Бұл тіліміздің барлық стилдері мен жанрларының мәтіндерін қамтып, оларды өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желіге негізделген тіліміздің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақпараттық-танымдық жүйе болмақ. Жоба толық іске асса, Терминкомның тізімін теріп, сөздіктер ақтарып отырмайсыз, ұлттық сөздік қор қазақ тілінің бас анықтамалығы сияқты болады. Бұл қазақ тілінің бай лексикалық құрамын жүйелеуге, сақтауға, зерттеуге мүмкіндік береді және цифрлық ортада қолданылу аясын ерекше арттырады.
Парламент Сенатының жалпы отырысында мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мəдениет, білім беру жəне тəлімгерлік мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның негізгі жаңалығы осы болып отыр. Бұл құжат Сенат депутаттарының бастамашылығымен дайындалыпты. Жиында құжатты қорғаған сенатор Алтынбек Нұқұлының айтуынша, аталмыш түзетулер, қазақ тілін мəдени құндылық ретінде əрі қарай дамытуға мүмкіндік беріп, мемлекеттік тіл ретінде мəртебесін нығайтады. Ал, заңның бастамашыларының бірі сенатор Əсем Рахметованың айтуынша, Ұлттық сөздік қор мен Ұлттық тіл корпусының құрылуы арқасында лексикалық қор жүйеленетін болады. Жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің үлкен тілдік моделі (LLM) əзірленіп, мұнымен айналысатын арнайы ұйым белгіленеді. Бүгінгідей озық цифрлық технологиялар дамыған уақытта аталған жаңашылдық ерекше маңызға ие. Халық қалаулылары бұл корпустың қаншалықты тиімді жұмыс істейтіндігін жəне ұлттық сөз қорын құрумен кім айналысатындығын білгісі келді. Олардың сауалына жауап беру барысында Ғылым жəне жоғары білім вице-министрі Ахмет-Заки Дархан Жұмаханұлының сөзінен түйгеніміз, 3-4 жылдан бері Ұлттық тіл корпусы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты аясында қалыптастырылып жатыр екен. Оған қажетті қаржы да бөлінген. Соның арқасында бүгінде 120 миллионнан астам сөз қолданысқа енгізіліпті. Бұл ретте қазақ тілінің бүкіл орфографиялық ережелері ескерілді. Сондықтан Ұлттық сөз корпусы еліміздегі ең таза əдеби тұрғыда қалыптасқан сөздік қоры деп есептеледі. Келесі қадам ұлттық тілдің нейрондық моделін құру. Бұл қалыптасқан сөздік қордағы жиналған сөздік қорды пайдаланып, үйретуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұған да қаржы бөлініп, қажетті іс шаралар жүзеге асып жатыр. Игілікті іске консорциум негізінде біршама университеттер атсалысуда. Ұлттық сөз корпусының операторы осы жұмысты 3-4 жылдан бері атқарып жатқан Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы. Ал, Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі өкілінің айтуынша, қазақ тілінде жұмыс істейтін жасанды интеллектіні дамыту бұл шарадағы ең негізгі қадамдардың бірі. Былтыр жылдың аяғында өзіміздің ұлттық тілдің үлкен моделі əзірленді. Осы жылдың аяғына дейін 50-ден астам жасанды интеллект көмекшілер əзірленетін болады. Қаралған құжат бойынша сонымен қатар жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тəлімгерлік институтын реттеу үшін «тəлімгерлік жөніндегі ұйым» ұғымы енгізіледі.
Сондай-ақ тəлімгер болуға үміткер адамдардың тəлімгерлік бо йынша оқытудан міндетті түрде өтуі негізделіп, тəлімгерлік бойынша оқытуды ұйымдастыратын ұйымдардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Бұдан басқа, білім беру саласындағы уəкілетті органның өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеу, іске асыру жəне бақылау-қадағалау функция ларын жүзеге асыру жөніндегі құзыреті белгіленеді. Бүгінде елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 77 білім беру ұйымында 2962 бала тəрбиеленіп жатыр. Алайда оларда тек 330 тəлімгер бар. Сенатор Əсем Рахметованың айтуынша, заңда қарастырылған өлшемдер осы балаларымыздың құқығын қорғаудағы тағы бір сəтті қадам. Алайда, тəлімгерлік бойынша оқытатын ұйымдардың қалай жасақталып, оларды кімдер бақылайтындығы алаңдатады. Заң жобасында белгіленген талап бойынша бұл жұмыспен коммерциялық емес мекемелер шұғылданады екен. Олар кімдер жəне бəрінің біліктілігі талапқа сай ма? Сенаторлар құзырлы орын өкілінен осы сауалға жауап алғысы келді. Оқу-ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, тəлімгерлерді таңдауды қамтамасыз ететін 2 ұйым бар екен. Бірі республикалық «Балаларды қолдау» ұйымы. Екіншісі 2013 жылдан бері жұмыс істеп, осы жобаны табысты түрде жүзеге асырып келе жатқан «Дара» коммерциялық емес мекемесі. Бұл ұйым тиісті заңдық өлшем қабылданған 2024 жылға дейін 2285 балаға тəлімгерлік көрсетіпті. Бұлар қомқоршылыққа да алынбаған, асырауға да берілмеген балалар. Осы құжат бойынша қарастырылған норма аталмыш ұйымның 10 жылдан астам уақыт жасап келген жұмысына негізделіп ұсынылыпты. Заң қабылданса, осы нормативтерге сүйеніп, тəлімгерлікке ынта танытқан ұйымдар тізімі жасалады. Олардың сапасына қатысты да нақты талаптар заң жүзінде айқындалған. Жаңа құжатта сонымен қатар дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау жəне олардың ғылыми қызметін ынталандыру үшін халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне конкурстан тыс мемлекеттік білім гранттарын беру жөніндегі өлшем да бар. Палата отырысын жүргізген Сенат төрағасы Мəулен Əшімбаевтың айтуынша, халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жеңіске жеткен дарынды оқушыларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі қарастырылды. Заң бойынша халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздары жоғары оқу орындарына гранттар иеленіп, «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсе алады. Бұл шаралар жастардың білімге ұмтылысын арттыруға, болашағынан ерекше үміт күттіретін, өзгеше ойлап, ертеңіне сеніммен өсіп келе жатқан дарынды жастарымызды қолдауға бағытталған.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»