын шығарып, үстел үстіне тық еткізіп қойды. Жайғаса отырған «Косойдың» бетіне үй иесі аса бір риза жүзбен қарай қалған. – Бәрекелді. Осылай жиірек келіп тұрсаңшы, Никола, – деп қуана да қулана күлген Дмитрий екі жүз грамдық қырлы стақандармен бірге, столға тіске басар екі-үш тал қияр мен қызанақ әкеліп қойды. – Дима, алдымен сен мынаны айтшы. Тракторыңның жағдайы қалай, жүре ме? – Жүргенде қандай. Тек газды қаттырақ басып, рөлді керек жаққа қарай бұрап үлгерсең болды, ұятқа қалдырмайды. – Онда бүгін кешке, жұмыстан соң көлігіңді үйіңе әкеліп қой. – Николай қырлы стақанға құйылған арақты қағып салып, келген шаруасына көшті… * * * …Төсегінде шәниіп жатқан күйінде темекісін будақтата тартқан Николай орнынан жеңіл ырғып тұрып, тарамыстай қатты, әлді саусақтарымен үйге келген үшеудің қолын кезекпен, құшырлана қысты. – Өздеріңді жәйдан-жәй шақырмайтынымды білесіңдер ғой. Қысқаша қайырғанда, бүгін сендерді бір жақсы іс күтіп тұр… – Мы готовы как штык! – деп, іле-шала күле тіл қатқан Валераны «Косой» оқты көзімен атып, бетіне жақтырмай қарады. – Үлкендер сөйлегенде сөзді бөлмеуді қашан үйренесің? – деген ол «соңымнан еріңдер» дегендей ым қақты да, үйден жылыстап шыға берді. Үшеудің алдына түсіп, тіл қатпастан жүріп отырған «Косой» қаланың сыртындағы Қаратал өзенінің жағасына барып бір-ақ тоқтады. Иә, талай сазгер мен ақынның өлең-жырлары мен әндеріне арқау болып, тарау-тарау тарихтың куәсіне айналған, бақ қонып, құт дарыған, қойны бал татыған балыққа, айналасы құстар мен қоян, түлкі сияқты табиғат байлығына толы қасиетті өзен – Қаратал ғой бұл. – «Пахан», алдағы істің не екенін біле алмай, қыстығып өліп барам, – деп ағасының жүзіне барлай қараған Валераға «Косой» сұқсырдай суық өңін сәл жылытып, ыңырана тіл қатты. – Жұмыссыздықтан іштерің пысып қалған болар. Бүгін «қант» операциясына шығамыз. Операция жүргізетін нысанды ешкімге күдік тудырмастан, алдын ала зерттеп қойғанмын… Николай бүгінгі жорықтың жоспарын тәптіштей түсіндіріп, әрқайсысының атқаратын міндеттеріне шейін анықтап берді. Күтпеген жағдай туа қалғанда кімнің қайда тұрып, не істейтінін су жағасындағы майда сары құмға сыза отырып түсіндірді. – Күзет аса мықты болып, жазымға ұшырамаймыз ба? – деді үшеудің ішіндегі жасы үлкені Сергей. – Тәуекелге бармаған шампан ішпейді. – Валера Николайдың жауабын тоспастан, «тақ» еткізе жауап беріп, ағасының бетіне жағымпаздана көз тастады. Валераны қостағандай ыңғай танытып, сәл езу тартқан «Косой» лезде түсін суытып ала қойды: – Сергей, сен қоянша қорқып тұрсаң – бірден айт. Және біздің маңайымыздан ешқашан жүрмейтін бол. Оның ашуланғандағы түрі өте сұсты да қорқынышты еді. – Мұндай босбелбеу, сен сияқты қорқақ қояндарға зонада не істейтінін білесің бе өзің? – Қорқып тұрғаным жоқ. Сақтық ойлағаным… – деген Сергей қипақтап, сөзінің артын жұтып қойды. …Уақыт түн жарымынан кете бере Николайдың қылмыс тобы орнынан қозғалды. Бұлар кеш түскеннен бері ел аяғының әбден басылуын күтіп, бейуақ келетін ұятсыз ұйқыны қуып, сергу үшін ащы чефир ішіп отырған. – Ну, пора! С богом, – деген топ басшысы әлгінде ғана түнделетіп келген Дмитрийдің тіркемелі тракторының кабинасына қарғып мініп, қалғаны тіркеме қорабына жайғасты. Тамыз айының күндізгі аптабының қызуы қайтқанмен, түн бәрібір ыстық әрі қапырық. Ай жарығы сүттей. Бірақ, «түн жарық екен, біреулер байқап қалар» деп, айылын жиған ешкім жоқ, тіркемеде баяу тербеліп келеді. Трактор қаланың онтүстік батыс жағындағы, шлак дарбазамен қоршалған «Мұнай өнімдері» кәсіпорнының сырт жағына келіп тоқтады. Николай Сафин арбадан жеңіл ырғи түсе сала тың тыңдап сәл тұрды да, адымдай басып, күзетшінің үйшігіне таяды. Жүрісі еркін, бұқпантайлап, жасқану ойына да келмейтін сияқты. Ұрлық жасауға келген адам емес, бейнебір, түнделетіп нағашылап жүрген жиендер дерсің! «Косой» келіп тоқтаған бетте қолындағы ұзындығы жарты құлаштан сәл ғана ұзынырақ шегесуырғышты көз ілеспес шапшаңдықпен сілтеп-сілтеп жіберіп, күзетші үйшігінің терезесін сыңғырлатып сындырып түсірді. Артынша жеңіл ырғып, терезеден ішке секіріп түсті. Тәтті ұйқы құшағында бұйығып жатқан күзетші не болғанын түсініп те үлгерген жоқ. Басын көтеріп, орнынан тұруға оқталғаны сол еді, әлдебіреудің дәл төбесінен сарт еткізіп ұрған темірдей жуан жұдырығының ауыр соққысынан есі ауып, көздері алая құлай берді. Артынша қақпа ашылып, трактор аулаға енді. Сергей мен Валера арнайы дайындап әкелген екі-үш құлаш сымтемірмен оның аяқ-қолын матап, темір төсегіне таңып тастағанын, есеңгіреп жатқан байқұс күзетші сезбеді. Олар енді басшы бұйрығын тосып, үнсіз состиып тұрып қалған. Бұл кезде Женя Палкин сақтық үшін дарбаза сыртындағы қалың ағаштың арасында «атаста», яғни сақшылықта тұрған еді. Николай бөлтіріктерін ауыздандырған қорқау қасқырша, екі бауырын соңынан ертіп, ауладағы ұзыннан ұзын етіп салынған қойма есігінің алдына барып тоқтады. Сақтық үшін бір сәт тыңдап тұрды да, қолындағы шегесуырғышын Сергейдің қолына берді. – Қане, құлыпты бұз! Жиені қолындағы сайманмен құлыпты әрі-бері нұқығанымен, ештеңе шығара алар емес. – Ой, келепайсыз. – Шегесуырғышты оның қолынан жұлып алып Валераға ұстатты. – Қане, сенің қалай жұмыс жасағаныңды көрейік. Тез қимылда, балабақшада ойнап жүрген жоқсың. Қанша әуреленгенімен құлып оның да ыңғайына көнер емес. – Бүйтіп ұры болғандарыңды ұрайын сендердің. – Сайманды жұлып алған ол, көз ілеспес жылдамдықпен құлыпты бір-ақ рет ырғап, жерге топ еткізді. – Міне, ұры деген осылай жұмыс жасауы керек. Жырғалмай, тезірек қаптарды арбаға тиеңдер! Мекеме қоймасының табанынан төбесіне шейін сықита үйілген қапталған қантты көрген ұрылардың көздері шырақша жанып, іске дереу кірісіп кетті… * * * …Алматы облысының Қаратал, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласындағы кезек-кезек, екі күннің бірінде жасалып жатқан ірілі-ұсақты қылмыстардың ашылар түрі жоқ. Қылмыскерлер .ұсталып, құрықталмайынша ел ішіндегі болмағанды болғандай етіп асыра айтылатын қаңқу сөздер Жетісу өңірінде желдей есіп тұр. Аталған аудандардың Ішкі істер бөлімінің бастықтарын Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы генерал Дәрменов Омар Серікұлы облыстық кеңесте неше рет орнынан тұрғызып ит сілікпесін шығарған. Бірақ, олар: «Ашамыз, жолдас генерал. Қауырт жұмыс жасап жатырмыз. Көп кешікпей қылмыстық топ құрықталады…» деген уәдемен кілкіген май ішкізгендей әбден тойдырып бітті. …Кешкі апақ-сапақ кезінде генерал Дәрменов хатшысы арқылы Талдықорған қалалық ІІБ департаменті Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Қайсенов Абылай Әзімханұлын кабинетіне шақыртып алды. «Не мәселемен шақырды екен? Бір шұғыл тапсырма бар-ау, сірә…» – деп ойлаған полковник басшы кабинетіне айтылған уақыттан он бес минут ерте келді. – Генерал мырза, полковник Қайсенов сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр! – деп, емен есіктен енген бетте устав бойынша шекесіне қолын қойып сәлемдесу рәсімімен сіресе қалды. – Кел, полковник, кел… – Генерал төрде отырған орнынан тұрып Абылай Әзімханұлымен қол қысып амандасты. Бағынышты әріптесінің қызметтік міндетін өте тиянақты, тез және бұлжытпай орындайтын әдеті өз алдына, оның ар тазалығы мен биік адамгершілік қасиеттерін жақсы білетіндіктен, генерал Дәрменов полковник Абылай Қайсеновты қатты құрметтейді. Сондықтан, басқалармен қатынас жасағандай емес, көп жағдайда ресмилікті қойып, атымен атап сен деп сөйлесе береді. – Отыр, Абылай. Шақыруыма таңданып отырған шығарсың. Аудандардағы өрттей өршіп тұрған криминалдық жағдайды біліп отырсың. Онсыз да тығыз уақытты өлтірмей, тоқетерін айтайын. Қылмыстың алдын кесіп, тез арада құрықтау мақсатында облыс бойынша бірнеше оперативтік топ құрғалы отырмыз. Сол топтың бірі – Қаратал ауданында жұмыс жасайтын болады. Сен сол өңірдегі топты басқар, яғни өкілетті өкіл болып бар. Егер қажет деп тапсаң, қасыңа бір тәжірибелі көмекші қосып берейін… – Маған білдірген сеніміңізге үлкен рақмет, генерал мырза. Көмекші қажет болмас, ондағы жігіттер де жеткілікті ғой. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. – Жақсы, Абылай, саған сенемін. Тек бір ерекше ескертерім, жеке құрам мен өзіңнің аман болуыңды естен шығарма. Қылмыстарының артына тырнақтай да із, айғақ қалдырмай, соншалықты таза істеуіне қарағанда, қылмыстық топты өте тәжірибелі, сауысқандай сақ және аса салқынқанды қылмыскер басқарып отыр. Және із суытып, адастыру мақсатында, бір орында тұрақтамай, әр ауданға «күтпеген қонақ» – гастролер болып жүр. Әйтеуір, Жаратушының: «сақтансаң-сақтаймын» деп айтқанындай, тағы да қайталаймын, жеке құрамның арандап қалуына жол бермеңдер – деп, генерал орнынан тұрып, полковниктің қолын қатты қысты. * * * …Полковник Абылай Қайсенов Қаратал аудандық ішкі істер бөліміне келгенде, түскі ас ішу мезгілі аяқталып, жұмыс уақыты басталған еді. Телефон арқылы алдын ала хабарланғандықтан, акт залына кеңеске қатысуға тиісті адамдардың барлығы жиналып отыр екен. – Сәлеметсіздер ме, қырандар! Көңіл-күйлерің қалай? Қылмыскерлерді, бірін қалдырмай бәрін құрықтаймыз ғой. Қаз-қатар отырған сайдың тасындай жігіттерге жағалай көз салып шықты. Арасындағы бірді-жарым жас маманды қоспағанда, басқаларының бәрі таныс жігіттер. Анау майор Батан Сәлімов қысқы болсын, жазғы болсын, талай спорт жарыстарында өзіне қарсылас болып, бірде ол, бірде өзі озып жүрген мықты спортшы – аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. Мына отырған палуан мүсіндес Асхат Аханов бойы аласа, адымы қысқа болғанымен, ұзақ қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмайтын стайер және дене бітімі айтып тұрғандай – мықты палуан. Лауазымы – аудандық ІІБ бастығының саяси және тәрбие істері бойынша орынбасары. Анау аға лейтенант Зубков Сергей, Эм Алексей, Нам Эрик пен Ержан Нұрахметов сияқты білікті, қайтпас, қайсар және ержүрек жігіттермен тау қопарып тастауға болады. Тек, ақылмен басқарып, жағдайдың өрістеуіне қарай дұрыс бағыт сілтей біл. Бұлардан басқа, қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторлары, криминалист, аудандағы участок инспекторлары мен тергеушілердің бәрі жиналыпты. Садақ адырнасындай ширығып отырған жігіттерді сәл болса да жеңілдендіріп, ресмиліктен арылту үшін бірер әзіл, қалжың айтып, күлісіп алған соң, полковник оперативтік кеңесті бастады. Ауданда орын алған криминалдық жағдайларды әр офицер өзіне жүктелген тапсырма бойынша толық баяндап, бәрін мұқият тыңдады. Туындаған қосымша сұрақтарға орай, тиесілі жауаптарын толығымен алған полковник Абылай Әзімханұлы: – Бұл қалай, жігіттер? Қызметтік ақпарат журналынан аудандағы барлық криминалдық жағдаймен келе сала жете танысып шықтым. Кісі тонау, үй үптеп кету мен мал ұрлығы өршіп тұр. Сол қылмыстардың бір де біреуі ашылмаған, – іске жауаптыларды орнынан тұрғызып уәжін тыңдады. …Бүкіл саналы өмірін еліміздің тыныштық сақтау қызметіне арнап келе жатқан полковник Қайсенов қылмыстық топтардың тап осылайша еркінсіп, есіргенін, тіпті шектен шығып: «ал ендеше, не істейсіңдер?!» деген басынғандық әрекетін көрмепті. Сұмдық-қой! Ел іші гу-гу әңгіме. Мұндай жағдайда, болмаған нәрсенің өзін болғандай етіп әсірелеп, көптіріп жіберетін елдің әдеті емес пе: «Ойбай, біздің Қаратал ауданына Ресейден атақты банда келіпті. Мына сұмдықтардың бәрін жасап жүрген солар екен. Қарсы келгендердің басын кесіп, бағанаға іліп қоятындықтарын қағазға жазып кетіпті» деген қауесет өршіп тұр. Елдің әсірелейтін де жөні бар. Қылмыс дер кезінде ашылмаса, ондай ертегіге бергісіз көпірме әңгімелердің тарап кететіндігі белгілі ғой. Кеңестегі сөздеріне қарағанда, жігіттер іздемей жатқан жоқ. Шапқылап, аяқтарынан сарсылуда. Алайда, қолда ілік болмағандықтан, еңбектері еш кетіп, қылмыскерлер білгенін істеп, бостандықта сайрандап жүр. * * * … «Қант ісі» бойынша осымен екінші рет із кесіп көруге бел байлаған полковник қылмыс орын алған маңды шұқшия зерттеп жүр. Еш нәтиже жоқ! Ендігі бір сәтте… Пәлі, мына сұмдықты қара! Тәжірибелі із кесушінің қырағы көздері жағдайды байқағаннан-ақ істің мән-жайын дереу пайымдап үлгерді. П ә л е ке т т е р , ұ рл ы қ о р н ы н а н шыққаннан-ақ трактор тіркемесінің артына екі жағына бірдей ағаштың үлкен бұтақтарын байлап алғаны анық байқалды. Көлік қанша жүрсе де тарбиған қалың бұтақтар трактор мен тіркеменің ізін қолма-қол сыпыртқыша сыпырып, жойып отырған. Даңғыл жолға шығысымен бұтақтарды ағытып тастап, әрі қарай жол тартыпты. «Кәззаптар! Бастарындағы осы ақылдары мен дәл осы қабілеттерін қылмысқа емес, ел-жұртқа пайда келтіретін ізгі іске жұмсаса ғой. Енді іздеп, тауып көр, бір мая шөптің ішінде жоғалған инені. «Тышқан ізіндей болса да із қалдырмауы мүмкін емес. Бұрылыс, қиылыстарды қайта мұқият қарап шығу керек», – деп ойлаған полковник әлігінде тексеріп өткен жолдармен кейін қарай жүрді. Бұрылыс, қалтарыстардан бір ілік тапсашы, бәрі таза. Қуантарлық ештеңе байқалатын емес, «Опа. Стоп!» тар көшеден үлкен жолға түсер бұрылыста тіркеменің оң жақ дөңгелегінің ізін «сыпырғыш» «байқамай» сыпырмай кетіпті. Бар-жоғы он бес-жиырма сантиметр көлеміндегі көзге көрінер-көрінбес іздің бедері сары топыраққа көмескі болса да түсіп қалыпты. «Мынау құдды, қазақ детектив жанрының атасы Кемел Тоқаев ағамыздың «Көмескі із» кітабындағы сияқты болар болмас із ғой» деп күбірлеген ол папкасынан жалма-жан қағаз, қарындашын суырып алды.

Қуанғаны соншалықты, былғанып қалуды да ойламастан, сары топырақ жолға кілемге отырғандай жәйлана жайғасты. Бала кезіндегі сурет салуға икемдік қасиеті кейін іске асар деп кім ойлаған? Көмескі із бедерін асықпастан, жәйлап, қағаз бетіне қарындашпен түсіре бастады… …Қаланың оңтүстік жағында жапсарлас жатқан Фрунзе учаскесіндегі ескі танысы Николайдың ауласына кіргенде, үй иесі Абылай Әзімханұлын қуанышты жүзбен, күлімсірей қарсы алды. – О, наш любимый участковый, добро пожаловать! Какими судьбами? – деген ол, келген қонаққа мазут сіңген алақаны күректей қолын шалбарына сүрте сала ұсынып жатыр. Николайдың қандай маркалы трактордың болмасын, қай жерінде қандай ақау барын, ол ақау неден болуы мүмкін екенін дауысынан-ақ айырып, қолма-қол диагнозын қойып бере алатын шеберлігін Абылай білетін. – Сен қаладағы, тіпті бүкіл аудандағы трактор атаулыны бес саусағыңдай білесің… – Тым асыра мақтап жібердің-ау, Абылай. Жарайды, айта бер. Қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. – Мына сызбадағы дөңгелек ізі ненікі екенін табу үлкен мәселе тудырып тұр, – деген полковник Қайсенов папкасындағы қаптаған қағаз арасынан бір парақты шығарып, Николайдың қолына ұстатты. – Мынау трактордың емес, тіркеме дөңгелегінің ізі ғой, – деген механизатор қағаз бетіне тесіле қарап қалған. – Да, сложную задачку ты мне задал. Сызбаға кемінде он бес минут үнсіз, үңіле қарап ойланып отырған ол: – Егер мені Құдай қателестірмесе, мынау «Правда» шаруашылығында жұмыс жасайтын Дима Гусковтың трактор тіркемесіндегі дөңгелек бедері. Түнеу жылы ол екеуміз «Ауылтехника» мекемесінде тыңайтқыш тасығанбыз. Сондағы оның трактор тіркемесіндегі бедер тап осындай болатын. – Таудай рақмет, Дмитрий! Сен маған үлкен көмек көрсеттің. Бұл жақсылығыңды ешқашан да ұмытпаспын. – Абылай Әзімханұлы, түрмеге жол тартқалы тұрғанымда мені құтқарып алған жақсылығыңның жанында, менің болмашы қызметім түкке де тұрмайды, – деген Николай оның қолын құшырлана қысып қоштасты. – Көмек керек болса, қысылмай келе бер. Рахымды адамдар үшін менің үйімнің есігі әрқашан ашық. …Үштөбе қаласының батысындағы «Западная» көшесінде тұратын Гусковтың үйіне полковник Қайсенов түс қайта келді. Науқанның қызып тұрған кезі болғанымен, трактор үйдің ауласында шідерленген атша қаңтарылып тұр. «Ой, оңбағандар-ай! Бұл арақты тәуір көретін ақымақтарға дауа жоқ қой. Құдай біледі, шаруашылық басшылары қазір техника, жұмыс күші жетіспегендіктен, бір қолын екі ете алмай жүр. Екі күннің бірінде ішіп, арақтан аузы құрғамайтын Дмитрий тағы мас болып жатқан шығар», – деген ойдың жетегіндегі полковник аулада тұрған МТЗ-80 тракторы мен артындағы тіркемесіне зер салып, мұқият қарауға кірісті. «Бәрекелді! Николай тура тауып айтқан екен». Тіркеме дөңгелегінің бедері мен әлігінде өзі қағазға көшіріп алған көмескі іздің сызбасы бірдей. «Қателесіп, ұятқа қалып жүрмейін» деп, екінші, үшінші рет қайтара салыстырды. Тура сол! Дәл өзі! Трактордың тіркеме қорабының іші жуық арада сыпырылған ба, жоқ жуылған ба, әйтеуір мұнтаздай тап-таза. «Қандай жүк тасыса да қорапта шаң-тозаң, тиелген жүктің қоқым-соқымы сияқты бір белгі қалушы еді. Мынаның тракторының қорабы жылан жалап кеткендей таза екен.

Соған қарағанда, жасалған қылмыстың ізін жасырудың далбасасы болар. Әйтпесе, бұл ішкіштерің қайбір тазалығы асып тұр дейсің». Осы оймен кілтсіз жаба салған трактордың есігін айқара ашты. Тап-таза! «Мұндай кіршіксіз тазалық мүмкін емес. Бір шикілік бар». Қызғылт-қоңыр түсті төсеніш төселген қораптың үстіне шығып, бір шетін көтеріп қалды. Мәссағаан! Линолиумның асты шашылған аппақ қант. Кәдімгі ақ қант! – Азамат Гусков, тұрыңыз! Ұйқыңыздың уақыты аяқталды! – деген зілді дауыстан, кешегі түн жарымына шейін арақты сілтеген ішістен ес-түсін білместен қорылдап жатқан Дмитрий ұйқысынан шошып оянды. «Қорыққанға қос көрінер» демекші, үстіне төніп тұрған әлдебір көмескі сұлба жанын алуға келген әзірейілдей көрініп кетті. Көзін уқалап жіберіп анықтап қарағанда, қарсы алдындағы полковник погонындағы полиция қызметкерін көрді. Бір сұмдықтың тақалғанын сезіп, сасқалақтап қалған Гусков ауызына еріксіз түскен сөзді ойланбастан айта салды: – Не болды? Сіз мұнда не істеп жүрсіз? – Тез жиналыңыз. Бөлімге барып сөйлесеміз. Ә дегенде абдырап қалғанымен, сол арада өзіне-өзі келіп үлгерген Гусков «қорғаныстың ең тиімді түрі – шабуыл» қағидасы бойынша қырыл аралас дауысымен айқайға басты: – Тұтқындау үшін қолыңызда прокурордың санкциясы бар ма? Жоқ екеніне сенімдімін. Мен прокуратураға шағымданамын! – Заңды көп оқыған білгіш болсаңыз, міне: Қылмыстық процессуалдық кодекстегі: «Полиция қызметкері 132-баптың 1-тармағы негізінде, күдікті адамның қылмысқа қатыстылығын анықтау мақсатында, оны ішкі істер бөлімінде үш тәулікке дейін ұстауға құқылы» деген бап бар екенін де білуіңіз керек. Азамат Гусков, көп қиқаңды қойыңыз да, дереу киініңіз. Бос байбаламмен уақыт алмай, менімен бірге бөлімге жүріңіз… Сырт көзге сыр бермеуге тырысқанымен, Гусковтың жүрегі зу ете түсті. «Біткен жерім осы, ендігі барар жерім түрме болды. Бостандық ауылы алыстап, қол жетпейтін арманға айналады енді» деген сұмдық ойдан тамағына өксік тығылып, жанарына үйірілген жасты полковникке көрсетпеу үшін жүзін теріс бұра берді. Сол қорқынышты ойдың жетегіне еріксізден бойлай еніп, жасы келген кәрі шалдың қос иініндей қушиып, ұнжарғасы түскен Гусковтың қолы қалтырап, шарасыз күйде жәйлап киіне бастады… * * * Полковник Қайсенов қылмысты анықтау, іздестіру, тергеу бөліміндегі офицерлер мен криминалистерді, оперативтік топтың құрамын толық жинады. Бұлардан басқа, ұжымда көптен бері қызмет жасайтын тәжірибелі жігіттердің басын қосқан оперативтік кеңес жүргізіп отырғанына үш сағаттан асып, уақыт түнгі он екіні көрсетіп тұр. – Құрметті әріптестер, бұрынғы қылмыс аз болғандай, кеше аудан орталығындағы жалғыз тир түн ішінде тоналып, төрт бірдей ауа қысымымен атылатын мылтық қолды болды. Спорт бәсекесі үшін пайдаланылатын сол мылтықтар күні ертең қайта жасалып, кісі өлтіретін суық қаруға айналып шыға келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Екі күннің бірінде қылмыс жасалады. Рас, қолымызда бірлі-жарым айғақ бар. Фактылардың бар болуы – қылмыстың ашылуына кепілдік емес. Бірнеше аудандық Ішкі істер бөлімінің бастықтары қылмыстың көбейіп кетуіне байланысты кеше қызметінен алынды. Сол үлкен кеңесте мені орнымнан тұрғызып: «Егер қылмыстық топты құрықтауға қабілетіңіз жетпесе, облыстан арнайы оперативтік топ жасақтауға тура келеді» дегенде ұяттан жерге кіріп кете жаздадым… Қане, ауданымыздағы қазіргі криминалдық жағдайға байланысты кімнің қандай ой, пікірі, ұсынысы бар? Әр сала басшылары өз ойы мен пайымын жеткізіп, ұсыныстарын айтып болған соң Абылай Әзімханұлы: – Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы майор Нұрахметов, аудандағы мына өрттей өршіп тұрған криминалдық жағдайға сіз не айтасыз? Қандай ой, нендей жоспарыңыз бар? – Көзбояу ретінде жалғыз-жарым адамды түн құшағына ендіріп, қашықтықтан аңду салып та көрдік. Айламызды түсініп қойғандай, қылмыскерлер ол адамдардың маңына жоламай, тағы да ауа қармап қалдық. Жапа шегушілер мен қылмыс орын алған маңдағы тұрғындардан көрген-білгенін сұрастырып, бұрын сотты болғандар мен өзіміз күдік келтірген адамдарды жауапқа алдық. Біраз заттық айғақтарды сраптамаға жіберіп қойдық. Алайда, жіптің бір ұшын ұстағандай болып отырмыз. Сол варианттарды бүгін-ертең іске асырсақ, бұйырса, қылмыскерлер қолға түседі деген ойым бар. – Бұл жорамал ой ғана ма? Жоқ әлде, шын мәнісінде жіптің бір ұшы қолға ілікті ме? – Жорамал емес, нақты жоспар бар. «Асамай жатып, құлдық» демей-ақ қояйын. Ойдағы осы операцияны іске асырсақ, оң нәтижесін көреміз, полковник мырза. Осы кезде оперативтік кеңес өтіп жатқан залдың есігі әдеттегіден қатты, тарсылдата қағылды. – Кешіріңіз, полковник мырза. Тағы да қылмыстық оқиға. Абылай хан көшесіндегі тир маңында екі әйелді белгісіз біреулер суық қару көрсетіп тонап кетіпті, – деп, ішкі істер бөлімі кезекшісінің есіктен асыға кіре баяндауы шұғыл кеңесті үзіп жіберді. … Қаратал аудандық Ішкі істер бөліміндегі қылмысты іздеу бөлімінің бастығы Ержан Нұрахметов, полиция аға лейтенанттары Сергей Зубков пен Эрик Нам, аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары майор Батан Сәлімов қару сақтау бөлмесінен «Макаров» табелді қаруларын жедел алысымен, оталып, жүруге әзір тұрған кезекші машинасына жүгіре отырды. Өкілетті өкіл полковник Абылай Қайсенов қауырт шақта шешімді шапшаң қабылдай қоятын қабілетімен көлік жүргізушіге: – Сержант Қаратаев, Абылайхан көшесі бойымен теміржол бекетіне қарай тарт! – деп, бұйырысымен, оталып тұрған көлік орнынан жұлқи қозғалды. …Қаладағы Морозов атындағы № 51 мектептің стадионы тұсына таяла бергенде, машинаның жарқыраған фарынан байқалды: футбол алаңын бетке алған бір топ адам жарық сәуледен қорғалақтап, шығыс жақты бетке алып жапатармағай қашып барады. Кезекші машина тоқтар, тоқтамастан, жігіттер көліктен көз ілеспес шапшаңдықпен секіріп-секіріп түсті. Мұндай қым-қуыт, қысылтаяң сәтте, миы компьютерше жұмыс жасап, жағдайды тез бағамдайтын полковник: – Бұлар тегіннен тегін бой тасалап бара жатқан жоқ. Қылмыскерлер екені анық. Біз Эрик екеуміз арттарынан қуамыз. Батан, сен осы көшенің бойымен олардың алдын кес! – деп, бар пәрменмен жүгіріп келе жатқан Абылай Әзімханұлы бұйрық беріп үлгерді. Қашқан топтың соңынан бастырмалата қуған тәртіп сақшыларының: – Стой! Полиция! Стоять! – деген дауысына құлақ аспай, жанұшыра жүгірген топ екіге жарыла қашты. Мектеп стадионын қақ жарып өтіп, Пушкин көшесіне бет түзегендер Николай «пахан» мен оның баулып, бөлтірікше ауыздандыруының арқасында қылмыс әлемінің қыр-сырына бойлап, талай түнгі жорықтарға қатысып үлгерген он алты жасар Женя. Ал, мектептің баскетбол алаңына қарай қашып бара жатқан – Юрий Палкин мен Валера Сметанин болатын. Аға лейтенант Зубков қашқындарға жетуге таянған кезде, оның жақындап қалғанын сезген «Колька косой» стадион шетіндегі жуандығы екі адамның қол ұстасқандағы құшағы жетпейтін жуан теректің тасасына жасырынып тұра қалды. Енді бір сәтте, қашан, қай жерден алып үлгергенін кім білген, «Косойдың» қарулы қолдарымен сығымдай ұстаған жуан сойылы Сергейдің қос тізесіне бірдей сарт ете қалды. Қашқынның жасырынып қалғанын аңғармай, қатты ағынмен зулап келе жатқан қуғыншы, орақпен орғандай, етпетінен сұлап түсті. Палкиннің соңына түсіп, қуып келе жатқан Эрик әріптесі Сергейдің құлап түскенін көз қиығымен көріп қалған болатын. «Қанішер иттер жазым қылмаса игі еді!» деп ойлап үлгерген ол: – Стоять! Буду стрелять на поражение! – деп, қолындағы қаруымен аспанға екі рет қатарынан жөпелемдете атып-атып жіберді. Алдындағы қашқындарды жайына қалдырып, Зубковқа көмекке ұмтылған Эриктің артынан да екі рет «гүрс» етіп атылған дауыс естілді. Бұл – ПСНД-254 ракетницасымен Эрик Намды көздеп атқан Юрий Палкиннің ісі болатын. Әбүйір болғанда, ракетница Эрикке тимей, сол жағынан зу етіп жанай өтіп кетті. Жақын қашықтан атылған ракетница полиция қызметкеріне тигенде, жаралап, тіпті, жанды жеріне тисе, жазым қылып жіберуі кәдік еді. Тап осындай ракетницамен дәл көздеп атып өлтірген жағдайлар полиция қызметкерлерінің тәжірибесінде бұрын бірнеше рет кездескен. …Аудандық ІІБ бастығының орынбасары Батан Сәлімов әріптестері арасында өз кәсібіне құлай берілген қабілетті, жауапкершілікті терең сезінетін тәжірибелі қызметкер ғана емес, облыстық, Республикалық жарыстарда аудан мен облыс намысын абыроймен қорғап жүрген жақсы спортшы ретінде танымал. Қарны шермиіп, бұғанағы салбырап, «ырс-ырс» еткен полиция қызметкерлерін көргенде, әріптестері үшін намыс буып: «мына түрлерімен қылмыскерлерді қалай құрықтамақшы» деп, кәдімгідей жыны келетін. Сол әріптестер елу жастан асқан Батан Берікұлының жіптіктей дене бітіміне, екі иығына екі кісі мінгендей келісті мүсіні мен толқынша ойнаған бұлшық еттеріне сүйсіне қарап қалады. Бірақ, ол сияқты спортпен айналысып өздерін жетілдіріп, денсаулықтарын күтуге кежегелері кері тартып, ұйқы басып тұратынын қайтерсің. …Пушкин көшесі жақтан жүгіре шыққан екі адамның сұлбасын Батан Берікұлының қырағы көздері анадайдан шалды. – Тоқтаңдар! Полиция! – деп, талай жарыстарда жүлде әперген өзінің сүйікті қаруы «макаркасымен» ескерту ретінде аспанға атып жіберді. Жанұшыра бой тасалаушылар – сойыл соққысынан жарақаттанған Сергейге көмекке келіп үлгерген Эриктен бой тасалап қашып бара жатқан «пахан» Сафин мен Женя қужақ болатын. Қос қашқын полиция қызметкерінен құтылмасын сезіп, Абылайхан көшесі бойындағы аудандық баспахананың бетон дуалынан әрі қарай қарғып-қарғып, аула ішіне түсіп кетті. Батан Берікұлы сақтық үшін қашқындар секірген жерден емес, оншақты қадам әріректен ішке ырғып түсті. Сонысы абырой болған екен. «Косой» секіріп түсісімен, екі жүзді жалаңдаған «финка» пышағын қынынан суырып, дуал түбінде күтіп тұрған болатын. Ойы: қуғыншыны секіріп түскен бойда, өзінің сенімді әдісі – қос жауырын ортасынан қанды қаруын бойлата сұғып, жауының жанын жаһаннамға жібере салу. Ойлаған қулығы іске аспағанына намыстанған қылмыскер ашудан булығып кетті. Пышағын кезеген күйінде майор Сәлімовке тұра ұмтылды. Шабуылшының тұтқиылдан, көз ілеспес шапшаңдықпен тап бергені сонша, полиция майоры дуалдан секірер кезде кабурасына салған тапаншасын қайтадан суырып та үлгермеді. Ай жарығымен суық қару «жарқ» ете қалды. Жолбарыстың ептілік, әбжілдік қимылымен Батан Берікұлы артқа қарай ыршып түсті. Сілтенген пышақ оның денесіне дарымай, кеңірдек тұсынан зу етіп өте шықты. Ойпырмай, ажал қаруының, кәдімгідей, «ыс-с» еткен дауысы қандай суық еді! Бейне, улы жыланның шағар алдындағы жан түршіктірер ысылы дерсің! Талай жаттығуларда ерінбестен, таптауырынды етіп, көз ілеспес жылдамдықпен орындап жүрген тап осы тәсілі болмаса, көп жылдан бері ел тыныштығын қорғау жолына аянбай тер төгіп жүрген Батан Сәлімовтің кеңірдегі қиылып, қызыл қанға бояла, қырылдып жатуы әбден мүмкін еді.

Ешкімге есе жіберіп көрмегендіктен «Косой» намыстанып кетті. Мысықша ырғып, пышағын екінші қайтара сілтеді. Қарсыласы қаруын сілтеген сәтте өзіне жеткізбей қағып үлгерген Батан оның пышақ ұстаған оң қолын самбо әдісіне салып қайырып жіберді. Қару үшін ғана емес, енді өмір үшін айқас басталды. Қылмыскер төбелестің сан түрін меңгерген әккі және дене күші мықты болғанымен, майор Сәлімовтің де қайрат-күші одан кем емес. Ол сонымен қатар, қаруды дарытпау, қарсы шабуылдау, қорғану сияқты жауынгерлік тәсілдерге жетік. Бір-бірін еңсере алмай, итжығыс түсіп жатқан тұста, Батан не болғанын түсініп те үлгермеді. Басына тиген ауыр соққыдан аспан шыркөбелек айналып, бүкіл дүние төңкеріліп жүре берді. Бұл – баспахана ауласында үйіліп жатқан отынның арасынан жуандығы білектей сойылды апыл-ғұпыл жұлып алып, арт жақтан мысықтабандай келе, майордың басынан құлаштай соққан Евгений – Женя қудың ісі болатын. – Молодой, а сильный и ловкий гад… – деп, ентіге, қырылдай сөйлеген Сафин ес-түссіз жатқан полиция қызметкерінің кабурасынан «макаров» тапаншасын өз қойнына тыға салып, жемтіктесіне «кеттік» дегендей, қазандай басын оң жағына қисайта, иегін көтеріп ым қақты… * * * – Құтылуларына мұрша бермеңдер! Қолдарында қаруы болуы мүмкін, сақ қимылдаңдар! – Жан ұшыра жүгіріп келе жатқан полковник Қайсенов әріптестеріне ескерту жасап үлгерді. Өзі жан-жаққа бытырай қашқан қашқындардың ішіндегі ұзын бойлысын бозамық тартқан болымсыз ай жарығымен байқап қалып, соның соңынан жүгірді. Бұл қашқын қылмыстық топтың нән басшысы, «Колька косой» кличкалы атақты бандит Николай Сафиннің өзі болатын. Ол өзінің соңынан қуып келе жатқан қуғыншыны байқап қалып, жүгірісін үдете түсті. Қолға түссе құритынын сезіп, қақпанға түскен қорқау қасқырдай аласұра жүгіріп келеді. Сасқалақтап әлсіз болса да электр шамы бар көшеге түсіпті. Жарықтан қорқып, тек қараңғы түсе ұшатын жарқанат құсап, электр жарығынан шошып кетті. Елу шақты метр өткен соң, алдағы қараңғы бұрылысқа кірген ол жүгірісін бұрынғыдан да қатайтты. Ә дегенде үдеткенімен, күнделікті жеңіл-желпі денешынықтыру жаттығулары мен ұрыс тәсілдерін тұрақты түрде қайталап жүргені болмаса, тер шығарып жүгірмеген соң тез алқынып қалды. Қиналып, екі өкпесі сырылдай ентіккен ол сасқалақтайын деді. «Оп-оңай ғана алдыратын қояның мен емес, ментуха…» деп ойлады. Ырс-ырс ете тынысы тарылып, жүгірісі ауырлай түсті. Амалсыздан шапшаңдығын бұрынғыға қарағанда ақырындатуға тура келді. …Полковниктің өз ойы, өз жоспары бар. Осындай, қашқынның соңынан түсіп қуған жағдайы бірінші рет емес. Қашқан адам қуғыншыға қарағанда тез шаршайды. Өйткені, қолға түссе, саудасының бітетінін жақсы білгендіктен, сасқалақтап жүгіреді. Сасқалақтау мен қорқудың нәтижесі біреу – болдыру. Қырағы көзі алдағы қашқында болғанымен, оның ойы сасқалақтамай, бірқалыпты жылдамдықты сақтап, салқынқандылықпен еріп отыру. Сол арқылы қарсыласын шаршатып, болдырту. Болдырған адамның күші кететіндіктен әлсіреп, көпке шыдамайтынына бұрындар, тап осындай қуғын кезінде көзі анық жеткен… …Бірқалыпты бүлкіл жүгірісінен танбаған күйі, қашқынның әр қимылын жіті бағып келе жатқан полковниктің қырағы көзі қашқынның оң қолын көтеріп, сол жағына қарай әлденені лақтырып жібергенін шалып қалды. Артынша, сонау репрессия жылдары Қаратал өңірін суландырып, ауылшаруашылығы өнімдерін, әсіресе, ақ маржан күрішін өсіру мақсатында Қаратал өзенінің саласы етіп қазылған канал суының «шолп» ете түскен дыбысы естілді. «Құлаштай лақтырып жібергені пышақ па, кастет пе, жоқ әлде басқа қару ма? Ә бәлем, жан керек екен өзіңе! Қазір қолға түскен кезіңде қойныңда қарудың болмағанын, сол арқылы жеңіл баппен сотталуды қалаған түрің ғой. Бұл оңбаған сұмырай суық қару ұстағаны үшін де қосымша бап пен соған орай сот билігі тиесілі мерзім қосатынын, әрине, өзінің бес саусағындай біледі». … «Мына бәлекетіңнің мықтысын. Қанша уақыт жүгірдік, демалысында ентігудің белгісі де жоқ. Бұдан әрі қаша берсем, әлсіреп, әбден болдырған кезімде погон таққан пәлекет мені қалпақпен ұрып алатындығы анық. Жолын тосып, дұшпанымды қасқырша қасқая тұрып қарсы алғаным дұрыс болар…» Осы ойға бекінген Сафин жүгірісін тежеп, қалт тоқтады. – Давай, мент поганый. Торопишься на свою неизбежную смерть. Давай! Посмотрим кто кого возьмет…!» – Екі қолын кеуде тұсына ұстап, боксерлар стойкасына тұра қалды. – Сопротивляьтся безполезно. Лучше по хорошему сдавайся! – Абылай да дәл сондай стойкаға тұрып, қорғануға әзірленді. Екеуі де қарсыласына тесіле қарап, арбасқан жолбарыстарша қимылсыз қалған. «Қас дұшпаныңның бет- жүзін анықтап байқап алыңдар» дегендей, бұлт астынан толықси шығып, алтындай шуағын аямай шашқан айдың сәулесінен екеуі бір-бірінің түрін анық көрді. Аралары бар-жоғы бес-алты қадамдай ғана қашықтық болса, анық көрінбей қайтсін. Ұзын бойлы, тарамыстай қатқан қашқынның қан-сөлсіз, сұп-сұр болған бетінен ештеңеден тайынбайтын қатыгездік пен қаныпезерлік көрер көзге анық байқалады. Қорқау қасқырдың ызғарлы көздеріндей өткір жанарынан от-жалын шашырап тұр. Полковник бокстағы өзінің үйреншікті тәсілімен жеңіл ырғып қарсыласына жақындады да, ұзынтұраның иегінің астынан періп жіберді. Ұра салысымен, қарсыласы қарсы соққы жасайтынын сезіп, жаңағы шапшаңдықпен арт жаққа қарай қайта ыршып түсті. Ойлағанындай тура болып шықты. «Косой» іле-шала оң қолымен Қайсеновтың бетін көздеп салып жіберді. Артқа шегініп үлгермегенде, кім біледі жағдай қалай боларын, қарсыластың жойқын соққысы бет тұсынан «ыс–с – с» еткен жылан ысқырығындай дыбыс шығара зу ете түсті. Ешкімнен беті қайтып көрмеген қылмыскер емес пе, иек астынан тиген ауыр соққыдан кейін қашықтықтан соғысуға болмайтынын ұға қойды. Полковник Қайсеновтың екінші қайтара соққысын өзіне дарытпай бұғып үлгерді де, екеуі қоян қолтық алыса кетті. Арасында сарт-сұрт соғысып, ырс-ырс етіп жұлқыса арпалысқан екеу жан алысып, жан берісе шайқасып жүр. Бірі бейбіт халқының алаңсыз тыныш ұйқысы мен қауіпсіздігін қорғау жолында қатыгез қылмыскермен арпалысса, екіншісі қарақан басының пайдасы мен қу құлқынының қамы үшін қапы қалмай жанталасуда. Сол құлқынның құлы болып, қарапайым халыққа қорқау қасқырша тиіп жүрген, тонау, ұрлау, қорлау мен зорлау қылмыстары үшін әділ заңның алдында жауапқа тартқызып, тиесілі жазасын бергізу үшін тәртіп сақшысы басын бәйгеге тігіп, қорқау қарақшымен жанталаса айқасуда… Погонды азамат үстемдік ала бастаса, қасиетіңнен айналайын, алтын ай аста-төк қуанышын білдіргендей жадырап, алтын шуағын жарқырата молынан шашуға тырысады. Жұлдыз жарықтық та күміс сәулесін күлімсірей төгіп, қуана жымыңдайды. Табиғат ана Жаратушының құдіретімен жақсыны да, жаманды да айыра білетін тамыршы емес пе?! Әрине, ондай құдіретті бірлі — жарлы бәзбіреулер білгенімен, бәріміз біле бермейміз ғой… …Қоян қолтық арпалыста бірі екіншісін илектей бастаса, жан беру оңай болсын ба, қарсыласы ышқына жанталасып қарсыласын аударып тастап, өзі үстемдікке ие болып, үстіне шығады. Қанішер «Колька косой» түрмеден түрме адақтап жүріп, жекпе-жек шайқастың сан түрлі әдісін әбден меңгеріп алған әккі қу емес пе, полковник сондай бір айқас үстінде қорқаудың астына түсіп қалды. Тарамыстай салалы саусақтар Абылай Әзімханұлының кеңірдегін сығып, тұншықтырып барады. Әлсіреп, бойынан күш кетіп бара жатқанын сезген полковник жандәрмен қимылмен арпалысып жатыр. Алаштың «елім, жерім, қазағым» деп, сол жолда жанын қиған аяулы да, ардақты тұлға, қаламгер Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» повесіндегі Хамитше, қайратты аяқтарын бауырына таман жиыра тартып, дұшпанының кеуде тұсынан ышқына тепті. Қос аяқтап, аса қатты тартылған садақ адырнасындай серпе сілтенген тепкіден қас дұшпаны полковниктің үстінен домалап түсті. Абылай үстінен ауып қалған қарсыласына арыстанша атылып, кеудесіне атша мініп алды. Қатыгез жауының босаңсыған сол сәтін пайдаланып, бар күшін жинап, оң қолының қырымен қорқаудың көк желкесінен осып жіберді. Дәл, аса жойқын күшпен ұрылған соққыдан «Косой» жаны шыққан жылан құсап сылқ ете түсті. Қарсыласы есін жиып, қайта күш алып кетпес үшін жаңағы сұмдық соққымен екінші қайтара қақырата ұрып үлгерді. Кителінің ішкі қалтасынан тастамай, үнемі салып жүретін шағын ғана темір кісенді алып, «жыланды үш кессең де, кесірткідей қауқары бар» демекші, әлсіз болса да қимылдай бастаған қорқаудың қолдарына шырт еткізіп сала қойды. Сөйткен соң ғана денесі босап, бойындағы күші сарқыла әлсіреген Абылайдың көздері қарауытып, Жер ананы құшақтаған күйі жантайып жата кетті… * * * …Полковник Қайсенов бүгінгі алапат айқастан қанша діңкесі құрып шаршап тұрса да, уақыт өткізбей қашқынды өзі сұраққа алуға бекінді. Өйткені, әккі қылмыскер өз «шкурасын» сақтау үшін, неше түрлі қитұрқылықты ойлап тауып, бұлтаққа салатынын жақсы біледі. Бір емес, екі бірдей айдауыл – конвой қолы кісендеулі қылмыскерді сұрақ алу бөлмесіне алып келгенде, сағат үштен асып, таң бозамықтана атып келе жатқан еді. Абылай Әзімханұлы қандай жағдайда, қаншалықты қауіпті қылмыскер болмасын, сұрақ алу кезінде шынайы адамгершілік пен заң талабын қатаң сақтау ұстанымынан ауытқып көрген емес. Өйткені, қылмыс жасап, тұтқынға түскен жандардың да өзіміз сияқты адам екендігін естен шығармай, тең дәрежеде, қарапайымдылықпен сөйлесуді дұрыс деп біледі және солай жасайды да. Кей адамдар әлдебір себеппен, кездейсоқ шалыс басып, тергеуге түскенімен, адамшылығын жоғалтпаған, түсінігі мол жан болуы әбден мүмкін. Келеңсіз жағдайға ұрынып, онсыз да өкініп, қиналып отырған жанға зіркілдеп, өзіңнің қызметтік артықшылығыңды көрсетіп, кемсіте сөйлеу арқылы оның намысына тие беру – адамшылық қасиетке жатпайтындығын сонау курсант кезінен жадына берік түйіп алған. Екіншіден, «жылыжылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, шынайылықпен, адамша жылы сөйлесу арқылы тергеуге түскен жанның қылмысқа қалай, неліктен барғанын және оның сыбайластары кім екенін жасырмай айтқызуға болатынына өз тәжірибесінде көзі әбден жеткен. Сол үйреншікті әдеті бойынша, айдауылға: – Күдіктінің қолындағы кісенін шеш, – деп, нұсқау берді де, тұтқынға сыпайылықпен «отырыңыз» деп, еденге шегеленген темір орындықты көзімен нұсқады. Бұдан біраз уақыт бұрын, камераға әкелген бетте күдіктінің атыжөнін анкеталық параққа толтырған кезде біліп алған полковник: – Ал, Николай Петрович, шаршаған жоқсыз ба? Сіз бағана мені қатты састырдыңыз және әбден шаршаттыңыз, – деп, жылы шыраймен оның бетіне күлімсірей қарады. – Сонымен, әңгімемізді неден бастасақ екен? – Мен адвокатсыз бір ауыз сөз айтпаймын және атып жіберсеңіз де ешқандай сұраққа жауап бермеймін… – Дұрыс, ол сіздің заңды құқыңыз, – деген полковник тетікшені басты. – Әли Айдарбекұлы, адвокатты маған кіргізіңіз. Артынша айдауылмен бірге ұйқысы шала болғаннан ба, жоқ әлде «ақаңнан» көбірек жұтып қойған ба, көздері кілмиіп, бет-аузы шалбар-шалбар болып тырысқан адвокат Сабырханов бөлмеге кірді. – Жоқ, маған бұл адвокат қажет емес. Басқа адвокат табыңыз. – Иә, заң боынша адвокат таңдау сіздің құқыңыз. Бірақ, ол қазір мүмкін емес. Жұрт терең ұйқы құшағында. Таңертең өзіңіздің көңіліңіз қалаған адвокатты шақыртып бере аламыз. – Жақсы, бастық мырза. Менің құқығымды бұзбағаныңыз үшін рақмет. Ертең басқа адвокаттың қатысуымен жауап беремін. …Бүгін, міне, қай жерде қызмет істеп жүрсе де, «мен бастықпын» деп шіреніп, шаруаны қол астындағыларға тапсырып, қадағалап қана отыруды білмейтін полковник Қайсенов күдікті Николай Сафиннен жауап алып отыр. Тағы да сол кез келген операцияға ойланбай кірісіп кетіп, «темірді қызған кезде» соғатын әдетімен, бұрын сотталған бірнеше күдіктіні сұраққа алды. Сұрақ алған кезде өзінің көп жылғы тәжірибесіндегі: көмескі іздердің фото түсірілімі, кешегі каналға лақтырылған «Макаров» тапаншасы, темекі тұқылдары, заттай айғақтар, куәлар мен күдіктілерді беттестіру, тағы басқа тергеу құпияларын көпшілікке жария етуге болмайтын ескі әдістердің, қолға жиналған фактілердің бәрі іске қосылды. Ойқастай, жаңылыстыра сұрау барысында, пәтшағарлар қалай бұлтақтаса да, екі күдіктінің сөзінен шикілікті аңғарып қалған. Енді олардың бөлек камерада отырғанмен, хат алмасып, өзара келісіп, ақылдасып алмауы үшін сақтық әрекетін күшейту керек. Олай етпесе, тісқаққан қулар фактілерді бұрмалап, бұлтарып кетуі әбден мүмкін… Осыдан үш тәулік бұрын қылмысты іздеу бөліміндегі аға лейтенант Зубков өзінің жеке бақылауындағы Сергей Палкинның соңынан түсіп, күндіз-түні аңдып, назарында ұстауының нәтижесінде, біраз фактіге қол жеткізген. Мұндай қауырт, әр сағат қана емес, әр минут қымбат сәтте «мен мына бөлімнің қызметкерімін», «менің қызмет ауқымым басқа» дейтіндей ме, аудандық Ішкі істер бөлімінің саяси басшысы, палуан Асхат та жылпылдаған сужұқпас Женя – Евгений қужақтың ізіне түсіп, біраз дәлелді фактілерге қол жеткізген. Бірақ, полковник Абылай Әзімханұлының ақылымен: «Ол қызылкөз пәлелерді үркітіп алмас үшін және қылмыстық топтың басқа мүшелері анықталғанша, ешқайсысына тиіспеу керек. Қамауға да алмай, тек сырттай жіті бақылаған дұрыс. Ешқайда қашып кетуге де мұрша бермей, істеген қылмыстарын өз аузымен мойындауына барымызды салған жөн» деп, қамау мәселесін кейінге қалдырған. Оперативтік топтың басқа мүшелерінің жинаған айғақтарын да талқылап, ақылдаса келе, бұдан басқа да жоспарлы шараларға шұғыл кірісіп кеткен еді… «Тәуба, жоғары басшылықтың өзіме үлкен сенім артып, жүктеген тапсырмасы тез арада, ойдағыдай орындалды. «Отаның үшін отқа түс – күймейсің» деп батыр Бауыржан Момышұлы атамыз бекерден-бекер айтқан жоқ. Сол Отанның бір бөлшегі – аудан халқының қауіпсіздігі үшін болған шайқаста тыныштық сақтау қызметіндегі барлық жігіттеріміз жансебілдік, тіпті ерлік десек те артық емес, үлкен шаруа тындырды. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, аса қауіпті қылмыстық топпен шайқаста, жараланғанымен, бір де бір адам шығын болмай, зор жеңіске жеткенімізді айтсаңшы!» Осы ойлардың жетегіне жегілген полковник Абылай Әзімханұлының әбден тақа таусыла шаршағаны соншалықты, кабинетіндегі үстел басында, басқы кезде қалғып отыр еді, қас қағым сәтте қалың ұйқы құшағына орана берді. Өз шаңырағындағы ақ мамық төсегінде жатқандай рахаттанып, қорылға басқанын өзі сезер емес… Полковник Абылай Қайсеновтің ақыл-пайымы, құқық қорғау саласындағы орасан зор тәжірибесі, командасын асқан біліктілікпен басқаруы және қараталдық қаһарман, жансебіл жігіттердің кәсіби шеберлігінің арқасында, Көксу, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында «Косой» бандасы қорқауларының «гастрольдеп» жүріп жасаған қылмыстарының барлығы осылайша ашылып, соңғы нүктесі қойылды.

Ғабдул — Сәбит ЮСУПОВ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...