Табысын арттыру үшін халықты сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету керек. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында айтып, осы бағытта жүзеге асырылатын шараларды ортаға салды.
Сөзінің басында министр 2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақтың есейгенін, жыл сайын осындай 300 мыңнан астам жастың еңбек нарығына қосылатынын атап өтті. Соның нәтижесінде, жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60 пайызы миллениалдар мен Z буынның еншісінде. Осы үрдіс, қазіргі күрделі ахуал және алдағы ықтимал сын-қатерлер жұмыспен қамту саясатын қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Онда азаматтарды жай жұмыспен қамту емес, шын мәнінде сапалы жұмыс орнын беру арқылы халықтың табысын арттыру басты міндет болмақ.
Бұл міндетті орындау үшін қазір жүзеге асырылып жатқан іс-шаралармен қатар, жаңа бағыттар бойынша жұмысты жандандыру қажет.
Министрдің айтуынша, бұл бағытта бірінші бос жұмыс орындарына онлайн жә рмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамту қолға алынады. Биыл мамыр айында ERG компаниялар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектерін және 35-ке дейінгі жастарды жұмысқа орналастырудың онлайн-жәрмеңкесі пилоттық режимде өткізілді. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптаның ішінде жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін 159 жас іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірінің өкілдері бар.
– Пилоттық жобаның қорытындысын Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Цифрлық даму министрліктерімен жан-жақты зерделедік. Талқылауға тау-кен, металлургия саласындағы кәсіпорындардың және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының өкілдері де белсене қатысты, – деді министр. Оның айтуынша, өзі жетекшілік ететін құзырлы орган бұл компаниялармен жылдың соңына дейін электронды еңбек биржасына 20 мың бос жұмыс орнын орналастыру туралы келісімге келіпті. Оның ішінде IT саласы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы да бар. Министр бос жұмыс орындардың алғашқы онлайн-жәрмеңкесі 24-30 маусым аралығында өтетінін айтты.
Екінші, ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналастыру. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, биыл ұлттық жобалар аясында 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде электронды еңбек биржасына 691 кәсіпорын 1 мың инвестициялық жобада ашылатын 13 609 жұмыс орнын ұсынып отыр. Онда тек біліктілік талаптары ғана емес, сонымен бірге төленетін еңбекақы мөлшері және жұмыс орнының сипаттамасы да берілген.
– Жобалардың және ондағы бос жұмыс орындарының тізімі аталған жобалардың әзір болуына қарай алдағы уақытта толықтырылып отырады. Біз жалпы жұмысқа тарту ісін электронды биржа аясында жүргізуді қолдап отырмыз. Оның ашықтығы және қолжетімділігі жұмыспен қамту мәселелерінің жаңа мәдениетін қалыптастыруды және мемлекет қолға алып жатқан бастамалардан халқымызды толық хабардар ету мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – деді министр.
Үшінші, жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттардың бірі – платформалық жұмыспен қамтуды тану және заңдастыру. Пандемия кезіндегі шектеу шаралары жер жүзінде жұмыспен қамтудың заман талабына бейім тәсілдерін қолдануға тың серпін берді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Соңғы жылдары нақты секторға қарағанда, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың саны өскен.
Сараптамалық мәліметтерге сәйкес Қазақстанда 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай режим тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда, оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды. Осыған байланысты, Дүйсенова ханым бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін, онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткізілгенін, олармен бірге биылғы 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Төртінші, азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру және өз ісін ашуға мемлекеттік қолдау көрсету. Бұл ретте министр мемлекеттің мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге субсидия бөлетінін, биыл осындай 100 мың жұмыс орны жоспарланып, оған бюджеттен 77 миллиард теңге қаражат бағытталғанына назар аудартты. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, бүгінге дейін 84,4 мың азамат осындай жұмысқа тартылыпты.
Тамара Дүйсенова технологиялардың даму қарқынын ескере отырып, жұмыс күшінің біліктілігі мен машығын үнемі жетілдіру керектігіне назар аударды. Жұмыс берушілердің талабына сәйкес, биыл 36 мың адамды оқыту және қайта даярлықтан өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 мыңнан астам азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Бүгінге дейін Электронды еңбек биржасы арқылы 91 мың адам жұмысқа орналасты. Жалпы, мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл 500 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»


