spot_img
spot_img

Қазақстан Конституциясы қанша рет өзгерді және қандай маңызды өзгерістер енгізілді?

30 тамыз — Конституция күні. Massaget.kz тілшісі сарапшымен сөйлесіп, Ата заңға қатысты маңызды сауалдарға жауап іздеді.

Қазақстан Конституциясы қай елдердің заңына негізделіп жасалған?

Massaget.kz сауалдарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, PhD докторы Нұрмұхамед Мырзатаев жауап берді.

Маманның айтуынша, Ата заңның ерекшеліктері өте көп және мәселе оны қандай заңмен, қай мемлекеттің Конституциясымен салыстырып қарастыратынымызға да байланысты.

«Ғалымдар зерттеп зерделей келе құқықтық жүйемізге сай келетін мемлекеттердің ата заңдарының тәжірибесін енгізуді жөн деп тапқан. Құқықтық жүйені қарапайым азаматтар түсіну үшін жалпы жұрт таныған «құқықтық жанұяларға» ғана тоқталайық. Олар:

1. Континенталдық Еуропаның нормативтік заңнама жүйелері, бұл — роман-герман құқығы. Бұл құқықтық жүйелерде бірінші орынға заң қойылған (Италия, Франция, Германия, Португалия жəне т.б.).

2. Норматив-сот, ағылшын-саксон құқықтық жүйелер жанұясы, бұл — Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Канаданың, Аустралияның жəне т.б. елдердің прецеденттік құқығы. Бұл құқықтық жүйелерде басты орынды сот тəжірибесі, заңды прецедент иеленген.

3. Діни-дəстүрлі, идеологиялық құқықтық жүйелер жанұясы, бұл — мұсылман құқығы (Иран, Ирак, Пəкістан, Судан жəне т.б.) жəне кеңестік құқық. Бұл құқықтық жүйелерде ерекше рөлді дін мен партиялық идеология иеленеді», — деп түсіндірді заңгер.

Сарапшының сөзінше, Қазақстан роман-герман құқықтық жанұясына жататындықтан, алғашында осы топқа кіретін мемлекеттердің Конституциялары үлгі ретінде қарастырылған, дегенмен Ата заңымызға ата-бабамыз ежелден ұстанған шариғат заңдары да, әдет-ғұрыптарымыз да түрлендіріліп енгізілген.

Конституцияға қанша рет және қандай өзгерістер енгізілді?

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері екі Конституция қабылданды: алғашқысы — 1993 жылғы 28 қаңтарда, екіншісі — қазіргі қолданыстағы, яғни 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция.

1995 жылы қабылданған Конституцияға 8 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар:

  • 07.10.1998 жылы;
  • 21.05.2007 жылы;
  • 02.02.2011 жылы;
  • 10.03.2017 жылы;
  • 23.03.2019 жылы;
  • 08.06.2022 жылы;
  • 17.09.2022 жылы;
  • 01.01.2023 жылы;

«Бұл өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік басқару саласына, Президент, Парламент, Үкімет, сот, конституциялық кеңес, конституциялық сот, соттар және сот төрелігі, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарушы органдардың өкілеттігіне, өкілетті мерзімдеріне байланысты, билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді бөлу мен өзара тежемелі тепе-теңдікті сақтау мақсатында енгізілген», — деп түсіндірді заңгер.

«2022 жылғы толықтырулар нәтижесінде бұрын 98 баптан тұратын Конституциямыз 99 бапқа толығып отыр. Жалпы жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделері, оның меншігін қорғау бойынша толықтырулар енгізілмеді, дегенмен «Адам және адамзат» деп аталатын бөлімде 10-39-баптарға көптеген толықтыру мен ұсыныс енгізілген болатын», — деді заңгер.

Азаматтар заң білетін сауатты болу үшін не жетіспейді?

Сарапшы Нұрмұхамед Мырзатаевтың айтуынша, азаматтардың заң жағынан сауатын арттыру үшін «Заң негіздері» және «Құқық негіздері» пәндерін мектеп қабырғасында ғана емес, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы барлық білім беру бағдарламасына міндетті пән ретінде мемлекеттік стандарттарға қайта енгізу керек.

«Бұрын бүкіл мамандық «Құқық негіздері» пәнін міндетті түрде оқитын, сондықтан да азаматтардың құқықтық сауаты қазіргіге қарағанда жоғары болатын. Болан декларациясы аясында елімізде 2010 жылы жаңа білім берудің үш сатылы жүйесі, автономды білім беру бағдарламалары енуінен бұл пәнді мемлекеттік стандарттан алып тастау арқылы азаматтардың құқықтық сауаты төмендеп кетті деп айтуға негіз бар. Сондықтан да барлық азаматқа құқықтық сауатын ашуға барынша жағдай жасау қажет», — деп түйіндеді сарапшы.

Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.