Осыдан төрт жыл бұрын Ұлытаудан бастау алған Ұлттық құрылтай бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде елдегі қоғамдық бірлікті нығайтуды көздейтін ұсыныстар мен стратегиялардың бірегей көзіне айналғандай.
Көрікті Көкше жерінде өткен төртінші Ұлттық құрылтайда да қоғам үшін маңызды әлеуметтік-мәдени мәселелер талқыланды. Оның жұмысы алдымен «Мәдениет, өнер және руханият», «Азаматтық қоғам», «Ғылым және техника» және «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциялары бойынша жүріп, еліміздегі өзекті мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар берілді. Салық – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі Құрылтайдағы негізгі сөзді әрине, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып, ел дамуының басым бағыттарын айқындап берді. Онда соңғы кезеңде қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар түгел қамтылды. Президенттің айтуынша, алғашқы құрылтай өткен үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері жұртымызды ортақ мақсатқа, игі істерге жұмылдырып, орасан зор үлес қосты. Көкшеге келгеннен бері де көптеген бастама көтеріп жатыр. Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары көптеген сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасуға белсенді түрде қатысты. Президент оларға рақмет айта келе, ел назарында тұрған салық реформасына қатысты пікірін білдірді. Президенттің айтқанынан түйгеніміз салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Сондықтан еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Салық бойынша батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз. Президент жұртшылықты алаңдатып отырған бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты да ұстанымын жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару керек. Бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ. Көрерменге ұсынылатын киноларды сүзгіден өткізу керек Қоғамның назарындағы тағы бір мәселе дінге қатысты. «Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды» – деді Президент. Құрылтай мүшелері айтқан соңғы кезде ел ішінде жиілеп кеткен түрлі алаяқтық әрекеттер, көбейіп кеткен жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтарды» жауапты органдардың назарға алуы керектігін шегеледі. Сонымен қатар қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сыннан қорытынды шығу қажеттігіне назар аудартты. Соңғы мәселеге қатысты: «Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн» деді. Зорлық-зомбылықтың алдын алу маңызды Тағы бір маңызды мәселе ретінде Президент адвокат Айман Омаровахат арқылы жеткізген әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталды. Бұл орайда жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аудара келіп, «Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек» деді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс. Бағдарлама қабылдаумен іс бітпейді «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылданғаны жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтқанда, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсыныпты. Президент мұнымен келісетінін білдірді. Мемлекет басшысы назар аударған мәселелер қатарында ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту болды. Ол мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі екенін айта келіп, ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген ұлттық құрылтай мүшелерінің пікірімен келісетіндігін жеткізді. Сондықтан мемлекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зерделеп, барлық мәселені пысықтауы қажет. Тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет. Ұлттық киім – бірегей болмысымыздың көрінісі Жалпы, Мемлекет басшысы өз сөзінде Ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға айрықша маңыз берді. Бұл орайда әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орнын ерекше атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. «Бетжүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі, өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек» – деді ол осы ретте. Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуға қатысты нақты ұсыныстар берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек. Алда тұрған негізгі міндеттер әрине, негізінен экономикаға бағытталды. Бұл орайда Мемлекет басшысы аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою қажеттігін атап көрсетті. Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуі тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр. Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылады. Осы арқылы мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуеті нығайтыла бермек. Қуатты аймақ – қуатты ел Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. Аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру, экологиялық көрсеткіштер және басқа да маңызды өлшемдер бойынша артта қалған өңірлерді анықтау қажет. Орталықтың күш-жігерін осындай алшақтықты жоюға жұмылдыру маңызды. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылады. Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс. Бұл – барлық салаға қатысты мәселе. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады. Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандыруда шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді. Сонымен қатар туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Үш жылдың ішінде екі триллион теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылды. Бұл қаржының аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды. Осы жайлы айта келіп, Президент «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін» – деді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, Парламент Сенатының депутаты: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ТАҒДЫРЛЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНАТЫН ЕРЕКШЕ АЛАҢ
Кезекті IV Ұлттық құрылтай – еліміздің саяси және әлеуметтік дамуы мен жарқын болашағы үшін маңызды шара. Бұл жиын халық пен билік арасындағы ашық диалогтың жарқын көрінісі, елдік мүддені көздейтін аса қажетті алаң. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып отырған бұл институт қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді. Құрылтай барысында заң мен тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және есірткіге қарсы күрес мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл – еліміздің тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін шешілуі тиіс басты міндеттер. Құқық қорғау саласын күшейту, заңның үстемдігін орнату және әділдік қағидаларын сақтау – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты ұстанымы. Осы бағытта кешенді шаралар қабылдау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондай-ақ, құрылтай қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, оның алдын алу және жәбірленушілерге жан-жақты қолдау көрсету – мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі. Президент атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, заңнамалық тетіктер жетілдірілуі тиіс. Ұлттық құрылтай – елдің болашағы үшін тағдырлы шешімдер қабылданатын ерекше алаң. Мұнда қоғам өкілдерінің ұсыныстары тыңдалып, олардың ой-пікірлері ескеріледі. Бұл институттың жұмысы халық пен билік арасындағы сенімді одан әрі нығайтып, еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Закиржан КУЗИЕВ, Парламент Сенатының депутаты: АГРАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ПАЙДАЛАНУ ҮШІН РЕФОРМАЛАР ҚАЖЕТ
Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер шынымен де қоғам үшін өзекті. Олар шешімін табуы үшін тек билік емес, қоғам да белсенділік танытуы керек. Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екені белгілі. Енді соны тиімді пайдаланатын кез келді. Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс. Президент Қ. Тоқаевтың бұл мәлімдемесі ауыл шаруашылығын дамытудағы үлкен мақсаттарды айқындап отыр. Расында да, Қазақстанның аграрлық әлеуеті жоғары, бірақ оны толық тиімді пайдалану үшін кешенді реформалар қажет.
Руслан РҮСТЕМОВ, Парламент Сенатының депутаты: КЕЛЕСІ ЖИЫН СЫР ЕЛІНДЕ ӨТЕДІ
Қазір әлемдік геосаяси жағдай күрделене түсумен қатар, Орталық Азияда су қауіпсіздігі сезіліп, электр энергиясына деген тапшылық байқала бастады. Мемлекеттің дамуы үшін бұл қажеттіліктерді тездетіп шешу де аса маңызды. Қазақстан халқы еліміздің мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыру мақсатында Мемлекет басшысының тарапынан қабылданған стратегиялық шешімдер мен халықшыл бастамаларға үміт артып, келешекке сеніммен қарауда. Президент өз сөзінде: «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын», – деді. Мемлекет басшысының бұл шешімі Қызылорда облысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен елдің ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп санаймын. Шындығында да еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміздің бірлігімен келген осы жетістіктерді – яғни, облыс экономикасына инвестициялық түсімдердің артуын, құрылыс қарқынының өсуін, аграрлық саладағы өсімді жерлестеріміз Президенттің Сыр өңіріне қолдауы мен қамқорлығы деп түсінеді.