Ресей президенті Владимир Путин «Ресей Федерациясының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін экономикалық сипаттағы қосымша уақытша шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Кремль баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жарлыққа сәйкес 2 наурыздан бастап Ресейден орталық банктің бағамы бойынша 10 мың АҚШ долларынан асатын валютаны немесе «шетел валютасындағы ақша құралдарын» алып кетуге тыйым салынады.
Одан бөлек, президент резиденттер үшін рубльдік несиелер беру, сондай-ақ Ресейге қарсы санкциялар орнатқан мемлекеттермен байланысты шетелдік тұлғаларға бағалы қағаздар мен жылжымайтын мүлік сату бойынша мәмілелер жасасудың ерекше тәртібін енгізу туралы шешім қабылдады.
Бұл шара шетелдік тұлғалардың бақылауындағы адамдарға да қолданылады, «олардың тіркелген жеріне немесе олардың шаруашылық қызметті басым жүргізу орнына қарамастан».
Бұл операцияларды жүргізу үшін шетелдік инвестициялар жөніндегі үкіметтік комиссияның рұқсатын алу қажет болады, ал жылжымайтын мүлікпен және бағалы қағаздармен мәмілелер Қаржы министрлігі келісімі бойынша оралық банк рұқсаттарының негізінде ұйымдастырылған сауда-саттықтарда жасалуы мүмкін.
Сондай-ақ, комиссия 28 ақпандағы жарлыққа толық тыйым салған мәмілелерге рұқсат бере алады: резидент еместерге валюталық несие беру және шетелдегі шоттарына валюта аудару.
Құжатта бұл қадамдар «АҚШ пен оған қосылған шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың достық емес және халықаралық құқыққа қайшы әрекеттерінен» туындайтыны көрсетілген. Олар ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталған.
Еске салайық, кеше, 1 наурызда Путин рубль құлдырап кеткеннен кейін жаңа жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша, Ресей президенті Владимир Путин Батыстың экономикалық санкцияларының жаңа пакетіне жауап берді. 28 ақпанда ол экономикалық мәселелер бойынша кеңес өткізді, нәтижесінде ол «АҚШ пен оған қосылған шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жағымсыз әрекеттеріне байланысты» арнайы экономикалық шараларды қолдану туралы жарлыққа қол қойды.